///

Хан туының бір бөлігі талай сырды бүгіп тұр

1195 рет қаралды

Қателеспесем, үш жыл бұрын үйге бір жігіт келді. Ол төре тұқымынан екенін айтып, өзінің ата-бабасы туралы ғылымда, тарихи әдебиетте не жазылғанын білгісі келетінін айтты. Дастарқан үстінде қонақпен таныса келе оның Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспандағы Төреарық елді мекенінде тұратыны, өзі Тоғай ханның ұрпағы екені белгілі болды. Есімі – Үсенхан Жамалханұлы Тұрсынбай. Сол кездескенде-ақ оның ата-баба тарихына деген шынайы қызығушылығын, жанашырлығын байқадым. Мені қолында сақталып қалған хандар ұрпағының жәдігерлері туралы әңгімесі, әсіресе бір отбасында ханның туы болғаны, өкінішке орай одан тек ту басы ғана жеткені туралы хабары қызықтырды. Біз, археологтар, өткен тарихты негізінен заттай ескерткіштерді зерттеу арқылы танимыз. Сондықтан мені жігіттің ту басы туралы айтқандары ойландырды. Себебі, байырғы заманнан сақталып қалған ту басы – тек бізде ғана емес, әлемде сирек кездесетін дүние. Қазақстанда тек Түркістанда ғана, Әмір Темірдің осы киелі орынға жасатқан туының бас жағы сақтаулы. Ол 14-15 ғасырлардың туындысы. Ал қазақ ханының туының басы деген жәдігер бар дегенді не ғылыми әдебиетте, не мұражайларда кездестірген емеспін. Рас, қолға түскен бір жоңғар туын – трофейді Абылай хан Жауғашты батырға сыйға тартқаны белгілі. Ол қазір батыр ұрпағының қолында сақтаулы болса керек. Ал қазақ ханының туының бөлігі бізге жетсе, ол керемет…
Тудың бөлігін зерттеуші көзімен көру, қолымен ұстау, оның байырғы заман заты екеніне көз жеткізу керек болды. Алайда сол кезде мұның сәті келмеді. Археолог болған соң, түрлі аймақтардағы қазба мен зерттеушілік жұмыстардан қол босамады. Бірақ телефон арқылы Үсенханмен үнемі хабарласып тұрдым.
Ақыры Үсенхан Жамалханұлы Тұрсынбай, Бекайдар Төлжанұлы Әміре және Жанысбек Оразханұлы Файзуллаев атты төре тұқымы алып келген сирек, һәм киелі затты тәу етіп қолға ұстау сәті 2012 жылдың маусым айына бұйырды. Мұндай мүмкіншілік туғызған осы азаматтарға ризашылығым шексіз. Құнды жәдігерді көру, оның өлшемдерін қағазға және фотоаппаратқа түсіріп, ол жөнінде зерттеп білгенімді зиялы қауымға жеткізу, ғылыми айналымға енгізу зерттеушінің бір міндеті.
Ту сабының ұшы металдан жасалған зат, түсі қою қоңыр, кейбір қырларында сарғыш түсті болып келеді. Оның құрамын арнайы құралдармен анықтау қажет-ақ. Жалпы биіктігі 22,5 см. Жоғары, үстіңгі бөлігі күмбез үлгісінде жасалған. «Күмбездің» ең кеңейген жерінің диаметрі 10 см. «Күмбез» тарылып барып тудың ағаш сабына киілетін етіп жасалған ұңғыға отырғызылған. Осы арада жік те байқалады. Ұңғы пошымы цилиндрге немесе кесілген конусқа жақын, оның диаметрі 5,2-5,3 см. Ұңғының төменгі бөлігі деформацияланған. Ұңғының жиегі жуандатылған, ту басын ағаш сапқа шеге қағып бекітетін тесіктері бар. Бір тесіктің диаметрі 5-6 см. Одан басқа да майда тесіктері кездеседі.
Хан туы сабының ұшы қазіргі таңда Әлекен ханның ұрпағы Әміре Бекайдар Төлжанұлының отбасында сақтаулы тұр. Кейбір кісілердің айтуынша тудың өзін кие тұтып, ауру-кеселден, жамандықтан қорғайды деп кейбір кісілер тәберік ретінде бөліп алып отырғандықтан жойылып кеткен десе, кейбіреулер күйе жеп қойғаннан құрыған деседі. Әлекеннің ұрпағында мөр де болыпты. Қазір ол жоғалып кетіпті.
Хан сабының ұшы сөз жоқ, аса қастерлі құнды тарихи мұра. Мен өзім осы уақытқа дейін ғылыми әдебиетте қазақ ханының туы деп аталатын мұндай жәдігерді көрген емеспін. Оның жалпы пошымы орта ғасырдағы Орта Азия, Иран, Түркия патшаларында болған тулардың саптарына жақын. Әміре Бекайдар Төлжанұлының отбасында сақтаулы тұрған ту басын ертеректегі тулар басымен салыстырғанда ою-өрнегінің жоқтығымен ерекшеленеді. Осыған қарағанда, ол кейінгі орта ғасырда жасалған болса керек деп топшалаймын.
Ту басы бетіндегі майысқан бөліктерге қарағанда ол талай дүрбелеңді бастан кешірді, түрлі соққылар алды. Бұл туды ұстаған қазақтың Әлекен атты ханы туралы не білеміз? Білетініміз көп емес. Кеңестік дәуірде азаттық үшін күрескен хандардың қызметтері жасырылып есімдері көптомдық ғылыми басылымдарда да аталмады. Хандар туралы зерттеулер тек азаттық алған соң ғана қолға алына басталды. Сондықтан болар Әлекен туралы арнайы шағын болса да мақала таба алмадық. Кейбір қазақ хандарына арналған кітапшаларда, анықтамаларда бұл есім мүлде кезікпейді. Әлекен туралы шағын мәліметті біз тек белгілі зерттеуші И.В. Ерофееваның зерттеуінен ғана кезіктірдік.
Әлекен қазақ халқы үшін қиындығы мол ХІХ ғасырда өмір сүрді. Кейбір деректерде оның есімі Алиакбар, Джакелен деп те көрсетіледі. Оның әкесі ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде қоңырат тайпаларын басқарған Қарабас сұлтан. Туған ағасы – Тоғай, Түркістан қаласында ХІХ ғасырдың басынан, яғни 1800 жылдардан бастап, 1816 жылға дейін билік жүргізген соңғы қазақ ханы болды. Тоғай ханның билігі Түркістан қаласымен қатар, оның айналасындағы елді мекендерге, Ұлы жүздің сарыүйсін тайпасының бір бөлігіне және Орта жүздің қоңыраттарына жүрді деп санайды кейбір тарихшылар.
Кенеттен соғыс бастаған Қоқан хандығының әскеріне Тоғай хан қатты қарсылық көрсетеді. Бұл жөнінде орыс тілінде басылған «Обозрение Кокандского ханства в нынешнем его состоянии» деген кітапта: «Түркістанды жаулап алуға қатысқан және бір кездері Ташкентті де билеген қазақ хандарының соңғы үрім-бұтақтарының бірі Тоғай төренің аса қажырлы және табанды қарсылығына қарамай, елінен кетуге мәжбүр болды» деп айтылады. Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғанда қала қатты өртенген деген пікір әдебиетте кездеседі.
Тоғай хан Түркістан қаласын тастап кетсе де қоңыраттарға хан болып қала берген. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары қоқандықтар Тоғай ханның соңына түсіп алған соң ол Бұқара қаласына кетуге мәжбүр болыпты. 1826 жылы Бұқарада хан сарайы ішіндегі атыс барысында Тоғай төре оққа ұшып, қайтыс болды деген пікір бар. Ұрпақтары арасынан алынған мәліметтерге қарағанда хан қазіргі Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылына жақын жерде, Шейбан тоғай деген жерде дүние салыпты.
ХІХ ғасырдың ортасында Мырзахмет деген әкім басқарған қоқандықтар жергілікті халықты аяусыз қанады. Зекет төлей алмаған қазақтардың балаларын тартып алып, құлдыққа сатты. Мұсылмандыққа жат осындай езгіге шыдай алмаған халық көтеріліске шықты. Жергілікті халық, дәлірек айтсақ, Ұлы жүздің сарыүйсінінің кейбір топтары, Орта жүздің қоңыраты және қыпшақтардың бір бөлігі 1858 жылдың мамыр айында Тоғай ханның туған інісі болған сұлтан Әлекенді хан етіп көтереді. Осылай Әлекен қоқандықтарға қарсы оңтүстік қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарды.
Әлекен басқарған әскер қоқан әскерлерімен бірнеше мәрте соғысып, 1858 жылы Түркістан қаласын қоқандықтардан азат етуге әрекет жасады. Жаңа сайланған хан өзінің туған ағасы Тоғайдың Түркістанда хан болғанын, қаланы 35 жыл бұрын қоқандықтар басып алып, оның ағасынан тартып алғанын алға тартып, Түркістан қаласын қазақтарға қайтаруды талап етеді. Алайда қаланы тіке басып алуға Түркістан ішінде қазақтың белгілі азаматтарын аманатқа алу да кедергі етті. Қоқандықтар Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат жасауға келген қоңыраттың билері Қоңыс датқа мен Ақсақ датқаны, Ұлы жүзден келген Қарақұл датқаны, қыпшақтың Тубақабыл атты жақсыларын аманат ретінде ұстап отырды.
Әлекен басқарған көтерілісшілер 15 мамырда қала бекіністеріне шабуыл жасады. Алайда қоқандықтар әскери тұрғыдан басым болды. Зеңбіректерден от шашып көтерілісшілерді атқылап отырды. Қазақ әскері бір айдай Түркістанды қоршап тұрды. Бірақ оны басып ала алмады.
3 маусым күні Мырза Нияз басшылығымен Түркістандағы қоқан әскері қазақтарды жарып өтуге әрекет етеді. Алайда қоқандықтар үлкен шығынға ұшырайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда қоқандықтар жағынан 500-800 адам шығыны болады. 1858 жылғы 20 маусымдағы орыс хабарламасында «хан конградский со своим ополчением и стоит еще под стенами Туркестана», яғни «қоңырат ханы» Әлекен әлі де Түркістанды қоршап тұр деген хабар кездеседі.
Таяу арада қоқандықтарды жеңіп, олардың қамалдарын басып алуға мүмкіншілігі жоқ екенін түсінген Әлекен хан өзіне қарасты халықпен Сырдарияның төменгі ағысына көшіп барып одақтастар іздейді. Орыстың генерал-губернаторы М.А. Катенинмен келіссөздер жүргізеді. Ал 1858 жылдың тамыз айында Бұқара әмірі Насрулламен кездесіп одан көмек сұрайды. Алайда Бұқара билеушісі көмек беремін дегенмен шектеледі. Өкінішке орай Әлекеннің кейінгі өмірі тарихшыларға беймәлім болып отыр. Қалай дегенде оның есімі 1859 жылдан кейінгі тарихи құжаттарда кездеспейді. Әлекен хронологиялық тұрғыдан алып қарағанда, қазақ тайпаларының сайлаған ең соңғы ханы да болуы мүмкін.
Кейбір тарихшылардың пікірінше, 1858 жылғы қозғалыс қоқандықтарға қарсы ең ірі көтеріліс болған. Көтерілісшілер хан етіп көтерген Әлекен қоқандықтарға қарсы күресті басқарған тарихи тұлға екені күмән туғызбайды.
Әлекен ханның туының ұшына тіл бітсе Түркістан қаласы түбіндегі шайқастар туралы, қазақ хандарының тарихы туралы сыр шертері күмәнсіз. Бұл ту басы Әлекен ханға Түркістанда біраз жыл билік еткен ағасы Тоғай ханнан немесе арғы бабаларынан мұра болып жетуі мүмкін. Хан сайланып, қоқандықтарға қарсы ұрыстарға кірісіп кеткен Әлекен туының ұшын жасатуға да уақыты болмаса керек. Жалпы пошымына қарап хан туының басы шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жасалған деп болжауға болады. Ол әзірге бізге жеткен жалғыз хан туы сабының ұшы болып тұр. Осы тұрғыдан қарағанда құнды тарихи жәдігер болып табылады.

Мұхтар Қожа,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

Оңтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: “Ана тілі”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі