///

Шоқан Уәлиханов туралы он томдық зерттеулер жинағы жарық көрді

1370 рет қаралды

БҰҰ Адам құқығы комитетінің кеңесшісі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің президенті Әбен (Әбдіәлі) Нұрмановтың Шоқан Уәлиханов туралы «Шоқан сагасы» деп аталатын 10 томдық зерттеулер жинағы жарық көрді.

d188d0bed0bad0b8
Бұл ғылыми еңбек 40 жылдан кейін ғана оқырман қолына тиіп отыр. Өйткені, Әбен ағамыздың әкесі ғалымның өмір жолы мен ғылыми еңбегін түбегейлі зерттеп барып, жарыққа шығаруды аманаттаған екен. Сондықтан автор осыншама уақытын сарп етіп, біріншіден, тарихты бұрмаламауға, екіншіден сүбелі еңбектің салмағын түсірмеуге бекінді. Енді бұл туындыда Шоқан өміріне қатысты тың елуге тарта мәліметтер бар. Шоқанды Ә. Нұрманов алғаш рет 1972 жылы зерттеуге кіріскен. Осылай 1989 жылға дейін жалғыз өндірте жұмыс істеген.Арадағы он жыл үзілістен кейін 2000 жылы экспедиция құрамына бірнеше адамдар тартылып, қолдағы деректердің нақтылығына көз жеткізу үшін жұмыла еңбек етеді.
«Шоқантанушылардың осы уақытқа дейін жарық көрген жүздеген еңбектерімен және ғалымның мұрасына арналған 150-ден аса ғылыми-конференциялардың материалдарымен танысып шықтым. Содан кейін оның өмірін еңбектері арқылы ашуға тырысып, бұған дейін белгісіз және күмәнді болып келген бірқатар жәйттардың жай-жапсарын ашуға қол жеткіздім», – дейді Әбен Нұрманов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұқбатта зерттеу еңбегіне қысқаша шолу жасап.
Шоқан туралы тың ғылыми еңбектің болуы заңдылық. Ол жөнінде әлі де зерттеле берері сөзсіз. Дегенмен, кезінде Әлкей Марғұланның да Шоқан өміріне қатысты біраз зерттеу жүргізгенін жоққа шығара алмаймыз. Соның нәтижесінде 1657-1967 жылдар аралығын қамтыған Ш. Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы әзірленді. Нақты айтқанда, Ә. Марғұлан Кеңес Одағы деңгейіндегі барлық архивтерді атқара келе, Шоқан қаламынан туған 300-дей шығарманы тапқан еді. Ал 1985 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бір топ ғалымдары бес томдық шығармалар жинағын, материалдарын хронологиялық принцип жүйесінде орналастырып, қайта бастырып шығарды. Сондай-ақ, осы жылы Шоқанның ғылыми таңдамалы еңбектеріне арналған қазақ тіліндегі екінші басылым жарық көрді.
Ғалымдар Шоқанның батыс әдеби есімдері ішінен Джордж Байрон (1788-1824) мен Генрих Гейнені (1797-1865) құрмет тұтқанын айтады. Өйткені, ағылшын ақынының шығыс тақырыбына жазған поэмалары оны бей-жай қалдырмаса керек. Оның назарына француз философы Жан Жак Руссоның (1712-1778) «Ғылым мен өнер жайындағы пайымдаулар», «Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығуы мен негіздері жөніндегі» еңбектері ілігеді. Ол өз халқының тарихын зерттеуге де ұмтылды. Біздің қолымыздағы дерек көздерінде ғалымның Ресейдің оңтүстік-шығысынан Сібірдің оңтүстігіне дейінгі Жоңғария, Қытай мен Қоқан хандығы аралығындағы байтақ өлкеде қоныстанған халықтың атауын шатастырмауға сүбелі үлес қосқандығы айтылады. Сол кезде ақ,қазақтар мен қырғыздардың екі бөлек екендігін дәлелдеген. Ал Шоқан шығармаларының деректемелік негізі Геродоттың «тарихы» мен «Византия жылнамаларынан» бастап XIX ғасырдың орта кезіндегі батыс саяхатшыларының еңбектеріндегі қазақ, қырғыз, ноғай, өзбек, түркімен, ұйғыр халықтарына қатысты барлық мағлұматтарды қамтиды.
Ғалымның феодалдық-крепостниктік пікір аясынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілгенін кезінде бірқатар оқымыстылар мойындаған көрінеді. Мәселен, Н. М. Ядринцев Шоқанның өз халқын жанындай жақсы көргенін, батыс әдебиетіне де зейін қойғанын айтады.
Шоқанның кезінде көшпелі тайпалар туралы деректер өте кемшін болды. Бұл жөнінде ғалымның өзі де былай деген еді: «Көшпелі тайпалардың және жазу-сызуы болмаған жалпы халықтың тарихи фактілерге емес, жартылай ертегіге ұқсас аңызға негізделген, сонымен бірге тек қытай мен шығыс тарихшыларынан алынған, бір-біріне қайшы, бұлыңғыр… түрде жетуде, осылайша олардың көне заманғы тағдыры талай сыр түйген жұмбақ күйінде қалуда».
Солай бола тұрса да, Шоқанның тынымсыз ізденісі нәтижесінде «Қырғыз шежіресі», «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыздары» және тағы басқа еңбектері көпшілік қолына тиді. Сол арқылы өткен тарихты қал-қадірінше көрсетуге тырысты. Мысалы, «Жоңғария очерктерінде» Іле аңғарында отырықшылықтың жақсы дамығаны мен Ұлы Жібек жолының сауда керуеніне айналғаны жазылады.
Біз жоғарыда Әбен Нұрмановтың Шоқан Уәлихановқа қатысты он томдық зерттеулер еңбегін жарыққа шығарғанын атап өттік. Ал жыл сайын ғалымдарымыз Шоқанға қатысты түрлі деректерді басылым бетінде жариялауда. Соған қарағанда ғалымның еңбегін зерттеу әлі түбегейлі аяқталмаған секілді. Себебі, Шоқан да өз еңбектерінде кейбір мәліметтердің анық- қанығына жету мүмкін болмағанын айтады. Демек, оны зерттеу алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Әмірхан Алмағанбетов,
«Егемен Қазақстан».

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі