//

Харун ТОКАК. Мәңгіліктің мәлігіне жетсем деймін

981 рет қаралды
5

 

2009 жылы қыстың ызғарлы күнінде

қарлы таудың бөктерінде шейіт болған

Анадолының арлы азаматы, қоғам қайраткері

Мұхсин Языжыоғлу Бейге арнаймын…

                                                                   

Жұлқына соғып, сарнай азынаған долы жел сен туралы қара хабар жеткізгенде, мен таңғажайып Минскіде едім. Алаңқайлар мен көше жағалаған ғимараттар нұр саулаған дәруіш кесенелері іспетті жарқырай түскенде, сенің қарлы тауда шейіт болғаныңды теледидарлар тоқтаусыз жоқтау айтып жатты. 

Қара қасқа атыңмен қарлы тауға қарай жортып, бір қолыңмен тізгінді қымтап ұстап, екінші қолыңды бұлғап сәлеміңді жолдап едің. «Қош болыңыздар!» деп қоштастың. Ақыры жүйрік атың да талып-шаршады, сен де қалжырап барып тоқтадың. Атыңның тұяғы сүрініп, таудың бөктеріне құладың, осылайша мәңгілікке жайғастың.

Күн балқып түннің қара қазанына құйылған сәтінде елеусіз жеткен қара хабар қоздағы шоқ іспетті жан-жүрегімізді алаулатты. Қалың қарды түйе жүн көрпе жамылғандай өзіңе қарай қымтай тартып, біржола бүркеніп алдың. Тынымсыз соққан жел тізгін бермей, ұлыған қасқырлардай уілдеп тұрды ту төбелерде…

Желге еріксіз еріп жауған қар ту-талақайы шыққан әскер қосыны секілді жан-жаққа құйындата борады. Дәл қазір қар көмген ақ кесененің басын бейне бір шырақшыдай бағып тұрғандаймын. «Жігітім, қанеки болған жайтты жайып сал, ортақ болып мұңыңа, жылап алсақ айып па екен тағы да?» – дедім. Үндемедің. «Жігітім, әлде мені естімедің құлақ сап, ояу үміт келешекке, өмір нұрға ұласпақ,» – деп ем. Ләм-мим деп тіс жармадың…

Есіңде ме, екі жыл бұрын «Халықаралық түрік тілі» бәйгесінде беларуссиялық қызымыз Ксения «Елім менің» атты әнімен Түркияны бір тербетіп тебіренткен еді ғой. Сенімен бірге тыңдап едік сол әнді. Әлемнің әр түкпірінен Анадолы ән-жырлары себезгілеп тұрған жауындай толассыз құйылып еді әлгі кеште.

Осы жолы Ксения өз елінде “Елім менің” әнің қайта қалықтатты. Оның күміс үнді дауысы Беларуссияның түкпір-түкпіріне жетіп, жаңғырып  жатқанда, мен жұлдызды түннің қойнында, қарлы таудың қолтығында тоңып жатқан сені ойладым. Ол қайырмасын сол бұрынғыдай өз ырғағына салып әндеткенде, мен еріксіз еңіреп тұрып жыладым. Ал осы жылы әлгі бәйгеге қатысқалы отырған тағы бір қызымыз сахнаға шығып, “Қоштасу” атты өлеңімен сай-сүйегімізді сырқыратты-ау.

Иә, қоштасу…

Содан соң жан-жағыма сығалап қарадым, сенің замандас “алып ерендерің” де еріксіз жылап отыр екен. Сонда ұқтым…

Дәл сол сәтте барлығы бір сені ойлап отыр екен. Олар да тоңып отырды. Әсілі, олар – сенің көптен күткен арманың еді ғой; көктеп шыққан қиялың еді ғой – бұл балалар. Сол бір күні әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалардың түрік тілінде салған әніне, оқыған жырына дән риза болып, “түрік тілі – әлем тілі болуға әбден ылайық” деп тебіренгенің есімізде.

Кештің соңында бек-сұлтандардың киімін киіп шықты әлгі “алып ерендерің”. Әуелі, сенесің бе, бір ауыздан “Һей!” деп бастады. Естіген болуың керек. Содан шапалақтарымен соғып-соғып қойып, бір иіліп, бір тұрып, қыза келе тізелерімен жерді бір соқты. Жер сілкінгендей болды. Беларуссия бір сілкініп қалды. Жан-жүйеміз тебіренді. Ерніміз діріл қақты.

Сен мәңгілікке тыныстап жатқан әлгі қарлы таудың бөктерінде аяусыз есіп жатты суық жел. Басыңа тағзым еткендей үйірілді қара бұлттар. Түн үрей ұялатқан тас қараңғы. Аспанға қарай жанталасып, мінбелей тұрған таулардың үрейі ұшып, бір-біріне иықтаса сыйынып, жүректегі нұрыңа ұмтылғандай. Тірі жандар саған түгел мұңын шағып еді, ал сен ешкімге мұңыңды ашып айта алмадың.

Есіңде ме, абақтыдағы достарыңмен бірге ақша жинап, Хаққа аттанған Халил мен Селжүкке арнап, абақтыдағы тігіншіге ақ кебін жейде тіктіріп едіндер ғой. Соңғы сапарда қарлы таудағы ажалға аттандырған тікұшақты да жалдап едіңдер.

Сен қасиетінен айналайын Анадолының аңсарлы зары болдың. Анадолының әрбір тұрғыны ұнатып еді мұңлы дауысыңды. Анадолы ұнатты жігіт жүзіңді, жүректегі мұзыңды.

Тектіліктің соңғы үлгісіндей ғұмыр кештің. «Еліме қырғи қабақ қарағанға қабағымды бермеймін» деп едің бір күні. Қиын-қыстау кездердің өзінде тағдырластарыңа: «Жан-жаққа шашылып кетпендер, тік тұрындар, достарынды сатып кетпендер» деп ащына айтқан сөздерің әлі күнге дейін құлағымызда жаңғырып тұр. Ақыр-аяғы тік тұрудың үлгісін өзің көрсеттің-ау. Қазір таулармен бір қатарда иықтасып тұрсың. «Тау ғана түсінеді мені, тау ғана жанымның теңі! Тауларым менің, мені тастап кетпеңдер! Мен тарғыл таулардың тағысымын. Қия тауда қиылсам ғана жарасады», – дедің. 

Ей, кең даланың дауылпазы! Жігіттіктен тайынбадың. Анадолының арманына жету үшін күш салдың. Енді ше? «Көктем самалы жайылмайды, әндер бұрынғыдай қайырылмайды». Сені сүйген миллиондаған жандар қайта тірілуің үшін түніменен дірдектеп тоңып жатып, дұға оқыды, қайран Арысым-ай! 

Елің, жұртың шақырса да, қайтып келмедің. Оралмадың. «Көңіл шіркін қаласа да қиялға батып, шамасы жетпеді асуды асып» дегендей, таулардан аса алмаған, таудың тарғыл тағысындай таста ізі қалған, қайран Жігітім!

Сен емес пе едің, Мамак абақтысының тар да тас қараңғы құжырасының ғұмырына куә болған? Сен едің ғой, ұзақ жылдар бойы жапан түзде күнге серік бола алмай келген, жалбыздың иісіне беріліп жан рақатына бөлене алмай жүрген. Қайнар бұлақ іздеп жүрген, қайран Батырым!

Тағдырдың тауқыметін тартып, дүниеге қызықпай, ақыреттегі бақытты ғұмырды арман еткен анамыз да, сені күндіз-түні жоқтап зар жылаған зайыбың да, бар өміріңді пида қылған әлгі қызыл байрағыңа оранған табытыңды көргенде, өмірдегі ең қиын сәтті бастарынан өткерді. Ұлың Фұрқан портретіңді көтеріп алып, мыңдаған адамдардың арасымен жүріп отырды. Тауды арқалағанда, соншалықты ауыр болмас еді-ау. Сен наздана желбіреген байрақтың көлеңкесінде раушан гүлдей жұпар атып жатқаныңда, қызың Фируза көпшілікке қарап: «Тынышталайықшы! Мына күніміз – біздің ең жақсы күніміз болсын!» – деп еді.

Анадолының түкпір-түкпірінен, Балқан мен Орта Азиядан жеткен уыс-уыс топырақты шашып қоштасты. Сен қызың Фирузаның өксіп жылағаның естіп жаттың: «Әкешім! Мені мектепке бұдан былай кім жеткізеді? Сәресіне кім оятады? Қызықты әңгімелерді кім айтып береді? Қайтып келші, әкешім. Жаным, әкешім. Гүлдің иісі аңқыған, сүйікті әкешім менің.»

Жүсіп Нәбидей жеті жыл бойы күннің көзін көрмедің. Қараңғы тас құжырада жатып, көзім құрымасын деп, ақжелек сұратып көзіне бастырып едің. Ақжелекті иіскеп алып, көктемді қаншалықты сағынғаныңды, табиғат анадан ажырап қаншалықты жетім қалғаныңды айттың. Енді мәңгілікке кербез көктем көкке қарай бой көтерген тауларда ғұмыр кешіп жатырсың. Терезең бұдан былай жабылмайтын болады. Күн нұрына қалағаныңша шомылатын боласың.

Тастан қаланған қалаларға сыймадың. Қала сені құшағына алмады. Еркіндіктің қыран құсындай қия тауға бет алдың. Енді періштелер қар жаудырады жігіт жүзіңе.

Күлім қаққан жүзіңе…

Мұң шаққан жүзіңе…

Нұр аққан жүзіңе…

Көк жүзінен үстіңе гүл жаңбыры жауады. Қарт анаң сенің басыңа келіп: «Мұхсиным-ау! Балам-ау!» – деп зар жылайды. Аяусыз соққан жел сені аялайды.

«Жыламашы анашым, менде бәрі жақсы. Қарашы, белуардан гүл кешіп жүрмін. Тірі кезімде ешкім гүл сыйламады. Гүлдерді де сағынады екенсің,» – деп жұбатасың анашыңды.

– Тоңып қалдың-ау, балам! – деп бордай жылады анашың.

– Тоңбаймын анашым, бұдан былай тоңбаймын. Мен Мамак абақтысында тоңғанымша тоңдым. Қыстың қақаған күнінде құжыраның жаланаш тасында жатып тоңып болғам. Енді тоңбаймын, анашым, – деп сенім ұялатасың.

– Сені тоңып жатыр деп, күллі Анадолы тоңа бастады, балам. Ел-жұрт тау мен таста сені іздеп өріп жүр. Оян, балапаным! Жүр кеттік, – деді сүйікті анашың.

– Бара ғой анашым. Мен осында қаламын… Білесің бе, қала маған құшағын ашпады. Мына зәу биік таулар мені қолтығына қысып алды. Ендеше мен қалқан болған тауларымды тастап кете алмаймын. Таулардың наздана секіріп жүрген маралымын ғой мен. Менің жазым да, қысым да тек осы тауларда ғана өтеді. Іздегенімді осы арадан таптым. Осы жерде дұға-тілектей көкке қарай көтерілді үмітім. Мамак абақтысында неше мәрте жалбарынып едім Жалғыз Жарыма: О, Мәңгіліктің Мәлігі, Шексіздіктің Иесі! Құзырыңа жетіп, ризалығыңа бөленгім келеді, мәнзүр қылма құлыңды!»

Анашым-ау, неше жылдар бойы тар құжырада жатып, күннің көзін көрмедім. Көрсетпеді ғой. Неше күн бойы қара матамен көзімді байлап тастап еді. Сенің ыстық құшағыңан айырылып едім, сол кезде оңбай тоңдым. Дәл қазір ыстық ілтипатыңды ішімде сезіп жатырмын. Қандай тыныш дүниеге келген екенмін?! Мәңгіліктің Иесі – Екі жаһанның Мәлігіне кетіп барамын.

«Уайымдамасын» деп саған сол кезде айта алмай, жасырып едім: Мамак абақтысында мені тыр жалаңаш шешіндіріп, аямай ұратын. Жиырма алты күн бойы көзімді ашқызбай тергеді. Неше мәрте дүре соққанда, талып құлайтынмын. Көзімді ашқанымда, басымнан қан сорғалап ағатын. Терім сан мәрте сыдырылатын. Ол күндерде ешкім бізді іздемеді. Ажалдан неше рет аман қалдым. Әсіресе сол бір күнде…

Менің қалай азап шеккенімді олар жақсы білетін. Сонымен мені қайтадан тыр жалаңаш шешіндіріп тастады. Сым темірмен қолым қиылғанша айқышқа (крестке) байлап тастады. Содан соң қол-аяғымнан бастап, бүкіл денемді белбеумен таңып, айқышты көтеріп, тік тұрғызып қойды. Қасымда тұрған орындықтағы сымдарды тартып, қол-аяғыма байлап, электр тоғына қосып-қосып жібергенде, нағыз қорлық көрген күнім сол болды. Денем әлгі электр тоғынан күйіп-жанғанда, жаным Кеш Таулардың мұзарт шыңында қатып жатқандай еді.

Азаптың көлеңкесіне жаураған қиялым мені әжептеуір тоңдырып еді. Ал қазір ішімде өршіп аққан өзендей тасыған сезім бар. Сонау ел көрмеген жерді сағынамын. Көзім тастан қаланған қамалдарды емес, қазан ұрмайтын кербез көктемді көреді. Қарашы, гүлдер түседі аңқып аспаннан. Менің жылдар бойы сағынған гүлдерім. Жалғастың нышанына айналған гүлдер ғой, көңілдің бәйшешектеріндей әлгі дүр гүлдер. Айтып едім ғой, «маған гүлдерімді беріндер, гүлдер ғана түсінеді мені, гүлдер ғана жан-дүниемнің теңі». Алайда махаббатымның мәңгілік рәмізі – қырмызы қызыл гүлдерге жете алмай қалып ем.

Білесің бе, анашым, мен дәл осындай бір күнде өлуді аңсап ем. Мамак абақтысында түні бойы өлім сәтін күткен әлгі Халил бауырымнан: «Қандай бір түнде өлгің келеді?» – деп сұрағанмын. Ол іркілмей: «Жауынды түнде», – деп еді. Және сол бір маусымның Айдың нұрына боялған түнінде Селжүкпен бірге дар ағашқа асылғанда, себездеп жаңбыр жауды. Сол күні мен де сондай бір өлімді тілеп едім. «Өлетін болсам, осылай өлу керек екен» дедім ішімнен.

Сіздер көктікен теріп жүргенде, мен осы қарлы тауларға жайғасып алғым келді. Арманым орындалды. Қарашы анашым, періштелер қолдарындағы мөп-мөлдір кеселерімен таудағы кәусар бұлақтан су алып, ішкізіп отыр. Енді мәңгі бақи шөлдемеспін! 

– Балам, Мұхсиным! Сүйіспеншілікке бөлендің, Сивасты да саған берді ғой? Келе ғой, балам. Бірге кетейік…

– Анашым-ау, олар кеш қалды. Қатты кешікті. Мен қазір ақ көгершіндердің өлкесіндемін. Мұнда жаным рақат. Жанымды айтамын. Мен шын мәнінде ояндым. Неше жылдық өмірім түс екен ғой. Шынайы өмір енді басталды. Енді арғы бетке қарай кетіп барамын. «Сағынышқа толы ақшам да, зар жылаған қазан да» қалмады. Мен тым алысқа кетемін. Қара анашым, қара! Көк жүзінің керегесі керіліп, есігі ашылады. Алтыншаш көктем шақырады. Самал желдей есіп жеткім келеді. Мәңгіліктің Жаратушысына барғым келеді. Ең тыныш жер – осы жер екен. Мен тыныштықты таптым. Бір кездері жету арманыма айналған әлгі тау шыңдарының арғы түкпірінде ағарған алтын шапақты көремін.

– Сен оны айтасың, балам! Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде жүрген анашың қарлы тауға қараса, жүрегі ауырады. Қалай шыдайды екенмін?

– Анашым, ер жігіттің анасының азабы да, жүрегі де үлкен болатынын білмейсің бе? Есіңде ме, біз әкеммен бірге күннің құрсағында күйіп тұрған алқапта егін орушы едік қой. Мен сол егінді орып, дәнге айналдырып диірменге апарушы едім. Диірмендегі әлгі шыр айналған тастардың зар дауысынан таулар бас иіп, күмбірлеп Құран оқығандай жаңғырып тұратын. Қыс мезгілінде ауылдағы балалармен бір-бір тезегімізді алып, медресеге барушы едік. Пешті жағып, медресе қабырғағасына сүйеніп қаз-қатар отыратынбыз. Мен ең соңғы қатарға отырып алып, дәрісті оқитын кезге дейін жаттап алатынмын. Сонда қатесіз оқығанымда, Бәкір ұстаз: «мынау бала бәрін біледі, сендер түк білмейсіндер,» – дейтін. Мен сол бейкүнә балғын күндерді сағындым.

Содан сол бала күнімізде сен мені қалаға жолдадың. Қалаға өркениет іздеп келіп едік. Алайда тас қалада бауырлардың бір-бірін бауыздап, өлтіріп жатқанын көрдік. Төбелесіп, алысып-жұлысамыз деп ойламадық, бірақ біздерді төбелестіріп қойды. Осылайша бес мыңға жуық бауырларымыз қырылды. Кім, не үшін өліп жатқанын түсінбедік. Неге өлтіргенін де ұқпадық. Анадолының кең даласына сыймаған біздер тар абақтыға сыя білдік. Сыртта бір-бірімізді жарақаттаған біздер құжырада иықтасып жатып, жарамызға  дәру басып, таңып байладық.

Мені өлтіргісі келген бауырларым азап шегіп жатқанда, төзе алмадым. Бір күні «Жетер енді! Бәріміз бір елдің баласымыз ғой!» деп қарсы шықтым.

Сен оны айтасың, анашым-ау! Сол кезде бес мың ананың жүрегіне шоқ түсті. Менің де жүрегім жараланды. Алайда сол өле өлгенше сөнбеген жүрегімдегі қып-қызыл шоқ мені ертеңгі күнге жетеледі. Сондықтан қазір тоңып жатқаным жоқ. Өйткені күйіп тоңғаным соншалық, қазір жүрегімде салқындық та, жылылық та қалмаған.

Сондай-ақ, сонау бала кезімде қар жауғанда, үйдің төбесіне үйілген қарды күреп тастаушы ем. Анашым! Ыстық алақаныңмен бетімдегі қарды бір сыпырып тасташы. Соңғы бір мәрте Анадолы іспетті жарқылдаған жүзіңе қарап алайын.

Мен алыс жерге кетіп барамын анашым. Жан-жүйем теңіздей көбіктеніп тұрғандай. Тыныштық жайлаған жанымның жайлауына. Құлшылыққа бет бұрғандай барлығы. Күнге қарап күледі гүлдер, Көктемге қол ұшын жеткізді туған елім.

Көктемге…

О, Мәңгіліктің Мәлігі! Саған жетіп, ризалығыңа бөленгім келеді…

 *Мәңгіліктің Мәлігі – Шексіз әлемнің, Шексіздіктің Иесі Ұлы Құдірет.

 

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

    • Малик окып шыктым. Адамды патриоттык сезимге, имандылыкка баулитын шыгарма екен. Осындай аудармаларынды бизге жиберип отыр. Алдагы уакытта зерттеу нысанына айналады. Тили жатык, жаксы окылады. Бирен-саран арип кателери бар. Биринши жолдагы “сарнай азынаган” деген тиркестеги “сарнай” сози басы артык. “Нур саулаган” деген тиркести “нур жайнаган” не болмаса “нур куйылган” деп озгерту керек шыгар. 1-абз-тын сонында “жоктау айтып жатты” дегенди “жоктап жатты” деп немесе сойлемди озгерту керек болар. “бордай жылады” деген тиркести “бордай егилди” деген туракты тиркеспен озгерту керек. “Манзур” деген тиркес тусиниксиз болып тур. ” Сені тонып” деп басталган сойлемде “таста” емес “тас та” болу керек. Сонына таман “медресе кабыргагасына” дегенде “га” артык кеткен екен.

  1. Мәлік! Мен қазақша әріптер түспей ме деп жаным қиналып қазақ әріптерін термеп едім. Кейін қарасам қазақша әріптер жақсы түседі екен. Дегенмен ой түсінікті тәрізді. Тіркестер арқылы тауып аларсың.
    Біріншіден, саған рахмет, осындай ойлы шығармалдарды ана тілімізде сөйлетіп отырған. Алдағы уақытта осы әңгімелердің жеке жинақ болып қолымызға түсуіне тілектеспін.
    Бүгінгі таңда кенжелеп қалған көркем аударманың көкжиегін көтере бер.
    Әңгіме жарияланатындыктан әріп қателерін түзерсіңдер. 6 абзацтағы “әнің”
    деген сөзді “әнін” деп түзеу керек. “Фирузаның өксіп жылағаның” деген тіркесте “ң” – ды “н” деп түзерсің. “Енді мәңгілікке кербез көктем…” деп басталатын сөйлемді және бір ой көзбен қарасаң деймін. “пешті жағып, медресе қабырғағасына” дегенде бір “ға” артық жүр.
    Жалпы алғанда, әңгіме маған ұнады. Халқы үшін шаһид болғандардың жаны жұмақта болатындығына сендіретін әңгіме. Саясаттың құрбаны болған жандар бізде де жетерлік. Сол жағынан келгенде табиғаты қазаққа жақын әңгіме екен. Жазушы ана мен бала арасындағы үлкен махаббатты аша
    алған.
    Шығарманың негізгі мазмұны, шұрайлы тілі көркем аударма арқылы түгелімен бізге жеткен деп айтуға толық болады.

  2. Мәлік! Шығарманы оқып шықтым. Жақсы аударылған, тілі жатық жеңіл оқылады. Шығармашылық табыс тілеймін. Әлі де осы жазушының шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына жеткізу жолында қаламың ұштала берсін! “Қыс мезгілінде ауылдағы балалармен бір-бір тезегімізді алып, медресеге барушы едік” – деген сөйлемді “Қыс мезгілінде ауыллдағы балалармен малдың бір-бір тезегін алып, медресеге барушы едік” – деп өзгертіп жазсаң жақсы болар еді. Түрік жазушысы Харун Токактың әңгімелерінің негізгі идеясы Алла Тағаланы танумен ұштастырылып жазылатыны маған ерекше ұнайды.

  3. Аударма өте ұнады. Әр оқырманға түсінікті, жатық жеткізілген. Шығармашылық табыс тілеймін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар