////

Бақытбек Бәмішұлы: Ғашықтық құпиясы

1568 рет қаралды
6

P075-075-000-311-13046Ғашықтық құпиясы

 

(аңыз ізімен әңгіме)

Қаған ол жаққа бет бұрмастан ордаға келді. Алтын құмандағы аршалы қоңыр сумен асықпай жуынды. Қақпа алдына аз аялдады. Сәулетті, еңсесі биік ордаға енді. Бөрте ханым орнынан тұрып, сәл шегініп таңғы асқа келуін тек ишарамен ғана сездірді. Ақ дастархан жайылып, шағын ғана дәм тұз, шай келді. Бояуы қою, қойдың сүті қосылып, сарлықтың қаймағын қатып, қалампырмен демдеген шай.

Қағанның көп жылдардан бері көңілі жайланып, көсіліп отырған шағы биылғы көкектің күндері еді. Алайда, Бөрте ханым осы бір мазалы  тірліктің де ғұмырының тым шолақ екенін қағанның қабағынан аңдады. Оның ішкі әлем тыныштығын бұзған көлденеңнің киліккені көрініп тұрды. Ол сыртқы дүниемен емес, керісінше осы төңіректе, орда маңайына байланысты  оқиға екенін де білді. Егер, қағанға алаң салар қандайда бір оқиға ордадан тыс, ошақтан алыс Ұлыс, Ұлы Моңғол тағдырына қатысты болғанда ол қара тастай түнеріп Бөртені қасына алып отырмас еді. Таңда отырған төбенсінен түспей табан астында, тап сол жерде, шапсаң ойланып, шалт қимылдап, тез шешім шығаратын. Ал мынау орда төңірегіндегі іс Бөртенің өз басына төнейін деп тұр. Оның арты алыстағы жауға шапқаннан да қиын. Сондықтан сөзді өзі бастады Бөрте ханым:

– Хан ием, қабағыңдағы кейістің неден екенін айта отыр. Кінә бізден болса, көңіліңізге келген түйткілдің түйінін шешпесек, қылша мойынымызбен көтереміз. Жұртыңнан болса жұмырығыңнан шыққан ешкім жоқ, жұмыла бөлісерміз, қара бұқараңнан болса қалың әмбие, әулиелеріңмен ақылдасарсың. Ал Көк Тәңірінен болса, қайтеміз, көнеміз,– деді іркілместен.

Қағанның көз алдына әлгіндегі сурет келді…

Әдеті. Арғысы, анау арғы ғұң ата-бабасынан, мұндағысы мына түрік тегінен: Таң нұрымен төбе басында қауышып, күн көзімен қыратта тұрып қоштасатын.

Таңның алғашқы әппақ шапағына аймалатып, ақ нұрға жуынып, шымыр самалмен салқындап, ара-тұра көзін жұмып, қызыл сары жүзін әдемі көкке қаратып, көз алдына алуан түсті жібек сәулелерді ойнатып ұзақ мүлгіп, ұзақ ойланып, оңына бұрылып, енді мынау күн қарасынан ұмтылған тұңғыш ұшқындарын қарсы алуға әзір қаған Шыңғыс апай төсін мол ашып, өң бетін шығысқа қаратып жиі оралатын хан тұғырына айналған қара таста отыр еді. Назарын хан ордасынан оңаша тігілген кіші ордадан шыққан сұңғақ бойлы күнжінің1 жүрісі бұзды. Ол керіле басып кеп, түнімен таңасырып, аз жайылтып әкеліп байлаған кермедегі кер дөненге жақындап, аяғын үзенгіге андайдан салып мінгенде қаған орнынан оқыс қозғалды. Тұла бойы шымырлап, денесі қызып, қос тізесінің үстінде жайулы бос жатқан алақандары лезімде жиылып, жұмыла қалды. Баяғыда, Өлүн әжеден туғанда жұмырығын тап осылай түйіп туған шығар. Аш бүркіттей шүйіліп күнжіге және көз салды. Көз алдында жарқ-жұрқ найзағай ойнап ана қыздың үстінен жасын түскендей болды. Кер дөнен оқыс пысқырып, теңселгендей көрінді. Үрікпеді. Егер үріксе үстіндегі қыз ауып түсер еді. Қаған көзінің алдын оң қолымен қағып, өңірін сілкіп жіберді. Қыз әлсіз шайқалып, ілгері лоқып тоқтады. Құлағы шыңылдап, үн естігендей селтиіп тұра қалды.  Айланбады, сол бойы жіті тебініп, дөң асып, далдаға түсіп кетті.

– Е, ол өзіміздің қыз ғой. Таң ата серуендеп жүріп қайтатын дағдысы бар екен. Бейшора бала, бүгін неғып жолыңызды кесті екен? Ерте тұрушы еді. Сонша мазаланғаныңыз не? Әлде, мен сөзіңіздің астарын аңғара алмай отырмын ба? Ерте тұрса, тұқымына тартқаны несі сөкет, хан ием?

Қаған ханымға қарай сәл бұрылып сөйледі.

– Қартайған сайын қырағы болып барамын ба, әлде сенің үйіріңнің ұяты қожыраған ба, менен гөрі сен жақсы білесің. Әлде сенің жібің босайын деген бе? Мынау әулеттің бүкіл тағдыры сенің қолыңда ма, әлде… – Қаған осылай деп іркіліп,– анау бес-алты күшіктерің иесіз кетпесе игі еді,- деді.

–        Хан ием, о не дегеніңіз, бәрінің де іс-әрекеті менің алақанымда.

–        Ендеше ханым, сол алақаныңа дұрыстап бір қарашы. Не көрінер екен,– Бөрте ханым тосылып қалып еді, қаған өзі сөзін жалғап әкетті:

– Сен бір шаңыраққа ие болмасаң, мен бүтін ұлысты қалай ұстаймын?! Мына шаңырақ бүтін бір ұлыстың алтын діңгегі емес пе? Берекенің басы, ұйтқы, мәйегі емес пе? Ал мыналар менен қалған елге қайтіп ие болады?! Сен қораңдағы қозыны жамыратсаң, мен сырттан анталаған жауыма қалай тойтарыс беремін?! Сен отыңның басындағы ұлыңның ер жетіп, қызыңның бой жеткенін аңғармасаң, мен қыр астынан қылтиған жебенің ұшын қалай көремін?!– деп тоқтаған Шыңғыс қаған, өзінің өткен тарихын, Бөртеге қалай үйленгенін де бір шолып өтті. Баба дәстүр, ата салтын аттамапты. Әкесі Есукей баһадүр Кенді таудың басы, Бұрқан қалдуннан аттанып, Керулен өзенін кешіп өтіп, ту шығыстағы Бұйра көлдің бойындағы қоңыраттардан қыз айттырды. Ата-ана қалауы, ғашықтар жүрегінің алауына ұласты. Қайран әке қапияда қаза болып, қайын жұртынан қайтып оралғаны есіне оралды. Содан қаншама жылдар қалыңдығына қолы жетпей зар болды. Бөрте де батысқа қараумен балғын жастығын өткізді. Қағанның ойы енді тіпті тереңге кетті. Арысы Кер марал, Бөрте чино заманынан берісі өзіне дейін алтындай-алтындай қыздарын алыс-алыс аймақтарға аппақ, кіршіксіз күйінде ұзатыпты. Ал мына күнжінің жүрісі жаман…Көргенін бастан аяқ баяндай келе:

– Жүрісі шалқақ, аяғын көсіп басады,– деді қаған үнін қатайтып.

– Құдайым сақтасын. – Бөрте ханым шошып кетті. Аузын басты. – Еркешоралау еді ғой, тәкаппарлық һәм кербездік болар.

– Жоқ, көсіп басады, маңғаздық емес, мамырлай жүріп, атқа жақындап, жабыса түспейді. Аяғын үзеңгіге анадайдан орағытып ілді.

– Шүбәсіз болды, ханием. Кешірегөр. Ел көзіне еленбей тұрғанда хан ием, өзім…

–        Терге… Текте, тый! Көптің көзінше көзін құрт!

–        Екі етпеймін сөзіңді.

Бөртенің немере қызын байыбына бармай тұрып, өз қолымен бауыздап тастауға батылы бармады. Әуелгі сұраққа шібікшін2, күтуші қатындар ілігіп, олар Бөртенің алдында қан сиді. Күнжінің ар-ожданының екі дүниеде ақ һәм адалдығына ант берді. Ала жіпті аттамағанын айғақтап шырылдады. Шындықтан оттары шырадай жанды.

– Көздеріңнен таса, яки ымыраға біріккен болсаңдар, үшеуіңді бірдей қосақтап қойып суға ағызамын. – Бөрте ханымның күтушілерге айтқан соңғы сөзі осы болды. Күтушілері күнсіз күркеге қамалды.

Бір күні күнжіні шашы таралмағанына біраз уақыт болғандай дударланған, желбегей шапанды қара қатын жетектеп Бөрте ханымның алдына әкелді.

– Сен шығып тұр! – Қара қатын лып етіп қозғалып, лезімде жоқ болды. Қос тізерлеп бүріскен күнжінің бет әлпетінде қан-сөл жоқ. Бөрте ханымның бетіне тіктеп қарамай, тек қабағының астымен оның омыраулығынан төменгі тұсты ғана ажыратып отыр.

– Неге шақырғанымды сезесің бе?

– Менде көріпкелдік те, сәуегейлік те жоқ қой. Бірақ, мына қара қатынның маған тік қарап, тістеніп, көзімен атып, білегімнен қатты қысып ұстағанына қарағанда менен бір мін тапқан тегі.

– Ендеше сол мініңді өзің де білетін боларсың?

– Ақиқаттан басқа айтарым жоқ, ақ әже.

– Сол ақиқатыңды айт.

– Нені меңзейсің, ақ әже?

– Сен жалғыз емессің.

– Шын болса, екеуміз.

– Ол кім?

– Сен оған сенбейсің.

– Мені алжастырғаныңмен, Көк Тәңірді, Көк Тәңірдің өзі алқаған Хан Әкеңді алдай алмассың, қызым.

– Бәрі де сол құдыреті күшті Ұлы Тәңірдің қалауы болды ма деймін.

– Тәңірге тіліңді тигізбе.

Қаған әулетінің арасында адамның нұрдан жаратылуы туралы аңыз жиі айтылатын. Бөрте ханым күнжінің осы нұр туралы әпсананы ақиқатқа айналдырып, ойынан аңыз құрап отыр деп ойласа да, кәміл сеніп, енді оның бойынан Тәңірінің қалауына ілігетіндей қандай өзгеше қасиет барын іздеп әуреге түсті. «Хан ұрқына тән сұлулық жұпары аңқып тұр. Бір Тәңірі тән сұлулығынан гөрі жан сұлулығын ұнатпас па? Ақылды адам арлы. Ақылсыз адам зарлы болмас па. Ал мынау жанымды қи деп зарламайды. Тәнімді ал деп те өзеуіремейді. Ақиқатқа арқа сүйеген кемел адалдықты кепіл етіп ұстанған екен. Адамның түріне, түсіне үңілгеннен не шығады қапияда, түнек түбіне, көкей көзіне көз жетпегеннен кейін».

–  Айта ғой, Тәңірдің қалауы қалай болды, соны айта ғой.

– Айтқаныммен сен сенбейсің демедім бе?

– Барлық құпия күдік тудырады. Шыныңа неге сенбейін. Менің де іздеп, көксеп күткенім сол емес пе. Әйтпегенде, хан әулетіне, қақан сүйегіне қандай таңба түскенін біле ме екен, бұ бейбақ.

– Мен жазықты емеспін!

– Ұялсын деп қызға береді.

– Олай емес. Білем. Өзім ғана.

– Өзің ғана білсең, менен сыр жасырсаң, қара қан басыңа қандай жаза бұйыратынын білемісің?

– Сол бір әпсананы мен ойлап тапқаным жоқ. Мына кейпім өзімді де жынды қылып бітті, ақ әже. Сен сенбейсің. – Күнжі жылап отыр. Көзінің жасы көкшіл шапанының етегіне тамып, тез сіңіп кетсе, тап сол жайылғн нүктеге тағы бір тамшы тамады. Күнжі әпсананы аузына алғанда Бөрте ханым өз ойының да бұра тартпағанына сеніп қап, өзін тежеп, ұстамды, мейірбан мінезіне басып, шаңырақты нұсқады:

– Шаңырақтан, жоғарыдан, әлде не, ақ сары, иә, ақ сары сәуле енді ме?

– Жоқ. – Күнжі төмен қараған бойы басын шайқады.

– Сағым, былай, мүмкін сәуле, жарық, айсыз түнде, мүмкін таңда. Мейлі қай уақ болсын, қараңғыда,– Бөрте ханым қос қолымен ауаны шеңберлеп көрсетіп,– іші бауырыңды жылытып. Аңыз әпсанада, әлгі біздің әулеттің құпия шежіресінде айтылатын.

– Көрмедім.

– Тәтті ұйқыда жатып байқамай да қалған боларсың.

– Ұйықтап жатамын ғой.

– Әрине, ұйықтап жатасың, бірақ, көңілің ояу, дұрыс түсінбедің-ау, құлыным.

– Ол шежірені сізге баяндап берейін ме?

– Сұрап отырғаным ол емес қой.

– Ақ әже, қолыңнан бәрі келеді ғой. Қорламашы, мен жынданып кетсін демесең,  қорқыратып бауыздап сал!

– Жап! Жап аузыңды. Екінші ондай сөз естімейтін болайын. Не істейтінімді мен білемін, не жасағаныңды сен айтасың.

– Тілеп алғамын жоқ. Бақсыларыңа байлат, домшыларыңды әкеп домалат. Бәлгерлерің бар ғой, ішірткіңді ішкіз. Түсіріп таста!

– Тарт!.. Тарт тіліңді. – Күнжі егіліп жылады. Бөрте ханым, қолындағы алтын басты шұбар таяғымен түртіп, басын кері бұрып би деді:

– Ол – қылмыс. Тәңір алдында күнәһар бола алмаймын. Мынау естен танарлық оқиға ғой, қарағым! Естен тандырарлық!

– Естен тандырарлық дейсіз бе?

– Ақыл есті алған. О құдыреті күшті, ием!

– Иә, ақ әже… Болды!

– Не болды!

– Естен танарлық нәрсе болды. Бірақ оның, бұған еш қандай қатысы жоқ-ау деймін. – Күнжінің жүзіне болымсыз қан жүгіріп, ақ беті алауыратқандай нышан берді…

Талай жылдардан бері хан тұқымының түгелге жуық бас қосқаны осы-ау. Бір-біріне жат болып кеткен ағайын-туыстар табысып, танысып, ат аяғы әмір таппады. Сондықтан болар биылғы жылдың басы – шағанды Шыңғыс қаған әулеті ерекше тойлаған. Қаған ордасының қарсы алдындағы күміспен күптелген көк тіреген бейтерекке келіп, тағызым етіп, оның қос шүмегінен сорғалап тұрған тұнық су мен бал қымыздан хан мен нояндар тұқым-жұрағаты ғана емес қара халық пен қаңғыбас кезбелер де келіп дәм татуына ерік берілген.

Қарақорым қаласының маңайы қары қалың, аязы күшті қыстың қаһарына қарамастан қан базарға айналды. Үш күн, үш түн айттап, ішіп-жеген халық енді тойлауға кіріскен. Қала іргесінен әудем жердегі Орхон өзенінің үстіне садақшылар симай кетті. Көк сүңгі жебелер көк аспанды көктей түйреп келіп көк шақа мұздың бетіне тізілген жұдырықтай қайыс доптарды бірінен кейін бірін домалатып бел асырады. Сұр мергендер қаған алдына келіп етегін тосып тұрып толтыра салған сый-сияпатқа қарық болды. Аламан бәйгіден бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын, қағанның жүрісі жырға айналған қос қызылы қара үзді. Ал түйе жарыстан түмін елдің көз жауын алған, шудасы жер сызған Құбының құмының Ақбас атаны алдымен келді. Екі өркеші баладай, бурадай жарған ақ атан ақ орданың алдына шөгіп, қағанның өзіне қалы кілем жаптыртты. Кезек арыстарға түсті. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген шетінен бура сан, бұқа мойындар. Бұлшық еттері бұлтыңдап, балпаң-балпаң басқан өңкей апай төс. Жалаңаш еттерінен булары бұрқырап жасаушының3 иығынан нығарлай басады. Ақ қар, көк мұздың үстінде ақ бұрқақты аспанға атып, арландарша алысады. Ара-арасында қолдарын құс қанатындай кере жайып, құбылта қағып, айбат шегеді. Талтайып тұра қалып, қос тізесін тіреп барып, шарта-шұрт сандарын шапалақптап шыр көбелек айналады. Әсіресе оң қапталда балуандардың алды болып сапта тұрған нар жігітке күнжінің көзі бірден түсті. Қыр мұрынды, қияқ мұртты, буыршындай бұлқынған балуанның әр қимылы өзіне арналғандай күйіп-жанды. Қараса көз тойғысыз сұлу мүсін. Құрыштан құйғандай шымыр әрі ширақ. Дене бітімнің әр нүктесіне дейін күнжінің көкейіне жазыла берді. Әр қимыл жан өзегін өзіне тартады. Ол қолын жайып балуанға тән билеу рәсімін жасаса құды өзіне қарай құшағын жайып ұшып келе жатқандай күй кешті. Тап қазір құшағыма ен десе, қалың көзден қаймықпастан, жасқанбастан енер еді. Көз жұмса көз алдында билеп тұр. Ары қараса алдында билеп тұр. Қас-қағым сәтте ойымен аймалап, құшып, сүйіп үлгірді. Қышқылтым иіс кесірігінен еніп алпыс екі тамырын жібітіп, исіндіріп жіберді. Еіксіз көзін жұмып, екеуі мына аппақ қарға аунады. Үстінен жанши басқан ауыр салмақты жібермей, қыса түсіп, тапжылтпай жатқан үстіне жата бергісі келді. Бір қараса ол, әне, тағы бір көк арланмен алысып жатыр екен. Күнжі ауыр күрсінді, жүрегі өрекпіп, көзіне жас үйірілді. Топтан шығып, жүгіре басып,  өзіне арнайы тігілген отауға келді де, жатып қалды. Жай жатқан жоқ, жылап жатты. Өксіп жылады. Жылап жатып әлгі жігітпен тағы аймаласты. Тағы… тағы… Міне содан бері де үш ай өткенде қаған әкесінің көзіне түсті. Жан баласына ашпаған жан сырын қаған әкесі дөп басты.

– Сен осыған сенесің бе, айтқыздың ғой, сен осыған сенесің бе? Бар болғаны осы,– деді күнжі әжесіне. – Бар шыным бұл, алам десең басым мынау, кесем десең бұрымым мынау. – Ауыр күрсінген Бөрте ханым жас, балауса күнжіні аяп кетті. Әлгі нұр әпсанасы енді көз алдында аппақ қардың үстінде алысып жатқан қос арланға, одан адамға айналды. Аз уақыт үнсіз қалып тылсым сырдың әсері сәл-пәл сейілер шақта күнжіні шақырып, бауырына басып, төбе шашынан иіскеді.

Бөрте ханым шешім шығаруға асықпады. Тек, күнжіні қаған көзінен аулақта ұстап, ай-күнінің ақырын күтті. Содан алты ай өткен, бір күні таңға жуық күнжінің тасаға түсіп кеткенін көрген күтуші қыз-келіншектер де өкпесін қолына ұстап жетті. Күнжі белегірден сәл ғана асып, арғы жағындағы тобылғылы төске іліне бере босанып үлгіріпті.

– Э, Хөх тэнгэр минь, Тәңірім менің, кіндігімен жатыр ғой!

– О, жасаған-ай, тірі ме өзі, талып қалған-ау!

– Бол!

Егде қатын қу тобылғының сабын қармап алып, сындырып, екіге бөлді де нәрестенің кіндігін шыңғырта қысып тұрып қонышындағы кездікті шығарып кеп, қиып жіберді.

– Жай етегіңді, ал баланы,– деп нәрестені шырқыратқан бойы жастау күтушінің етегіне аунатып тастай берді де аңырып тұрып қалды.

– О сорлы?

– Талықсып кеткен шығар.

– Тамыры да білінбейді. Е, сорлы? Байқұсым-ай, байқұсым-ай!

– Не болды?

– Адам болмайтын адам-ау, тегі.

– Құдай сақтасын! Жастау күтуші шошығанынан қалтырап кетті. Жалма-жан шапанын шешіп нәрестені орап бауырына баса берді.

– Бұрын соңғыда бұндай болып па еді? Қорқып тұрмын.

– Бұ қорыққаның түк емес! – Егде қатын алақанымен жерді дүрс еткізіп бір ұрып, оның жүрегін аптай салып, сұлап, сұлық жатқан күнжіні бетінен қаға күбірлеп жүр.

–        Бөрте ханымға не дейміз. Баққанымыз жалғыз күнжі, оны өлтірдік.

– Біз өлтіргеміз жоқ қой.

– Енді кім өлтірді.

– Өзі ғой.

– Саған айды қаратып қойды ма? Албасты! Жаттың ғой, ұйқыдан өлгендей! Қара басып ұйықтап қалыпсың!

Басын беруге дайын күнжінің күтушілері Бөрте ханымның алдына әуелі ақ сазандай ұлды көлденең тартты.

Бөрте ханым алтын ұрықты аталатын хан тұқымының алтын шежіре аймағында кезігетін нұрға қатысты әпсанаға сенгені сондай, тіпті күндердің күнінде дүние әлемді дүркіретіп, көк әлемін күркіретіп сондай бір асыл бекзаданың өмірге келетініне де шүбәсіз еді. Сондықтан мына күнжіні күн қып көтеруге де дайын болатын. «Япыр-ай, хан әкесінің көзіне бекер түскені-ай» деп күңіренетін. «Көзі өтіп кетпесе игі еді». Жаратқаннан күнжісінің жанына саулық тілеп жалбарынған. Нұр әпсанасына әбден иланған Бөрте ханым «нұр текті» ұлға неше мәрте бас иіп алақанын тосып бауырына басты.

Бөрте ханым кірпік ілмеді. Күткен нұрдан жаралған баласының хабарын қаған әкеге қалай жеткізудің амалын таппай қиналды. Үш күн, үш түн ойланды. Төртінші күні түн ортасында ұйқылы ояу жатыр екен «Тұр, Бөрте! Апар, ұлды, қаған әкесіне, көрсет!» деген Өлүн ананың даусынан басын көтерді.

Бөрте ханым алыс-жақындағы бақсы-бәлгерлерін, емші-домшыларын, көріпкел-сәуегейлерін шақырды. Бақсы-бәлгерлер төрт түстікті, айнала төңіректі, үй ішін, нәрестені ұшықтады. «Күнжіні алыс қыр асырып, арулап көмді» десті. Емші-домшылар сәбиді шомылдырып, жадын сергітуге кірісті. Ал көріпкел-сәуегейлер мардымды ештеңе айта алмады. Бірақ, қазіргі сәттегі Бөртенің де көкейдегі ойын дөп басып, «нәресте нұрдан жаралған екен, алайда жас күнжі күшті қуатты көтере алмаған, күшті от ет-сүйегін ерітіп кеткен» деген тұжырымдарын жеткізуге тілдері байланып, батылдары бармай іштеріне бүгіп қалды.

Бөртенің енді қағаннан жасырар сыры қалмады. Бір кеште болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін түгел баяндап беріп, кімді жазаға тартарын қағанның өзіне қалдырды. Ал қаған оның шешімін орданың ақылгөйлерінен сұрауға бел буды. Қағанның қасына білгір данышпан, ғұлама ғалым, көріп кел жұлдызшы, сәуегей әулие әмбиелері жиылды. Мұндай жиын үйреншікті, оқта-текте болып тұратын. Қағанның түсі қату, өңінде ызғар, көзінде ыза, көңілінде қаяу бар.

– Ашығын айтыңдаршы. Тәңірінің бұйрығынсыз, алаңғасар аңсар, есерсоқ іңкәрлік қуатымен, жалт етпе сезімнен болып дүние пайда бола ма?

– Хан ием, бұл жұмбағыңыздың жауабын өзіңіз шешіп отыр екенсіз.

– Мен не деп шешіппін,– деді қаған зілді.

– Ишарат етсеңіз мен сөйлейін,– деді көріпкел көк сақал шал.

– Сөйле!

– Тәңірінің қалауынсыз еш нәрсе жаратылмақ емес. Бір Тәңірі құдыретін көрсеткісі келсе тасты жылатып, тарының ішіне талысты сыйғызады.

– Әулиенің бұл сөзі рас,– деді данышпан,– Бір Тәңіріден басқаның бәрі жұп-жұбымен жарасқан, хан ием. Жүрек қалауы Тәңіріне жетті, ол қабыл етті, хан ием.

– Оған қалай көз жеткіземіз!

– Хан ием,– деді ғұлама оған көз жеткізу жолын мен ұсынайын. Қауым құптаса.

– Әуелі тыңдалық.

– Тумысынан тұмса биені әкеліп, үйірге түспеген бесті айғырдың ығына бес күн байлалық. Жазғытұрым болғанда, жыл айналып келгенде нәтижесін көреміз.

Қаған бұған да келісті.

Жыл айналып өмірге ай қасқа құлын келді. Алайда ай қасқа құлын құр ет, сүйексіз еді.

Ғашықтық құдыретінің күшіне көзі жеткен қаған сол күні күнжінің «күнәсін» кешті. Мынадай жарлық түсірді:

«Күнжіні ғашық болған нар жігітіне үш күн ойын, үш күн тойын жасап ұзатып, еншін алдына салыңдар! Ақ қорғанның бер жағынан, алып құмның ар жағынан қоныс беріңдер, бейбіт тірлік кешсін! Қошаметпен ұзын сонар көшпен аттандырыңдар!».

Ал Бөрте ханым ордада болатын болашақ тартыстан аулақтап нәрестені алыс қиырдағы, жан баласы бара бермейтін бір шеттегі жалғыз үйлі жарлы, жесір қатынның қолына аманат етіп тапсырту үшін ай қасқа құлын туған боз биені жетектетіп адал құлын айлы түнде атқа қондырды.

18.10.2009 ж.

  1. Күнжігүнж моңғол тілінде хан тұқымының қызы деген сөз;
  2. Шібікшін – моңғол сөзі күтуші күң деген сөз;
  3. Жасаушы – моңғол тіліндегі балуан бапкері мағынасын беретін засуул деген сөзден шыққан;
Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. қызық дүние екен. Құданың құдыреті, жаратқанның шеберлігіне шек бар ма, алайда шынайлықтан гөрі мифке жақын болыпты.

  2. Гүнж дегеннің қазақша баламалары бар ғой,” ханшайым” емес пе? Егер ханның ұлы болса “ханзада” дегендей

  3. Күнжі деп қолданып, түсінік сілтеме беріп қойдым.

  4. Бәке! “Ғашық құпиясы” қайталай-қайталай оқыдым. Бұл іштей көп толғанып барып шыққан сәтті туынды болыпты. Сенің прозаларыңның шоқтығы ма, деп қалдым. Сурет, суреттеу, диалог, хан мен қаншайымның қатынасы, елдіктің байланысы… өте сәтті суреттеліпті. Дайын тұрған драма секілді. Кейбір тұстарда Ренчин Бямбаевтың “Гүнжісі” көзге елестеп те кетті. Демек, Қаншайымның бейнесі жақсы сомдалған. Табыс тілеймін!…

  5. Жылату емес. Шынайы, көңілге қонымды, жүрекке жақын дүние. Жүрегіміз жақын болған ба, маған қатты ұнады. Көңілде бір бейне, бейнелеу қалды. Және сен ол жақтың жерін, жер бедерін, адамдарын, мінезін… жақсы білетіндектен сәтті жасағансың. Және бұл тақырып, талай мені шаршатқан жақын тақырып қой…т.т… толық түсінгендей болдым!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі