///

Тарихқа талғаммен қарау керек – баспасөзге шолу

586 рет қаралды

19 шілде, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Бұдан біраз бұрын Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «тарих жаңа көзқараспен қайтадан жазылуы керек» деп алқалы жиын өткізген-ді. Тарихшылардың иығына үлкен жауапкершілік артқан. Осыған байланысты жер-жерде жиындар ұйымдастырылып, түрлі деңгейде конференциялар өте бастады. Тарихтың қайта қаралғаны, жаңаша көзқараспен жазылғаны дұрыс. Бірақ қалай жазылуы керек? Мәселе сонда», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Тарихты талғаммен жазу керек» атты мақаласында. Осы сұраққа өз ойын білдірген тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді былай дейді:  – 10-11 сынып оқушыларына арналған тарих оқулығы авторларының бірімін. Оқулық жазу оп-оңай нәрсе емес. Оқулық жақсы жазылу, шығу үшін ұлт тарихындағы өзекті мәселенің бәрі егжей-тегжейлі зерттелуі керек. Мысалы, француздар, ресейліктер үшін мектепке оқулық жазу бізге қарағанда жеңіл. Өйткені олардың ұлттық тарихында түрлі кезеңдерге байланысты іргелі зерттеулер мен монографиялар көп. Өз тарихын зерттейтін мектеп, дәстүр қалыптасқан. Ал бізде оқулық жазу неге қиындық тудырып отыр? Себебі ұлт тарихында әлі ашылмаған тарихи кезеңдер бар. Монографиялық деңгейде зерттейтін мәліметтер бар. Мысалы, Кенесары қозғалысы туралы айқай-шу болып жатыр. Кенесары қозғалысы туралы Ермұхан Бекмахановтың, орыс тарихшыларының жазған монографиялық еңбектері бар. Сосын Қасымбаев Жанұзақтың еңбегі бар. Бірақ Кенесары қозғалысы толық зерттелді деп айта алмаймыз. Бекмахановтың зерттеуі кеңестік идеология жағдайында жазылды. Тәуелсіздік алған уақытта Кенесары қозғалысын қорыту жеңілге түсіп жатқан жоқ», – дейді.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы орта ғасыр тарихын зерттеп жүрген маман ретінде мына мәселеге тоқталады: «Мәселен, Қазақ хандығының құрылған жылы туралы мүлт кеткен деректер бар. 1456 жылы құрылған делініп жүр. Бұл – тарихтан кеткен қате пікір. 1858 жылы орыстың белгілі шығыстанушы тарихшысы Вельяминов-Зернов Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашидисін» орыс тіліне аударды. Соның негізінде «Қасым хандар туралы» деген кітап жазды. Сонда қате кеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Осы жылдары барлық Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан билеп тұрды» дейді. Онда жыл аталмаған. Ал Вельяминов-Зернов 1456 жыл деп ойынан қосып жіберген. Сосын осы жылды М.Тынышпаев қолданды, М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесінде» жазды. Кейбір оқулықтарда осылай жазып, қате жібердік. Ал шын мәнінде, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде: «Хижраның 870 жылы қазақ хандары өз билігін бастады» деп жазады. 870 жылды григориандық күнтізбеге келтірсек, бұл 1465-66 жылдарға сәйкес келеді. Қазіргі Қазақстанның бес томдығы осы дұрыс нұсқасымен жазылды. Қазақ тарихында 25 бас хан, 19 кіші хан болған. Алайда олардың барлығының басқарған уақыты тарихта анықталған. Сондықтанда Қазақ хандығы 1465-66 жылға тоқталу керек», – дейді ол.

***

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» cтратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға баса мән берді, деп жазады «Айқын» газеті «Қазақстан – 2050 cтратегиясы іске асуда!» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, Стратегияда Елбасы: «Отандық кәсіпкерлік – жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші» деп белгіледі. Сондықтан қазақстандық бизнесті өркендету ел Үкіметінің басым міндетінің бірі ретінде бекітіліп отыр. Осыған орай, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға серпін беруге тиісті «арнайы экономикалық аймақтар» мен «индустриялық аймақтарға» қатысты жаңа ұстаным анықталды.

Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі  Әсет Исекешевтің мәлімдеуінше, Қазақстанда «АЭА»-лар мен «индус­триялық аймақтар» арасында «құзыр бөліс» жүргізілген. «Біз былайша бөлдік: АЭА дегеніміз – терең мамандану, кластерлік тәсіл, қосымша құны анағұрлым жоғары өнімдер болады, ал индустриялық аймақтардың мақсаты – шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» дейді ол.

Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мұны растайды: «Біздің ұстанымымызша, енді индустриялық аймақтардың негізгі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтуды арттыру болады».

Оның мәліметінше, қазіргі кезде Алматы облысында – «Даму», ОҚО-да – «Ордабасы», Шығыс Қазақстан облысында – «Өндіріс», Өскемен қаласының индустриялық аймағы жұмыс жасауда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында біз сондай-ақ «Шымкент», «Түркістан», «Кентау» индустриялық аймақтарын құру бойынша жобаларды жүзеге асырудамыз» деді С.Жұманғарин.

Әкімдіктер мәліметі бойынша, бұ­лардың сыртында тағы 12 өңірде осындай аймақтар құру жоспарлануда. «Өңірлік даму министрлігі үшін индустриялық аймақтар мәселесі жаңа іс болып та­былатындықтан, біз қазіргі кезде оларды ары қарай дамыту тәсілдерін анықтап жатырмыз» дейді вице-министр.
Әрине, мемлекет барлық индустриялық аймақтарды тегісімен ел бюджетінен қаржыландырудан бас тартпақ. Үкімет оны орынсыз санап отыр. «Сондықтан конкурстық негізде жылына 4-5 аймақты қаржыландыруды жоспарлаудамыз,-деді Серік Жұманғарин. – Яғни стратегия түзу, Өңірлік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қарау нәтижесінде қандай аймақты қаржыландыратындығымызды анықтаймыз».
Президент Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында «шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс» деп міндеттеді. Бұған қоса, Елбасы осы маңызды құжатта «экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың  үлесін 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайтуды» жүктеді. Үкімет қолға алған шаралар осы міндеттер үдесінен шығуға, биік мақсаттар белесін бағындыруға бағдарланып отыр.

***

Алматы облысындағы Көксу өзенінің жағасына бір «іскер» кәсіпкер viр-монша салыпты. Өсіп тұрған шөптің өзін арнайы рұқсатпен жұлуға болатын сол аумақтағы ағаштарды эксковатормен жапырып тастапты. Бұл туралы бүгінгі санында «Экспресс-К» газеті жазып отыр. Басылымның жазуынша, мұндай бассыздыққа барып, заңды айналып өткен, тұмса табиғатты талқандап, орнына монша салған кім екенін анықтау мүмкін болмай отыр екен. Бір анығы, сол моншамен қатар тағы басқа демалыс орындары бой көтеріп үлгерген табиғаты тамаша жер жалға берілген көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр БАҚ-тың араласуымен Қаратал өзенінің жағасына салынған vip-котедждер сырылған болатын. Сол кездегі заңсыз құрылыс жүргізген «пысықтың» мүддесін облыстық әкімдіктегі бір шенеунік қорғаған еді. Ал ендігі оқиғаның артында кім тұрғанын қадағалау органдары анықтайтын болады. Жағдай бақылауға алынды, деп жазады басылым.

***

А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық ғылыми орталығы бір донордан бірнеше мүшені трансплатациялау бойынша аса күрделі оталар сериясын жасады. Мұндай жағдай отандық хирургия тарихында тұңғыш рет орын алып отыр. Бір донордан алынған 4 мүше – жүрек, бауыр және қос бүйрек аса ауыр халдегі науқастарға қондырылды. Бұл туралы «Казахстанская правда»газеті бүгінгі санындағы «Новый успех отечественной хирургии» деген мақаласында жазады. Басылымның атап өтуінше, бұл күрделі оталар сериясына 100-ден астам медицина қызметкерлері қатысқан, ал олардың 22-сі хирург екен. Оталар бір мезгілде төрт ота жасау бөлмелерінде жүргізіліп, жалпы алғанда 28 сағатқа созылған.

Басылымның келтірген мәліметтері бойынша, Қазақстанда 200-ге тарта адам жүрек алмастыруға зәру. Негізінен, дәрігерлердің бұл жағдайды шешуге қарым-қабілеттері жетеді, мәселе тек донорда болып тұр. Сонымен қатар, жүрек алмастыру отасы науқасты емдеп жазудың басқа ешқандай жолы қалмаған кезде ғана жүгінетін күрделі ем екенін айта кету керек. Жаңа жүрек салынған адамдардың ұзақ әрі бақытты өмір сүріп кете алу мүмкіндіктері жоғары екенін әлемдік тәжірибе әлденеше рет дәлелдеді. Басылымның атап өтуінше, америкалық Тони Хьюсман жаңа жүрек салғызған соң 30 жыл өмір сүріп, трансплантациядан кейін көп жасағандардың көшін бастаған.

Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы
inform.kz
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі