//

Ол ит неге атылды?

1578 рет қаралды
3

Бала күнімде куә болған мына бір оқиға есіме түседі де тұрады. Сол жылы біздің ауыл Күреңті басын жайлап отырған. Іргелес қоңсы қонған жездеміздің аламойнақ дейтін нән төбеті болды. Арс-арс еткенде атты кісіні қорқытады. Бірақ осы таудай төбет үйден ұзап шықпайды, киіз үйдің күн қуған көлеңкесін сағалап милығып жатады.

Бір күні ауылға ит ататын адамдар келді. Жездей әлгілерді шақырып алды да, «мына таудай төбетті атып алып кеттіңдер!» деп үкім шығарды. Онымен қоймай, аламойнаққа қарап, «арамтамақ, сатқын..» деп, біртүрлі кіжініп қойды. Үлкен әкей, «қол асыраған күшігің емес пе, атқызбай-ақ қой» деп еді, жездей: «күшігінде таланған бұл ит болмайды» деп айналып жүре берді. Әлгі сөзді естіген әкей де, «е, бәсе, біліп ем» деп, ит атқыштарға қарап, иек қақты. Сөйтіп адам баласы қорқатын алып төбет аламойнақ атылып кетті.

Аламойнақтың атылған себебі біреу: ол күшігінде таланған. Оқиға былай бопты. Аламойнақ күшік кезінде, қоралы қойға қасқыр шапқан. Сыралғы үлкен иттер жұп жазбай, сырғақтай үріп, сақсына ұмтылып, «борышын» адал атқарып жатқанда, аламойнақ күшік шәуілдей жүгіріп қасқырдың алдына жетіп барған. Көкжал қасқыр кішкентай күшікті көк желкеден алғанда, екі сілкіп, есінен тандырып, үстіне сарып тастаған.

Арада қанша жылдар өтсе де, алып төбет аламойнақ қасқырдың иісін сезсе болды, есінен танып, құлап қалады екен. Бірде жездей дәу төбетін жылқы бағуға ертіп шыққан екен, қасқыр сарыған әлгі бейбақ жылқыны қайта қасқырға қайырып беріп, масқара бопты.

Енді мына қызыққа қараңыз: келер жылы жазда жайлауға келсем, әкей  ауылдың барлық итін аттырып тастапты. «Неге бұлай болды?» деп сұрағанымда, әкей, «тексізден тексіз туады деген шын екен» деп, ауыр күрсінді. Әрине, қол асыраған күшіктерін қимай отыр. Қысқасы, аламойнақ таптырған күллі ауылдың күшігі «қасқыр көрсе қашатын» дертке шалдыққан. Аламойнақтың ішіне кіріп кеткен «қасқыр» үрей, қанымен жүйткіп, тұқымына дейін дарыған. Сөйтіп, біздің ауыл бүкіл итін атып жүріп, «құлдықтан» әзер құтылғаны бар. Қанға сіңіп кеткен «үрей» қиын екен.

Бекен Қайратұлы

 

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. “Бұның өзі бұрыннан қалыптасқан еуроцентристік көзқарасты бұзып жарған, өзге түгіл өзіміздің «күшігінде таланған» мүйізділеріміздің көзін алайтып, көкжелкесін күжірейткен батылдық болды” (“Қазақша өмір сүрдім”).

  2. Макала жаксы жазылган. Каншама мыкты сырттандарымызды атып тастаган сол жылдары. Ауылга ит аткыш келды дегенде Азырейыл келгендей коркатын едык кой. АЛЛАга шукыр сол иттердын тукымы кайтып кобейып келеды. http://www.tobet.kz сайтына кырыныздер!!! Суретке сол сайттан тобеттын суретын койганда дурыс болар еды!

  3. Аламойнақ кім, қасқыр кім? Осылай бір ойлап көруге де болар, автордың айтпақ ойының астарын қаузап көрсе тіпті қасыретті дүние шыға ма қалай өзі?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі