///

Уақыт бейнесі

2133 рет қаралды

Еліміздің егемендігінің арқасында мәдени суверенитеттілікке қол жеткізіп, қазақ өнері әлемдік интеграциялық үдеріске қосылды және өзін әлемдік мәдениеттің бөлігі ретінде қарастыра бастады. Қазақ өнері әлемдік өнер аренасында танылып, еліміздің мәдени даму үрдісіне өз үлесін қосып келеді.

Биылға ел болып тойланып жатқан егемендігіміздің 20 жылдық шарасына өнер ұжымының ордасы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-сы да қарап жатпастан, көркем өнердің тілінде үн қосты. Ел ордасы Астананың ҚР Тәуелсіздік Сарайында өткен көрме еліміздің егемендігінің жиырма жылдық мерейтойына арналып ашылды.  Көркем шығармалардың тақырыбына арқау болған,  туған елдің көркем көріністері мен ұлттық руханилықтың тереңінен сыр шерткен мазмұны терең халықтың аңсаған арманы, ұлттық тақырыптағы түрлі мүсіндік копмозициялар, қарапайым қала көрінісі мен натюрморт жанрлары, жалпы түрлі тақырыптар мен түрлі әдісте орынлаған көркем туындылармен ерекшеленді. Суретшілер үшін бұл көрме үлкен мерекелік шараның бастамасы болып отыр.  Шетелдіктерге аты танымал суретшілер мен Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына қомақты үлес қосып, өнерде ізбасарларын тәрбиелеп жүрген Ж.Қ. Қайрамбаев,  К.И. Қыстаубаев, Б.Н. Байбділда, М.С. Жүнісбаев, С.Б. Баширов, М.У. Дүйсенбаев, А.С. Смагулов сында қылқалам шеберлері және
студенттер Е.Ткачук, Ж. Күлбатыровалар өз шығармашылық жұмыстарын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады.

Ж.Қ. Қайрамбаевтың «Ай жарықта», «Елес» кенептері еліміздің тәуелсіздігіне арналып жазылған қылқалам туындысы. Бұл кенеп «Желсіз түнде жарық ай» деген ақын Абайдың өлеңіде суреттелгендей  тыныштықтың символы іспеттес бейнеленген. Суретші осы өлеңнің мазмұнын бояудың құдыретімен интерпретациялаған. Тып-тыныш, тұнық, тап-таза дала, аспанмен астасқан таулар және айдың жұмсақ түскен нұры дөңге жайғасқан жас балғын баланың төбесінен төгіліп тұр. Таудың етегінде еркін шауып келе жатқан жылқы да егемендіктің символындай әсер береді. Баланың шыққан белесі және оның алдында алынбаған қаншама шыңдары күтіп тұрғандай. Биік жотаны бойлай орналасқан тастар баланың әрбір аттаған қадамына ұқсайды. Жас баланың ендігі шығар шыңы алда, сол шыңдарға шығу үшін ай жарық болғай. Кенептегі таза, қанық түстердің үйлесімділігінде жазылған шығармадағы адам мен табиғаттың бірлігі ақын сезіледі. Жер, тау, аспан әлемінің үштігін біріктіруші, ал айдың жарық нұры қазақ түсінігіндегі үштік әлем мен осы әлемді қозғаушы, яғни ретке келтіруші ретінде бірілгендей.

Суретшінің «Елес» атты шығармасы керемет динамикалы орындалған жұмыс. Композицияның орталығында жылқы орналасқан. Қазақ түсінігіндегі жылқы, көптеген ассоцияцияларды тудырады. Адам о бастан табиған пен оның тірі жан-жануарларымен арасындағы байланыстың бар екенін терең түсінген. Тіпті адамға жануарлардың мінезін теңеген.  Қазақ өнерінде адам бейнесін табиғат пен жануарлар арқылы шешу көптеп кездеседі. Ж.Қ. Қайрамбаев шығармаларында да осындай бір ерекшелікті жиі кездестіруге болады. Бізді аса қызықтыратыны, түстердің көмегімен әсем формаларды модельдеу. Таза көкшіл, жасыл түстер сарғыш сағымға жалғасып, өмір толқынына айналған. Ортада орналасқан жылқы, осы толқынмен бірге қозғалғандай, әсем қимылда айқындалған. Сурет өнерінің қыр сырынның шебері, Ж.Қ. Қайрамбаев, жылқының құрылымы мен оның күрделі ракурстағы көрінісін және кенептегі басқа да бөліктермен қозғалысты эмоционалды біртұтастық үйлесімділікте шешкен. Ж.Қ. Қайрамбаев шығармалары адамның ішкі сезімдерінен туындаған, терең ойлы, көркем қиялды тербететіндей әсер береді. Өйткені біздің қиялымыз ұшқыр, қиял да заманына сай әртүрлі.

Келесі суретші, Б.Н. Байділданың «Үш қоңыр» атты кенебі әсем қазақ даласы мен тауларын және оның аясында жайылып жүрген жылқылар бейнеленген кенебі, ұзынынан орналасқан композициялық шешімін тапқан. Реалистік бағытта орындалған бұл жұмыста, суретші бейбіт қазақ жерін суреттеген. Бізге өте таныс, таулармен жалғасқан дала, дала толы жылқылар, аспанда қалықтап ұшқан қыран – нағыз қой үстіне бөзторғай жұмыртқалаған заман. Суретшінің мазаика техникасында орындалған Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев портреті шынайылығымен ерекшеленеді.

Б.Н. Байділданың «Туған жерім, туған елім, көк байрақты тіккен елім» атты кенебі суретшіге тән шынайлық бағытта жазылған.  Суретші ұзынша композицияның оң жағына ел басын туған жердің тасына отырғазған. Кенептің артқы жағындағы аясында қазақтың даласы, көлі, тауы мен тасы және композицияның сол жақ жағында
Ақ Орда орналасқан. Суретші, Ақ Орда мен Ел басының арасында қашықтықта даланы жіберген. Бұл арқылы Ел басын бүкіл қазақ елі мен жеріне деген сүйіспеншілігінен туған тұлғаға айналдырған. Бұл кенепте қазақтың дархан даласын көрсету үшін, әдейілер көлденеңінен алынған. Бірден көзге түсетін президентіміз Н.Ә.Назарбаевты шын мәнісінде бабалар мұрасы қазақ жерін қорғаушы ұрпақтың жалғасы ретінде сомдаған. Президенттің отырысы нық, жүзі жарқын, елінің болашағына сенімді. Б.Н.Байділданың таза түстері бір-бірімен үйлесімділік тапқан, өзінің кескіндемеде жазу манерасы бар, шынай суретші.

Аға буын суретшілеріміз кенептерінде тереңнен ой тартқан болса, жас суретшілер қала өмірінің жаңаша тынысын бейнелеуге көп көңіл бөлген. С.Б. Тұрғынбаевтың «әл-Фараби даңғылы» атты майлы бояумен орындалған кенебіде ығы-жығы қала өмірінің бір көрінісі бейнелеген. Зәулім ғимараттар, машинаға лық толған көшелер қазіргі кездің күнделікті тынысына айналып отыр. Келесі таза түстердің үйлесімділігінде шешімін тапқан,  Р.С. Садығұловтың натюрмор жанрындағы композицияның орталығын үш құмыра құрайды, ал оны қоршаған бөліктері осы құмырылар үштігіне бағынып тұр. Бұнда суретші, пішінге және олардың бір-біріне қатынастық үйлесімділігіне көбірек көңіл бөлген. Кенепте түрлі пішіндерді көреміз: төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек, сопақша және т.б. Кенептегі құмыралардың сыртқы жиегін айналдыра жүргізген сызықтар құмыралардың пішінін жинақтап, композицияға біртұтастық беріп тұр. Суретшінің кенебіндегі түстер гаммасы экзальтациялы әсер береді, яғни өте батыл алынған түстер адамның көңіл күйін  еріксіз тебірентеді.

Е.А. Сергебаев, Б.С. Досжановтың, Б.А.Абишевтің,  М.С.Жүнісбаевтың, А.К.Абдуллаевалардың мүсіндері жаңаша  пластикалық пішіндерімен таң қалдырады.  С.М.Баширов өз жұмыстарында көне символдарды қайта жаңғыртқан.  Жас талантты суретшілер А. Абжанова Н.Алибек, А. Жұмалиев, Д. Искакова, А. Иргалиева, И. Казиевалардың кенептері жаңа ізденістерге толы. Р.Е. Базарбаеваның, З.К. Мамырбаеваның гобелендері көне түркілік дүниетанымның, тіпті одан да арғы мифтік уақытта туған  фимті-символды бейнелерді жаңаша пішінде бейнелейді.

Қазақстанның егемендігі қазақ суретшілерінің ұлттық дүниетаным мен құндылықтарды қайта қарастырып, оны ой елегінен өткізіп, осы заманғы дүниетанымға сәйкестендіріп, жаңыша көркем қолтаңба қалыптастыру
жолында шығармашылық ізденістерге жол ашты.    Қазақ ақсақалдары қашан да болашаққа өнегелі өнер
мен білім қалдыратын ұрпақ арасындағы рухани байланыс пен сабақтастық кепілі болып келген және осы дәстүрге үлкен мән берген. Осы бір салиқалы дәстүр қазіргі кезде де жалғасын табуда. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұрпағымыздың болашағы.

Өнер академиясының оқытушылары мен студенттеріның шығармашылық жұмыстарымен ашылған Еліміздің егемендігіне арналған көрменің «Өнер – өрелі қасиет» деп аталуының өзі, қазақ халқының төл өнері ұлттық  дүниетанымымен, ой-өрісімен үндестігінде. Қазіргі суретшілердің көркем туындылары да қазақ халқының бүгінгі күйін көркемдеп, елінің егемендігіне үн қосумен үйлесіп отыр.

 Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы»

кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.к. Оразқұлова Қ.С.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі