///

Ақырзаман болмайды

1643 рет қаралды
4

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі В.Божко ақырзаманның биыл «болмай­тын­дығын» жариялады! Кеше Үкімет отырысынан шыққан оны журналистер сұрақтармен күтіп алған еді. ТЖМ басшысы қазақстандықтарды дүрбелеңге түспеуге, арандатуға ермеуге ша­қы­руға асықты. «Бұл – мүлдем ойдан шығарыл­ған жағдай, – деп бағалады заманның ақырына қатысты әңгімелерді министр Владимир Бож­ко. – Оны бұқаралық ақпарат құралдары өрші­туде. Халық арасында үрей тудыруда. Тыныш­талыңдар, заманақыр болмайды! Мен сіздерге кепілдік беремін!»
Журналистердің В.Божкоға жүгінуі бекер емес. Саналы көпшілік кейбір жорамалшылардың жер-жаһанның желтоқсандағы күйреуі жөнінде айтып жүргенін «сандырақ» деп қабылдаға­ны­мен, тосын да төтенше жағдайларға осы министр­ліктің әрқашан дайын болғаны керек. Оның үс­тіне гу-гу сөзге ергіш, құсқанат көңілді кейбір қа­зақстандықтар соның қамын жасауға кірісіпті. Олардың қант, жарманы қап-қабымен сатып алып жатқанын министр де айтты.
Ақырзаман туралы әңгімелерге әлемдегі бол­ған бірқатар зұлматтарды дәл болжаған көне майя тайпасының күнтізбесінің 2012 жылдың
21 желтоқсанында аяқталуы түрткі болған де­седі: кейбір болжамшылар осы күні қазіргі әлемнің де күні бітетіндігін жариялап тастаған. Осы қызығушылықты қыздырып, пайда табуды ойлаған ресейлік және батыстық телеарналар
21 жел­тоқсанда «Жердегі соңғы шоу» сияқты бағдарламаларды өткізетіндерін жария етуде. Билік мұның бәрін әзіл ретінде қабылдағаны­мен, халық мемлекет өкілінің өзіне басу айтқа­нын қалады. Осыны түсінген америкалық NASA ғарыш агенттігі тіпті ғаламторда арнайы сайт ашып, сонда «әлемнің неге 2012 жылы жойыл­май­тындығын» түсіндіруде.
Әрине, Үкіметтің кешегі жиынында халықтың бұдан әлдеқайда үлкен бөлігін толғандырып отыр­ған, өмір шындығымен, тіршілікпен тығыз қабысып жатқан шынайы мәселелер талқы­лан­ды. Мәселен, келешегі жоқ ауылдарды боса­туды мем­ле­кет белсенді жүргізуде екен. Қазақстанда Үкімет «экономикалық әлеуеті төмен» деп таны­ған ауылдардан ендігі жеті мыңдай адам басқа елді мекендерге көшіріліпті. Мұны отырыстан шыққан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жария етті. Оның ай­туын­ша, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарла­масы аясында қандай ауылдардан халықты кө­ші­руді мемлекеттің өз мойнына алатындығы анықталыпты.
– Экономикалық даму және сауда ми­нистрі, жергілікті атқарушы органдармен бір­лесе оты­рып, республика бойынша осындай 402 елді мекенді белгіледі, – деді С.Әбденов. – Оларда ша­мамен 77 мың адам тұруда. Осы елді мекен­дер­ден көшіру – бағдарлама аясында қарасты­рылады,-деген министр ендігі 7 мыңдай тұр­ғын­ның, ұзақмерзімді бағдарлама мүмкіндігін пайдаланып, қоныстарын өзгерткендерін жет­кізді. Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегіне жүгінсек, 10-20 үйлі ауылдар бос қалуда.

Жас министр С.Әбденов мұндай кіш­кентай ауылдарға су құбырын тар­туға немесе электр желісін жеткізуге үлкен қара­­жат жұмсау – мемлекет үшін тиімсіз екендігін білдірді. «Сол себепті де олар экономикалық әлеуеті төмен ауылдар ретінде анықталды, – деді министр. – Оларда тиісті инфрақұрылым жоқ. Мәсе­лен, 20 үйге бола мектеп ашудың, бала­бақша салу­дың қажеті қанша?! Сондықтан онда­ғы адамдарды мемлекет осы бағдар­ла­ма бойынша экономикалық өсім нүк­­те­леріне көшіреді».
Ал барлық тұрғындары көшіп кет­кен соң, «экономикалық әлеуеті тө­мен» ауылдар жабылады. Картадан жойылады. «Қайта қоныстандырудың шарты да осы бо­лып табылады: мем­лекет көшірген адам­дардың меншігінде болған не жалға алған жерлері енді мемлекеттің меншігіне өтеді. Ол жер­лерді мемлекет ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілерге тап­сы­рады» деді министр С.Әбденов.
Ең­бек министрі бұл жерде қайта қо­ныстандырудың ерікті екендігіне екпін түсірді: «Адамды – «көшесің, бітті!» деп міндеттейтін жағдай жоқ. Ол – әр адамның еркін таңдауы. Егер адам көшуге ұйғарса, ол «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысады. Егер ол ары қарай тұра беруді қаласа, айталық, ол жерде оның шаруашы­лығы болса, орнында қалады. Ондай жан­дарды күшке салып, ешкім қуып шық­пай­ды» деп сендірді Серік Әб­де­нов. Ал әл­гіндей ауылдардан мемлекет ұсынған басқасына қайта қоныстанған адамдарға енді оқудан өту, мамандық алу және белгілі бір жұмысқа тұру ұсынылатын кө­рі­неді. Бағдарлама аясында бұл адам­дар­дың баспана мәселесін шешу үшін жатақ­ха­налар салынуы мүмкін.
Бұл ретте жиынды қорытқан Үкімет бас­шысы жұмыс берушілерді бағдар­ла­маның барлық бағыттары бойынша, соның ішінде қызметтік жатақхана са­луға да тарту қажеттігін нықтады: «Егер олар әсі­ресе, жұмыс іздеген жастарға, біз оқы­та­тындарға арналған жатақханалардың құрылысына бел­сенді қатысуға дайын болса, бел­сенді атсалысуға шақырамыз: бұған қолдау көрсетілетін болады!» деді Серік Ах­ме­тов.
Өз кезегінде еңбек министрі 2013 жы­лы «пилоттық өңірлерде» қызметтік бас­паналар салу жоспарланып отыр­ған­­ды­ғын, оның құрылысына жұмыс беруші­лер тартылатындығын әңгіме­ле­ді. Бұл жер­де мемлекет жұмыс беру­шілерден он­дай жатақ­ханалардың кем дегенде 10%-ын қосымша қаржы­лан­дыруды және онда тұратындарды міндетті түрде өзінде тұрақ­ты жұмыс орындарына тұрғызуды талап етпек.
– Сондай-ақ жастарға, егер еңбек ке­лісімшарты немесе жұмыспен қамту орта­лы­ғымен әлеуметтік келісімшарты болса және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысса, жатақхана ұсыну қарастырылуда. Ұсыныс бойынша, бұл схемада жас адам жатақханада ең көп дегенде бес жыл тұра­ды, ол осы кезең­де жұмыспен қам­та­масыз етіледі, «Тұр­ғынүйқұрылысжинақ банкін­де» қажетті жинақ жинайды және жеңіл­дікті шарттармен баспанаға қол жеткі­зе­ді, – деп баяндады министр С.Әбде­нов. Әйткенмен, оның бұл «оптимистік сцена­рийіне» әріптестері де сенбейтін болып шықты. Атап айтқанда, Қаржы министрі Болат Жәмішев түсініксіз жайттар барлығын ашық айтты. «Мәселен, «ТҮҚЖ банкінде келісімінің барлығы – әлгі жатақханада тұрушы­ның бес жыл ішінде пәтер сатып алуға жеткілікті қаражат жинай алу қабілет­тілігіне мүлдем кепілдік бермейді» деді Қаржы министрі. Бұл рас, өйткені «Жұ­мыспен қамту» бағдарламасы ая­сында ұсынылатын жұмыстар орташа, тіпті төмен жалақылы болып келеді. Онда не болмақ? Небары 40-50 мың еңбекақы алып, айды айға әзер жалғап келген жасты бес жыл өткен соң, «Өз обалың өзіңе!» деп қуып шыға ма? Бұл мәселе еңбек министр­лігінен жете ойластыруды қажет етеді.
Айтпақшы, бұл бағдарламаның ба­ғалау жүйесі де жоқ болып шықты. Үкі­мет басшысы кеше осыған баса назар аудартты. «Міне, осы бағдар­ламаның ендігі екінші жылы аяқталуда, – деді Серік Ахметов. – Оның тиім­ді­лігін бағалау жүйесін ендіретін уа­қыт жетті. Сарапшылық баға­лар негі­зінде біз оның қай жерде нәтиже беріп жатқандығын, ал қай жерде өз бе­ті­мен, беталды жүріп жатқандығын нақты көруге тиіспіз. Мұқият қарау керек бола­ды» дей келе, Премьер Ең­бек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігіне басқа меморгандармен бірлесіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының тиімді­лігін бағалау жүйесін ендіру туралы тап­сыр­ма жүктеді. Бұған қоса, Үкімет жетек­шісі осы бағдарламаға Елбасының жаңа тапсырмаларына сәйкес, өзгерістер енгізуді жетелдетуді тапсырды. Жиын соңында Премьер С.Ахметов жауапты тұлғалардан бағдарламаның жүзеге асуы барысын қатаң бақылауда ұс­тауға міндеттеді.

Айхан ШӘРІП

“Айқын”

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Қызық-ай…”ақырзаман болмайды” деп 1 адамның барша әлем үшін өзіне жауапкершілік артып жариялаудың өзі күлкілі екен..ақылға қонымсыз…қол қусырып, жай отырмай шынымен қонақ күтердей дайындалып жүрген сайрандастарымыз аз емес дегенге күмәнімнен сенімім мол.Не десекте бұйырғаны болар…Алланың қолындағы іске қарсы келе алмаймыз…Сонда да қазіргі адамдар азық-түлік пен шам,шырақтар алып,дайындалып жатқаны түкке тұрғысыз…Есі дұрыс адам ондай іске бармас..егер шынымен ақырзаман болса алған тамағы мен шамы құтқаратындай….

  2. Бәрі бір Аллаға мәлім! Ол үшін байбалам салудың қажеті жоқ деп ойлаймын!

  3. Расында да, қызық екен!.. Ақырзаман түбі болады, бірақ бүгін ертең емес шығар? бәрі де бір Алланың қолында…Дегенмен, Құдай сақтасын…

  4. Апат айтып келмейди демей ме казак атамыз. Ақырзаманның болуы да болмауы да Бір Аллаға белгілі емес пе?Олай болса жәй пенденің болады болмайды деп айтуы дәрменсіздік болар. Атың шықпаса жер өрте демекші,ащы саясаттың пиар ретінде шығарған кинотуындысына біз неге сенуіміз керек.Еліміз бейбіт өмір кешіп жатқанда Айгерім ханымымыз айтпақшы,байбалам салып,халық құлағын көтере бергеннен не табамыз?Ойланайық…….

    Апат айтып келмейди демей ме қазақ атамыз. Барі бір Алланың қолында емес пе. жәй пенденің болады болмайды дегені дәрменсіздік. Атын шықпаса жер өрте демекші ,ағылшындардың жай ғана пиар ретінде шығарған кинотуындысына біз неге сенеміз.Еліміз бейбіт өмірде кешіп жатқанда Айгерім ханымымыз айтпақшы Байбалам салып,халықтың құлағын көтере бергеннен не пайда табамыз. Ойланайык,,,,

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар