//

Алматы алаңы

918 рет қаралды
2


Еске алу Көктөбені,
Жаныма от береді.
Алғашқы махаббатқа,
Куәгер – Көктерегі.

(«Сағындым Алматымды» әнінен)

 Осынау атақты әнге арқау болған ару қала Алматы бір кездері тек алғашқы махаббат пен кіршіксіз таза сезімнің, адамгершілік асыл қасиеттердің ғана куәсі болған еді. Ал қазір бұлай айту қиын. Ата – аналарымыздың айтуымен, не болмаса  «Қазақфильмнің» алтын қорындағы кино туындылардан білетініміздей қол ұстасқан қос ғашықтың орнына жабысқан жастар, күлімдеген қала тұрғындарының орнына қабағынан қар жауған бейнелер – міне, әсем қала көшелерінен көбірек көретін көрінісіміз осы. Соңғы жылдары атышулы көкбазар мен «барахолкада» алақанын жайған жетім-жесірлер жерасты жолдарына біржола көшіп алған. Қаланың сырт жағын паналап, екі қолға бір күрек іздеген өзге ұлт өкілдерінің санынан жаңыласың. Олардың барлығының күндіз бас қосатын жері – жоғарыда аталған көкбазар мен «барахолка». Ал түнде қайда бой тасалайтындарын ойлаудың өзі қорқынышты.

«Жұлдыздар жерге жақындап ,

Байланып қалған секілді;
Қаз қатар өскен тату бақ ,

Ойланып қалған секілді» – деп тағы бір керемет әнге негіз болған Алматы түні де қазір мүлдем басқа. Жылт-жылт еткен  жұлдыздарды самаладай жарқыраған түрлі шамдар алмастырса, кешкі самалдың орнын мыңдаған көліктің түтіні басқан. Түнде жалғыз жүру қауіпті, қалтаңдағы барыңмен қоса денсаулығыңды да жоғалтуың ғажап емес. Оның үстіне тәртіп бұзудың сан түрлі тәсілі белең алып келеді. Осы аталғандардың барлығы қарт Алатаудың баурайында орын тепкен Алматының бүгінгі кемшіліктері. Халқының саны екі миллионға таяп қалған қала үшін бұл қалыпты жағдай да шығар. Бірақ бұлар шешімін табуға болатын тек әлеуметтік мәселелер ғана. Енді жас еліміздің жүрегіне баланатын Алматыны шынымен алаңдатуы мүмкін проблемаларға тоқталсақ.

Жер-жаһанды жаулаған экстремизм, терроризм. Бұл кесел жаңа ғасырда белең ала бастаса да әлемнің біраз мемлекетін қан қақсатып үлгерді. Алысқа бармай-ақ, ауыр болса да өзіміздің Тараздағы, Ақтөбедегі оқиғаларды еске алсақ. Былтырғы бұл теракттар ресми ақпарат бойынша «экстремисттердің қолымен» жасалса да, оқиғаның түсініксіз тұстары жеткілікті. Екі қалаға да қиянатты қазақтың қарапайым жігіттері жасаған. Ал оны «кім жасатты? Ондағы мақсат қандай? Оның саяси астары болуы мүмкін бе?» деген сияқты сұрақтар әлі де болса көпшілікті мазалайды. Тараз бен Ақтөбедегі оқиғаның жалғасы енді Алматыда болады деп күтілді. Халық арасында тараған қауесетке сенсек, бұл жолы жарылуға тиісті обьект – метро. «Халық айтса қалып айтпайды». Бірақ бұл жолы сәл жаңылып айтты халық. 2011 жылдың 3 желтоқсанында метрода емес, Алматы қаласының маңайындағы Боралдай кентінде ұйымдасқан қылмыстық топпен болған атыста бірнеше адам көз жұмды. Яғни терроризмның бір ұшқыны оңтүстік астанаға да жетті. Тәуелсіздік алғанымызға тура 20 жыл толатын күнде тағы бір жарылыс болады деген сөз ел арасына тарап, үлкен үрей туғызды. Соның кесірінен тұрғындардың көпшілігі төл мерекені алаңда емес, төрт қабырға арасында қарсы алуға мәжбүр болды. Негізі, аталған жарылыстың барлығы кез келген жерде жарылуы мүмкін еді. Оған өзім куә болған мына бір жағдайдан соң көзім жетті. Жақында бір жұмыспен Алматы әуежайында болдым. Жолаушыны ұшаққа қарай өткізетін күзетшіге көзім түсіп, әр қимылын бағып тұрдым. Кенет жанында досы бар бір жас жігіт келді. Өзге ұлттан екені бірден көзге түседі. Жаңағы жігіт бір уақытта досының қолынан бүктелген көгілдір он мың теңгені алып, амандасқан болып  күзетшінің қолына қыстыра салды. Көк қағаз күзетшінің қолымен бірге қалтаға сүңгіді де кетті…  Неге келіскендерін екеуі ғана біледі. Бірақ бір ғана адамның осындай осалдығынан мыңдаған адам зардап шегуі мүмкін еді ғой. Осы тұста Мәскеудегі «Домодедово» әуежайындағы оқиға есіме түсті. 2011 жылдың 24 қаңтарында  белгісіз біреу өзін-өзі жарып, тағы ондаған адамның өмірін қиып кетті. 200-ге  жуық адам түрлі жарақат алды. Алпауыт Ресейдің өзінде осындай терактілер болып жатқанда, бір күні біздің де жаңағыдай күзетімізбен бірге жарылып кетуіміз оп-оңай. Сондықтан, ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне жете мән берген жөн.

Алаңдауға тұрарлық келесі бір проблема – сөзсіз дін мәселесі. Алатау аудандық әкімшілігінің сайтына сенетін болсақ, қазіргі таңда Алматы қаласында 266 діни бірлестік жұмыс жүргізеді екен. Оның 204-і Алматы қаласы Әділет Департаментінде заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен, ал қалған 62 діни бірлестік республикалық статусы бойынша Әділет Министрлігінде тіркеліпті. Бұл тек қағаз жүзінде болса да ресми ақпарат. Ал тіркелмей, әр үйдің есігін қағып, жаратушысын сұрап жүрген  діни ағымдар қаншама?! Олар тек есікті қағумен шектеліп қалса ештеңе емес, еліктеуіш жастардың санасын улап жатқанын қайтерсің. Түрлі діни ережелерді сылтау етіп, қазақтың ұл-қыздарының ақыл – есін мықтап шырмауға алған экстремистік топтардың біразы әшкереленсе де, әлі қаншама қауіпті ұйымдар өз жұмысын жалғап жатыр?! БАҚ арасында бұл мәселе алғаш рет өз дәрежесінде 2011 жылы «Хабар» арнасындағы «Ақиқат» деректі фильмінде көтерілді. Сопылық ағымды негізге алған ұйымның жеткешісі Исматулланың бастауымен көптеген кәрісі бар, жасы бар, әйелі бар, ері бар қазақ азаматтарының зікір салып жатқан видеосын көрген адам сөзсіз жағасын ұстайды. Аталған діни басшының жақтастары көп болса да, оның бұл іс-әрекеттері заңсыз деп танылып, тиісті органдар 14 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ, бұл тек бір ғана мысал. Адам құқықтарын басшылыққа ала отырып дамуды көздейтін біздің қоғамдағы басты кемшіліктердің бірі – демократияның шегін білмеу. Яғни осы бір сөздің желеуімен ақпараттық бостандық, қауіпсіздік, этикалық, моральдік мәдениет деген ұғымдар жайына қалды. Мысалы, адамның санасын түпкілікті улайтын түрлі форматтағы әндер, өлеңдер интернетті кезіп жүр. Оның ұялы телефонға арналған нұсқасын табу да қиын емес. Сондай-ақ психикаға әсер ететін  видеофайлдарды ғаламтордан да, көкбазардан да, «барахолкадан» да табуға болады. Әр түрлі тақырыптағы кітаптар да солай. Яғни қазіргі таңда Алматы қаласынан мазмұны мен мағынасына қарамай кез келген файлға қиналмай қол жеткізесіз. Дін асқан жауапкершілікті қажет ететін маңызды мәселе болған соң, оған өте сақтықпен қарау керек. Өйткені ол ұлтты құрайтын элементтердің бірі.

Сонымен, талай ақын өз өлеңін арнап, көптеген қылқалам шеберлері туындысын тарту еткен Алматының бүгінгі жай-күйі осындай. Бұл – 20 жылда еліміз жеткен жетістігімен қатар  шалдыққан аурулары. Дәл қазір қара аспанды су алдыратындай ештеңе болмаса да, болашақта бұл дерттің емін таба алмай қалуымыз мүмкін.Сондықтан, тек Алматының ғана емес, күллі Қазақстанның қамын ойлап жүргеніміз жөн болар.

Несіпбаев Нұршапағат

"Мінбер-Ақпарат"
Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Қазақ қоғамының кеспірі күн өткен сайын дамуға бет алып бара жатпағаны алаңдатады. Ойлай бастасаң ақ ұйқың қашады.

  2. Басқасын білмеймін, халықты терактымен қорқытуға, үрей туғызуға болмайды… халық арасындағы сөз шай ішіліп отырып айтыла береді… сосын ұмытылады… оны ақырын-ақырын шешу керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі