//

Ер есімі ескерусіз қалмаса…

3086 рет қаралды
5

Алаш зиялыларының ХХ ғасырдың басындағы ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшiн жасаған еңбектерi жайында аз айтылған жоқ. Алайда, бiр өкiнiштiсi, Қазақ билiгi тарапынан Алашорда үкiметiнiң осы бiр ұлы жолда жасаған ерен еңбегiне өз дәрежесiнде баға берiлмей келедi. Күнi бүгiнге дейiн Алаш қайраткерлерiн болашақ ұрпақтың зердесiнде қалдыру iсi қолға алынған жоқ.
Алаш қайраткерлерiнiң бiрi, Патшалық Ресейдiң I және II Дума депутаты болған Шәймерден Қосшығұлов жайында бүгiнгi оқырман қаншалықты бiледi? Оның қазақ мемлекетшiлдiгi мен мұсылманшылдығы жолындағы қайраткерлiгiнен қаншалықты хабардармыз?
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Қазақ елiнiң еңселi болуы үшiн – басты проблема бай мен кедей болып тартысуда емес, отаршылдар мен басқыншыларға қарсы күрес екенiн түйсiндi. Түйсiндi де бүкiл қауым елдi басқыншыларға қарсы соғысқа шақырды. Патшалық Ресейдiң шовинистiк пиғылына қарсы тұрған олар Кеңестiк империяның да көздегенi ұсақ ұлттарды басып жаншу екенiн ерте түсiнедi. Сол себептi де қазақ зиялылары идеологиялық соғыстан гөрi ұлттық күрестi таңдады.
Олардың бұл әрекетi Патшалық Ресейге де, Кеңестiк империяға да ұнамады. Бұл жолда олар Патшалық Ресейдiң де, Қызыл империяның да қаһарына ұшырады.
Алаш қайраткерi, Орталық Азия мұсылмандарының құқын қорғауды мақсат еткен, XX ғасырдың басында Ақмола уезiнен сайланған Ресейдiң I-II Мемлекеттiк Думасының депутаты болған Шәймерден Қосшығұлов (1869-1932) қазақ елiне кеңiнен танымал едi. Биыл өмiрден озғанына 80 жыл толған Шәймерден Қосшығұлов жайында зерттеулер сараң болса да бар. Ол жайында егжей-тегжейлі зерттеу жасаған адамның бірі – тарих ғылымының докторы Өмiрзақ Озғанбай . Оның 2010 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан «Рух күрескерi» атты кiтабы дiни қайраткер Шәймерден Қосшығұловқа арналады. «Думаға алғашқы сайланғандардың бiрi – Шәймерден Қосшығұлұлы.
Патшалық Ресейдiң Мемлекеттiк Думасына 1905 жылы құрылған «Ифтиқат әл-Муслимин» партиясының атынан екi рет депутат болып сайланған. Алайда думаға орыс тiлiн бiлмейді деген сылтаумен жiберiлмегендiгi туралы жазады Өмiрзақ Озғанбай.  Оны ел-жұрты аса қадiр тұтқан. Жергiлiктi халықтың басым көпшiлiгi бiрауыздан оны депутаттыққа сайлағанымен, комиссияның шешiмi бойынша орыс тiлiн бiлмейдi деген желеумен оны Дума мүшелiгiне тiркемеген. Депутат етiп сайлағанда ол 32 жаста болатын. Ақмола облысының халқы оны II Мемлекеттiк Думаға да депутат етiп сайлады» деп жазады ол «Рух күрескерi» атты кiтабында.
Қолда бар деректер Шәймерден Қос¬шы¬ғұловтың 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезiнiң Қотыркөл болысында дүниеге келгендiгiн жазады. Ол Көкшетаудағы Науан хазiрет (Наурызбай Таласұлы) медресесiне оқуға түседi. Осында оқып жүрiп, ғылымның барлық салаларын игередi, орыс тiлiн де өз бетiнше оқып игередi. Өмiрзақ Озғанбай «оның дүниетанымының қалыптасуына өз заманының аса бiлiмдар адам, Бұқарада, Бағдатта бiлiм алған, шығыс әдебиетiнiң сұңғыласы, араб, парсы, өзбек, ежелгi түрiк тiлдерiнде сөйлейтiн ұстазы Науан хазiреттiң ықпалы күштi болды» деп жазады. Медресенi бiтiргеннен кейiн ол осында ұстаздық қызмет етедi. Осында шәкiрт тәрбиелей жүрiп қоғамдық қызметке араласады. Ресей отаршылдарының шоқындыру саясатына қарсы күрес жүргiзедi. Бұл «панисламизмге, пантюркизмге қарсы күрес» деп аталатын жаппай қуғындаудың ресейлiк нұсқасының пайда болған кезiмен тұспа тұс келедi. Ресейдiң ресми билiк өкiлдерi Науан хазiреттiң iс әрекетiне тыйым салып, халықты күшпен шоқындырудың алғашқы әрекеттерiн жүргiзе бастайды. «Патшалық Ресейдiң Қазақстанда жүргiзген саясаты, жергiлiктi халықты бiртiндеп жаппай шоқындырып, христиан дiнiне кiргiзуге саяды. Дiннен, дiлiнен, тiлiнен айрылған халықтың қайда айдаса, солай жүретiнiн олар жақсы бағамдады». Осы кезде Шәймерден Қосшығұлов Абай Құнанбайұлына, Түрiк сұлтанына хат жолдайды. Алайда бұл хаттары Патша жандайшаптарының қолына түсiп қалады да, Науан хазiрет пен Ш. Қосшығұлұлы абақтыға қамалады.
Ш. Қосшығұлұлы Балықты көлдегi мекенiнде алты бөлмелi үй салдырып, мектеп ашқан. Орыс мұғалiм алдырып, екi жылдай бала оқытқан, барлық шығынын өзi көтерген. Сонымен қатар бұл үйде қазақ кiтаптары мен мерзiмдi баспасөз дүкенi орналасады. 1917 жылғы революциялық оқиға¬лар¬ға дейiн Қосшығұловтың кiтап дүкенiнде Орынбор, Омбы, Қазан, Ташкент және Мәскеу шаһарлары¬нан шыққан әр алуан басылымдар оқушы көпшiлiктiң көзайымына айналған болатын.
Шәймерден Қосшығұлов айдаудан келген соң, елдiң саяси өмiрiне белсене араласты. Соның нәтижесiнде Ресей Мемлекеттiк Думасына депутат болып сайланды. Осы ретте Ресей Думасына депутат болған қазақтар жайында сөз қозғай кеткендi жөн көрiп отырмыз. Торғай облысынан Бiрiмжанов Ахмет, Ақмола облысынан Қос¬шығұлов Шәймерден, Жетiсу облысынан Тайынов Молла, Орал облысынан Қалменов Алпысбай, Семей облысынан Бөкейханов Әлихан бар едi. Сондай-ақ Уфа, Қазан губернияларында тұратын бiрнеше қазақ сайланды. Олар – Сәлiмгерей Жан¬төрин және Сақынзада Мақсұтов деген азаматтар. I Мемлекеттiк Дума жұмысы 1906 жылдың 27 сәуiрiнде Таврия сарайында ашылып, сол жылы 8 маусымда тара¬тылған.
Думада Ш. Қосшығұлұлы мұсылман фракциясын басқарды. Үлкен мiнбе¬лер¬ден Қазақстан, Орта Азия, Поволжье және Кавказ мұсылман¬дарының ой-арманын қалың жұртқа жет¬кiзiп, құқығын қорғады. 1907 жылғы 3 маусымда II Мемлекеттiк Дума да таратылды. Патшаның 3 маусымдағы жарлығы бойынша бұдан кейiнгi Думаларға қазақтан депутат сайланбайтын болды. Бұның сыры бұратана халықтардың iшiнде Дала демократиясы мықтап саналарына сiңген қазақтардың ой өрiсiнiң кеңдiгi, ұлттық, рухтық және дiни талаптарды күшейте түсуi болса керек.
ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басы қазақ ұлттық рухының ояну дәуiрi болғаны мәлiм. Алаш зиялылары қазақ халқын империалистердiң жемiне айналдырмау мақсатында жан алып, жан берiстi. Осы бiр қасиеттi күрес жолында қазақ халқының санасын қалай оятамыз деп жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Патшалық Ресейдiң астанасы Санкт-Петербургке келгеннен кейiн қайнаған саяси ортаға тап болған оның рухани көкжиегi кеңейiп, ұлттың үнжариясын шығаруды мақсат етедi. Сөйтiп халқының ұлттық санасын ояту мақсатында Петербургте татар тiлiнде шығып тұрған, редакциясын Әбдiрашит Ибрагимов басқаратын «Улфат» газетiнiң жанынан өз қаржысына “Серке” газетiн (1907) қаржыландырып, демеушiлiк жасаған. Бұған Мiржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Бiрiмжан, Бақытжан Қаратаевтар қатысып, қазақ елiнiң болашағы жайында толғанады. Мәселен «Арғын» деген бүркеншiк есiммен «Бiздiң мақсатымыз» атты мақала жазған Мiржақып Дулатұлы «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелдi халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлiгi халыққа тiптi де керек емес нәрселерге жұмсалады.
Ендi чиновниктер бiздiң дiнiмiзге, атадан мұра болып келе жатқан әдет ғұрпымызға бiздiң молдаларға ғана тиiстi неке мәселесiне де араласа бастады. Дiни кiтаптарды тұтқынға алды.
Ендi чиновниктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерiн тартып әперуде. Қазақ жерiне бұл мұжықтарды не үшiн жер аударады. Әлде Россияда жер аз ба? Жоқ, аз емес. Ресей патшасы ұлан-байтақ қазақ жерiнiң үстiндегi малға, астындағы кенге қызығады. Қару жұмсамай, оқ шығармай, бiлдiрмей алдап алу саясатын көздеп отыр» деп толғанған екен. Бiрақ өкiнiшке қарай, бұл мақаланы көзi қырағы Ресей шенеунiктерi байқап қояды да, әлi жарыққа шығып үлгермеген газет тұтқындалады.
Шәймерден Қосшығұлұлы 1932 жылы Омбыда Шарбақты көлiнiң жағасында қайтыс болған. Сталиндiк зұлмат заманында үкiмет саясаты мен идеологиясына қарсы адам ретiнде 1931 жылы Петропавл түрмесiне қамалады. Сонда жатып: «Мен Петропавлдағы «ақ түрмеде» жатырмын, Құдай дем берсе елге де барармын. Бүгiнгi атқа мiнiп, ел басқарып жүрген азаматтарға тапсырарым: елдерiңе адал болыңдар, менiң отбасыма да көз қырларыңды сала жүрiңдер» деп жазған екен. Өкiнiшке қарай, ол туған елiне қайта орала алмайды. Түрмеден босасымен, Омбы жағына ығысуға мәжбүр болған, түрмеден денсаулығынан айрылып шыққан ол бiр жылдан кейiн сол өлкеде көз жұмады.
Жақында Ш. Қосшығұлұлының есiмiн жаңғырту мақсатында оның ұрпақтары Омбы жерiндегi зиратының басына ескерткiш белгiтас орнатып қайтты. Алаш арысының басына белгi апарып қою жайлы бастаманы Қосшығұловтың артында қалған ұрпақтары – Сәкен Құрмашев, Қанаш Есмағамбетов, Ерiк Шәймерденовтер көтерген екен. Белгiтас қоюға белгiлi алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай және ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған бiр топ зиялы азаматтар қатысып, Арқа төсiнен – Шәймерден бабамыздың туған ауылы Қоғам ауылынан тас апарып орнатып, тәу етiп қайтты.
«ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт азаттық идеясына ұйытқы болған азаматтардың бiрi осы Шәймерден Қосшығұлов бабамыз болатын. Зираты Омбы облысы, Есiлкөл ауданы, бұрынғы Ақсары керейлердiң ауылы – Марьяновка деген жерде жатыр. Ақ қайыңдардың арасында жерленген екен. Ел көшкен соң зират басында ешқандай белгi қалмай, жермен-жексен болып кетiптi. Туған ауылынан апарып, табиғи тастан белгi қойылды. Бұл үлкен iстiң бастауы болар деген ойдамын», – дейдi Тұрсын Жұртбай.
Ең өкiнiштiсi, Президент Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кiтабында үш рет аты аталатын арысты Үкiмет елеп, ескермедi. Тiптен арысымыздың жатқан жерiне қазақ зиялыларының ешқайсысының табаны тимептi. «Бұл – Алаш арысының әруағының алдында өте үлкен ұятты жағдай. Дәтке қуаты сол, қайыңдар мен мүк басқан жерде қалған денесiн кейiнгi ұрпақтары iздеп тауып, белгi қойып отыр», – дейдi ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Бұдан кейiн Ш.Қосшығұлұлының туған ауылы Ақмола облысы, Еңбекшiлдер ауданы Қоғам ауылында Шәймерден Қосшығұлұлына арналған ғылыми-тәжiрибелiк конференция ұйымдастырылып, оған филология ғылымының докторы Тұрсынбек Кәкiшев, Тұрсын Жұртбай, ақын Серiк Тұрғынбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы секiлдi азаматтар қатысып қайтты. Бүгiнде Алаш қайраткерiнiң есiмiмен Еңбекшiлдер ауданы, «Степняк» кентi мен Көкшетау қаласында көшелер, Қоғам ауылында мектеп аталады. Бiрақ қазақ халқының ұлттық рухы жолында өмiрiн сарп еткен, мұсылманшылдықтың тура жолынан тайдыруды мақсат еткен Ресейлiк шовинистерге қарсы күрескен бабамыздың есiмi әлi де ұлықтауды қажет етедi.

Есен БАЙНҰР
“Түркістан” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Бұл адамды ҚР мұсылмандар қоғамы да қолдап, жоқтау керек екен

  2. Біздің билік Алаш ұлтшылдарын не үшін ұлықтағысы келмейді екен? Осы өмірде қазақты қазақ еткен өздері ғана болмақ па?

  3. қазақ елінің азаттық жолында жанын пида еткен арыстарымыз туралы жастар білу керек. олар туралы неге билмейсіңдер, – деп босқа жазғырғаннан еш нәрсе өнбейді. сондықтан осындай бабаларымыз туралы көркем фильдер түсіру керек. жастар көретіндей, қызығатындай етіп жасауымыз керек.

  4. маган Қазақ есімдерн XХI-ғасырға лайық ер баланың есімдері болса,,,,,,

  5. Біздің ұлы бабамыз Шәймерден Қосшығұлұлының аруағы артта қалган үрпактарын қолдап, жебеп жатсын. Ресей мемлекетінің Омбы облысы, Есiлкөл ауданы, бұрынғы Ақсары керейлердiң ауылы – Марьяновка деген жерде қойылған ескерткіш тасы, келер ұрпаққа ол кісінің корегер саясаткер, қоғам қайраткері екенін білдіреді. Текқана тікелей ұрпақтарына емес, жалпы Алаш еліне танымал адам екенін білдіреді. Осы басты шараның басы-қасында жүріп қолдау корсетіп, қолға алған азаматтарға алғысымды білдіремін.
    Кейінгі буынға үлгі болатындай игі іс.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар