///

Ахметбеков адасып жүр

666 рет қаралды
1

ОНЫҢ СОҢЫНАН ЕРГЕНДЕРДIҢ СОРЛАЙТЫНЫ АНЫҚ

Қазақтың бейшаралығы орыс мүддесiне жұмыс iстеуде. Ұлтты, мемлекеттi, азаттықты жою идеясы күннен-күнге өрiсiн кеңiнен жайып, толысып, толығып келедi. Бұл тұрғыда Путиннiң империялық амбициясы мен жалпы ресейлiктердiң қазаққа қол салу пиғылын айтпағанның өзiнде, өз iшiмiзден де ұлттық идеяға арандату жасаушылардың, қазаққа қарсы дүбәралардың арамшөптей қаптап бара жатқанын айта кеткен дұрыс. Өткен аптада қазақтың ұлттық болмысына, бiтiмiне, мемлекеттiлiгiне қарсы саясаттың желi парламент жақтан естi. 

КОММУНИСТЕРДIҢ ТОЙЫП СЕКIРУI

2011 жылы алдымен президенттiк орынтаққа “таласта” “бағын сынап” көрiп, мазаққа айналған, кейiннен депутаттыққа тыраштанған мәжiлiс депутаты коммунист Жамбыл Ахметбеков жабағы аттай жарап тұр. Жарты ғасырдан артық қазақты қан-жоса етiп, зар еңiреткен, қолдан жасалған аштық арқылы миллиондаған қандастарымызды жер құштырған, ұлттық идеяны ту етiп көтергендердi атып, асып, одан қалса, атамекенiнен бостырып, жер аудартып жiберген лениншiл-сталиншiлердiң “мұрагерлерi” қазақты қорлау науқанын қайта бастағанын осы Ахметбеков мәлiмдемесi көрсетiп бердi. Ол бүй дейдi:  “Еуразиялық Одақ кеңiстiктiгiнде қызмет ету – өте дұрыс шаруа. Ресей, Беларусь, Қазақстанның бұрыннан келе жатқан дәстүрi, экономикалық қана емес, әлеуметтiк тығыз байланысы, достастығы бар. Одаққа қосылғысы келетiн Қырғызстан, көршi Өзбекстанмен де экономикалық байланысымыз бұрыннан мығым болған. Сондықтан, бiрден осы байланыстарды үзiп жiберiп, жаһандану кезiнде жалғыз өмiр сүру – қиын жағдай. Экономикалық, интеграциялық процестер жүрмей, халықтың әл-ауқатын да көтере алмаймыз. Тәуелсiздiгiмiздi сақтай отырып, басқа елдермен келiсiмшарт жасасып, өз мүддемiздi қорғап, басқалардың мүддесiне тиiспей, ортақ шешiмге келуге тиiспiз. Бұл – Еуразиялық одақ құру. Ал одақ құрғаннан кейiн шекараларымыз ашық, визасыз кiрiпшығып жүрсек, онда неге ортақ валюта қолданбасқа?! Сонда бiр елден екiншiсiне кiрер кезде валюта айырбастап әуреге түспеймiз. Бiрақ ортақ валюта ресейлiк рубль, қазақстандық теңге, беларусь ақшасы емес, осы ынтымақтастық iшiнде жүретiн ортақ валюта болуы тиiс. Ал шекаралар ашық болғанымен, оны алып тастау керек деген пiкiрмен келiспеймiн. Әр мемлекеттiң шекарасы ешқашан бұзылмай тұруы керек”.

Бұл арада Ахметбеков бiраз ұтысқа ие болды.  Ресей мен Беларусьтегi әрiптестерiне майдай жаға бiлдi. Шекара мәселесiн халық жаққа бұрып, тәуелсiздiкке нұқсан келтiрмеу керектiгiн айтып, мәлiмдемесiн халық алдында ұпай жинамаққа аударды. Бiрақ, оның бұл жерде ұтқанынан – ұтылғаны едәуiр көп. Демек, Ахметбековтiң бiраз нәрсенi есте тұтқаны абзал. Мәселен, Еуразиялық одақты құрмасақ, Ресей, Беларуссиямен арамыз үзiлiп кетпейдi. Мұны ұғу үшiн асқан бiлiмнiң қажетi де жоқ.

Және осы мемлекеттермен қоса Қырғызстанмен, Өзбекстанмен байланыстарды үзiп, жаһандану кезiнде жалғыз өмiр сүрейiк деп те ешкiм айтпады. Сондай-ақ, бiр елден екiншi елге кiрерде валюта айырбастап, әуреге түсемiз дейтiндей бұл соншалықты қиын шаруа емес. Мұны бiр деп қойыңыз. Екiншiден, Ресей, Беларусь және Қазақстанның ешқашан ортақ дәстүрi болмаған. Бәлкiм, орыстар мен беларустардың бұрыннан келе жатқан дәстүрi бар шығар. Алайда, қазақтың дәстүрiн оларға телiп қою ақымақтықпен бiрдей. Қазақтың өзiнiң дәстүрi, бiтiм-болмысы, дiлi, тiлi, дiнi бар. Осыны Ахметбеков бiлмей ме? 

АХМЕТБЕКОВТIҢ АУЗЫНАН ШЫҚҚАН СӨЗ 

Коммунист ары қарайғы сөзiн тiл саясатына ауыстырып, былай дейдi: “Ортақ тiл мәселесiн Қазақстан өте дұрыс шешiп қойған. Бiздiң мемлекетте ресми тiл – орыс тiлi. Егер басқа да мемлекеттерде халық қай тiлде көбiрек сөйлесе, ортақ тiл орыс тiлi болса да, ештеңе етпейдi. Өйткенi бiзде ортақ тiл, ресми тiл – орыс тiлi. Басқа мемлекеттер де орыс тiлiн ресми тiл ретiнде қабылдаса, бұл империяның көрiнiсi болып саналмайды. Бұл қайта ортақ мәселемiздi шешуге, қарым-қатынасымызды нығайтуға көп әсер етедi”. Бұл бiздiң “ресми тiл” деп дабыралап жүргенiмiздiң нәтижесi. Бұл қазақтың қарайған қанын одан әрi қоюландырып, қошқылдандыратыны анық. Тiл саясаты кез келген ұлттың жанды жерi. Егер бiздiң билiк Еуразиялық одақты Еуроодақпен салыстырып, соған ұқсастырғысы келсе, онда тiл саясатын негiзге алу керек. Мәселен, Еуропада тiл мәселесi әртүрi ұлттардың намысына тиетiн, арқасын қоздыратын мәселе болғандықтан бұл мәселе көп көтерiлмейдi. Тiптi бiр-бiрiне ұқсас болса да, “ортақ тiл” деген түсiнiк жоқ. Тек халықаралық деңгейде ағылшын тiлi қолданылуы мүмкiн. Ал бiзде Қазақстанның Ресей, Беларусьпен ауыздасуы түсiнiксiз жағдай.

Ахметбеков жерден жетi қоян тапқандай тағы бiр жаңалық жасады: “Әрине, “тәуелсiздiгiмiзден айырылып қалуымыз ықтимал” деген пiкiрлер әркiмнiң қорқынышы мен үрейiн бiлдiрсе керек. Конституциямыз, заңдар, мемлекет басшысы анықтап берген, тәуелсiз­дiгiмiздi нығайтатын бағдарламалар оның бәрiне қайшы келедi. Қорқатын ештеңе жоқ! Билiк, заңнама деңгейiнде өзiнiң мүддесiн қорғай алмай, iстерiн жүзеге асыра алмаған тәжiрибесiз адамдар iрiткi салғысы келетiн шығар. Оған қарсы тұруымыз керек. Себебi ХХI ғасыр – жабайы капитализм!” – дейдi ол. Оның кiмдi меңзеп отырғанын түсiнген боларсыз. Сонда, Ахметбековтiң логикасына салсақ, өз валютамыздан безiп, болмысы үш қайнаса қосылмайтын елдермен ортақ валюта жүйесiне көшу тәуелсiздiктiң нышанының жоғалғанын бiлдiрмей ме? Жергiлiктi ұлттың ана тiлi екiншi орынға сырғып, өзге тiл ұшпаққа шығып жатса, билiк мiнберiнен өзге тiлде шенеунiктерi сайрап тұрса, тәуелсiздiкке төнген қатер емес пе? Экономикалық тәуелдiлiкке ұшыраған, экономикалық егемендiгiнен айырылған мемлекет – түбi саяси азаттығынан айырылатынын Ахметбеков түсiнбей ме? Зейнетақы жүйесiн, заңнамалық жүйелердi басқа мемлекеттермен бiрыңғай етудiң соңы толықтай тәуелсiздiктен айыруы мүмкiн екенiн Ахметбековтiң бiлмеуi мүмкiн емес.

ЛЕНИНШIЛЕРДIҢ “МАҢЫЗДЫ МIНДЕТI…”

Халықты қырғынға ұшыратып, қанын судай ағызған орнамаған коммунизмнiң тұжырымы бұл күнi соғыс өртiн тұтандырған “нацизммен” қатар қолданылады. Немiс нацистерiнiң көсемi Адольф Гитлер коммунизм жайлы былай дейдi: “Коммунизм – бұл немiс көшелерiнде өрiп жүретiн белгiлi бiр топ қана емес. Бұл одан да зор. Коммунизм – абсолюттi азиялық патшалықтың шабуылы!”. Бұл тұрғыда Гитлер қателеспейдi. Коммунизм өзiнiң патшалық амбициясын ешқашан жасырған емес. Яғни, басқа ұлттарға қысым жасау арқылы өзiнiң ұпайын көтерiп, бас көтергендердi басып, жаныштап, қойдай бауыздау “коммунизмнiң” ескi әдетi. Ахметбековтiң де ниетi осыны бiлдiредi. Оның мәлiмдемесiн қазақ тiлiн менсiнбеушiлiк деп бағалағанымыз артық болмас. Мәселен, Қазақ Совет Энциклопедиясында “ұлтшылдық” ұғымына былайша түсiнiктеме берген екен: “Ұлтшылдық – ұлттық сезiмдердiң кейбiр көрiнiстерiн асыра бағалап, өңiн айналдыратын жалған сезiм. Ол саяси ой-өрiсi жетiлмеген адамдардың психологиясында ұзақ сақталады. Сондықтан да коммунистiк қозғалыстағы ұлтшылдықпен күресу және оны жеңу – марксист-лениншiлердiң маңызды мiндетi”. Әлбетте, ол уақытта ұлтшылдыққа және қазақ ұлтшылдығына дұрыс тұжырымдама берiлмеген. Тек, шовинистер мен фашистер деп түсiндiрiлген. Бiрақ қалай болғанда да коммунистердiң “маңызды мiндетi” ұлттық идеологияны басу екенi белгiлi. Мiнеки, Қазақстан коммунистi өзiнiң “маңызды мiндетiн” атқаруға белсене араласа бастады. Бұған әрине, тосқауыл қою керек. Басқа өркениеттi елдерде қоғамды, мемлекеттi, ескi ойдан тазарту үшiн люстрация туралы заң бар. Бұл заңға қазақ мемлекетi де мұқтаж болып отыр. Ескi ойлардан арыла алмай, өткендi көксеп, азаттықтан айыруды армандағандарды мемлекеттiк қызметтен де, қоғамнан да аластату керек. Бұл – қазақтың егемендiгi үшiн өте қажеттi шаруа. Алайда, президенттiң өзi де коммунистiк мектептiң түлегi болғандықтан бұлай болуы мүмкiн емес. Бiр өкiнiштiсi, жамбасы жайлы орынға жайғасқан жағымпаздар Ахметбековтiң мәлiмдемесiн естiмеген сыңай танытып отыр. “Алаштың” мұрасын жалғаймыз, қазақтың ұлттық мүддесiн қорғаймыз деп уәденi үйiп төккен “ақжолдықтар” бұған ләм-мим демедi. Украинада осылай тiлдi қорлаған депутаттардың мұрнын бұзып жатса, бiздiң басшы мұндайларды ауыздықтар емес. 

PS. 19 маусымда Ресей Федерациясы Кеңесiнiң басшылығымен өткен Интеграциялық клубта “Посткеңестiк кеңiстiктегi гуманитарлы интеграциялық процестердiң негiздерi” деген тақырыпта бiрiккен отырыс өттi. Оған әртүрлi қоғам, мемлекет және мәдениет қайраткерлерi қатысып, еуразиялық идеяның даму жолдары туралы пiкiрлерiн ортаға салды. Бұл отырысты Федерация кеңесiнiң спикерi Валентина Матвиенко жүргiздi. Бiлiм және ғылым интеграциясы да жүзеге асып, бiрыңғай заңнамалардың енгiзiлуi туралы бастама көтердi Матвиенко. Сондай-ақ, ол интеграция болғандықтан ортақ тiл мәселесi, яғни орыс тiлi алдыңғы орында тұруы керек деп мәлiмдедi. Оның ойынша интеграцияға бет бұрған елдердiң арасында орыс тiлiн оқытуды көбейту керек. Бұған ендi Ахметбеков алақайлап қуанар. Тiптi өз елiнде өгейдiң күйiн кешкен қалың қазақ не дер екен?

Думан Үсенхан, «Жас алаш»

dumka_k.o@mail.ru

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. бұндай ұлтын сатқан алаяқты мәжілістен аластау керек. Міжілісіңнің түрі мынау, Мәсімовіңнің түрі анау жетіскен екенсің қазақ!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі