///

Арқанкерген қасіреті

1217 рет қаралды

«Арқанкергендегі» қасіреттен кейін аза бойымыз қаза. Ел аманда ұлттық аза тұту күні жарияланды. Қарағандыда да, Қызылағашта да, Жаңаөзенде де болмаған жан азасы. Бұл күні Үкімет мүшелерінен бастап, барша қазақ жұртының қабырғасы қайысты. Қырғызстан мен Беларусь басшылары халқымызға көңіл айтты. Ал ең жақын стратегиялық одақтасымыз Ресей әлі үнсіз… Тәуелсіздігімізден бері тұғырынан түспеген көк байрақ та боздақтар рухына тағзым еткендей, белі бүгілді. Үкімет шейіттердің туған-туысына көмек қолын созып жатыр. Бірақ ол опат болған ұлдарының орнын ауыстыра алсын ба?

Аңыз бен ақиқат

Елбасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Қытаймен шекарада болған қанды оқиғаға байланысты Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сарбаздардың мәйіттері Астанаға жөнелтілді. Шейіттердің туыстары да осында. Мәйіттерге генетикалық сараптама жасалып жатыр.
Апта басында там-тұмдаған, шала-пұла ақпараттардан басқа таңдай жібітер ресми хабар болмады. Мұндайда жауырыншылар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жайылып шыға келеді екен. Сан түрлі сауал. Желдей ескен қауесет. Сан-саққа жүгірген сараптама. Бірі – шекарашыларға сырттан келген қаскөйлер тап берді десе, енді бірі – жауынгерлер өзара жауласқан дегенді айтады. Тағы бірі – сыртқы күштердің Қазақстан-Қытай қатынасына сына қағуы деп түсіндірсе, төртінші тарап төтенше жағдайды шенділердің жауапсыздығына телиді. Қанды оқиғаны осыдан 43 жыл бұрынғы Жалаңашкөлдегі жағдаймен де байланыстырып жатқандар жоқ емес. Оқиғаның ШЫҰ саммиті қарсаңында болуын да түрлі бағытқа бұруға ұмтылғандар бар. Сәрсенбі күні kursiv.kz сайты таңғаларлық ақпарат жариялады. Басылымның жазуынша, «Арқанкергендегі» 15 жауынгер мемлекеттік шекараны емес, комитеттегі «крутой» бір басшының (генерал) аңшылық шаруашылығын күзетіпті-міс.
Ал белгілі болған тергеу қорытындысы төмендегідей. Біріншіден, сараптама қорытындысы бойынша шекарашылардың мәйітінен ішімдік ізі табылмады. Себебі, алдын ала нақтыланған тергеу нәтижесі бойынша сарбаздар «ащы судың» кесірінен шекіскен деген долбар тараған. Алайда, ақпарат расталмады. Екіншіден, шекарашылардың өрттің құрбаны болмағаны анықталды. Жарылғыш заттарды пайдалану дерегі де жоққа шығарылды.

«Времяның» болжамы

Әзірге бізге белгілісі – қаза тапқан 14 жауынгер, орманшы және тірі қалған сарбаздың есімі. Барлығы да – №2484 әскери бөлімінің жауынгерлері екен. Алғашқы болып анықталған – шекара бекетінің командирі, капитан – Алтынбек Кереев. 1984 жылы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында туған. Мерей ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң, Орал қалалық №12 училищесіне түсіпті. 2002 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтына қабылданып, 2006 жылы шекара әскерінің офицері мамандығын алған. Артында аңырап жары Райхан мен ұлы Арсен қалды.
Төртеуі Атырау облысының тумалары – Мейірхан Иманов, Данияр Балғабаев, Жеңіс Сағынғалиев, Бекзат Әмірғалиев. Үшеуі Алматы облысының тумалары – Ерлан Ақышев, Талғат Сәрсенбаев және Рүстем Ақылбаев. Екеуі – жамбылдық Нұржас Үсіпәлиев, Жанат Ілиясов. Екеуі – ақтөбелік Қамбар Ағанас, Әли Мақсұтов. Ал қалған екеуі – қарағандылық Нұрлан Мұқашев пен павлодарлық Денис Рей. Орманшының да аты-жөні белгілі. Бұрын Талдықорғандағы әскери ұшақ бөлімінде қызмет еткен запастағы майор Руслан Ким болып шықты.
Ал тірі қалған сарбаз – 19 жасар Владислав Челах. Қарағандылық. Теміржолшының ұлы. Қаладағы №54 орта мектептің 9 сыныбын ғана бітірген. Содан соң №21 кәсіптік лицейге қабылданып, «3-нші дәрежелі машинист көмекшісі» мамандығын алған. ҰҚК органдарына қызмет етуді армандапты. Сәрсенбі күні «Интерфакс-Казахстан» агенттігі Челахтың қылмысын мойындағанын сүйіншілей жариялады.
«Время» газеті де оның қаруластарын қалай қаза қылғанын, бүге-шігесіне дейін сараптап жазып тастады. Басылым мәйіттерді тексерген жедел іздестіру тобының марқұмдардың бірінен әйел адамның іш киімін анықтағанын айқайлап жеткізген. Сөйтсек, Бас прокуратураның мәлімдеуінше, «Времяның» жазғаны жаңсақ ақпарат екен. – «Время» газеті қаза болғандардың біреуі әйелдің іш киімінде болған деген ақпарат таратты. Бұл ақылға сыймайтын болжам. Сол сияқты тергеу жүріп, болған оқиға жан-жақты тексеріліп, деректер жиналып жатқан уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жорамалдар айтылды. Қаза тапқан шекарашылар ішімдік ішкен деді. Кейбір БАҚ ішімдік емес, клофелин сияқты арнайы зат қолданылған деп жазды. Мұндай жағдайлар қылмыстық іс материалдарында жоқ. Бұларды мен жоққа шығарамын, – деді Бас прокуратураның ресми өкілі.

Челахтың тағдыры

Еліміздегі ақпарат құралдары «Тірі қалған шекарашы қызметтестерін өзі өлтіргенін мойындады» дегендей ақпар таратып жатыр. Осыларды сана сүзгісінен өткізсек, заставада қиын-кескі ұрыс болып, Челах қана тірі қалғандай әсерде болады екенсің. Ал нақты ресми ақпар кеше тарады. Бас прокуратура шекарадағы шырғалаңға кінәлі Челах деп мәлімдеді. 4 маусымда шекара жасағы оны жақын маңдағы шопандар қыстағынан ұстапты. Бастапқыда оның бекетке өз еркімен келгендігі айтылған болатын. Челахтан марқұм офицердің азаматтық киімі, «Макаров» пистолеті, ноутбугі және оққа ұшқан әскерилердің ұялы телефондары табылыпты. Бас прокуратураның анықтауынша, Челах өзінің әскери қызметтестерін және Руслан Кимді өлтіргенін мойындаған. Яғни сарбаздың жауабына сенсек, оқиға 28 мамырда шамамен таңғы сағат 5-тер шамасында болыпты. Бұл кезде шек­арашылар шырт ұйқыда жатқан. Кейін қылмыс іздерін жасыру мақсатында бекетті отқа ораған. Бас прокуратура осылай дегенімен, Челахтың берген жауаптарының шынайылығы әлі де тексеріліп жатыр. Қажетті сараптамалық зерттеу жүргізілуде. Оның ішінде сарбаздың жеке басына қатысты сараптама да бар.
Көңілге күдік ұялататыны – Челахтың қолында командирдің тапаншасы болуы. Бекетке жәй киіммен келуі. Осыларды ескерсек, жауынгердің бір заставаны жайратып тастауы мүмкін-ақ.
Владиславтың атасы Владимир Челах құзырлы органдардың асығыс қорытынды жасағанын айтады. «Немерем оқиға орнында қаза болса, батыр саналатын еді. Ал енді тірі қалса, қылмыскер болып шыға ма? Мен құзырлы органдардың біздің отбасымызға бұлай қарауын түсінбеймін. Кеше ғана шекарашының әулеті болып саналған біз енді қылмыскердің отбасы болып шыға келеміз бе?» – дейді Владимир Челах. Тілшімізге де «сендер қазақсыңдар, бізге жандарың ашымайды» дегендей тоңтеріс әрекет көрсетіпті. «Мен Ресейге, «Пусть говорят» бағдарламасына бармақшымын. Мен онда бәрін айтам», – депті ол.

Отқа май құйған…

«Аргументы и факты» басылымы тірі қалған шекарашының Ресей азаматы екендігін жариялады. Басылым бұл ақпаратты Қазақстан күштік құрылымдарындағы дереккөзіне сүйене отырып келтіргенін айтады. Сонда дейміз-ау, Ресей азаматы қалайша Қазақстанның Қарулы күштеріне қабылданған? Осыған қарағанда Челах жайлы мәліметті әркім бұра тартып жатқандай. Тек мұның соңы ұлттық жікшілдікке жалғасып кетпесе екен.
Оқиғаға орай мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жетекшілерінің басын қосып, шекарадағы шабуылды «лаңкестік әрекет» деп бағалаған еді. Алайда, арада аз уақыт өткен соң, оқыс оқиғаға себепші «іштен шыққан шұбар жылан» деген тоқтамға келді. Қытайда ресми сапармен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір бір шекарашы тірі қалды. Ол ұсталды, түсініктеме беріп жатыр. Нәтижесін күтейік. Менің ойымша, осы болжам шындықтың негізі бола алады», – деп қысқа қайырды. Ішкі істер министрінің де айтқаны – осы. Қанды оқиғаға жауынгерлер арасындағы кикілжің себеп болған. Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, енді Владислав Челах 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы кеше баспасөз брефингінде айтылды.

Түйін
Иә, бұл оқиға еліміздің әйгілі әнде айтылғандай «келешек ғаламат» емес екендігін ескерткендей. Қауіпсіздігімізге қатер төнгеніне дабыл қақты. Қоғамды, мемлекетті ойлантты. «Арқанкерген» ақиқаты бізге беймәлім көп жайттан хабардар етті. Әсіресе, Қарулы Күштеріміздің әскери күштер түгілі, лаңкестік топтардан келетін қауіпті тоқтатуға қауқарсыз екендігін байқатып қалды. Кім біледі, енді бұл оқиғадан кейін шекарамыздың қауіпсіздігі күшейтілетін шығар. Біздің ұсыныс – мынау. Ең құрығанда жылына бір мәрте шейіт шекарашыларды еске алу күнін белгілесек. Себебі, шекарашыларымыздың шейіт болғанына шүбә жоқ.


Серікбол ХАСАН

Тақырыпқа орай

Баламыз әскерге кеткен еді…


«Арқанкерген» шекара бекетінде қаза болған он бес шекарашының екеуі – ақтөбелік сарбаздар. Олар – өткен жылы күзде әскер қатарына алынған Қамбар Ағанас пен Әли Мақсұтов. Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен перзентінің бейбіт күнде бақилық болғанына қара жамылып отырған Сариндер отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған топ көңіл айтты. 

Сарбаз Қамбар Ағанас – ата-анасының тұңғышы. Ізінен ерген жеті жасар Бауыржан есімді інісі бар. Былтыр қарашада әскер қатарына шақырылған бозбала Отан алдындағы борышын Алматы облысы Үшарал шекара жасағының 19-әскери бөлімінде атқарып, кейін бірнеше сарбаздармен «Арқанкерген» шекара қонысына ауыстырылған. Әкесі Асқар Саринов – Ауған соғысының жауынгері. Журналис­терге берген сұхбатында ол баласының алғыр, бауырмал және еңбекқор екенін сөз етті. Әскерге шақырылмас бұрын Қамбар әкесіне екіқабатты үй тұрғызуға көмектесіпті. Тіпті «Мен әскерге кеткенде қиындық туғызып жүрер» деп кәріз жүйесін де жеделдетіп бітіріп кеткен көрінеді. Асқар Сарин баласының Отан алдындағы парызын өтеймін деп кетіп, қайғылы қазаға ұшырағанына налиды. Осы қайғылы жағдайдың алдында екі апта бұрын ол қорқынышты түс көріпті.
«Ауған соғысының ардагері болғандықтан, үнемі әскер, соғыс туралы түстер көремін. Бұл жолғы түсім өзіме қорқынышты көрінді. Ағам үстімдегі көне шинельді шешіп алып, жаңасын кигізіп жатыр екен. Содан шошып ояндым. Түс соңы жақсылыққа апарсын деп жорып едім, болмады… Қамбар әскерге кеткен уақытта жиі хат жазып, хабарласып, жағдайымызды сұрап тұрды. Бірақ 4 сәуірден кейін, яғни басқа бөлімшеге ауыстырылған соң арамызда байланыс үзілді. Қуанышты хабар естиміз деп жүргенде қайғылы жағдайға душар болдық. Зайыбым Жарқын әлі баламыздың қазасына сене алар емес. Өз-өзіне келе алмай, Қамбардан келген соңғы хат пен мерекеде өзіне арнап салып жіберген раушан гүлінің суретін құшақтап жылай береді…
Суыт хабарды естісімен ақтөбелік екі отбасы Астанаға жол тарттық. Бізбен бірге Атыраудан төрт, Оралдан бір отбасы барды. Бұл уақытта Балқаш, Тараз, Қарағанды облыстарынан келген ата-аналар сараптама тапсырып болған екен. Шейіт болғандардың сүйектерін пакеттерге салып қойған. Мен баламның мүрдесін жазбай таныдым. әрі ДНК қорытындысы да сәйкес келіп тұр. Мәйітті алып кетуге бізге рұқсат бермеді», – дейді Асқар Саринов.
Қамбардың ата-анасы облыс басшысына баласының мүрдесін Алға ауданы Есет батыр кесенесі маңына жерлеуге көмектесуін өтінді. Бұл аймақта сарбаздың атасы – соғысы ардагері жерленген екен…
Шекара түбінде бақилық болған екінші сарбаз Әли Мақсұтов – Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасы. Ол отбасындағы үш ұлдың ортаншысы екен. 2010 жылы Ойыл қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 2011 жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына шақырылған. Бұл сарбаздың ата-анасына да басшылық жақын арада көңіл айтып, қаржылай көмек көрсетеді.

Айгүл ЖҰБАНЫШ,
Ақтөбе облысы

Көзіміз – есікте, қолымыз – телефонда

Ай-күннің аманында Атырау жұрты да аза тұтты. Аймақтың аңырайтын да жөні бар. Қазақ-қытай шекарасындағы шабуыл Атыраудың төрт бірдей азаматын бақиға аттандырды. 

Атырау облыстық қорғаныс жөніндегі департамент басшысы Ардақ Құқатов: «Генетикалық сараптама қорытындысы шықпағандықтан, әзірге қандай да бір мәлімет беруге әлі ерте. Белгілісі қайтқан жауынгерлердің Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға және Индер аудандық әскери комиссариаттан шақырылдығы. Олардың ата-аналары мәйітті анықтау үшін Астанаға кетті», – деп жауап берді. Ал ҰҚК Шекара қызметінің 20/16 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Ербол Молдашев Үшаралдағы бөлімге Атыраудан шақырылған жауынгерлердің атын атады. Олардың төртеуі де «Арқанкерген» заставасына аттандырылыпты. Олар: Индер ауданынан Мейірхан Именов, Мақат ауданы Доссор ауылынан Данияр Балғабаев, Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан Бекзат Әмірғалив және Құрманғазы ауданы Жыланды ауылынан Жеңіс Сағынғалиев.
Біз Құрманғазы ауданы Жыланды ауылында тұратын Дәулет ағаның жанұясына хабарласып, ұлының қазасына көңіл айттық. Көңіл айттық деудің өзі ыңғайсыз екен. Өлі-тірісі әлі анықталмаған адамға не айтарыңды білмей аңтарылып қалады екенсің. Отағасы облыстық ауруханада жатқандықтан, қарындасымен ғана тілдесе алдық. Жеңістің отбасы да сондай күйде. Ұлдарының қаза болғанына сенгісі келмейді.
– Әкесі анализ тапсырып келді. Қазір жүрегінің талмасы ұстап облыстық ауруханада жатыр. Әлі ештеңенің анық-қанығы жоқ. Жеңіс қайтқандардың ішінде жоқ шығар, тірі шығар деп ойлап отырмыз. Төбемізден жай түскендей болды. Бірақ, әлі сенгіміз келмейді.
– Жеңіс отбасындағы жалғыз ұл екен деп естиміз?
– Алдында апалары бар ғой. Бірақ ұлдан жалғыз. Университет бітірді. Бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрді. Себебі, әскери билет керек болды. Сосын әскерге сұранды. Алты айы өтіп, бес айы қалғанда осылай аңырап қалдық қой. «Тірі жүр, келеді» деп жатқандар да бар. Ешкім анық-қанығын айтпайды. Сараптаманың да қорытындысы жоқ. «Күлі ғана жатыр» дейді. Теледидар қарауға да жүрегіміз дауаламайды. Қайдан білейік, бір Құдайдың не жазғанын? Көзіміз – есікте, қолымыз – телефонда. Бір жақсы хабар болып қалар деп елеңдеп отырмыз.
– Соңғы рет қашан хабарласты?
– Наурыздың аяғына дейін Үшаралдағы бөлімде болды. Сол кезде апта сайын басшыларының қалтафондарымен хабарласатын. Хат жазып тұрды. Суреті келді. Қақ-соғы жоқ еді. «Барамын ғой» деп отырған бала ғой. «Сарыбөктерге» барған кезінде бір хат келді. Сәуірдің кезі. Заставадан Ербол деген жігіт хабарласып, сөйлестірген болатын. «Аманбыз, жақсымыз. Енді тауға кетеміз. Қарашаға дейін тауда боламыз. Ол жақта ұялы байланыс жоқ. Хат жазып тұрамыз ғой. Сіздерді сағындым. Суреттеріңізді салып жіберіңіздер», – деген. 9 мамыр туған күні еді. Сол күні хат жаздым. 22 мамыр күні жанындағы жамбылдық Арман деген жігіттің анасы хабарласып: «Балалар аман. Жеңіс «Арқан­керген» деген жерге кетті. Арман «Сарыбөк­терде» қалды», – деп хабарласқан еді. «Арқанкергенге» барғалы хабар болған жоқ. 31 мамырда түстен кейін осындай жағдайды айтып, Астанаға шақыртты. Содан бері аңтарылып отырмыз.
– Жеңіс қандай бала еді?
– Қыздай өскен бала. Бір рет те жекіген емеспіз. Анасынан 9 жасында қалды. Әкесі – қарапайым шаруадағы адам. 5 жасынан бастап әкесі арқалап өсірді. Артық қылықтары болса: «Әй, содан болды», – деп айтар едік. Ондай ештеңесі жоқ.
– Алла жеңілдігін берсін!
– Айтқаның келсін, балам!

Кен ШАЙЫР

Жас қазақтың» сауалы

Осыған дейін Алматыны «Алма-ата» деп жүрген тележүргізуші Владислав Длиннов: «Мен эфирде өтірік сөйлеуден және шекарашы қызметтестерін өлтіргенін «мойындады» деп айтудан бас тартамын. Сол үшін де «31-арнадан» кетіп бара жатырмын», – деп хабарлады. Бағдат аға, Длиннов шынымен де жұмыстан босады ма?

жауабы

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, «31 арнаның» Бас директоры: 

«Біздің бұрынғы қызметкеріміздің интернет арқылы таратқан ақпаратына келсек, ол оны өзі жоққа шығаратынына сенеміз. Өйткені, ол шындыққа сәйкес келмейді. Ол 6 маусымда өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш берді. Біз оны қарап, қабылдадық. Егер ол «31» арнадан сол үшін кетіп бара жатырмын дегенін жоққа шығармаса, біз Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберінде шешім қабылдап, әрекет етуге мәжбүр боламыз».

Дереккөз: “Жас қазақ” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі