//

20 миллионға жетудің жолы бар ма?

861 рет қаралды
3
Біз, 2020 жылы да 20 миллионға жетпейтін болдық. Кеше Парламент алдында есеп берген Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов осындай көңілсіз мәлімдеме жасады. Ғалымдар Қазақстан тұрғындарының қатары елеулі өсіп жатқандығын анықтапты. Бір қуантарлығы, бұл бақуатты Қазақ еліне қаптап қоныстанушы мигранттардың емес, негізінен, халқымыздың өзінің табиғи өсімінің есебінен болып отыр екен. Ал бір қынжылтарлығы, соның өзінде, СтатАгенттіктің есептеуінше, қазақстандықтардың саны 7 жылдан кейін 18,7 миллионға әзер жетпек.
Әрине, бұл – статистердің болжамы ғана. Алла бұйыртса, қазақтың басы жеті жыл ішінде үш миллионнан астамға өсіп, жиырмадан да асып жығылуы ғажап емес. Ұлы даламыз талай ға­жайыптарға куә болған. Оның үстіне, мемлекет те ана мен бала өлім-жітімін азайту жолында жан салуда. Бұған қоса, қазақстандықтардың өмір жасын ұзартсақ, бұл – қосымша миллионды берер ме еді?! Қазақстан көшбасшысы Н.Назарбаев 2020 жылға қарай өмір сүрудің орташа ұзақтығын 72 жасқа жеткізу міндетін қойған көрінеді. Әзір­ге, былтырғы қыркүйекте «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген оты­рысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдегеніндей, Қазақстанда өмір сүрудің орташа ұзақтығы екі жылда өсіп, енді 68,4 жасты құраған. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш небары 63 жастан аспайтын. Егер тарихқа үңілер болсақ, қазақстандықтардың ең жоғары өмір сүру ұзақтығы 1990 жылы тіркеліпті (68,7 жас).
Сонымен, бүгінде халқымыздың саны 16 миллион 675 мың адамға жетіп отыр. 2000 жылдың деректерімен салыстырғанда, қазақ­стандықтардың қатары 10,6%-ға артыпты. Яғни он жылдан астам уақытта он пайыздан сәл астамға ғана ұлғайған. Статистер «Қазақстан тұрғындарының саны жыл сайын шамамен 200 мыңдық қарқынмен өседі» деген болжамды осы мәліметке сүйене отырып, есептеген екен. Әйткенмен, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара берсе, жағдайын жасаса, ынталандырса, ырза етсе, құрсағы алтын аналарымыздың етегінен бала сауламас па?!
Десек те, ел Үкіметі әлі де ескеруі қажет мәселелер жетерлік. Мәселен, кейбір сарапшылар шенеуніктердің кедейшілік шегін ең төмен деңгейде жасанды ұстап тұрғандығы жөнінде пікір айтады. Кеше мемлекеттің бас статисі, Қазақстанда «тақыр кедей» деп, айлық табысы 13 мың теңгеден аспайтындар ғана аталатын­дығын жеткізді: «Әрбір елде кедейшіліктің ұлттық шегі деген бар, – деді Ә.Смайылов, – Қазақстанда ол 13 487 теңгені құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Қырғызстанда – 11 мың теңгедей». Со­нымен, бір уақытта, бар іс қаржыға келіп тірелетін қазіргі заманда республикамыз­да 20 мың теңгеге де өмір сүру қиын екен­дігі құпия емес. Бірақ кедейшілік шегі 20 мыңға көтерілсе, кедейлер саны артып шыға келмек. Осыдан үрейленген Үкі­меттің оған баруы неғайбіл. Ал жақсы көрсеткіш – жан семіртеді. Әрине, ше­неуніктердің жанын!
«Бізде кедейшілік деңгейі жыл сайын тө­мендеуде, – деп мәлімдеді СтатАгенттік төрағасы Ә.Смайылов, – 2001 жылмен салыстырғанда, 7 есе, 2006 жылға қара­ғанда – 3 есе төмендеді!» Рас, ол ауылдағы кедейшілік деңгейін қаланікімен са­лыстыруға да болмайтындығын, оның үстіне өңірлер арасында да «үлкен айыр­машылық» барлығын мойындады. Ауылда кедейлер қатары, қалаға қарағанда, 3 есе көп көрінеді, ал өңірлер арасындағы кедейшілік деңгейіндегі айыр­машылықтар 5 есеге дейін жетеді екен.
– Сонымен бірге оңды өзгерістер байқалуда, – деп елең еткізді Әлихан Смайылов. – Қор коэффициенті деген бар: елдің ең бай 10 және ең кедей 10 адамының табысы салыстырылады. Соңғы он­жыл­дықта бұлардың аражігі 1,5 есе төмендеді. Бұл азаматтарымыздың әл-ауқаты жақ­сарып келе жатқандығын көрсетеді.
Өкінішке қарай, Агенттік төрағасы Қа­зақстандағы ең бай он адамның кімдер екендігін айтпай қойды. Бір жағынан, осы статистиканың дәлдігіне күмән келтіру де кінә емес: азаматтардың табыстары мен мүліктерін жаппай декларациялау жүр­гізілмейтін елде ең бай он адамды нақты анықтау – беймүмкін емес пе? Елімізде байлар өз дәулетін көздің сұғынан қорғап, жасыратыны бар. Декларация тапсыра­тын шенділер мал-мүлкін туғанының атына тіркейді. Бұл «жаман әдетті» тыю үшін мемлекет Қазақстанда та­быстарды жап­пай деклара­циялауды алдағы 2013 жылы ендіруді жос­парлаған. Дегенмен шын мәнінде, ол 2017 жылы ғана «өмірге жол­дама алады» деген Қаржы министрлігінің ақпары бар.
Айқын да нақты статистикаға деген қа­жеттіліктің өтелмей отырғандығына заң шы­ғарушы билік те кеше атқарушы биліктің назарын аударды. «Қолда қанша астық, мал басы және құстың бар екендігі, сондай-ақ ауаға шығарылатын ластаушы заттар, жұмыспен қамту, қазақстан­дықтардың кірістері мен кедейшілігі, өмір сүру деңгейі бойынша дәл статистикалық деректер сайлаушылардың үлкен қы­зығушылығын тудырып отыр» деді Мә­жіліс атынан қосымша баяндама жасаған палатаның Экономикалық реформа жә­не өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов. Мұның сыртында ол Үдемелі индустрияландыру бойынша, Кеден одағы елдерімен өзара сауданың ағымдағы көлемі, ДСҰ-ға кіру туралы шынайы ақпараттық-статистикалық мәліметтермен қамтамасыз етуде қажет­тілік барлығын жа­сырмады. Сондықтан депутаттар Агенттіктің барлық мемле­кеттік және салалық бағ­дар­ламалардың орындалуы, олардың көрсеткіштері мен индикаторлары туралы мәліметтерді әзірлеуі және оларды «Талдау» жүйесіне енгізуі қажеттігін айтты.
Бір атап өтер жайт, жыл сайынғы инфляция туралы ресми мәліметтерге қарапайым бұқара түгіл, депутаттар да шүбә келтіреді екен. «Аза­маттар, әсіресе, азық-түлік пен тұтыну бағасының тоқ­таусыз өсуін сезетін халықтың осал топтары: «инфляция деңгейінің өзгеруі нарықтағы шынайы бағаға неге сәйкес келмейді?» деген сұрақты жиі қояды, – деді депутат Сейітсұлтан Әйімбетов. – Мәселен,статистиканың деректері бойынша, егер 2011 жылғы тамызда жылдық инфляция 9 пайызды құраса, ағымдағы жылдың ақпан айының соңында ол 4,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Яғни инфляция 2 есеге дерлік азайды. Бұл ретте тұтыну тауарлары мен қызметтер көрсету бағалары, неге екені белгісіз, республикада төмендемей, тіпті жекелеген аудандарда керісінше, едәуір өсуде».
Қалаулылар қазақстандық статистердің ісінің бір кемшілігін көзге түртіп көрсетті. Мәселен, олар салалық ведомстволардағы шенеуніктердің ұсынған ақпарларына сүйеніп, статистика түзеді. Сондықтан кешегі жиын қорытындысында Парламент «республиканың шынайы әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсететін экономика секторлары бойынша нақты цифрларды алу үшін статистика органдары ең алдымен, тәуелсіз сарапшыларды, алдыңғы қатарлы ғылыми кадрларды, жаңа инновациялық технологияларды тартуға тиіс» деген ұсыным білдірді.
Әйтпесе басқа мекеменің теріс ақпары үшін осы агенттіктің таяқ жейтін кездері бар. Мәселен, кеше депутат М.Тінікеев статорган басшысына кәрін төгіп, оны шахтаға «қуды». «Шахтер-регрессниктер» бойынша сендердің Қарағанды облысы бойынша статкомитеттерің мынадай деректер береді: тау-қазу машинисінің орташа жалақысы – 87 мың, тіреуші-крепильщик – 52 мың, үңгуші-проходчик – 94 мың. Олардың алатыны ең кем дегенде – 200 мың. Ондай сандарды сендер осы байғұс мүгедектерге әлеуметтік тө­лемдерді аз төлеу үшін әдейі көр­се­тесіңдер!» деп шүйлікті қалаулы. Әлихан Смайылов нақты кәсіпорын жіберген статесептерді көтеруге уәде беріп құтылмақ болған. Бірақ бұған қанағаттанбаған Мұхтар Тінікеев оған, қызметкерлерін ертіп, шахтаға баруды, әлгі адамдардың қандай жағдайда жұмыс жасайтындығын көруді ұсынды.Айхан ШӘРІП 

“Айқын”

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Бізге тікелей 20 млн-ға жеткізу не міндет?

  2. Көбейтудің тәсілі әрбір балаға туған кезде және туғаннан соңғы жәрдемақыны көбейтсе, даланы малға, шаңырақты жаңға қазақ отбасылары лық толтыратыны анық

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар