///

«…Құйма алтындай сөзімді бердім»

2153 рет қаралды
4

Жәркен Бөдешұлының 

«ЖҰЛДЫЗТАСТЫҢ ЖАРЫҒЫ» 

атты жыр жинағына пікір

Жәркен Бөдешұлының өлеңдері тұнық табиғатымен, өмірге жақындығымен, сыршыл да өткір тартымдылығымен жүректерге жақын тұрады. Ол жарамсақтануды білмейді, айтам дегенін бебеулетіп, қан-қақсатып тілгілеп айтады.

1. Жәркен Бөдешұлы шетелдердегі миллион қазақтың атажұртқа оралуына ойтүрткі болып көшке түрен салған ақын.
Ақынды мұндай бастамашылдыққа әкелген оның өз өмір тағдыры болса керек. Тарбағатай, Жәйіртау, Ұлытау мен Сарыарқаның арасын көктей көшіп, табанына тасы батып, кірпігіне жасы қа­тып «айға қарап ұлыған көкбөрі» немесе «қия бетті қиялай жортқан ар­қар­дай» қияда өскен балаң жігітті ақын еткен де осынау тағдыры шығар. Көшіп өт­кен жолын ақын былайша сурет­тейді.
Жоңғария ойпатынан өлі құм,
Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін.
Төрт құбыласы тұрған темір құрсауда,
Анау Шығыс Түркістанда тусам да,
Атажұртқа жетті менің өмірім…
Алтын сықап қойсамдағы қалтама,
Жат топырақ бауырына тарта ма.
Менің басым сонау Жоңғар құмынан
Домалай-домалай жетті Сарыарқаға
Жат ортаның жаттығын білетін ақынды өзі атажұртқа оралған соң ендігі жерде арғы бетте қалған ағайынның тағдыры толғандыра бастайды да, шет­тегі ағайынды атажұртқа шақырады.
Құстарым-ау,
Құстарым,
Құстарым-ау.
Жазда сағым,
Түседі қыста қырау.
Тым болмаса еліктеп өздеріңе,
Өмірімде бір рет ұшпадым-ау.
Ұшпадым-ау,
Ұшып кеп қонбадым-ау.
Баста сағым,
Тұрмайды жолда қырау.
Қашан көшіп келеді деп бөлінген ел,
Қарай-қарай көз талды жолға мынау…
Қазақ көшіп келеді деп көзі талып, көңілін қырау шалған ақын енді ұранға басады.
…Қор болмай босқын қашқынға,
Жем болмай ит пен қасқырға,
Біз қашан түгенделеміз,
Бір шаңырақ астында, –
деген өлең жолдары әлем қазағын елең еткізді. Біз бұл өлеңді Моңғолияда жүр­генде оқып, ондағы жұртқа ұран етіп та­раттық. Өлең осы жолдардың ав­то­рының 1995 жылы жарық көрген «Жы­лаған жылдар шежіресі» (Алматы, 1995, 180-б.) атты тарихи-публицистикалық еңбегінде келтірілді. Марқұм Қ.Мыр­залиевтің «Қайда жүрсең, Атамекен, Көкейіңде жатады екен» деген әнге ай­налған өлеңі және Ж.Бөдешұлының
«Сенімім саған деген аса бекем,
Арым мен жаным мен де қасам етем,
Талап жеп қояр еді қасқыр тағдыр,
Егер де сен бол­масаң атамекен».
отты өлеңдері сол жылдары қазақтың атажұртқа оралуына ойтүрткі болды. 1991-2010 жылдар ара­лы­ғында 1 миллион қазақ атажұртқа оралып, қазақтың қатарын толықтырды. Бұл игі істе Жәр­кен Бөдешұлының өлең, жыр­ларының елеулі үлесі бар.
2. Қазақтың азаттығын арман еткен ақын.
Ақын Жәйіртаудан Сарыарқаға бет­тегендегі іздегені қазақ, қазақ елінің азат­тығы еді. Өйткені, шетелдердегі қа­зақтар қазақтықтың, азаттықтың қа­дірін бір кісідей біледі. Атажұртқа келген соң ақынды мұндағы қазақтың тағдыры толғандыра бастады.
Албастылар, жаны қара қанқұйлы,
Алашымның ақ бесігін аңдиды.
Сол бесікте жатқан сәби іңгәләп,
Бірде шошып, бірде алаңсыз қалғиды.
…Алаш көңіл алаң, алаң, алаңдап,
Алаш жүрек қапы қалу саған жат, –
деп Алашына, қазағына еркіндіктің мәнін ұқтыруға тырысты. Ал тағдыр қол­дап, қазағы тәуелсіздік алғанда жарыла қуанып жарты әлемге жар салды.
Алаш жұрты сондай өрттен шықты аман,
Биігіне шықты бұрын шықпаған.
Менің жырым – Еркіндіктің елшісі,
Менің әнім – қоспасы жоқ шыт жаңа ән, –
деп толғанды. Ендігі жерде тәуелсіздіктің баяндылығын, түгенделе бастаған қа­зақтың басы бүтіндігін тіледі.
Түгенделдім,
Алақай түгенделдім,
Алыс-жақын бауырымды түгел көрдім.
Енді менің келмейді бұғауланғым,
Енді менің келмейді жүгенделгім, –
деп тәуелсіздік жаршыларына үн қосты.
3. Бозторғайдай шырылдап ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын.
Иә, ұлтын ұлықтамаған, жоғын жоқ­тамаған ақын жоқ-ау сірә! Бәрі де жырлады, бірақ Ж.Бөдешұлының ұлтына жа­ны ашыған жырларының күмбір үні өзгешелеу. Оның ұлт, Отан туралы жырлары Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаевтармен үн­дестеу болып келеді. Кектеніп өскен бала шағы әсер етті ме екен Ж.Бөдешұлының бұл тақырыпта жазылған өлеңдерінде қайнаған кек, намыс, махамбетшілдік өр мінез бар. Кектенгенде қынабынан сөз қылышын суырады, намыстанғанда өркешіне мұз қатқан нар бурадай зіркіреп тісін қайрайды. Бодандықтың қасіретіне шын жүрегімен налиды.
Алпауыт келіп қорлады,
Азусыз қал­ған ұлтымды,
Биледі ерік, ырқымды.
Тор­ға түскен торғайдай – жүрегім
қатты бұлқиды.
Найзағай осқан бұлттай боп, тозығы
жеткен жұрттай боп,
Ар-намысым жыртылды, –
деп күйзеледі.
Күйзеледі де қазағын қырағылыққа, қырандыққа шақырады.
Тас төбеңе үйірілсе де тау-тау бұлт,
Аңғармайсың әй, қазақы аңқаулық.
Боз ботаны қыр астында бөрі жеп,
Боз інгеннің желінінен қан саудық.
Ей аңқаулық, біледі ғой жат мұны,
Аңғармайсың сен көлденең аттыны.
Құрсақтағы құлагердің құлынын,
Жарып алып кетсе дағы әккі ұры…
Иә, біздің қазақ мұндай енжарлық, аңқаулықтан талай опық жеген халық. Бұған тарих куә. Ақын осыны еске салады, әрбір қазақты ұлты үшін күресте өзіндік үлесін қосуға шақырады.
Алаш үшін қабырғасы сөгілген,
Қайран Мағжан, шықпайсың сен көңілден.
Арбасына өзің сүйген теңдіктің,
Екі ат болса,
Бірі менмін жегілген, –
деп ұлты үшін өзін қандай іске де дайын екендігін білдіреді. Бұл ұлттың өткеніне деген баға және қайтып басқа бермесін деген шын тілегі болса керек. Ал ұлттың бүгінгі тіршілігіне қатысты өзекті мәсе­лелер аз емес. Сондай мәселелердің бірі ұлттық жарты кештік. Тілдің ауқымы­ның тарлығы, тағы-тағылар. Бұл мәселе де ақынның нысанасынан тыс қалма­ған.
Ата жұртым – Өр Алтай,
Туған жерім Жәйір тау,
Баласындай арқардың екі тауға тең өстім.
Арғы тауға – асумын,
Бергі тауға – белеспін,
Жарымаған уызға жарты қазақ емеспін.
Тілі бүтін сөйлейтін,
Діні бүтін өлмейтін,
Мынау бөлшек ғаламда мен бір бүтін қазақпын,
Бөлшектеуге көнбейтін.
Ақын мұнда менменсіп отырған жоқ. Қазақты тіліне, дініне, бірлігіне сақ болу­ға шақырып отыр. Ойлы, сөзі көңіл­ге қонымды.
4. Туған жеріңді сүйсең Жәркендей сүй, жырласаң Жәркендей жырла.
Қазақта туған жерін жырлаған ақын көп-ақ. Бірақ бозбала жасында туған же­рінен жыраққа кеткендіктен бе екен, Жәркеннің өлеңдерінен туған жеріне деген сағынышында жаңаша бір сарын, өзгеше үн бар.
Туған жерден кеткелі,
Сағынышым көп тегі.
Айға қарап ұлыған
Мен бір жалғыз көк бөрі.
Ақын үшін туған жердің тасы, талы, суы, желі бәрі де ыстық, түсіне де туған жері кіреді.
Майлы-Жәйір шет қалып,
Сарыарқаны бетке алып,
Түсімде ылғи түнделетіп көшіп
келе жатамын,
Жоңғар құмын белуардан кешіп
келе жатамын, –
деп тебіренеді. Тарбағатайдың тау суы­ның тұнығынан шөлін қандырып өскен ақын оны қалай еске алмасын. Ақынның жер-су туралы бірнеше өлеңдері бар екен. Бірінен бірі өтеді.
Үңілсем жүзім көрінген,
Шомылсам денем көмілген.
Тамсанып ішкен маралдың
Тамағынан өрілген,
Шіркін мөлдір, мөлдір-су! –
деген жолдарын оқығанда сайсүйегің шымырлайды.
Туған жердің қар, мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердің бал қызы
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені.
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені.
…Туған жердің қасқыры,
Кемір ақын сүйегін
Туған жердің тас құмы
Сені осылай сүйемін.
Ақын үшін тіптен туған жерінің қоңызы мен қояны, доңызы да ыстық. Мен осы өлеңді ақынның өз аузынан талай естідім, кейбір жиындарда өзіне аттай қалап оқыттым. Оқыған сайын бір тебіреністің үстінде боламын.
5. Мен тарихшы болған соң ақынның тарихи тұлғалар туралы жырлаған жолдарына да тоқталмай өте алмадым. Өйт­кені, кәсібіміз тарих болғандықтан біз ақындардың өлеңінен де тарихтың ақи­қатын, ақ жолын іздейміз. Ақын Абы­лай, Қабанбай, Исатай, Махамбет, Ұлар жырау туралы жырлапты. Мұнда да ойлары өткір, сыры терең. Тіптен, кейде өзін кен іздеген археологқа теңейді.
Археолог ақынмын келе жатқан кен іздеп,
Көз алдымда көлбеген Орта Азия, Теңіз көк.
Барымыз тұр жарқырап нарқы
қымбат базарда,
Жоғымызды келемін ғасырлардан мен іздеп…
Біз тарихтан көп асылымызды жо­ғалт­қан халықпыз. Жоғалтқанымызды табуға ақындардың да үлесі болуға тиісті. Олар археологтарша сыпырғы ұстап қорым қазбағанымен қолындағы қала­мымен сөз қазып, біздерге ойтүрткі болып жүр. Ақын «Шыңғысханның құ­ды­ғы» атты өлеңінде бүй дейді:
Көңіл күпті болса да жүзім қаяу,
Ұлым да ояу, бұл күнде қызым да ояу.
Бұл құдықтың түбінде тұнып жатыр –
Қызыл жалын,
Қызыл – су
Қызыл бояу.
…Ей тарих,
Алжымай жөніңе көш,
Көп құрыпты өлім мен өмір егес.
Әркім барып еркімен қан тапсырар,
Шыңғысханның құдығы донор емес, –
Мінеки, өлеңмен тарихтың шын­ды­ғын айту деп осыны айт.
Ақын өзінің бір өлеңінде өзінің өмір өткелдерін баяндай келіп:
Қазақты көрдім, өзімді көрдім
Өз қаным, өз көзімді көрдім.
Жүрегімнен суырып алып,
Құйма алтындай сөзімді бердім, –
дейді. Бұдан артық не десін. Ендігі кезек тума таланттың тұнық жырларына әділ баға беру ғана қалып тұр.

Зардыхан Қинаятұлы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Жәркен жырау, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын! Қазақ поэзиясында енді сіздей нар аз, аз емес жоқ қой…

  2. Шын сөздің құдіретін Жәркендей танытқан ақын аз өлеңде.

  3. Жақұт жыр: Жәркен Бөдешұлына

    Жастық сырын Жайыр тауға жасырған,
    Ақық жырын Алатауға асырған.
    Жақұт сынды өтіп барад жарқырып,
    Сұп-сұлу жыр жиырмасыншы ғасырдан деп басталатын арнау өлеңімді 1999 жылы жазып, «Тұмарлы таң» атты жыр жинағыма енгізген едім. Содан бері де бір мүшел уақыт өтіпті.

  4. әділ баға беру жөнінде Зақаң дұрыс айтады, яғни Жәкеңнің үлкен сыйлық алуы ғана қалды!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі