///

Тарақандар тарала бастады ма?

1557 рет қаралды

Бүгiнде тарақандардың жойылып кетуiне сымсыз байланыс құралдары бiрден-бiр себеп деген пiкiрлер көп айтылып жүр. Бiрақ, мамандар тарақандардың бiржола жойылып кетпегенiн, олардың тек саны азайғанын айтады. Десек те, бұл мәселенiң мән-жайын бiлу үшiн Алматы қалалық дезинфекция стансасына хабарласқан едiк. Дезинфектор Татьяна ИВАНОВА жауап бердi. 

Сонымен, аты да, заты да жиiркенiштi бұл жәндiктер қайда және не себептi жоғалып кеттi екен?

Бiрiншiден, азық-түлiк қоймаларында немесе дүкендерде санитарлық тазалықтың жақсаруынан олардың саны азаюы мүмкiн. Екiншiден, барлық кемiргiштер мен шыбын-шiркейлерге, зиянды ұсақ жәндiктерге арналған улы заттардың көп себiлуiнен, үшiншiден, кейбiр кәсiпорындардың төмен толқынды дыбыстарының әсерiнен, сондай-ақ, пластмассалық заттар мен түсқағаздардың, линолеум мен кейбiр жиһаздардың өткiр иiсiнен де олардың саны азайып кеткен болса керек.

 Көп жағдайда үйдi таза ұстамаудың салдарынан пайда болатын зиянды жәндiктерден құтылу қиынға соғып жатады. Өйткенi, асханадағы жуылмай қалған ыдыс-аяқ, уақтылы төгiлмеген қоқыс салатын шелек, тамақ қалдықтары тарақан, шыбын, қандала (клоп), құмырсқа сияқты жәндiктердiң өсiп-өнуiне жағдай жасайды. Күндiз тарақандар мен қандалалар қараңғы жерде тығылып, түнде белсендiлiктерi артады. Олар тек тағамға ғана тиiсiп қоймай, қағаз, терiден жасалған бұйымдарды да бүлдiредi. Үйдегi жәндiктер мен кемiргiштер (қандала, тарақан, шыбын, тышқан) көптеген жұқпалы ауруларды (дизентерия, сүзек, туляремия және басқалары) таратады.

Жалпы, үйде зиянды жәндiктердi болдырмаудың жолы – тазалық. Егер олар үйде пайда болған жағдайда сiздiң бiр күнде құтылам деген ойыңыз қате. Жәндiктермен күрестi бiрнеше күндер бойына жалғастыруға тура келедi. Мысалы, бiр рет пайда болған тарақандар жарты жылда дернәсiлден (личинка) дамып жетiледi.

Қандаланың иiс сезу мүшесi жақсы дамыған

Көп әуреге салатын жәндiктердiң бiрi – құмырсқа. Және солардың қатарында қандала да бар. Қандала – қанмен қоректенетiн қанатсыз паразит. Олардың белсендiлiгi түнгi уақытта артады. Күндiз зиянды жәндiктер кез-келген қараңғы, бiрақ жылы жерлерде ұйықтайды. Олар адам денесiнiң ашық жерлерiне жабысады. Егер аш болса, ол жарық уақытта да шабуыл жасауы ықтимал. Қандала шаққанда ауырсыну сезiлмейдi. Ол негiзiнен, ескi үйлерде жиi кездеседi. Егер бөлмелерде терең саңылаулары бар ағаштан жасалған еден болмаса, қандалалар жаңа бетоннан, монолиттен және кiрпiштен салынған құрылыстарда тiршiлiк етпейдi. Жәндiктiң орташа тiршiлiк ету уақыты – 14 ай. Қандаланың иiс сезу мүшесi жақсы дамыған. Бip қан сору кезiнде қандала өз салмағынан екi есе көп қан сорады. Бұл қор оған тек бiр тәулiкке жетедi. Қандалалардың көбi адам қанымен қоректенедi, кей жағдайда малға, үй құстарына шабуыл жасайды. Кемiргiштер де олардың құрбаны болады. Сондықтан кей жағдайда кемiр- гiштерде кезiгетiн жұқпаны адамға жұқтыруы мүмкiн. Тiршiлiк ету кезеңiнде ересек жәндiк 300-500 жұмыртқа салады. Толық жетiлу циклы шамамен 40 күндi құрайды. Тiршiлiк етуге қолайсыз ортада жетiлу ұзақтығы екi есеге артады. Қандала 15°С температурада бip тәулiк тiршiлiк етсе, 50°С температурада тiршiлiгiн жояды.Қандала — қызба, оба, бөртпе сүзегi сияқты қауiптi жұқпалардың тасымалдаушылары болып табылады. Дегенмен, бұл ұйғарым ғылыми түрде дәлелденбеген.

Зарарсыздандыруға қолайлы уақыт

Үйдi зарарсыздандыру iсiн негiзiнен, кешкiлiк жасағаныңыз жөн. &йткенi, кешке өңдеуден өткiзген мекеменi таңертең тазалап жуып, терезелердi ашып, желдетiп алу ыңғайлы. Ас үйдi де түнге қарай тазалаған қолайлы. Химиялық өнiмдердi шкафтар мен буфеттiң iрге жақтағы қабырғаларына, үстелдердiң, сөрелердiң, стеллаждардың төменгi жағына жағады, едендегi саңылауларға, iрге бастырғысының артына енгiзедi, жылыту жүйелерiнiң құбырларын, су мен газ құбырларын, пештер мен газ плиталарын тозаңдандырады. Үстелдер, сөрелер, шкафтар, буфеттер мен газ плиталары таңертең ыстық сумен мұқият жуылады.

Жәндiктердi құртуға арналған химиялық өнiмдер әдетте сұйық, ұнтақ түрiнде шығарылады. Кез-келген химиялық өнiм улы болатындықтан, қолданып болған соң қол мен беттi тазалап, сабынмен жуу керек. Зиянды жәндiктерге қарсы күресте пайдаланып жүрген химиялық өнiмдердi ауыстырып қолданған жөн, өйткенi, үйреншiктi иiске жәндiктердiң жақындамауы мүмкiн.

Мәншүк БЕКБОСЫН,

 «Алматы ақшамы»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі