//

«Рухани әйел». Ол қандай әйел?

2022 рет қаралды
6

(2012 жылы мамырдың 21 күні azattyq.org сайтында «Назарбаевтың «рухани әйелі» «енесінің» атындағы медресе құрылысын бітіре алмай жүр» атты Руслан БОТАЙҰЛЫның мақаласы жарияланды? Естімеген елде көп деген осы. «Рухани әйел». Ол қандай әйел?  Ендеше аталған мақалаға назар аударыңыз. ( «Айша қажы Әбішкеліні» )

Астанадағы «Айша» қоғамдық қорының жетекшісі, өзін елге «Айша қажы Әбішкеліні» деп таныстыратын Айша Оразбай 2012 жылы наурызда премьер-министр Кәрім Мәсімовтің блогына: «Алланың разылығы үшін Елбасымыз Нұрсұлтанның анасы Әлжан Ана есімі қойылған медресеміздің құрылысын аяқтауға көмектеріңізді сұраймыз» деп жазыпты. 

 Азаттықтың тілшісінің сұрақтарына жауап берген Айша Оразбай премьер-министр Кәрім Мәсімовтен қандай да бір қолдау болмағанын айтты.

 – Премьер-министр біздің хатымызды дін істері жөніндегі агенттікке жолдапты. Олардан «көмек жоқ» деген жауап келді, – дейді ол.

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп: «бұл мәселе – діни басқарманың ісі. Дін мемлекеттен бөлек болғандықтан, біз діни бірлестіктердің ішкі қызметіне араласа алмаймыз. Қазіргі таңда басқарманың жеті бірдей медресесі бар. Ал, қосымша жаңасы керек пе, керек емес пе – оны діни басқарманың өзі шешеді. – деп жауап берді. Агенттік төрағасы «Айша» қоғамдық қоры «Дін және діни қызмет заңы» бойынша Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өткізуі тиіс» дейді.

«ӘБІШКЕЛІНІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЫЗ ЖОҚ»

Айша Оразбайға қатысты мәселені анықтамаққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) баспасөз хатшысына хабарласқанымызда, ол мұндай сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтып, аппарат жетекшісіне хабарласуымызды өтінді. Діни басқарманың аппарат жетекшісі Балғабек Мырзаев:– Айша қажы Әбішкелінімен ешқандай қарым-қатынасымыз жоқ. Хат жүзінде мекен-жайын көрсетіп, медресе салуға бізге жазбаша түрде өтініш білдірмеген. Өзінің жеке бастамасымен салғысы келген шығар. Алайда Астанада діни басқарманың өз медресесі бар. Бір қалаға бір медресе жеткілікті ғой. Оның үстіне қаладан он бес шақырым жердегі Қосшы ауылында қарилерді дайындайтын орталық бар. Бұдан басқа әйелдерге арналған қандай да бір медресе салу басқарманың қазіргі жоспарында жоқ, – деді.

Алайда Айша қажы Әбішкеліні «1999 жылы әйелдерді ақпараттық қолдау қоғамдық қорын құрғанын, одан кейін 2001 жылы бас мүфти Әбсаттар Дербісәліден Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының атындағы әйелдер медресесін салуға рұқсат алғанын» айтады. Айша Оразбай (Айша қажы Әбішкеліні) сол рұқсаттың негізінде Астана қалалық әкімшілігінен 30 сотық жер телімін алыпты.​​

Айша Оразбайдың айтуынша, ол 3,5 миллион теңгеге жасатқан медресенің сәулет-құрылыс жобасы бұл жерге сыймай қалғандықтан қайтадан өтініш беріп, жер телімін 99 сотыққа үлкейтіп алған.

Азаттықтың тілшісі осы мәселені анықтамаққа Астана қаласы әкімдігіне 2012 жылы наурыздың 27-сі хат жолдаған еді. Әкімдіктің баспасөз қызметі ол хатқа 48 күннен соң жауап қайырды. Баспасөз қызметі жетекшісі және әкімнің баспасөз хатшысы Айгүл Аспандиярованың қолы қойылған бұл хатта «А.Оразбаеваға 2001 жылғы 2 сәуірдегі № 3-1-377қ және 2001 жылғы қазан айындағы №3-1-799қ қаулыларымен 75 орынға арналған «Әлжан ана әйелдер медресесі» обьектісін жобалау үшін №15 шағын ауданнан жер учаскесі берілгені» айтылады. Бірақ жер телімінің қанша сотық екенін жазбаған.

«КЕКІЛБАЕВТЫҢ МЕШІТІ МЕ?» ДЕП ШАТАСТЫРА БЕРЕДІ ЕЛДІҢ БӘРІ…» 

Қазір бұл жерде екі қабатты үй мен бір тоқал там тұр. Тамға «Әбіш ата мешіті» деген жазу ілінген. Бұл жазудың себебін сұраған едік:

 – 2003 жылы елбасының туған күні – 6 шілдеде «Ертеңім менің – Елбасым» атты мереке ұйымдастырып, медресенің құрылысын бастадық. Бастапқыда бұл үй кісі жататын орын еді. Бірақ ұрлық қатты болды. Сол тоқтамаған соң имамдар «Үйдің басына күмбез шығар, азан шақырып, намаз оқы» деген кеңес берді. Айтқандарын  ​​істедім. 

Ұрыларды да өз көзіммен көрдім, ұрлық та сап тыйылды. Содан бері бұл үй – мешіт. 2003 жылы дін мәселесін діни хатшылық басқарды. Басшысы Аманбек Мұқашев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінен Әзімбек деген ағамыз келіп, бір күні үлкен жиын өтті. Сол жерде ақсақалдар «Бұл – Құран оқылатын таза жер. Елбасы әкесі болмаса, қайдан туылыпты? Медресе – анасының атында, мына мешітке әкесінің атын берейік» деді. «Арнайы салынбаған, кіп-кішкентай үйге үлкен кісінің атын берсем, басымды жұлып алмай ма?» деп едім, «Шын ниетіңмен берсең, ризашылығын білдіреді» деген соң келістім. Бастапқыда «Әбіш ата мешіті» деп жазған едік. Бірақ елдің бәрі «Кекілбаев па?» деп шатастыра берген соң, «Назарбаевты» қосып жазып қойдық. Бірақ кейіннен әкімшіліктен адамдар келіп, «Назарбаев» деген сөзді, сосын екі қабат үйге ілінген «Назарбаев намазханасы» деген жазуды алдырып тастады. Не үшін алдырғандарын білмеймін, – деп жауап берді Айша Оразбай (Айша қажы Әбішкеліні). 

2011 жылы қыркүйектің 1-інде парламент палаталарының біріккен отырысында сөз сөйлеген президент Нұрсұлан Назарбаев дін заңын қабылдау қажеттігін айта келіп: «Қазір екінің бірі өз әке-шешесі, ата-бабасының атын мешіттерге қоюға әдеттеніп алды. Бұл берекесіздікті тоқтату керек» деген еді. Әбіш ата мешітіндегі «Назарбаев» жазуын алдырып тастауға президенттің осы сөзі себеп болған-болмағанын анық білмеймін, – дейді Айша Оразбай. 

«ӨЗГЕ ЕРКЕК ШАБУЫЛ ЖАСАМАС ҮШІН ӘБІШКЕЛІНІ АТАЛДЫМ»

Айша Оразбай 2002 жылы күзде өткен дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайына барып, Түркістан қаласынан Айша қажы Әбішкеліні, яғни «Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани әйелі» болып оралғанын айтады.

 – Түсімде аян көрдім, содан рұқсат алдым. Негізі бұл – шариғатта бар зат. Әбіш ата мешітін ұстағандықтан, Әлжан ана медресесін салып жатқандықтан, зинақор болмау үшін, өзге еркек шабуыл жасамас үшін Әбішкеліні аталдым, – дейді Айша Оразбай.

 Ол «Президент қарсы болған жоқ, қарсы болса мені баяғыда-ақ түрмеге жауып тастар еді» дейді. – Ол кісі мені қорғады. Шариғатта бар: Бір әйелдің күйеуі қайтыс болып, пайғамбардың сахабасы көмектесуге келіп, әйел қылып алатынын айтыпты. Сонда әйел жылап, «Менің денсаулығым жоқ, әйел бола алмаймын, қалай маған неке қиясыз?» депті. Сонда сахаба айтқан екен: «Саған қамқорлық жасау үшін, өсек сөздер жүрмеу үшін заңды некеге аламын, сондықтан қорықпай-ақ қой» деп қиылған некесі бар. Шариғат бойынша, елбасы жаныма келіп жатпаса да, қамқорлығын жасап отыр. Істеп жатқан жұмысымның бәрі Елбасының атымен келіп жатыр. Елбасын кім құрметтейді – солар жәрдем беріп жатыр, –  дейді Айша Оразбай. ​​

 Айша Оразбай премьер-министрден көмек сұрап жазған хатында «Стальной двор Астана», «Хайвил Казахстан», «Ақмола Құрылыс Материалдары», «Ақмола Құрылыс», «Альянсстройинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің,  «Стройконтракт» акционерлік қоғамының  «Әлжан Ана» медресесінің құрылысына демеушілік қолдау көрсеткенін жазыпты.

Өзін «Айша қажы Әбішкелінімін» дейтін Айша Оразбай «Шенеуніктер еш жәрдем бермесе де, 2003 жылдан бері іргетасы да қаланбаған медресенің құрылысын әйтеуір бір аяқтамақ» ойда. Хикая осылай аяқталады. Мақаланың негізгі тақырыбы ғана өзгертілді. Мінбер ақпарат

(Астана. Әбіш ата мешіті)

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Қуған әйел. Соған сай оны еркіне қойып қойған үкіметі де қуып кеткен.

  2. Меніңше бул әйел ана Түркістанға барып ата-бабалар басына тағзым етуші “аққулардан” !

  3. Алла Тағала осы құрылысқа өзі пана болсын! Ел аман болса, Елбасы аман болса иншалла, бұл құрылыс салынар! Қуып келе жатқан ешкім жоқ қой.

    Аллаға жалғыз сыйынып,
    Алдында Хақтың иіліп.
    Қолға алдық ізгі бір істі,
    Намазды қыздар жиылып.

    Қазақта тұңғыш Елбасы,
    Пана боп Алла, қолдашы!
    Тілменен Дінді сақтаған,
    Бар Қазақ Сіздей болсашы!

    Анадан туар алыптар,
    Ана тіл деген қалып бар!
    Уызбен құйған мәйегін,
    Мырзамен Әлжан аналар!

    Иманның шамын жандырсақ,
    ЕЛМЕНЕН ТҮЛЕП ЖАҢҒЫРСАҚ!
    Атынан Әлжан Ананың
    Медресе-Мешіт салдырсақ!

    Шақырсақ туыс- жақынды,
    Асарға деген мақұл*-ды,
    Тілекті сонда берер ме,
    Жаратқан Ие рахымды.

    Айша хажының сөздерінен.

  4. Бисмиллаһир раһманир раһим!
    Алла разы болсын!
    Екі жерде жалған ақпарат бар екен, ол Діни Агентстводан біз ешбір хат алған емеспіз. Екінші, Әлжан Ана Медресесінің фундаменті бар, иншалла. 700 свайы қағылып, ростверк құюға әзірленіп, кесілген. Қазір бір блогы құйылды, 1000 адамдық намаз оқитын орнының іргетасы, стакандары құйылды, едені бар, үстіне тақуалар келіп,намаз да оқып кетіп жатыр, иншалла. Қазір қалыптар орнатылып, территория тәртіптендірілуде. Астанадан жұмыс тауып, пәтер жалдағанша құрылысшы жастар келіп тұрақтайды, солар әжептәуір көмек беруде, иншалла. Бүгін қасиетті үш ай басталды. Ал мен мына жазғандарыңызды көріп, алдымен ренжідім, ал қазір қайта Медресеге ел назары ауғанына қуаныштымын. Айша хажы Әбішкеліні бір адам, ал Медресе Әлжан Анада мың қыз мұсылманша хат танып, сауат ашты, салынса иншалла, миллиондап оқи жатар, имандылық, Алланың діні тамыр жаяр. Рұхсатсыз ешбір зат жасамаймыз, ендеше барлық заттың рұхсаты бар дер едік. Алла баршамызға өзі жар болып, істерімізге берекет, Адамдарға иман берсін! Тағы да бір Руслан баламыздың материалына қосар түзетуіміз бар, ол 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі ислам мәдениеті, имандылық тағлымдары, ұлттық салт-дәстүр тақырыбындағы және патриоттық әндер қанат жаятын мерекеміздің аты – “ЕРТЕҢІМ – ЕЛІМ – ЕЛБАСЫМ”, орысшасы – “МОЕ БУДУЩЕЕ – МОЙ НАРОД – МОЙ ПРЕЗИДЕНТ”, жыл сайын 6 шілде күні Астана қаласының Қарқабат көшесі, 2 адресі бойынша өтеді. Мұнда шамамызша Елбасымыздың бас амандығына деп, Алладан тілек тілеп, мал шалып, келген халыққа құдайы тамақ таратамыз, жеңімпаздарға әр түрлі сый-сыяпатымызды жасаймыз. Себебі бұл күн – қасиетті күн! Елбасымыздың дүниеге келген күні, Астананың Астанаға көшуге ресми рұхсат алған күні, осыған шүкір етеміз! Ал сіздер және Алматы Телевидениесі осы фестивальді Ертеңім-Елбасым деп жаңылысып, қате жариялап жүрсіздер, соны түзетсеңіздер. Себебі Елі болмаса Елбасы кімді басқарады. Біздер сияқты тобырды ұстау оңай деймісіз, Алла ол кісіге, Сара апамызға, балаларына бақ, береке берсін! Ал Сіздердің жанашыр ескерпелеріңізге Алла разы болсын деп, 6 шілде күні өтетін 14-ші Республикалық ” ЕРТЕҢІМ-ЕЛІМ-ЕЛБАСЫМ” ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР, ИМАНДЫЛЫҚ ТАҒЛЫМДАРЫ МЕРЕКЕСІНЕ ШАҚЫРАМЫЗ, МЕРЕКЕ ЖАНЫМЫЗДА САЛЫНҒАН ХАЗРЕТ СҰЛТАН МЕШІТІНІҢ АШЫЛУ РӘСІМІН ЕЛБАСЫМЫЗ ӨТКІЗІП, ЖҰМА НАМАЗЫ АЯҚТАЛҒАННАН КЕЙІН БАСТАЛАДЫ, АЛЛА ҚАЛАСА. Хош келіпсіздер! Осылай болса да шуылдатып, Медресенің салынуына берген жәрдемдеріңізге Алла разы болсын! Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа деген, Алла баршамызға абырой берсін! Өсер Елдің баласы бірін бірі батыр дер, өспейтін Елдің баласы бірін бірі жұлып жер деген, жұмыла көтерген жүгімізге Алла жеңілдік бергей! Мүфтиаттың жаңадан келген аппарат жетекшісі Балғабек мырза біз жайлы ұмытып қалған болса бұл хабарымыз ол кісіге ақпарат болсын, ал Діни Агенттіктегі Лама Шариф бауырымызға біздің қағаздарымызда қателік болса соны заңдастыруға жәрдем, кеңес беруге негіз болсын, Алла бүгінгі Раджаб, яғни Ережеп айының алғашқы жұлдызы күні ораза ұстаған, садақа берген, ауызашар жасаған мұсылман қауымға өзі пана болсын! Артық кетсек Алла кешсін, баршаңызға екі дүние бақытын сыйласын! Ассаламуғалайкум!

  5. халык уни газетине тилши болып жургенимде осы аиелмен агент аркылы танысып сухбат алган едим инеттен окуларына болады

  6. Пернебай деген озы кормей, танымай Хажы Анага куйе жагып, куман таккан иаманнан алыс пенде. Адам баласы улкен трибунадан сойлеу ушын алдымен жамандайтын адамын корiп, бiлуi керек. Сонсон Алла Уйiн салып, жумысын аткарып журген тенiн де емес, ананнан да улкен айел адаммен шатактасып тергейтiн не куны кеттi екен. Алла урпагымызды аздырмасын, иманды, инабаттыдан кылсын. Баягыда ей Алла, бала бер, Бала берсен дана бер, Дана бермесен шетiнен топырлатып ала бер деген екен…осы оте дурыс соз…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі