//

ИЛЬЯ ИЛЬИН – ҚАЗАҚСТАННАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

3522 рет қаралды
15

Қуан, қазақ! Қоржында екінші  алтын. Бұл алтынның жөні бөлек. Қазақстаннан тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы шықты! Алаш қуанған күн. Бүкіл әлем кәрі құрлық төрінде алыптарымыздың күшіне тағы бір рет бас иді. Илья Ильин – әлемнің үш дүркін чемпионы!

Енді бәрін басынан бастайық. Алдымен ойымызға Алмас Өтешовтың сәтсіздігі оралады. Не болғаны белгісіз, жаттығуда оңай еңсеретін 170 келіні үш талпыныста да еңсере алмағаны өзекті өртеді. Өтешов бұл сәтсіздіктің себебін түсіндіруден бас тартты. Бәлкім, қатты тисе керек. Енді Алмасқа ауыр тиеді. Бапкерлер кеңесі Өтешовты Лондонға алмауы да ғажап емес. Талдықорғанда Седовты озғаны болмаса, Парижде Алмас түк бітіре алған жоқ. Сәтсіздіктің себебін қазбалай берсеңіз, көп. Алмас еркеліктен гөрі жаттығуға көп көңіл бөлсе…

Ал Ильин еліміздің нағыз еркесі екенін бұл жолы да дәлелдеді. Бейжіңде, Парижде сенімді ақтады. Бүгінгі дода Илинге өте қиын тиді.  Жұлқа көтеруде 184 келіні еңсерген. Бірақ төрешілер неге екені белгісіз есептемеді. Ал қос Иванов (орыс пен украин) пен ирандық Саед біздің батырдан бес келіге алда еді. Жұлқа көтеруден кейін төртінші орында тұрған Ильяға алтын бұйыра ма деген күдік бойымызды билеп кеткенінде жасырмаймыз. Бірақ Алла сәтін салып, серпе көтеруде Ильяға тең келер ешкім болмады. Украиналық Артем Иванов 220 келіні бағындырған соң, 230 келіге тапсырыс берген. Бірақ украиналық бірден он келілік зілтемірді көтере алмайтынын ішіміз сезіп еді. Ал бұл кезде Илья 227 келіні алып, алтынға қол созым жерде тұрған еді. Бағымызға орай, украин әлгі салмақты еңсере алмай алтын жүлде біздің қоржынға түсті. Ал былтыр топ жарған орыс Александр Иванов бұл жолы жүлдесіз қалды.

Енді жарыстың мараппаттау рәсіміне келейік. Бүкіл қазақтың көзіне жас үйірген сәт есте көпке дейін сақталары хақ. Нағыз рух көтерер шақтағы батырымыздың қуанышты көз жасы, Парижде шырқаған Алаш әнұраны бәрі-бәрі Қазақстан елінің абыройын асқақтатты. Біз бұл алтынды жыл басынан бері күттік. Бакуде боксшыларымыздың бағына бұйырмаған алтын Парижде ауыр атлеттердің уысына түсті. Күткен үдеден шықты біздің спортшылар. Ендігі бағыт – Лондон.

Жарыстан соң Ильяны сөзге тарттық. Қуаныштан ентігін баса алмай: «Бұл жеңісімді тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаймын. Бұл халықтың, елдің жеңісі. Қазақстаннан да үш дүркін әлем чемпионы шығатын күн міне жетті. Енді екі дүркін Олимпиада чемпионын шығарайық! Бүгінгі жарыста төрешілерге өкпем жоқ. Бастысы, жеңіске жеттім. Төрешілер есептемеді деп қапаланбай қоялық. Алтын алам деп келдім алдым. Алда бәрі сәтті болса қуаныштан әлі халық болып бірге жылаймыз» деп ақырын жымиды. Одан кейін Ильямен қарақұрым халық суретке түсуге асықты. Одан әрі батырымыз допинг тексеруге асығып кетті… Ал біз қазақ жанкүйерлері Сергей Истоминнің додасын тамашалауға жүріп кеттік. Сергей үмітті ақтамады. Алғашқы бестікке енсе деп едік, бірақ тоғызыншы орынмен шектелді. Ал В тобында сынға түскен Владимир Седов он үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ бүгін аса ауыр салмақта (+105 келі) Дмитрий Каплин сынға түсіп, С тобында 6 орынға табан тіреді.

Руслан МЕДЕЛБЕК, Париж

Илья Ильин: "Жеңісімді еліме арнадым"

Батырлар да жылайды

Илья жылады… Иә, жылады. Өйткені ол әділетсіз төрешілерге, шовенист француздарға, алыпқашпа сөздерге, түгеліне төтеп бере алды. Үш жыл үзілістен кейін қайтадан «дәрежесіне» көтеріле алғаны үшін, өзінің әлі де зілтемір патшасы екенін дәлелдей алғаны үшін, мемлекетінің туы тағы биікке көтеріліп әнұранының дұрыс нұсқасын мінберде тұрып тыңдай алғаны үшін, тіпті мына сіздер мен біздер үшін жылады Илья баһадүр.

Ильин жеңіс тұғырында тұрып әнұранының жаңғырығы ести салысымен көз жасын тежей алмаған сәтінде өзімнің де көзімнен тамшылар қалайша сырғи жөнелгенін байқамай да қалыппын. Мүмкін, «Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досындай. Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай!» деген құдіретті төрт жол бойымды шымырлатып ішімде желқұз ойнатып жіберді ме, әйтеуір бойымды елім үшін үлкен мақтаныш биледі.

Сырттай алпауыт көрінгенмен жаны неткен нәзік… Көз жасын көрсетпеу үшін жеңімен бетін басып алғанда, бейне бір кішкентай баланы елестетті. Бұл Ильяның тағы бір қыры. Ол – өте сезімтал тұлға. Міне, көрермен де спортты осындай сәттер үшін ішкен асын жерге қоя тамашалап, өлердей қадірлейді. Бүгін «азамат» деген сөздің мағынасы мен үшін Париж төрінде жан алысып жан берісе арпалысып тек зіл темір емес бүтін қазақтың намысын екі иық, екі қолымен көтерген Илья Ильиннің бейнесімен пара-пар болды. Міне азамат, міне жігіт. Жарадың Ильяжан… Елің сені мақтан тұтады! Кезінде Әміре атаң Француз астанасын қоңыр дауысымен жаңғыртып, Қажымұқан сынды палуанымыз қара күшіне тәнті еткен. Енді міне сенің де есімің Париж төрінде алтын әріппен қашалды.

Олжас ОҚАСОВ

Парақшамызға жазылыңыз

15 Comments

  1. Жарайсың Илья елің сені мақтан тұтады. Алда Лондон. Ол жақта 1 үлкен алтын, екі кіші алтын алуыңды тілеймін. Тек Алла тіл көзден сақтап денсаулығың мықты болсын!

  2. Ия, Илья да макала да керемет!!! Олжас жарайсың!!! Илья үшін бар қазақ жанкүйер болып отырдық қой. Ол жылағанда біз де бірге жыладық, оған жарасады қуаныштың да күйініштің де көз жасы болды ғой… Бірақ, ол ЧЕМПИОН!!!

  3. Аллага шукір, казактың туын Париж когинде аспандаткан кудай бере салган бала гой.Коз тимесин

    • Aumin dep aytamın.Qazagstandagı bari Qazaq Türik ulttını Alla tagala saqtasın.Koz timesin.Alla den sawlıq bersin.Aman bolınız

  4. “Батыр да құлайды, батыр да жылайды”… Біздің батыр жылады! Лайым қуаныштан болсын, көз жасы! “Ер- ел үшін туады”, туды да! Туғызған ҚАЗАҚ атты ұлт!!! Тауба!

  5. Илья секілді еліміздің абыройын асқақтатын азаматтар көбейе берсин! ИЛЬЯ СЕН ЕЛІМІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫ, БІРЕГЕЙ БАТЫРЫСЫҢ!!!! “Ерлік – елге сын. ерге – бақ” демекші, сіз өз еліңідің патриотыекеніңізді тағы да бир далалдей түстіңіз. Сіз секілді батырлар молая берсин!!!

  6. Жарайсың Илья! Алға қазақ елі! Рахмет Мінбердің Спорт бетіне және Олжасқа!

  7. Илья молодец!!! ты еще раз доказал всему миру свой талант. Желаю тебе здоровье!!!!!!!!!!!!!!!!!! ТЫ НАШ ЧЕМПИОН

  8. Ильяжан жарадың!!! Қазақтың көк туын Париж төрінде желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтаттың! Алла Тағала лайым тіл-көзден сақтап, тілігеген тіліктеріңді қабыл етсін!

  9. Илья Ильин жарайсың!!! Бейжінде, Парижде Қазақстанның туын көкке көтердің. Алла Тағала әр қашанда жолыңды ашсын!

  10. Ильяны шыны керек, сахнаға шығып жұлдыз, хәләуләйліммен болып кетті ме, деп сенімнен гөрі бойымда бұл жігітке күмән ұялағанын жасыра алмаймын. Бірақ, менің пікірімді төбесінен айналдыра теріс екенін дәлелдеп, өзінің нағыз азамат екенін барша жұрттың алдында паш етті, бағыңның жанғаны – еңбегіңнің жанғаны. Төгілген тер мен күні-түні дайындықтың жемісін көру деп осыны айт, Аллаға мың тәубә!

  11. Жарайсың,Илья!Алланың берген сыйын құрметтей алдың бағалай алдың!Сенің көз жасың әлсіздіктен емес қанша уақыттан бергі дос-дұшпан алдындағы,еліңнің алдындағы ішіңде жүрген намысты қолдан бермеу керек деген ер-азаматтың ерен еңбегі,нәтижесі еді.Сыр саңлағы,Сені бір Аллаға аманат еттік!

  12. Ильядай азаматтар көп болса екен, Қазақстанның атын әлемге паш етер!

Minber-Sport жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері