///

Кім жазықты: Ақан ба, Балқадиша ма, «Жігіттер» ме?..

4398 рет қаралды
1

Ақан серінің әйгілі әнінің бірі – «Балқадиша». Сұлуларға әнмен қойылған ескерткіш көп, бірақ дәл «Балқадишадай» төрт тарабы түгел ән некен-саяқ. Бұл ән жайлы деректер мен аңыздар жеткілікті. Бұл –  Ақанның жасы еңкейген шағында шығарған бірегей әні.

aАқан бірде ел аралап келе жатып, Арқа өңіріне аты жайылған Ыбырайдың ауылына келіп түседі. Ауылда шілдехана тойы болып жатса керек. Бай ауылы серіні құшақ жая қарсы алғанымен, оның маңына ешкім жолай қоймайды. Себебі, бұл Ақанның ер қанаты Құлагерінен айырылып, жары Ұрқия бақилық болып, қасірет тұманына батқан, елден көңілі суып, тау сағалап кеткен мезеті еді. Ел арасында «Ақан жынданыпты», «Сері жынмен әуейі болып, перінің қызымен үйленіпті-міс» дейтін суық сөз де сумаң қағып, елден елге жайылып, серінің сергелдең тағдырына «күле» қарайтын қауымның күдігі күшейген екен. Сол шілдеханада Ыбырайдың ерке қызы Қадиша елден именбестен, «Сері-ағамның жанына мен отырайын» деп, оң жағына жайғасады. Бұла қыздың бұл қылығын әбестікке жорыған ағалары екі жеңгесін жіберіп, қызды шақырғанымен, Қадиша серінің қасынан кетпейді. Ағарып таң атқанда қоштасар сөздің орнына Ақан өзінің «Балқадиша» әнін шырқайды. Сері мен кербез сұлудың арасында қимастық сезімі буырқанып, бұл ән ел ішіне лезде тарайды. Кейбір деректер бойынша, әннің алғашқы мәтіні 90 шумаққа дейін жеткен көрінеді. Ақан құз-жартастарды паналай жүріп, ұзақ зарлы толғауын күн-түн демей шырқаған деседі. Әннің «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» дейтін жолы бар. Ал, өмірде Қадиша өзінің тұстасы, көңіл жарастырған жігіті Сүлеймен деген кісіге тұрмысқа шығып, 1953 жылы қайтыс болған.  Сүлеймен мен Балқадиша үш қыз, екі ұл сүйген.

Ән заманаларды көктей өтіп, небір жезтаңдайлардың орындауымен бізге жетіп отыр. Қазір бұл әнді мың құбылтып, әуені мен сөзін әртүрлі мақаммен орындайтындар да көбейді… Бірі әннің мәтінін бұзса, екіншісі сөздердің айтылу-дыбысталу ерекшеліктерін ескермей, «заманауиластырып» жіберген.

Біз «Мың ән» жинағына енген Берік Омаровтың орындауындағы нұсқа мен «Жігіттер» «жіліктеген» жаңа мәтінді қоса беріп отырмыз.

Жаңа заманның «серілері» әуелгі мәтінді ойларына келгенше бұрмалап, өздері «өзгертулер мен толықтырулар» енгізген екен. Тіпті ұйқас пен ырғақтың кейбір тұстарын  ит жұлған терідей қылған.

Кім жазықты: Ақан ба, Балқадиша ма, «Жігіттер» ме?..

Ақан сері. Балқадиша

Қыз едің Ыбекеңнің Балқадиша,

Бұралған белің нәзік тал, Қадиша.

Сексен қыз серуенге шықсадағы,

Ішінде қара басың хан Қадиша.

 

Дегенге, Балқадиша, Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен тал Қадиша.

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боларсың қандай жанға жар Қадиша.

 

Басынан Жылдандының құлағаным,

Кекілін кер бестінің сылағаным.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құс жастықты жылағаным.

 

Қыз едің Ыбырайдың, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге зар Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, бар Қадиша.

(Берік Омаровтың орындауындағы нұсқасы: Аудио)

 [sc_embed_player fileurl=”http://an-kui.kz/upload/orig/audio/510014_1366037129.Omarov.mp3″]

 

«Жігіттер» квартетінің орындауындағы Ақан серінің «Балқадиша» әнінің сөзі:

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Бұралған белің нәзік тал, Қадиша.

Сексен қыз серуенге шықсадағы,

Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен, Қадиша.

 

Бұрында асау тайдай жүрген басың,

Қаларсың біздің сөзге, қарағым, зар Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, жанарым, бар Қадиша.

 

Дегенде, Балқадишам-оу, Балқадиша

Күйеуің сексен бесте шал Қадиша.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Тауында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным.

Еңіреп жылағаным, жаным Қадиша!

(«Жігіттер» квартетінің орындауындағы «Балқадиша» әні: аудио)

[sc_embed_player fileurl=” http://an-kui.kz/upload/orig/audio/893170_1366036853.mp3″]

Дереккөз: an-kui.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Жігіттер тобы тіпті орасан өзгерістер енгізіпті, олай болмайды ғой! Ақан Сері шырқаған нұсқасын (нағыз түпнұсқа деп ойлаймын естігенім бойынша) естідім, өте тамаша. Шынымды айтсам, ең бірінші Жігіттер тобының орындауында тыңдадым, теледидардан клипын көріп. Бірақ Жігіттер сонша өзгертті деген ойыма да келмепті. Мұндай қазақтың керемет әнін сол түпнұсқасында қалдыру керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар