///

«Ұйқастары сай-саладан шұрқырай, түннен ағып түседі өлең жылқыдай»

867 рет қаралды

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, 1983 жылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Алтай аймағына қарасты Шіңгіл өңірінде дүниеге келген. 2003 жылы атамекенге оралды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының түлегі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының, Шабыт фестивалінің жеңімпазы. «Керағыс» жыр жинағы шыққан. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрады.

___________________

Алтай. Қыс. Сағыныш

(Оралхан Бөкеевтің рухына)

Аязына сүңгисің

Айдалада,

Жылылық бар онда бір ойламаған.

Тұмсығыңмен жұтасың,

Тұп-тұнық бір

Арқар иісі аңқиды айналаңнан.

Аяңымен ақ қырау арғымақтың,

Бедер түсіп жүзіне сан қыраттың.

Құсбегінің кешкі бір жүзіндей боп,

Батып бара жатады албырап күн.

Сезгендейін, жымыңдап түн жанары,

Балғын қыздың балтыры сыздағанын.

Жас қонаққа жаутаңдап,

Бейуақта,

Жалғыз үйдің кірпігі дір қағады.

Бір қиғылық сезімге жасап өтер,

Аяз ерні алдымен масаң етер.

Ай қылымсып ақ төсін аша беріп,

Бұлт үстіне бұраңдап жата кетер.

Не бір арман күзетте, не бір елес…

Шолпан туды, жас шопан жөніңе көш.

Ай мүйізді текеңді қасқыр жепті,

Түсіңдегі айдай қыз, тегін емес.

Ақ сүңгі етіп ажарлы қас-қабақты,

Алып қашсаң ақ түнде ақ тамақты.

Аппақ қарда секірген ақ қояндай,

Пырағыңды ағызып ақ қанатты.

Жүзін өбіп таулардың таңғы ызғары,

Уысында ұлпадай балмұздағы.

Бұрымында күн нұры күміс шашып,

Бұлаңдайды, бұзылмай сәнді ырғағы.

Қиялыма сипатып қауырсынын,

Құшағымда балқиды «қар қыздары».

Жылқылар

Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,

Жасынымен жан жырыңды жебердей.

Мың жанардың бірі сынды,

Еленбей,

Неге қалғып бара жатсың дегендей:

Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,

Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.

Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,

Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп

Тартып берер,

Тұяғында жанады от:

«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.

Сусылдаған жалындай бір құлпырып,

Мен тірілем,

Қанатым дүр сілкініп!

Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,

Еркін аққан ендігі жыр –

Күреңім.

Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,

Жылқылардың біле тұра мінезін…

Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,

Теңіз деген –

Түн шайқалтқан жылқылар.

Емшек сүтін дірдектетіп

Соқада,

Бір ақынға иігені шын шығар.

Емген шығар,

«Сан ғасырлық сырды айтып,

Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтіп?».

Тұлпарларға

О, далалық ғашықтық.

Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.

Қалаларды таптап өтіп,

Төрінен,

Бір-ақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!

Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.

Зар желісті пырағымдай еңіре.

Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер,

Тақымына түспей кеткен әрине ол,

Саңлақ қой,

Сағым сынды саңлақ!

Өрт-жалыннан жан-дүнием жамырап,

Тигенде әттең,

шаңға оранып артымда,

О, қу жалған қалар еді-ау аңырап…

Сурет

Жалғыз үй таудың ішінде,

Алтайды ақ қар жабатын.

Тек анам жаққан түтінге,

Жалғанып тірлік жататын.

Меңіреу еді әлгі күй,

Білмейді ешкім мендей көп.

Жапанда сол бір жалғыз үй,

Жататын жалғыз меңдей боп.

Ержетіп қара сирағы,

Бесікпен ақпанда өңгерген.

Арманға беріп бұйданы,

Алыстап кеттім ол жерден.

Жыл бойы жілік сақталып,

Анам да мүмкін жүдеген.

Мақтана сөйлеп хат жазып,

Суреттер салып жіберем.

Құдіреті-ай ана жүректің,

(Елеген оны анық кім)

Достармен түскен суреттің,

Шетінде тұрып қалыппын.

Қабағын ашпай түнерген,

Көңіліне алаң секем кеп.

Мұңайыпты анам,

«Біреулер шеттетіп жүр ме екен», – деп.

Көңілінен кетпей сол бейнем,

Түсіне дағы кіріппін.

Жөңкіп жұрт,

Жыртық жейдеммен

Шетінде тағы жүріппін.

Бақыттың бізде несі кем,

Айналдым ана, сенен мың.

Ортада жүрмін отымен,

Сүтіңмен сіңген өлеңнің.

Құдайға ғана жалбарын,

Құдайсыз қу бар оңбаған.

Көремін өзім қалғанын,

Талассыз тірлік болмаған.

Ол жағын дағы ұмытпан,

Шетінен түгел айдаһар.

Түйреуге әбден құныққан,

Қызыл да қырғын найзалар.

Ортаға ап бүгін құрметте,

Итерсең итер орға әлі.

Анама салған суретте,

Ортада тұрсам болғаны.

Қазақ. Ту. Сәлемдеме

Ағамның содыр ұлы бар еді,

Алтайда қалған ауылда.

«Ерлігін» естіп отырам әлі,

Тілдессем туыс-бауырға.

Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,

Тентектігіне басатын.

Қысық көздермен,

қырғиқабақ боп,

Қырылысып кеп жататын.

Қырда өскен мығым біртоға бала,

Төбелес десе түрленер.

Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,

Рөлін сомдап жүрген ер.

Өткенде соның бір сөзін естіп,

От жүріп өтті денемде.

«Қазақстанның туы бар телпек,

Алып келсін», – депті келерде.

Төртінші сынып оқитын бала,

Мың тәтті қиял ойында…

Келген-кеткеннен естіп жүрген ғой,

Қазақ елі жайында.

Қилы да қилы ойларға батам,

Оңаша жерде отырып.

Мектепте өткен балалық кезді,

Қайта бір бастан кешіріп…

Қаптаған өзге ұлт балаларымен,

Тең тұрып өмір сүрмекке,

Көк туды қойып маңдай тұсына,

Айбар ғып соны жүрмек пе?!.

Илеуге түскен инелік сынды,

Тағдыры көңіл жасытар.

Көк туға қарап ұлыған рухы,

Кеңсірікті удай ашытар…

Өткеніндегі өрлігін айтсам,

Іштегі шерді қозғай ма.

Ұлы бабалар, ұлы қорғанды,

Уыстап тұрған кез қайда?!

Алдында оның алты басы бар,

Айдаһар сұлап жатса да,

Жұмыр жүрегі құл болмай өткен,

Құдайыңыздан басқаға.

Алаң да алаң күй кешем қазір,

Не болар екен ғұмырың.

Қазақстанның туы бар телпек,

Сұратып жүрген құлыным!

Көксерек

(Құрмаштың монологы)

Мен қанбаған иісіндей жас ананың,

Шыңғыстаудан белгісіз жел еседі.

Қыңсылатып сыртында босағаның,

Көп көремін түсімде неге сені?!

Бірге бауыр көтерген жетімегім,

Маған бұлай қадалып қарасың не?

Бедірейген қалпында екі көзің,

Қалып қойған секілді қара түнге.

Маған бұлай қарама, қайт әріге,

Бұл араны жүрсің бе пана көріп?

Мұнда тағы несіне қайта келдің,

Мен де қашып кетіп ем, дала кезіп…

Сұры қашқан сұп-суық мынау маңды,

Тұманымен торлайды аспан әлі.

Жалғыз әжем,

оның да суалған-ды,

Қос жетімді көрмейді қос жанары.

Жалғыз жортқан жолыңда жараланып,

Түсімде, иен ұлисың аңғарларда…

«Уылдырық шашады қара балық,

Қапалақтап іңірде қар жауғанда».

egemen.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі