//

Төл жазуымызды табу – түпкі мақсат

1053 рет қаралды
9

 

Қазіргі қазақ қоғамында қордаланып шешімін таппай, көп айтылып, тұйыққа тіреліп тұрған өзекті мәселердің бірі – жазу мәселесі. Жазу болғанда қазіргі қазақ қоғамына қандай жазу керек деген мәселе? Осы төңіректе тілші ғалымдардан тартып, зиялы қауым, қарапайым халыққа дейін ой қазғап, пікір-талас тудырып, басқарушы билікті де мазалайды. Мәселенің күн тәртібіне жиі-жиі шығуы, оған Елбасының өзі бір неше мәрте төтенше мән беруі, жазудың мемлекеттік маңыздылығын аңғартады. Демек, мемлекеттік нышан, Ата заңмен қорғалуға тиісті жетелі елдің жеті белгісінің (Ту, Елтаңба, Әнұран, Төлтұмар, Теңге, Елұран) бірі – Төлжазумыз. Бұлар

ұлттың, мемлекеттің бет-бейнесін, өзіндік ішкі күш-қуатын, болмыс нарқын, мәдениетін айқындайтын – Ұлтық рәміздеріміз. Бодандықтан бостандыққа қадам басқан жиырма жылда осы ұлттық рәміздерімізді түгендедік. Алайда төл жазуымыз жоқ. Болуға керек. Болған. Айырылып қалғамыз. Басымыздан бақ ұшқан заманда. Дүние кезек. Қайтқан бақ қайта оралды. Кешегі басыңа әнгір таяқ ойнатқан отаршылардың қарасы батты, күні сөнді. Ендігі іркіліс неде? Іркіліс жан жаққа тартқан,

бірін екіншісі жоққа шығарған, жарылған пікірлердің бір бағытқа, бір мақсатқа тоқайласпауында, бір нүктеде түйіспеуінде болып тұр. Бірі қазіргі қолданыстағы орыс жауында қалуды көлденең тарса, екіншісі латын жазуына көшуді қалайды, араб жазуына бүйрегі бұратындардың саны тым аз, керісінше көне түркі жазуына көшуді көксейтіндердің қарасы мол. 

Біздің орыс жазуы, криллица деп ат беріп, айдар тағып жүргеніміз орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес қосымша таңбалар қосып, кейбір латын қаріптердің дыбысталуын өзгерткен латын алфавитінің бір варианты ғана. Ешқандай жаңа алфавит емес. Мысалы, латын тіліндегі жай, жұмсақ «в» (бэ), орыс тілінде «в» (вэ), латын тіліндегі кіші «b» орыс тілінде жіңішкелік белгісі, латын тіліндегі «Н» (эйч) орыс тілінде «н» (эн), латын тіліндегі «п»(эн) орыс тілінде «п» (пэ), латын тіліндегі «р» (пэ) орыс тілінде «р» (эр), латын тіліндегі «u» (ou) орыс тілінде «и» (и), латын тіліндегі «s» (эс) орыс тілінде «г» (гэ), латын тіліндегі «R» (аа) орыс тілінде теріс қараған Я деген сияқты жалғаса береді. Орыс алфавитінің алпыс пайызы латын әріптерінен құралады. Сондықтан да ол латын жазуының бір түрі ғана болып есептелінеді. Ендеше латын жазуына көштің не, қазіргі орыс латыншасында қалдың не бәрі бір емес пе? Ал қазақ криллица әліпбиін орыстар бізге жасап берді. 1940 жылы. Қаласаңда осы, қаламасаң да осы деді. Бас көтеретіннің бәрі қырқылып қалған, бары айдауда, ол бір төтенше қиын заман кезеңі еді. Амалсыздан қабылдадық. Түркі жұрты бірінің не жазғанын екіншісі түсінбейтін халге келдік. Солай келтірді. Бір-ақ күнде жазу-сызусыз сауатсыз халық болып шыға келсек те қабылеттің күштілігінен өткен мың жылдық тарихымызды талақ етсек те жаман болмадық біраз мәдени-әдеби, ғылыми құндылықтарды осы жазу арқылы дүниеге келтірдік. Бұл жазудан бүгінгі ұрпақ жамандық көрген жоқ. Бірақ өзінікі емес. Біреудің малы. Сондықтан да өгей.  Осы өгейлікпен өмір бойы өтейік десек ең бастысы техникалық тұрғыдан өзгеріс жасау керек. Клавиатурадағы  дыбыс таңбалардың орналасуын кері тартпай бір ізге түсірсе көп жеңілдікке кезігеміз. Қазіргі қолданыстағы клавиатураларда латын әрпі бір жерде, оның орысша нұсқасы бір жерде шашырап жүр. Мәселен ағылшындар да, орыстар да ең көп керектенетін дыбыс таңбаларын клавиатураның орта тұсына шоғырландырған. 

 Міне, осы тұрғыдан келгенде жаңа әліпби іздеп ұзын сонар сарсаңға түсудің қажеті бар ма? Оның есесіне ұлтық бейнемізді әлемге жарқырата айғақтайтын, рухани һәм мәдени байлығымыз байырғы түркі жазуын неге қазіргі алфавитпен қатар қолданысқа енгізбеске. Осы пікірге қарсы шығушылардың негізгі уәжі мынаған саяды. Олар Орхон, Енисей жазбаларын, «жырларын» жазу деп шатасып жүр дейді. Ол – жазу емес. Олар – сына жазумен жазылған жазбалар. Түрік хандарының ғұмырнамалық жырлары. Олардың өзін де қытай мамандары жазғандығы әбден анықталған ақиқат деп соғады. Бұл енді жаптым жала, жақтым күйе дегенге келеді. Жазу болмаса жазба қайдан жазылады, жыр қалай жазылды. Осыған да оғаш логика керек пе еді? Сонау моңғол үстірінен, Кентау қойнауынан бастап Қанғай, Алтай, Алатау бөктерлері мен Орхон, Керлің, Тамыр, Селеңгі, Енесай, Ертіс өзендері бойынан табылап жатқан үлкенді-кішілі жазбалар мен сақ қорғандарынан алынған мәтіні әлі анықталып, мағынасы шешілмеген жазуларды да қытайлар жазып кеткен бола ма? Түркі дүниесінің түгел кезінде сахара төріне сары алтындай шашырап, бүгінгі күнге дейін сайрап жатқан сына жазуларды қытай мамандары жазбақ түгіл оларға олардың қауырсын қаламының бір тал қылы да тимегені ғылымға аян емес пе? Тасқа таңбасын шегелеп, бітігін бәдіздеп, сыналап ойып жазу бізге – түркі жұртына тән, Тәңірі берген төтенше сый, күшті рух емес пе?! Түркі жазуы түркі жұртының адамзат қоғамына қосқан баға жетпес құндылық еді. Өзіміздің өміршең мұрамыздан ат-тонымызды ала қашып, ата жазудан бас тартып, жатсынып, бөгденің қанжығасына бөктеріп бергеннен, жаттың жадын жамағаннан ұтарымыз не?  Өзінің төл жазуын өзгерпей отырған қытай, жапон, корей, гүржі, армиян, үнділер қаман көшіне ілесе алмай өркениеттен қалыс қалды ма? 

Түркі жазуы – түркі тілінің табиғатына меншік, дыбыстық жүйесіне құрылған, әр бір қарпы әр бір дыбысты, фонеманы жазуға арналған тамыры тереңде жатқан, тарихы ежелгі дәуірден бастау алатын ұлы мұра. Егер түркі жазуын қытайлар ойлап тапқан болғанда олар күні бүгінге дейін сан мыңдаған иероглифтерін жаттап сандаламай-ақ баяғыда-ақ сына жазуды өзіне сіңіріп әкетер еді. Әкетпеді. Әкетпеген себебі түркі жазуы қытай тілінің табиғатына сәйкеспейді. Қытай тілінің лексикасы бір буынды сөздерден ғана құралған. Тақ-тұқ. Ал біздің тіл, түркі тілі жалғамалы, бірі біріне ұласып, байланысып, ұшығиырсыз шексіздікке созылып жататын туынды тіл. Болашағы кемел, өміршең тіл. Осы тілдің табиғатына сай жаратылған сына жазуы арқылы әлемнің қандай да бір тілін, ол мейлі буын жүйесіне құрылған болсын, мейлі дыбыстық жүйеге құрылған болсын жазуға толық мүмкіндігі бар жазу. Бастаусыз, қайнарсыз дүние болмайды. Біздің бабаларымыз  пиктографиялық жазуды (сурет жазуы) да қолданған, дамудың баспалдағын басып, табалдырығын аттаған. Оған жартастарға салынған түрлі мағынадағы суреттер мен таңбалар куә. Шындап келгенде қытай иероглифтерінің түп төркіні түркі жазуы болуын да жоққа шығаруға болмайды. 

Жазу әуелі көшпенді халықтарда пайда болмады ма, қатынас құралы үшін? Бек мүмкін. Отырықшы, ежелден егіншілікпен айналысқан халықтар шоғырланып, үйірленіп, аядай жерде аткөпір, топ-топ болып тайпалы ел сыйысып отырады. Бір үйден шықса келесі үй іргесінде, көрші, ұзағаны қолаң, қоңсы, бастау ақпараттың үшінші үйге – құлаққа жеткенінше бастапқы қалпын өзгерту мүмкіндігі шектеулі. Ал далалық халықтар шаруашылық жағдайының орамына байланысты тарап, бірі екіншісінің төбесін көріп отыратындай аралық сақтап, бытырау қоныстанғандықтан ақпарат алмасу ара қашықтығы ұзақ, сондықтан алғашқы хабардың келесі қабылдаушысына жеткенге дейінгі өзгеріп, құбылу ықтималдығы жоғары. Демек, қайнар көзден шыққан ақиқатты мәліметті қабылдаушысына қаз-қалпында, бұлжытпай жеткізу үшін өзгермейтін құрал ойлап табу қажеттілігі арта түседі. Нәтижесінде түркі тілінің ұланғайыр аймақта туа түп тұқиянын бірегей сақталуына негіз де болмай қойған жоқ. Атқа орнықты отыру үшін үзеңгіні өмірге әкелген бабаларымыз ақпаратты айна қатесіз жеткізу үшін неге жазу ойлап таппасын. Тапты, ол – сына жазуы. Біз кемені біз жасадық, көшпенділердің туындысы деп таластық па?! Ендеше әр жұрттың өзінің тіршілік ету икемі, тұрмыстық қам-қараекетіне сай, қажеттілігіне қарай ойланатын, одан нәтиже шығаратын бейім тұстары, қабылет-қарымы болуға керек. Бәрі де тұрмыстан туындайды. Мысалы, атақты тарихшы Лев Гумилов қазақтардың етіне түскен жараның қалай ізім-ғайып тез жазылып кететініне қайран қалып таңданады. Яғни, оның тұрмысын білмейді. Ойшылдардың өзі қандай бір нәрсенің қажеттілік негізін дұрыс анықтамағандықтан кей жағдайда жаңылыс тұжырым жасап жатады. Сол сияқты түркі жазуын әлде кімге телу де осындай іргесіздіктен туындайды. 

Неге біз «өткен күнде белгі жоқ» деп өткенге өкінішпен қарай беруіміз керек? Оның есесіне, өткенге салауат айтып, құнарлы, құнды рухани байлығымыздан қол үзбей, қайта бастап, қайта түлемейміз? Құмға сіңіп, құрдымға кеткен жоқ қой, тасқа басылып тапжылмайтын мұра, таны, оқы, тұтын деп тілеп тұрған жоқ па?! Түртіп қалсаң түмен жылдардың тарихы сорғалайды. Мейлі біз сол тастағы тарихымызды оқи алмадық, оқытпады, бұлғақ замандардың бұралаң жолдарынан өттік, тағдырдың тауқыметін тарттық, жазмышымызға жаптық, көлденең тартар сылтауымыз көп. Енді ше?.. Тым болмаса тастағы таңбамызды неге пайдаланбасқа?! Соны неге бүгінгі санатымызға сай етіп, заман талабына икемдеп, өркениет өлшемдерімен өңдеп, түзеп, жөндеп қолданысқа енгізбейміз? Қазіргі қазақ ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерінен құр алақан өмес. Өзі түгіл өзгеге ақыл айтып, үйрететін халге жетті. Мұхиттың арғы-бергі жағындағы, бес құрлықтың белді университеттерінен білім алып, ғылымы шыңдалған елдерде оқып түсінікті тілмен айтсам компьютердің құлағында ойнап, семішкеше шағатын мамандар аз ба? Жетерлік. Бірақ соларда жетпейтіні ұлттық құлық. Әйтпесе, түркі жазуын тіл мамандарымен біріге отырып заманауи ұлттық алфавитін жасап баяғы да қолданысқа енгізіп жіберетін қабылет барлығына имандай сенем. Ғасыр бұрын Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтыпты, білімді, бай, күшті мемлекет болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек. Осы керектерді жүзеге асыру үшін іс-қимыл керек деп. Біз сол керек, керек деумен әлі келеміз. Керек екенін білеміз, бірақ керектенудің жөнін таппай жүрміз. Жатқа жалтақтаумен, жаттың жасап бергенін малданып, жаттың жазып бергенін оқудан шыға алмай, ойымыз күрделеніп, қолымыз күрмеліп отырмыз. 

Түркияда тұратын тоқсанға келген жасы бар Азанбай абыз бір сөзінде: Өз елінде, өз жерінде, өз туының астында тұрып, өзге тілде сөйлеу деген, мен үшін қасыреттей көрінді. Бұл қазақтың қасыреті. Бұ не деген намыстанбайтын халық?! Көп ел, көп жерде болдым ғой. Өз тілінде сөйлемейтін қазақтан басқа бір де бір елді көрмедім. Тіпті елі, жері жоқ ұлттар да өз тілінде сөйлейді. Бұ қазаққа не болған дейсің… дегені бар еді. Бұл да ащы шындық. Не дейсің?! Бұ қазаққа не болған? 

Жоғарыда атап өткен қолданыстағы орыс жауында қалуды қалаушылар да екі топқа жарылды. Біріншісі осы графиканы мүлдем өзгеріссіз қалдыралық десе, 2012 жылдың маусым айында Абай.кз сайтын пайдаланғн бастамашыл топ қазіргі қолданыстағы криллицалық алфавиттен қазақ тілінің үндестік заңы мен заңдылықтарына сайкес келмейтін тек орыс тілінен енген кірме сөздерді орыстардың айтылымы бойынша қалыптастыру үшін күштеп қосылған басы артық әріптерді алып тастау жөнінде бастама көтеріп, қазақ тілінің емлесіне өзгертулер енгізуді ұсынды. Сана, идея дұрыс-ақ. Шындығында осы басы артық әріптер, яғни дыбыстар таза қазақ тілінде сөйлеушілердің ауыз екі тілінде айтылмайды да қолданылмайды, ал әдеби тілінде мектеп қабырғасынан бастап мына сөзддер орыс тілінде қалай дыбысталса өзгертпей түр-түсін бұзбай солай жазасың деп ережелеп, бекіттіріп тастаған қасаң қағиданы құқлақтарын құйып үйретіп машықтандырғандықтан қазақша жазғаны қате саналып, қазақ тіліне орыс тілінің бірнеше дыбысы сіңісті деген жалған тұжырымның кесірін қазақ тілі тартуын тартудай-ақ тартып отыр. Бұған сол социалистік қоғамда туып, қалыптасып, жетілген ғалымдар, соның ішінде тілші ғалымдар да  қазақтың орыс тілді тобы да тап осы идеяны құптай қоймайды. Негізі көрсетілген он төрт әріпті алып тастағанан қазақ тілі құтаймаса, жұтамайды. Әуелі жасампазданып, құлпырып, өз үндестігін тауып көріктене түседі. Мәселен, жуантық білгісі мен жіңішкерту белгісінің не қажеті бар? Щорс деген бір ғана сөзді жазу үшін «Щ» әрпін енгізудің пайдасы бар ма? Қазақ тілінде «и» дыбысы біреу-ақ. Ал екі бірдей (и және й) не үшін қажет болды? Хат, хабар, хан деген бірнеше сөзді жазу үшін «х» мүлдемге басы артық зат. Тап сондай әріптің бірі «һ» екені де дау туғызбайды. «Петров» қазақша «Петіроп» болып жазылса оның несі ерсі. Бұның бәрі тек қазақ тілді кеңістік үшін айтылып отырған мәселе емеспе. Әйтпегенде ешкім орыс тілінің графикасын өзгертейін деп отырған жоқ қой. Біреулер айтады, «өткен жетпіс-сексен жылда жасаған бай мұраларымызды оқи алмай қаламыз» деп. Қалай оқи алмайды? Мысалы, бұрынғы емле бойынша «хат жазды» деп жазылған сөйлемді бүгін «қат жазды» деп жазсақ түсінбей қаламыз ба? «Баян» деп жазғанды «байан» деп жазсақ оқи алмаймыз ба? Бұл жай сылтау, қарадүрсін қарсылық болмақ. Қытай, орыс, моңғол, түріктің… барлығы да кірме сөздерді өз тілінің заңдылығына сәйкес икемдеп алған. Біздің ата-бабаларымыз да сөйткен. Ал соның ішінде бүйректен сирақ шығарып, империялық өктемдіктің темір құрсауына байланып қалған біз – мына бертіңгі қазақ! Бұл да құлдық сананың ең басты көрсеткішьерінің бірі. Өзіңді өзің түзей алмау деген сөз. Осы құлдық санадан құтылатын кез келгені әлде қашан еді, бірақ әлі қозғалыс жоқ. «Егер қазақ өзінің төл әліпбиін жасақтаса қоғам екіге бөлінеді» деген сәуегей пікір де айтылып жүр. Қоғам онсыз да екіге бөлініп, орыс тіліді, қазақ тілді болып, қазақ-орыс тілі тең дәреже қолданыста өмір сүріп жатқан жоқ па? Ал сонда, әлгіндей ұшқары пікірлер қалайша өтімді болатыны түсініксіз. Сондықтан бастамашыл топтың ұсынысын халық болып қолдап, мемлекетке ұсыныс енгізіп, қазақ тілінің жаңа емлесін тездетіп жасап, қолданысқа енгізу қажет. Біз араб әліпбиін пайдаланбаймыз, біз Ақымет Байтұрсынұлы жасаған қазақ тілінің емлесін қолданысқа енгізуді қоштаймыз. Бұл экономикалық тұрғыдан өте-мөте ұтымды әрі үнемді, пайдасы шаш еткетен келетін іс болмақ. Біз он төрт әріпті қазақ тілінің әліпбиінен жою арқылы біріншіден, өзімізге тән ұлттық жазуымызға жақын жазуымызды жасаймыз, екіншіден қаражат тұрғысынан өте көп мөлшерде пайда табамыз. 

Ал түркінің сына жазуы негізінде нағыз ұлттық жазу жасау кемелденген ұрпақтың еншісіндегі мәселе болмақ. Тәңірдің таңдауы – біз екенбіз. Бүкіл дүние жаратылғаннан бері келе жатқан жазуды бізге сыйлап отыр. Жазудың ішіндегі құпияны біздің аталарымыз танып, өзіне қажетті рулық таңбаны алған. Рулық таңбалардың барлығы құпия ілімге баратын – кілт. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтыр (2011 ж) Түрік академиясын ашу туралы нақты ұсыныс жасады ғой, елімізде ежелгі түркі жазуын жетік білетін маман-ғалымдар санының артуы таяу болашақта Қазақстанның түркология ғылымының орталығына айналуына мүмкіндік берері сөзсіз. Ал осы орталықтың түпкі мақсаты да  төл жазуымызды табу  болады деп ойлаймыз. Демек, төл жазуымыз түгел түріктік нышан болатыны сөзсіз.

Бақытбек Бәмішұлы,

филология ғылымдары кандидаты

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Менің ойымша барлық түркі халықтарына ортақ тілімізді қайта жаңғыртуымыз керек. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толса да әлі кириллица деп жүрміз. Егер де сол тілімізді қазірден бастап қолданысқа енгізсе, еліміздің болашақ ұрпағы кириллицадан ауысып, түркі тілінің жаңа дәуірі басталар ма еді?

  2. Көтерілген мәселе өте орынды. Осыны іске, жүзеге асыратын жетелі ұл жоқ. Сондықтан бұлда бір уақытша нәрсе болып қала береді.

  3. Түркі көне жазуы негізінде қазіргі түркілік ортақ төл жазуымызды жасау үшін мына принциптерді ұстануымыз керек. Біріншіден, біз жаңа төл жазуымызды жасаймыз, бірақ ол тек көне жазуларды оқу үшін емес, заманауи қолданысқа енгізу үшін, екіншіден, жасампаздыққа сүйене отырып жазу бағытын айқындап алу, ескі дәстүр бойынша оңнан солға қарай жазамыз ба, жоқ солдан оңға қарай жазу бағытын таңдаймыз ба? Үшіншіден әр бір дыбысқа бір-бір таңба таңдау керек. Қазақ тілінің қазіргі дыбыстары бүкіл түркі тілінің дыбыстарын ішіне сыйдыра алады. Аталған мәселелер жүйеленіп, бір пікірге келетін болса көп жжеңілдіктер туындайды. Қазіргі ұсынылып жүрген түркілік жазуларда бұл мәселерді дәстүрлік жолмен шешкен сияқты.

  4. Ресейден құтылмай тұрғанда басқа жазу түріне көшу қайда-а-а!?

  5. Талдықорғанан: Бақытбек ағай, мақалаңыз маған ұнады. Осы жазуды өзіңіз жасап неге ұсынбайсыз?

  6. Рахмет, Айсәуле, бұл іспен дуалы ауыз, нағыз мамандар айланысуы керек.

  7. неге балаларды Аз, Буки, Веди, Эй, Би, Си деп тілдерін ашып оқытуымыз керек. Көне руникалық әліпбиімізде әріп қатарының тәртібі дайын тұрған жоқ па. Т (тізе), Ң (ең), Рь (ірі немесе ер), Қ (оқ). ТізеҢРі, Тәңрі, ҚоҢыР әліпбиі деп неге атамаймыз. Неге сол орыс ғалымдары тапқан өзеннің атын қолданамыз? Руникалық әліпбидегі әріптердің астында жеке рулардың тарихы, таңбасы, мөрі, белгісі, ұраны жатыр. Екі қиғаш найза Х білдіреді. Қоңырат руының атын батыста Хунград, Конрад, Унгерат деп бұрмалайды.

  8. Елбасымыз Н.Назарбаев қиын да өтпелі заманда әйгілі Ататүрк, Атилла, Күлтегіндер сияқты ұрпақ жадында мәңгілік қалатындай әліпби реформасын қолға ала ма әлде сол баяғы Ресейдің пікіріне қарап үйреншікті жалпақшешейліктен шыға алмай жүре бере ме.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі