///

Қош, қазақтың рухы биік көкжалы!

134 рет қаралды
1

 

Көзі тірісінде аңыз болған жан

406293_1307894038_Nurlan_aga02 –    Дүниежалған деген осы, бақиға біздің ұлы ұстазымыз, қазақ халқының ардақты да аяулы  перзенттерінің бірегейі Тұрсынбек Кәкішұлы аттанып кетті. Тұрсынбек ағамыз көзі тірісінде ұлттық құндылықтар жөнінде, ұлттық рух жөнінде жаңылып сөз айтпаған адам. Халық үшін отқа да түсуге, жалаңаяқ мұз кешуге де дайын тұратын. Жаратылысы ерекше жан еді. Ол кісінің бойынан атасынан, анасынан дарыған, қанмен біткен шын мәнісіндегі өз ұлтын     сүйетін тұлғаның туабітті мінезін көруге болар еді.   Кейде ұстазымыз ретінде бір сөз сөйлеу үшін немесе бір үлкен әрекетке барар алдында, «осыған Тұрсынбек аға қалай қарар еді? Егер ол кісі біздің бұл ісімізді мақұл көрмесе ұстаздың алдында қиянат жасағандай болар ма екен?» деп қипақтап қалатынбыз. Ол кісіні тыңдаған кез келген қазақ баласы рухтанып, өз еліне деген махаббатын еселеп отырар еді.

Ол кісінің екінші тұлғалық қасиеті – еңбекқорлығы.  Ғалым ретінде әдебиет тарихын кеңейту, тереңдету, нақтылау, дерекпен сөйлеу басты қағидасы болатын, Омбы, Орынбор, Ташкент секілді ірі-ірі мұрағаттарда жатқан әдеби мұраларымызды іздеп, қаншама көз майын тауысты. Сөйтіп жүріп, қаншама мұрамыздың елімен қайта қауышуына  мүмкіндік тудырды. «Мен ешқашан дәйексіз сөз сөйлемеймін» деп айтушы еді, өзін де, шәкірттерін де табандатып отырып, дерекпен сөйлеуге жетектеуші еді.

Үшінші қыры – ұстаздығы. Ол кісі жай ұстаздардың қатарынан емес еді. Әрбір шәкіртінің қимылын жіті қадағалап отыратын. Олардың тағдыры үшін де, жұмысы үшін де, әрбір жасаған еңбегі үшін де алаңдайтын.

Тұрсынбек Кәкішұлы дейтін бір үлкен дәуір өтіп кеткендей болды. Тұрсекең үлкен бір дәуірдің тұлғасы, өзі де дәуір болып өтті. Кешегі Зейнолла  Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Рахманқұл Бердібаев, Мырзабек Дүйсенов, Нығмет Ғабдуллиндермен тұтасқан бір дәуір еді. Сол топтың басында тұрған академик Серік Қирабаев екені бәрімізге мәлім. Қазір сол Серағаң ғана қалды арамызда. Әдебиетке адал қызмет етуде, әдебиетті бағалау мен жетектеуде және әдебиетке кадр дайындау жөнінде бізге үлгі болатын бұл буын өткен ғасырдың 30 жылдарында балалығын 32-33 жылдың аштығына ұрлатқан, бозбалалығы – соғыс заманымен тұстас келген, сол зұлматтан аман өткен киелі де қасиетті буын. Біз әдебиетші-ұстазды ғана жоғалтып отырған жоқпыз, ұлтын сүйген ерен тұлғаны жоғалтып отырмыз. Тұрсекеңнің екінші мәңгілік өмірі басталып отыр. Енді ол кісінің тұлғасын тану, еңбегін зерттеу дейтін кезең басталады. Көзі тірісінде аңыз болған адам, енді нағыз аңызға айналады. Жатқан жері, топырағы торқа болсын!

Нұрлан Оразалин, сенатор,

Қазақстан Жазушылар одағы

секретариатының бас хатшысы

 

Қош бол, Ұстаз!

 

529580_114871755322891_414636857_nӨзекті жанға бір өлім десек те, Ұстазымыз, алты Алашқа аты мәшһүр ірі әдебиеттанушы ғалым – Тұрсынбек Кәкішұлынан ойда жоқта айрылып қаламыз деген ой мүлдем басымызға келмепті. «Ағамыз дүниеден озды» деген ала таңда жеткен суық хабар төбемізден жай түскендей есеңгіретіп, қабырғамызды қайыстырып кетті. Тұрсынбек ағамызбен бірге көз алдымыздан тұтас бір дәуір көшкендей болды. Алайда, Алла ісіне амал нешік, Тағдыр жазмышына пенде шіркінде көнбеске шара бар ма?! Алатаудай асқақ та айбарлы, алмас қылыштай өткір де тура, тұла бойы тұнған намыс пен парасаттан жаратылған Алаштың асыл ақсақалы, ұлтының жоқшысы, адалдықтың күзетшісі, ірі сыншы-ғалым – Тұрсынбек Кәкішұлын Алла тағала алдынан жарылқағай, алды пейіш, арты кеніш болғай демеске лаж қалмай тұр…

Тек көңілге медеу, дәтке қуат етеріміз Тұрсынбек ағамыз айтарын іркілмей айтып, жазарын тартынбай сарқа жазып кетті. Өзінің ғылымдағы сара жолын, кәсіпқой ғылыми мектебін қалыптастырды, өнегелі ісін жалғастырар қадау-қадау шәкірттерін тәрбиеледі. Тұрсынбек Кәкішұлының қаламынан туған елуге тарта ғылыми кітаптар, сандаған мақалалары мен құрастырған еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының өресін көтерумен бірге сан-мыңдаған шәкірттер мен оқытушы қауымның күнделікті тұтынар құралына айналды. Бастысы ұстазымыз заманның райы, саясаттың сыңайы қалай құбылса да әділеттің ақ жолынан таймай, шыншылдықтың хас үлгісін көрсетті. Таразы өмір, безбенді тіршілікте сөзі мен ісі ешқашан алшақ болмады, бар нәрсеге саналы қарап, сапалы өмір сүрді.

Ұлтқа риясыз қызмет етудің, қапысыз қайраткерліктің, тұлғаға тән тектіліктің, нағыз ғалымдықтың шынайы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақ дейтін қара орман қабырғалы халық бар да, оның өрелі де өркенді ұл-қыздары бар да Тұрсынбек ағамыздың аты өшпейді, салған жолы, көрсеткен өнегесі көмескі тартпайды. Жасай береді, жаңғыра береді деп білеміз.

Қош бол, қадірлі Ұстаз!

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

 

 Нұрлан АСҚАР,

Филология ғылымдарының кандидаты

 

Қазақтың толағайы

 

690454_1784162639_________________Тұрсынбек – нағыз ұстаз, қайрымды,

Игерген шет шегі жоқ бай ғылымды.

Айырып ақ-қарасын батыл айтқан,

Алаштың арыстары жайлы ұғымды.

 

Қазақтың бақытына жаратылған,

Сау қалмай бас көтерген дара тұлғаң.

Ғасырдың астаң-кестең кезеңінде,

Жауыздық аран ашып, аласұрған.

 

Туралған отаршылдық қылышымен

Байың да, кедейің де Алашордаң.

Ол заман ауыр болған адамзатқа,

Құтылу мүмкін емес қалың сордан.

 

Сарғайған сар қағаздан сұрақ алған

Ғайбаттың тасқынына тосқауыл боп

Кеншідей тас қопарған тыным таппай,

Қазақтың толағайы тұра қалған.

 

Баянғали Әлімжанұлы, ақын

 

Қазақ әдебиетінің тағы бір абызы құлады

1898144_10204988342491525_4913051733088855051_nҚазақ әдебиеті тағы бір абызынан, көрнекті әдебиет зерттеушісінен айрылды. Қазақ әдеби сынының тарихын зерттеудің негізін қалаған, Кеңес дәуіріне дейін қазақ әдебиетінде сын жанрының туып қалыптасқандығын дәлелдеу үшін барын салған бейнетқор ғалым, Сәкентану ғылымының негізін қалап қана қоймаған, Сәкеннің соны шығармаларын әдеби айналымға қосқан, Сәбит Мұқановтың тәлімін алған, Қайыржан Бекхожиннің шәкірті болған тау мүсін, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішұлы пәни дүниемен қоштасып, бақиға аттанды.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылым жолына, әдебиеттің дамуына сарп еткен ғалымның алдын көруге Алла бізге де нәсіп еткен еді. Ең әуелі қабырғалы қаламгер, абыройлы ұстаз жайындағы әңгімені Әзілхан Нұршайықовтың естеліктерінен оқып білдім. Ал университет табалдырығын аттасымен, бізге әдебиет пен қазақ тілі ғылымының негізін салған ұлы абыздардың өзінен болмаса да, солардың тәлімін алып, тағылымынан өткен Тұрсынбек Кәкішұлы, Зейнолла Қабдолов секілді көрнекті ғалымдардан дәріс тыңдауға мүмкіндік туды. Әдебиеттің алып бәйтеректері сынды көрінетін атақты ғалымдарымыздан дәріс тыңдағанымызды абырой да, мақтан да тұтушы едік. Тұрсынбек Кәкішұлының дауысы майда қоңыр, естіген жанды үйіріп әкететін, «Түркістан уалаяты», «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналы туралы алғашқы дәрісімізді осы таудай тұлғаның аузынан естідік. Есмағамбет Ысмайловтың сыншылдығы, Сәбит Мұқановтың әдеби сынның дамуына қосқан үлесі, Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттегі тұлғасы жайлы әңгімелер сағаттап айтса да таусылмайтын.

Біз қазір әдебиетке, ғылымға деген адалдық жайында айтқанда, кейбір атақты тұлғаларымыздың пенделік істерін қазып, қазбалап жататынымыз болады. Әсіресе, ел тәуелсіздігін алып, өткенге өзгеше баға беріп, Алаш қайраткерлерін ақтауға кірісе бастаған тұста, Кеңес одағы кезінде марапат пен абыройға ие болған әдебиет алыптарына күйе жағу үрдісі де белең алды. Осы сәтте Тұрсекең Сәбеңнің (Сәбит Мұқанов), Сәкеннің (Сәкен Сейфуллин) әдеби тұлғасына жағылған орынсыз жаладан арашалап алу үшін тынбай еңбектенді. Мағжан, Сәкен, Сәбит тұлғасындағы қайшылықтардың неден туындап, соңы немен тынғандығы жайлы ақиқатты ашып беріп, Сәкен мен Сәбиттің азаматтық тұлғасын ажарландыруға барын салды. Мағжан түрмеден оралғанда Сәбиттің вокзалда күтіп алып, Сәкеннің үйіне алып келетіндігі жайлы ақиқатты Тұрсынбек Кәкішұлы ашып берді. «Сәбит Мұқановтың Сәкен Сейфуллиннің ұсталуына қатысы бар» деген қаңқу әңгіменің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін мұрағаттың табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры ұлы ұстазының арының таза болғандығына көзін жеткізіп, көңілі орнына түскендігін айтады ғалым:

– «Сәкеннің соты» деген кітабым бар. 100 жылдығы кезінде шыққан. 100 жылдығы қарсаңында архивке бардым. Жалпы, мен өзім архивсіз сөйлемейтін адаммын. Құжаттар табылды, жұмыс істедім. Бірақ, ештеңені көшіріп, жазып, түртіп алмауым үшін алдыма бір аға лейтенантты қарауыл етіп қойды. Көзбен көріп, миыма ғана жазып шығуым керек. Сәкеннің сыртынан сөйлеген, дерек берген адамдардың аты-жөндері де бар. Солардың ішінде Сәбит жоқ. Сәбитті шақырмайтын ол қандай тергеу деген ой менде де болды. «Сәкенді ұстатып жіберген Сәбит болатын» деушілер де болған. Мен өзім Сәкенді жақсы көретін адаммын, Сәбитті де жақсы көрем, оны жасырмаймын. Сәкен комиссиясының төрағасы Сәбит болды да, хатшысы мен болдым. Сонда неше түрлі әңгімені өз құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. КГБ-ның архивіне бармас бұрын алдымен Мәриям апайға бардым. Мәриям апай да ештеңе білмейтін болып шықты. Сәбең 1937 жылғы тергеулерге қатысты ешқашан ештеңе айтпаған екен, – дейді www.ikitap.kzсайтына берген сұхбатында(Тұрсынбек Кәкішев: “Қазақ әдебиетінде Мырқымбай сияқты кейіпкер туған жоқ”). Ғалым бұл жайында «Алыптардың айтысы» атты кітабында да ой толғаған еді. Өзі айтпақшы әрбір сөзі дерекпен өріледі. Кез келген тұжырымды өзі көз майын тауысқан мұрағат деректері арқылы жасайды. Асығыс шешім жасап, артық айтып көрген емес.

«Біздің ғалымдардың көпшілігі қара жұмысқа барғысы келмейді. Дайын кітапты алып оқып, соның жақсылығы мен жамандығын жазып-ақ, қажетті атағын ала береді. Ал шындығында зерттеу объектісінің көпшілікке беймәлім несі бар, несі жоқ, соны зерттей бермейді» деген екен осы сұхбатында ұстаз. Шын мәнісінде өзі зерттеу объектісіне айналдырған тұлғаны не шығарманы жеріне жете зерттеу үшін түрлі экспедициялар ұйымдастырып, ғылыми мұрағаттардың біразын ақтарып, уақытын да, қаржысын да аямай еңбектенуші еді. Тек қолжазбасын тауып алған «Садақ» журналына қатысты деректерді сан іздеп жорыққа аттанып бара жатқанының куәсі болдық. Сегіз сері Баһрамұлы туралы ғалымдардың оны тарихта болмады деген тұжырымдарына қарсы уәж айту үшін Омбы асып, Уфаға дейін сапарлатып қайтқан еді. Ол кісі тек қана ғылыми зерттеулермен айналыспады, барған жерінен тағылымы мол жолсапар очерктерін де жазып келетін. Әсіресе, Ресейдің Алтай өлкесі мен Моңғолияның Баян-Өлгий  аймағына арнайы ұйымдастырған ғылыми экспедициясы жайлы жазылған естеліктері күні кешегідей есімде. Әсіресе, Ресейдің Алтай өлкесі Усть-Кан ауданының Тұраты ауылындағы шоқынған қазақтар жайлы «Шоқынған қазақтарды да жатсынбайық» атты мақала жазған еді. Ондағы қазақтардың «Елім-ай» әнін «Эх, милый, дүние-ай!» деп айтатындығын жазып, дүниенің түкпірінде жүрген қандастарымыздың да қамын күйттеп, күнін жоқтап жүретіндігін танытқан болатын. Шеттегі қазақ демекші, Тұрсынбек ағамыз шетелдегі қазақтың әдеби мұрасын жинауда тыңға түрен салушылардың бірі. Көптеген шәкірттерін осы шетте жатқан қазақтың әдеби мұрасын зерттеуге баулыды. Арнайы ғылыми  экспедициялар ұйымдастырып, қазақтың рухани мұрасының жиналуына ықпал етті. Университеттің соңғы курсын тәмамдап, аспирантураға түсуге ниет білдірген менің талабымды да қуана құптап, «Шетелдегі қазақ әдебиеті» сериясымен «Моңғолиядағы қазақ прозасының қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында диссертация қорғауға мұрындық болды.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», Тұрсынбек ағай бізге тек нұсқау беріп, жол көрсетіп қана қойған жоқ, біздің өмірлік ұстанымымызға да әсер етті. Тура жолды, адал да ақиқи шындықты меңзеді. Көлгірсуді, шендінің алдында ділмарсып шешенсуді, жағымпаздануды иттің етінен жек көретін. Көңіліне ұнаса ұнағанын, ұнамаса ұнамағанын айтатын. Ұлт, ел, рух тақырыбында өзінің темірқазығынан айныған емес. Қашан көрсең де, кітапқа көміліп, қағаздың арасында көз майы таусылғанша, еңбектеніп отырғанына куә болушы едік. Тіпті, бір көзі көрмей қалғанда да, тіпті күні кешеге дейін қолынан қаламын тастамады.

Түнгі сағат 11.30-ға дейін жазу жазды, дейді өмірлік серігі болған Күләш апай. Сірә, өмірге ғалымдық аманатын ала келіп, сол аманатпен аттанған сынды.

Тұрсынбек ағаның құрдасы, академик Серік Қирабаев«Егемен Қазақстан» газетіндегісыр сұхбатында «Біздің ұрпақтың, менің құр­дастарымның соңғы бір могиканы еді» деп бағалаған екен.Қазақ әдебиетінің алыптары осылай біртіндеп бұл дүниені тәрк етуде. Біздің шамшырағымыз, темірқазығымыз,өмірлік қыбыламыз болған тұлғаларымыздың орнын кім басатындығын ойлаудың өзі қорқынышты. Біз осы алыптардың соңына қалдырған мұрасына иелік етіп, соны бағалай алсақ та көп дүниені төңкерер едік. Сен шөккенде, Алатауда шөгіп кеткендей болды. Қазақтың сөзін сөйлеп, рухын ұлықтар тұлғаларымыз біртіндеп көзден ғайып болуда.  Қош, әдеби сынның тарланы, қазақтың рухы биік көкжалы! Бақұл бол, аға!

Есенгүл Кәпқызы

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

  Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы

Карантин кімге қалай әсер етті?

Коронавирус инфекциясы, төтенше жағдай, карантин барлық қызмет түріне өзгеріс әкелді.Нақты кімге қалай әсер етті? Коронавирус жайлы

Бангидегі қандасымыз: Африкада карантин болғанымен, халық көшеде өріп жүр. Себебі, кедей елдің тұрмыстық тауқыметі үйде отыруға мүмкіндік бермейді

“Қазақстандағы өзге ел студенті: біз ата-анамызбен тезірек қауышқымыз келеді” атты мақаламызда Африкадағы қандасымызлың сұхбат беруден бас