///

Құқықтық көмек интернет арқылы жүргізілмек

580 рет қаралды

Келешекте Қазақстан халқы толығымен ғаламторға «кетеді». Мемлекеттік мекемелер, шенеунік кеңселері, әкімдіктер, ХҚКО-лар алдындағы «кезек» атаулы тарихқа айналады. Адамдардың барлығы мемлекеттен керекті құжаттарды ешқайда шықпай-ақ, үйлерінде отырып алады. Осы іс «Электрондық Үкімет» аясында жүзеге асырылып жатқандығы мәлім. Енді мемлекет елге құқықтық көмекті және құқықтық насихатты да Интернет арқылы белсенді жүргізуге кіріспек. Бұл хабарды Парламентте Әділет министрі Берік Имашев хабарлады.

Нұрлан Нығматулиннің төраға­­­лығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутаттар «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» және оған ілеспе – қос заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. «Қазақстан Конституциясының 13-бабына сәйкес, білікті заң көмегін алуға әркімнің құқығы бар. Заңда көз­делген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Осы заң жобасы аталған салада болған олқылық­тардың орнын толтырып, оны айқын бірыңғай жүйеге келтіреді» деді министр Б.Имашев.

«Заң жобасы қабылданған жағдайда мемлекет кепілдік бер­ген заң көмегін қала тұрғын­да­рының алуына мүмкіншіліктері мол. Ауылдық жерлерде, ауыл тұрғындары мемлекет кепілдік берген заң көмектерін қанша деңгейде және қанша түрінен ала алатындығын көпшілігінде біле бермейді. Осыны қалай ұйым­дастырмақсыздар?» деп сұрады депутат Ж.Ахметбеков. «Қазір «Электрондық Үкімет» бар, сайт бар, оған әрбір адам кіруіне болады. Соған жүгініп, өзіне қажетті ақпаратты, құжатты алып жүргендер арасында ауылдықтар да бар» деп жауап қатты Берік Мәжитұлы. Бірақ қалаулы алыс ауыл тұрғындарында ғаламторға кіру мүмкіндігінің жоқтығын алға тартты. «Бұған енді әділет орган­дары кінәлі емес шығар? Қай жерде телефон не ұялы байланыс бар, сонда Интернет те болуға тиісті» деді Әділет министрі, әйткенмен жағдайды түзеуге септесуге уәде етті: «Мен сізге жазбаша хабар берейін. Ком­муникациялар министрлігімен сөйлесейін».

– Мемлекет кепілдік беретін заң көмегі білікті болуға, яғни деңгейі, объектісі, ауқымы, са­ласы бойынша толыққанды және әралуан болуға тиісті, – деді депутат Галина Баймаханова. – Басқаша айтқанда, нақты өмірлік жағдайда нақты адамға нақты көмек көрсетілуі керек. Осы орай­да Интернет ресурстарын пай­далану өрісінің кеңейіп отыр­ғандығы, оның құқықтық көмек көрсетуде және тұтастай алғанда, қоғамның құқықтық сауат­тылығын арттыруда қолданылуы қуантады. Бірақ ғаламтор арқылы көрсетілетін заң көмегі қан­шалықты толыққанды?

– «Электрондық Үкімет» бағ­дарламасы соңғы 3-4 жылда бел­сенді іске асырыла бастағандығын ескеру қажет, – деді министр
Б.Имашев. – Заң көмегі де осы бағ­дарлама аясында жүзеге асы­ры­луда. Іс жүзінде, «Электрондық Үкіметке» жүгінетін адамдардың көбісінің сұрақтары, мәселелері құқықтық сипатта болып келеді.

Бұл ретте министр қаралып отыр­ған заң жобасының осыған қатысты жаңалығы да барлығын хабарлай кетті: «Мемлекет кепіл­дік берген заң көмегі туралы» заңының жобасы «барлық мем­лекеттік органдарды өздеріне өтініш жасаған кез келген тұлғаға өз құзыреттері шегінде құқықтық ақпараттандыру түрінде тегін заң көмегін көрсетуге міндеттейді»! Рас, қолданыстағы азаматтардың шағымдарын қарау туралы заңына сәйкес, бұған дейін де меморган­дар халықтан ғаламтор арқылы келіп түсетін арыз-шағымдарды қарай­тын. Сосын көбіне жалтарма жауап беріп, өзге органға жылжыта салатын. «Енді органдар интер­нет­тік шағымдар бойынша өз құ­зыреті шегінде тегін заң көмегін беруге міндетті, – деді Әділет ми­нистрі. – Әрине, бұл үшін ре­сурстар талап етіледі. Өйткені сайтты ұстап тұру керек және басқалар».

Б.Имашев меморгандармен Интернет арқылы «сөйлесуді» қалайтын қазақстандықтар қатарының күрт артқанын айтты. «Бізде 2011 жылмен салыстыр­ғанда, 5 есе өсті! – деді ол. – Біз «Электрондық Үкімет» аясында барлық келіп түскен сұрақтарға жауап беріп келдік. Менің «ми­нистр блогына» сауал түсті ме, мен оған түсініктеме беремін. Сосын іс жүзінде ол әрине, «ресми түсініктеме» сипатына ие болады. Сондықтан біз қазір бір шешім қабылдадық: оған сәйкес, енді Әділет министрлігі сайтта тек қабылданған заңдар аясында және өз министрлігінің құзыреті аясында ғана жауап беретін болады!» Оның айтуынша, басқа ведомстволар да осылай жауап­кершілікті арттыруда екен.

Әділет министрі депутаттарға «Электрондық Үкімет», ве­домство­лық сайттар және басқа да интернет-ресурстар арқылы мемлекеттің едәуір құқықтық көмек көрсетіп отырғандығын» хабарлады. «Жалпы, «Элек­трондық Үкімет» шеңберінде 236 интерактивті және транзак­циондық қызмет көрсетулер ұсынылады, – деді Әділет министрі Берік Имашев, – мұның 108-і – лицензиялау порталында іске асырылады. Қазірдің өзінде Әділет министрлігі «Электрондық Үкімет» порталы арқылы элек­трондық форматта 38 құқықтық сипаттағы қызметті көрсетеді».

Google Analytics-тің ресми де­ректеріне жүгінген Берік Мә­житұлы «2011 жылдың өзінде ғана Әділет министрлігінің сайтына 322 мың 624 адам кіргендігін жеткізді. «Ал 2012 жылы 1 мил­лион 665 мың адам кірген! Яғни жылдық көрсеткіш бес есе өскен. Осы ретте ақпарат тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, басқа ел тұрғындарын да қызықтырады» деді Б.Имашев.
Бүгінде әлемдегі озық тәжі­рибелер зерттелуде. Бұл жерде тіпті алысқа бармай-ақ, көрші Ресей құрамындағы Татарстанның үлгісін қарастыруға болар еді: бұл республикада бүгінде кейбір сот істерін виртуалды режимде өткізу қолға алына бастапты. Татар­лар­дың айтуынша, осылайша, айып­тыларды сот залына жеткізу сияқ­ты тасымалдық, ұйымдас­тыру­шы­лық және басқа шығындар үнем­деледі екен. Бұл жүйе дамыса, тіпті сот залдарының қажеті бол­май қалуы мүмкін. Әйткенмен бұл – әзірге алыс болашақтың ісі.

Сот ісі демекші, негізгі жобаға ілеспе заң жобасы арқылы қол­даныстағы «Адвокаттық қызмет туралы» заңының 6-бабы жаңа редакцияда қайта жазылмақ, онда «адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есе­бінен жүзеге асырылатындығы» нақты көрсетілмек. «Адвокаттар көрсететін тегін заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, бос­қын немесе оралман мәртебесін алу, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектер мәселелері бойынша, бұған қоса, іс жүргізу заңнамасында көзделген жағ­дайлар мен тәртіпте өтініш біл­дірген азаматтарға қолданылады» деп хабарлады Әділет министрі Б.Имашев. «Тегін қорғаушыдан» енді осылар да үміттене алады.

Айхан ШӘРІП, aikyn.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі