///

«НҰРЛЫ КӨШ» – «СОРЛЫ КӨШке» айналды ма?

1870 рет қаралды
9

2009 жылы сол кездегi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың бастамасымен өмiрге жолдама алған «Нұрлы көш» бағдарламасының алғашқы кезеңi 2009-2011 жылдарға жоспарланған болатын. Бұл бағдарлама бойынша, осы уақыт аралығында Қазақстанға 300 мыңдай этникалық қазақ қоныс аударуы тиiс болатын. Негiзiнен бұл мақсатқа арналған 200 миллиардтай теңге жұмсалды. Алайда межелеген 60 отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша тұрғызылған ауылдарға қоныстанып үлгердi ме, жоқ па, ол жағы беймәлiм.

Тосқауыл күн өткен сайын артып барады

Көші-қон мәселелерімен нақты айналысатын мекеменің жоқтығынан «Нұрлы көш» бағдарламасы жайында нақты мәлімет алу қиынға соғып отыр. Былтыр Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін бастау қажеттігін айтқан болатын. Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашев кейін бір сұхбатында:

 – Биыл өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы «Мен Үкіметке тапсырма беріп, «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін жасауды тапсырамын» дегенді айтқан еді. Сол бағдарлама қазір жасалып жатыр. Аманшылық болса, ендігі жылдың бірінші тоқсанында Көші-қон комитеті сол бағдарламаның жобасын Үкіметке тапсыруы керек, – деген болатын.

 Бірақ, өкінішке қарай, жақында Астана қаласында өткен алқа отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова «Нұрлы көш» бағдарламасының әрі қарай жалғаспайтынын мәлімдей отырып, оралманды жұмыспен қамту «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асатынын мәлімдеген. Демек, басы таудай аяғы қылдай болған «Нұрлы көш» бағдарламасы осымен аяқталды деген сөз. Бұл тек жекелеген бағдарламаның аяқталғанын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге осыдан 20 жыл бұрын Атажұртқа риясыз ағылған қазақ көшінің аяқталғанының белгісі ме?

 2010 жылдың соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы Көші-қон және демография комитеті таратылып, Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетінің Көші-қон департаментіне айналып кете барды. Содан бергі бір жылдан астам уақытта көші-қон проблемаларын жеңілдетудің орнына, қолдан жасалған арнайы кедергілер, тосқауылдар көбейді. Айталық, 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны» туралы Заңда этникалық қазақтардың Қазақстан территориясында жүріп тұруы қиындады, тіркеу тәртібі күшейтілді және ең өкініштісі, азаматтық алу процесін жетілдірудің орнына 1991-1999 жылдардағы кедергіні қайтадан көлденең тартып отыр. Бұрын этникалық қазақтар былай тұрсын, шетелден келіп білім алып жүрген кез келген азамат үшін оқу визасы берілетін. Қазір оқып жатқанына қарамастан, студенттердің өзіне визасы аяқталғаннан кейін қудалау басталады екен. Жақында маған жолыққан бір жігіт балдызының Өнер академиясында оқып жатқанын, алайда тіркеу уақытының аяқталуына байланысты, оның Қытайға қайтып кетуі қажеттігін айтады. Аты жөнін айтудан бас тартқан ол балдызының есімінің де құпия болғандығын өтіне отырып, Алматыдағы тіркеу уақыты аяқталғаннан кейін, Алматы көші-қон полициясы оны екі айдан кейін тіркеуден шығарған екен. Енді Алматы облысы бұны заңсыз деп тауып, оны тіркеуге алмай отыр.

 – Сонда менің балдызым оқуын тастап, Қытайға оралуы керек пе, –дейді ол жыларман күйде.

 Дәл осындай мысалды осыдан бірнеше ай бұрын тағы жолықтырған едім. Астанада Л. Н. Гумилев атындағы университеттің Тарих факультетінің студенті Ташкентке өндірістік тәжі­рибеден өту үшін сапар шегеді. Алайда Сарыағаш бекетіндегі біздің шекарашылар оның оқу визасы бар екеніне қарамастан, 60 мың теңге айыппұл салады. Бар тапқан кінәсі – Қазақстан территориясында болуы тиіс 90 күннен уақыты асып кеткендігі. Ал оқып жатқан анықтамасын олар қаперге ілмеген.

«НҰРЛЫ КӨШТІ» ЕНДІ «СОРЛЫ КӨШ» ДЕЙМІЗ БЕ?

2009-2011 жылдар аралығында «Нұрлы көш» бағдарламасы Шымкенттен бастау алып, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақтау және Алматы облыстарында жүзеге асырылды. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласындағы «Асар» шағын ауданында сәтті жалғасын тапты. Үкімет бұл жобаны қолға алғанда, осы «Асар» шағын ауданының тәжірибесін ескерген болатын. Бұдан кейін жобаға үш жыл ішінде – 200 миллиардтай теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан облысында бұл бағдарлама бойынша, 403 пәтер салынған. Олар Курчатов қаласы, Новоявленко селосы. Өскемен қаласының маңында Ертістің сол жағалауында 110 га аумақта 7000 үй салу көзделген. Шымкентте 2011 жылдың 13 қазанында бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 650 адамның өтініші түскен, олардың 465-імен келіссім шартқа қол қойылып, 239 үй тұрғызылып, 138 үйдің құрылысы пайдаға берілген. Ақтөбе облысында бұл жоба бойынша Хромтау ауданының Көктау-2 ауылында 75 коттедж бой көтерген. Бұл облысқа 3 мың отбасын қабылдау үшін үш жылға 1-1,2 миллиард теңге бөлінген. Батыс Қазақстан облысының Зеленовск ауданы Балаган ауылында 100 үйдің құрылысы басталған. Сондай-ақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылған аумақтарда оралмандарды жұмыспен қамту көзделген. Әрі әрбір ауылдың жанынан мектеп, бала бақша және акушерлік пункт салына бастаған. Мәселен Шығыс Қазақстан облысының Новоявленко ауылында 600 орындық мектеп, Батыс Қазақстан облысының Балаған ауылында 192 орындық мектеп пен 75 орындық бала бақшаның, 35 орындық акушерлік пункттің жобасы қолға алынған. Шымкентте тұрғызылған үйлермен қатар жылыжайлар салынған. Ол жылыжайлардан жылына 12000 доллардың табысын табу көзделген. Бір ескерте кететіні – бұл үйлер тегін берілмейді. Оралмандарға 15 жылға, «Тұрғын үй жинақ» банкіден 5,5 пайыз үстемақымен несиеге беріледі. Олар айына 25-30 мың теңге төлеп тұруға мәжбүр. Бірақ олардың көңілін су сепкендей басқаны – біріншіден, жұмыспен қамту мәселесінің ойдағыдай болмағаны, екіншіден салынған үйлердің сапасыздығы. Мәселен Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылының жанынан тұрғызылған 272 үйге «Нұрлы көш» ауылы деген ат беріліпті. Өйткені бұл үйлер Красный Яр ауылына ресми түрде өткізілмеген. Сол себепті де оларды қанатының астына алған ешкім жоқ. Ал үйлердің қақыраған аязға төтеп бермей, жарылып кеткендігі, 30-40 градус аязға сай салынбағандығы бұған дейін баспасөз беттерінде көп айтылды. Сол кездегі Ақмола облысының әкімі өзі бас болып барып, үйлерді жөндеуден өткізіп, оны салған «Сарыарқа» коммуналдық мекемесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді мәжбүрлегені мәлім. Дәл осындай проблема Шығыс Қазақстан облысындағы Новоявленко ауылы және Курчатов қалаларында да бой көтерді.

«Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты – адам аз қоныстанған солтүстік, шығыс және батыс облыстар мен шекара аймақтарды қамту болатын. Сол мақсатпен бұл жоба Павлодар және Қостанай облыстарында да қолға алынуы тиіс еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысындағы филиалының жетекшісі Болат Заут Павлодарда бұл бағдарламаның қолға алынбағанын айтса, Қостанай облысының басшылары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынуға тиісті үйлерден бас тартып, 551 миллион теңгені үкімет қор­жынына қайтарған екен. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінде егжей тегжейлі жазылған. Қостанай облысының Тұрғын үй қатынастары жөніндегі агенттігі Қостанайда салынатын үйдің бір шаршы метрі 90 мың теңге, яғни 600 АҚШ долларына тең екендігін жаза отырып, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, салынуға тиісті үйлердің бір шаршы метрі 56515 теңгеге бағаланған, оны ешкім салуға дауаламай отыр: «Кәнекей, шаршы метрі 56 мың тұратын жөні түзу баспана салып көріңдерші. Бізде қазір 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгені құрайды, орта есеппен 90 мың дейік. Ал басқа бағаға біз үй тұрғыза алмаймыз», – дейді облыс әкімі Сергей Кулагин. Осыны тілге тиек еткен жергілікті билік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Қостанайға бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруды жөн көріпті. Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Виктор Мейстер: «Нұрлы көштің» 551 миллион теңге қаржысын біз өз еркімізбен қайтардық. Инженерлік желілерді қалдырдық, себебі басқа жүйеге қайта қарастырып берді. Бірде-бір мердігер 90 мыңнан төмен бағаға үй салуға келіскен жоқ», – дейді. Осылайша, «ұлттық шоғырлану процесінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен өзара келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етуге» бағытталған «Нұрлы көштің» Қостанайдағы жыры жергілікті билік үшін оңай, ал атамекенге оралуды аңсаған қайран отандастар үшін өкінішпен аяқталды» деп жазады «Қостанайдағы «Нұрлы көш» көштен неге қалды?» («Алаш айнасы», 2010.11.04) атты мақалада Әсел Мизамқызы.

 Демек, көздеген мақсаты игі, жақсы жобаның көш керуенді дұрыс бағытқа бағыттай алмағаны байқалады.

ГАЗЕТТЕР ОРАЛМАНДАРДЫ ОҢДЫРАР ЕМЕС

«Егемен Қазақстан» газетінде Сейфолла Шайынғазының «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» атты мақаласы жарық көрді. Дәл осындай сарындас мақалалар «Время» газетіндегі Данияр Әшімбаевтан бастап, «Айқын» газетінде жалғасын тапқан еді. Бұл Жаңаөзендегі әлеуметтік шиеленістерден кейін жүргізілген саясат. Елдегі осы саясат – оралманға қырын қарау, қазақ мәселесіне көз жұму, ішкі көші-қонды тыю болайын деп тұрғандай. 70 жыл Қызыл империяның қанды шеңгелінде қазақ мәселесін көтеруге мүмкіндік болмады. Ал өз қолымыз өз аузымызға жеткен бүгінгі таңда қазақ мәселесін көтергендерге тағы да жауыға бастадық. Бұның сыры неде? Сұрақ көп, жауап жоқ. 

 Есенгүл Кәпқызы

“Түркістан” апталығынан

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Осы мақалада жарияланып отырған бүлдіршіндер суретінің автор Мінбер-админ деп білерсіздер. Өйткені кейбіреулер меншіктеп мөрін басып алыпты.

  2. Оралмандар, қазақты қазаққа айдап салушы отаршылдардың итаршылары арамызда әлі де бар. Мойымаңдар!

  3. әрине нұрлы көш енді сорлы көш болмақ, нұр тіркелгеннің бәрі сорлыға айналмақ……..

  4. Гүлшара ханым, әлде кімнің айтағымен жұмыс істемеңіз, оралмандардың ортасына барыңыз, олардың кім екенін көріңіз, олардың түрі де, түсі де, қаны да қазақтыкі, олар ойнастан туған жоқ. егер заман олай-былай болып кетпесе олар келе береді. Сорлы көшсіз-ақ келеді. Соларың сорлап жүріп-ақ орнын тауып кетеді. Өйткені олардың бойында аса күшті рух бар. Біздің арамызда оларды шеттететіндер де бар, бірақ олардың қолында билік жоқ. Сіз ел-басқарып отырған адамсыз, сондықтан сіз сол елдің ертеңі үшін жауапты, ұрпақ алдында да, құдай алдында да бересіз. Шенеуіктерге, әлде, құдай керек емес пе? Олар да адам баласы сұралатын күн туатынын білетін шығар. Әлде таққа бола бәрін талақ ете ме?

  5. ТАРИХИ ОТАНЫНА ҚАЙТЫП КЕЛІП ЖАТҚАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ОРАЛМАН ДЕП БӨЛІП ЖАРУҒА БОЛМАЙДЫ ҒОЙ,ОЛАРДА ДА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНАН ТАРАҒАН, ЕЛІМ ДЕП, ЖЕРІМ ДЕП САҒЫНЫП ЖЕТКЕНДЕ БІЗ ОЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТПЕСЕК ОНДА КІМ ОЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ?!

  6. Абдыкалыкова ханым Сіз білсненіз гой Жамбыл ауданы әлеуметтік бөлімі жемкорлар бөлімі екенін Карымбаев пен Тлеубердиеванын көзі курымаи жемкорлык курымайды тексеру жібере аласызба

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі