/////

Әлихан Бөкейхан башқұрттан шыққан белгілі ғалым және мемлекет қайраткері Зәки Уәлидің саяси ұстазы

1551 рет қаралды
newbook_azv

Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы алғашқы саяси қозғалысы Алаштың көсемі және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры  жастарға деген сенімі мен оларға саяси, тіпті ғылыми салада жол көрсетіп, қолдап отыратыны. Біз мұны Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі туралы докторлық диссертация жазу барысында нақты байқаған едік. Талантты жастарға көп мән беріп оларға ерекше көңіл бөлетін Бөкейхан жастардың тегіне де қарамаған. Түркі мұсылман халықтарының мәдени, ғылыми және саяси өркендеуіне үлес қосып пайда келтіру ол үшін бірінші орында тұрған. Осы орайда 1910 жылдардың басында оның көзіне Петерборда заң факулmтетінде оқып жүрген студент Мұстафа мен медресе бітіріп кітап жазған Зәки Уәлиді түседі. Екеуіне де олар эмиграцияға кеткенге дейін, бағыт бағдар беріп қолдау көрсетіп отырады.

Осы мәселеде өзім түсінбеген бір мәселені де атап өткім келеді. Таяуда Мұстафа Шоқай туралы 12 томдық жинақ шығарып, шоқайтану ғылымына баға жетпес үлес қосып отырған профессор, академик Көшім Есмағамбетов сол 12 томдық жинақтың бірінші томы болған Мұстафа Шоқай туралы монографиясында менің Шоқай туралы зерттеуіме тоқталып: “Мұстафа Шоқайдың саяси үстазы Зәкі Уәлиди” деп тұжырым жасағанымды айта келіп былай дейді: “Мұндай жалған тұжырымдар М. Шоқай секілді әлемдік деңгейге көтерілген қайраткердің тарихи орнын белгілеуде оқырмандарға теріс түсінік береді. Сол себепті М. Шоқай жөнінде түрлі бұрмалаушылықтарға жол бермеуде және оның шығармашылық мұрасын сақтап қалуда қазақ қайраткерінің түпнұсқа еңбектерін жинастырып, толық жинағын шығару – кезек күттірмейтін іс”. Автордың сілтемесінде кітабымның аты қана бар, алайда қай беттен мұндай пікірімді көргенін жазбапты. Өйткені ондай пікір менің кітабымда жоқ. Сонсоң, менің, мұндай тұжырым айтуым мүмкін де емес. Өйткені Мұстафа мен Зәки екеуі де 1890 жылы туған түйдей құрдас және алғаш танысып бірге жұмыс істей бастаған кездерде 20-дан жаңа асқан жас жігіттер. Қалайша біріне бірі ұстаз бола алады. Қайта екеуінің арасында көптеген пікір айырмашылықтары мен мінез қайшылықтары бар. Мен бұларды кітабымда реті келген жерде көрсетіп отырдым. Меніңше, Әлихан Мұстафа Шоқайдың саяси ұстазы дер едім. Өзім сыйлайтын, тіпті 12 томдықты дайындау барысында қол жеткізе алмаған кейбір түп нұсқа материалдарды тауып беріп көмектескен ақсақал ғалым ағамыздың бұл мәселеге мұқият тағы қарап, жіберген қателігін кітабының келесі басылымдарында түзетеді деген үміттемін.

1927 жылы Бартольд Ыстамбұлға келгенде Зәки Уәлиди, Ақдес Нимет Құрат және Әбдіқадыр Инан
1927 жылы Бартольд Ыстамбұлға келгенде Зәки Уәлиди, Ақдес Нимет Құрат және Әбдіқадыр Инан

Ал енді Зәки Уәлиди болса, естеліктерінде Бөкейханды өзінің саяси ұстазы ретінде атайды. Зәки Уәлиди естеліктерінде Ресей мұсылмандары мен Түркістан мәселелеріне қанық болуында Әлихан Бөкейханның елеулі еңбек сіңіргенін айрықша атап өтеді. Міне біз оның бұл сөзін Бөкейханның оған саяси тұрғыдан ұстаздык еткендігіне дәлел ретінде алып отырмыз.

Эмирацияға кеткеннен кейін әлемдік деңгейде танымал ұлы ғалым болған Зәки Уәлиди 1890 жылы, 10 желтоқсанда Башкұртстанның Истерлитамақ ауданына қарасты Күзен аулында ғылыми отбасында туды. Шешесі Үммүл Хаят әкесінің медресесінде білім алған, араб-парсы тілдерінде еркін сөйлеген, зиялы адам болатын. Зәки Уәлиди естеліктерінде бала кезінде парсы тілін шешесінен, араб тілін әкесінен үйренгенін айтады. Уәлидидің әкесі Ахмед Шах та  ғалым еді, өзінің медресесі де бар-тұғын. Ахмед Шах, армияда орыс тілін білмегендіктен көп қиыншылық көреді. Сол себепті, ұлының жастайынан орыс тілін де үйренуін қамтамасыз еткен. Уәлиди есейе келе Үтектегі нағашысы және философиялық арабша кітаптар жазған Хабиб Нажжардың қасында біраз уақыт болып білімін тереңдетті. Сөйтіп ерте жастан ғылым жолына түскен Уәлиди 1906-1908 жылдары әкесі қажылық сапарға шыққанда оның медресесін басқарып мұғалімдік жасады. Әкесі келгеннен кейін Орынбор, Қазан, Уфа, Астрахан қалаларында ғылым ордаларында болды. Сонда Емильянов, Николай Ашмарин және Н. Ф. Катанов сынды ғалымдармен танысты. 1910 жылы Қазанда Қасымие медресесінде “Түрік және араб әдебиеті тарихы” пәнінің мұғалімі ретінде қызмет істеді. Осы кезде “Түрік – татар тарихы” деген еңбегін жазып 1912 жылы жарыққа шығарды. Осы кезде Қазан университетінде Катановтың қолдауымен профессор Богодоритский, профессор Хвостов және Харлампович сынды ғалымдардың филология және тарих сабақтарына қатысып отырды. Сонымен қатар неміс және француз тілдерінен сабақ алды. Бартольдпен де осы кезде танысты. Қазан университетінде “Түрік – татар тарихы” атты еңбегі жоғары бағаланып университеттің “Тарих және археология қоғамына” мүшелікке сайланды. 1914 жылы Петербор университеті оны зерттеулер жүргізуі үшін Бұхара хандығына жіберді. Оның осы саяхаты Қазан және Ташкент Археология қоғамдарының журналдарында жарық көрді. Кейін басқа да мақалалары Ресей ғылым ордаларының журналдарында басылып тұрды. Сондай-ақ ол бұл сапары кезінде Жүсіп Баласағұнидің “Құтадғу білік” (Құтты білік) атты түркі халықтарының әйгілі жәдігерінің бір қолжазбасын тауып ғылыми ортаға таныстырды. Жас Зәки Уәлидинің осы ғылыми табыстары белгілі орыс ғалымдарының жоғары бағасына ие болады. Бұл Катановтың назарынан тыс қалмады. Уәлиди оның өзіне деген ілтипатын былай деп жеткізгенін мәлімдейді: “Шығыс түрік және Монғолдардан шығыстану жолына қазірге дейін үш адам, атап айтқанда Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен (Катанов) түскен едік. Барлығымыз орыс мәдениетіне бүкіл болмысымызбен берілдік. Өзім шамандықты тастап шоқынып орыстарға қызмет істеп жүрмін. Доржи мен Шоқан 35 жасқа толмай ботқадан қайтыс болды. Өйткені орыс жолдастарымыз оларға және маған осыдан басқа ешнәрсе үйреткен жоқ. Енді сен төртіншісің. Өзіңді бұлардан сақта. Менің ортам ислам сынды мықты мәдениетке ие емес еді. Біздің болмысымыз жойылды. Орыстарға да жатпыз. Сен күшті бір мәдени ортаның перзенті болғандығыңды естен шығарма”. Оның осы кеңесінен кейін Уәлиди Қазан университетінің танымал шығыстанушы профессорларынан тартына бастағанын, Богородитский мен Хвостов сынды басқа саланың ғалымдарына жақын болғанын айтады. Уәлидидің шәкірті профессор Тұнжер Байқара оның Катановтың кеңесінен кейін ішімдіктен бойын аулақ ұстағанын жазады. Уәлиди осы кезде Түркия үшін пайдалы бір іске де мұрындық болды. Катанов үйдегі кітаптарын сататын болған соң, Ыстамбұлдағы Юсұф Ақшораға хат жазып осы кітаптарды түріктер сатып алса деген өтініш білдірді. Сөйтіп түріктер дүниежүзілік бірінші соғыс басталардан бұрын Катановтың кітапханасын сатып алды. Ол кітаптар қазір Ыстамбұл университетінің Түркология институтының кітапханасында.

suvret 3
Петербор университетінің алдындағы Уәлиди мүсіні

1915 жылдың аяғында Зәки Уәлиди Ресей Думасы Мұсылман Фракциясының Бюросында жұмыс істеуге Петерборға аттанады. Ол кезде қалада түрік тілдес оқушылар, зиялылар және орыс ғалымдары арасында пікірталастырған жиындар болып тұратын. Мұндай жиындар Сәлімгерей Жантөрин, Әлиасқар Сыртлановтың жұбайы Әмина Сыртланова, Сірәлі Лапин секілді Ресей мұсылмандарының көрнекті қоғам қайраткерлерінің немесе Вильгелм Радлов іспетті атақты орыс шығыстанушыларының үйлерінде, я болмаса, Петербор Мұсылмандары Қайырымдылық Қоғамында өткізілетін. Бұл жиындарға Зәки Уәлиди қатысып жүрді. Сонымен қатар ол жиындарға Мұстафа Шоқай, әзірбайжандық Әли Әкбер Топчубашы, түрікмен Какажан Бердиев, қазақ Иса Қашқынбай, татар Ильяс Алкин, Сұлтанбек Мәмлиев және Мұстафа Шахқұлы сынды жастар көп қатысатын. Жиналыстарға жастардан басқа Әлихан Бөкейхан, Әлимердан Топчубашы, Махмут Хожа Бехбуди, Мюневвер Кари, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы секілді сол дәуірдің көрнекті саяси және зиялы тұлғалары да келетін еді.

Неміс текті орыс шығыстанушысы Радловтың үйіндегі бас қосуларда тарих пен тіл туралы қызу талқылаулар болып жататын. 1899 жылы жұбайы қайтыс болғаннан кейін Радлов күндіз жұмыс істеп, ал кешкісін үйінде достары, шәкірттерімен отыруды әдетке айналдырған. Жастармен қатар Бартольд, Самойлович секілді кең танымал орыс шығыстанушылары мен Садри Максуди Арсал, Әлихан Бөкейхан сияқты Ресей түркі мұсылман зиялылары да қатысқан осы кешкілік жиналыстарда түркі халықтарының мәдениеті, тарихы және тілі туралы мәселелер әңгімеге арқау болатын.  Қарт түркітанушы жиналысқа қатысқандарға терең білімі мен тәжірибесі арқылы бағыт-бағдар беріп, айтылған мәселелер турасында ой-өрістерін кеңейтуге арналған кітаптарды таныстыратын еді. Бұл жиындарда әрине Бөкейханның да Уәлиди және өзге жастарға өзінің көзқарасын білдіріп тәжрибесін бөлісіп отырғанында күмән жоқ.

Ғылымға жан тәнімен берілген Зәки Уәлиди 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінен кейінгі аласапыран жағдайларда, ең қиын қыстау кездерде де ғылымды естен шығармаған. Мәселен, Қазан төңкерісінен кейін құрылған Башқұрт автономиялық үкіметінде Қорғаныс және Ішкі істер министрі болған Уәлиди кейін тұтқындалып түрмеге жабылады. Ол түрмеде жатып “Ноғайлар тарихы” деген кітабын тәмәмдап үлгеріпті. Екінші рет Түркияда 1944 жылы дүниежүзілік екінші соғыста немістерді жақтап үгіт насихат таратқаны үшін сотталып 15 ай түрмеге жабылады. Сонда “Жалпы Түркі тарихына кіріспе” атты қомақты еңбегін жазып шығады.

1966 жылы Докторантурада жетекшім болған профессор Гүлчин Чандарлыоғлұ ассистент кезінде профессор Зәки Уәлидимен бірге
1966 жылы Докторантурада жетекшім болған профессор Гүлчин Чандарлыоғлұ ассистент кезінде профессор Зәки Уәлидимен бірге

Зәки Уәлидидің шәкірті болған Ыстамбұл университетіндегі ұстаздардан естуімше, Уәлиди жолдасы Әбдіқадыр Инанмен Басмашыларға қосылып Өзбек қышлақтарында большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізіп жүргенде бір зиратқа бекініп жаумен атыс жүргізіп жатады. Сонда зираттағы бір бейіттің құлпытасындағы әдемі жазуды көзін шалып қалады да, жолдасына: “Әй, Әбдіқадыр, мына бейіттің жазуы керемет екен. Мен оқ атып дұшпанды тоқтата тұрайын сен қарындашынмен оның суретін жасап ал. Екінші біз бұл жақтарға келе аламыз ба, келе алмаймыз ба?” депті.

Ал Басмашылар жеңіле бастағаннан кейін, шекара асып Еуропаға бет алған Уәлиди жол жөнекей кітапхана және кітап дүкендеріне соғып кітап жинап отырған. Атап айтқанда, Ираннан өтіп бара жатқанда Мешхед кітапханасына соғады, сонда қолжазбалар арасынан әйгілі араб жиханкезі ибн Фазланның қолжазбасын тауып алады. Кейін, 1932-1935 жылдары арасында Австрияда Вена университетінде сол тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.

Зәки Уәлиди Ираннан Ауғанстан мен Үндістанға өткенде сол жердегі кітап магазиндерінен көп кітап сатып алады. Бомбайда әсіресе Бабыр мемлекеті тарихына қатысты құнды кітаптар алғанын атап өтеді де, “қарулы күресті тастап ғылыми тарихшылыққа өткенде кітапханамның негізін Мешхед, Кабул және Бомбайдан алған кітаптар қалады” дейді.

Зәки Уәлиди ақырында Еуропаға жетеді. Берлин мен Париж қалаларында Эрвард Сакав, Теодор Нөлдеке, Эрнест вон Лө Кок, Жозеф Маркуарт, Поль Пеллио, Жан Дени, М. Блош сынды атақты ғалымдарымен танысып араласады. Осы кезде оны Еуропаның ғылым ордалары жұмысқа шақырады. Сэр Эдвард Денисон Росс Лондонға шақырса, француз ғалымдар Жозеф-Антуан Кастанье мен Габриэль Ферран Парижде өздерімен жұмыс істеуді ұсынады. Бірақ ол түрік ғалымы Рыза Нұрдың ұсынысын мақұлдап Түркияға ғылыми жұмысқа баруды қабылдайды.

Уәлиди Еуропада жүрген кезде Берлинге оқуға келген түркістандық студенттер арқылы Ахмет Байтұрсынұлынан хат алған. Студенттер әкелген газет және журналдарды оқып Түркістандағы саяси және мәдени ахуал туралы мәлімет алып тұрғанын естеліктерінде айта келіп, Уәлиди 1924 жылы, 18 маусымда Орынборда өткізілген “Қазақ пен қырғыз ғалымдарының тұңғыш конгресі” туралы мәліметтер жарияланған газеттердің ішінен 28 маусымдағы А. Байтұрсынұлының Әзімбек Бірімжанға жазған бір хатының шыққанын атап өтеді. Байтұрсынұлы сол хатта “Бәрімізден бәріңізге сәлем” деп жазған екен. Газет қиындыларында Әлихан Бөкейхан, Нәзір Төреқұлов, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, қырғыздардан Ишандық Арабай ұлының есімдері аталып өтілген. Зәки Уәлиди бұл хаттың шетелге шыққаннан кейін отаннан өзіне келген шын жүректен сәлем айтылған тұңғыш хат екенін тілге тиек етеді.

Сөйтіп ол 1925 жылы Еуропадан Түркияға барады. 1927 жылы Ыстамбұл университетінің Түркология институты белгілі орыс ғалымы В. Бартольдты лекция оқуға шақырады. Оның сапары кезінде, бұрыннан таныс Уәлиди қасында болып лекцияларын түрік тіліне аударып беріп отырады. Уәлиди 1927-1932 жылдары  Ыстамбұл университетінде үстаздық қызмет атқарып тарихтан сабақ береді. 1932 жылы түрік үкіметтік қызметкерлерімен келіспей қалған Уәлиди Австрияға қоныс аударады. Ол жерде де бос тұрмаған Уәлиди докторлық диссертация қорғайды. 1939 жылы Түркияға қайтып келеді. Ыстамбұл университетіндегі ұстаздық қызметіне қайта орналасады. Ол бұл қызметін 1970 жылы, 26 шілде күні Ыстамбұлда дүние салғанға дейін жалғастырады.

Артында 20-дай кітап, 400-дей мақала қалдырған белгілі ғалым көптеген шәкірт те тәрбиелеген. Оның бірі 1997-2002 жылдары менің Мұстафа Шоқай туралы докторлық диссертацияма жетекшілік жасаған синолог тарихшы профессор Гүлчин Чандарлыоғлы. Ол кісінің айтуына қарағанда, Уәлидің түсінігінде тарихшы деген көп тіл білген адам. Уәлиди Ыстамбұл университеті тарих факултетінде бірінші курс студенттеріне алғашқы сабаққа кіргенде былай дейді екен: “Студенттер егер сендер мықты тарихшы болам десеңдер, алдымен мына жеті тілді меңгеріндер: арабша, парсыша, ағылшынша, немісше, французша, орысша және қытайша. Сонда сендер мықты тарихшы боласыңдар.

Зәки Уәлидимен Әлихан Бөкейханның танысуы 1912 жылы оның “Түрік – татар тарихы” атты кітабының жарық көруімен тығыз байланысты. Ә. Бөкейхан Зәки Уәлидиге осы еңбегіне орай ілтипат білдіріп хат жазып, үйіне шақырды. Уәлиди ол кезде Уфа қаласындағф Сәлімгерей Жантөриннің де өзін қонаққа шақырғанын айтады. Екеуі де оны үлкен толғаныс және қуанышпен қарсы алған. Сонымен 1912 жылдың мамыр айында Уәлиди алдымен Самара, одан кейін Уфаға барады. Әлихан оны үйінде үш күн қонақ етіп күтіп, кітабына жоғары баға білдіре отырып, зерттеуінің аясын кеңейтуге кеңес береді. Әлихан тамыз айына таман тағы да хат жазып, Уәлидиді шақырады. Самара қаласындағы Әлекеңнің үйіне барса, Ахмет Байтұрсынұлы да қонақ болып отыр екен. Бірнеше күн қонақ болып жатып жатқан Уәлидиге олар түркі тарихына қатысты осы зерттеуіне қазақтың хандарын да қосуы туралы кеңес береді. Осыдан кейін Уәлиди кітаптың екінші томын жазу керектігі жайында шешімге келіп, ауылына қайтады. Әлихан мен Ахметтің осы өтініштерін Уәлиди араға жылдар салып алдымен Каирде 1939 жылы араб әріптерімен, кейін Ыстамбұлда 1947 жылы латын әріптерімен түрік тілінде басылып шыққан кітабымен орындайды. “Бүгінгі Түркелі, Түркістан және таяу тарихы” деп аталатын 700 беттік қомақты еңбегінде Қазақ хандығы мен қатар Алаш Орда және Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы сынды Алаш қайраткерлері туралы да жан жақты мәлімет береді. Бұл, Түркияда Алаш қайраткерлері туралы жан жақты мәлімет берген тұңғыш еңбек еді.

Уәлидидің “Түрік – татар тарихы” атты кітабына 1912 жылы жоғары баға берген басқа да адамдар арасында орыстың белгілі ғалымы Бартольд та болады. Ол “Ислам әлемі” атты журнал шығарғандықтан сол жылы Ресей мұсылмандары арасында сапар шегеді, осы сапарда Уәлиди онымен танысады және оның бұл сапарының маңыздылығы жайында Орынборда шығатын “Уақыт” газетінде мақала жариялайды. Бұл мақала Бартольдқа ұнайды. Сондықтан ол хат жазып Уәлидиді Петербор университетіне шақырады.

Уәлиди 1914 жылы өзбектер арасында жүргенде саяси мәселелер жайындағы әңгімелері үшін бәреулердің соңына түскенін байқайды, сонда Бөкейхан мен Бартольдтың ғылыми мәселелермен шұғылданған уақытта саясатқа араласпау жөнінде берген кеңестерінің есіне түскенін айтады. Уфа қаласында мұғалім болып жүргенде де бұл кенесті ешқашан естен шығармағанын келтіреді. Сонымен қатар ол Бөкейханның кеңесі бойынша Орта Азия халықтары туралы зерттеулерімен танымал Грегори Потанинмен танысып, көп мәлімет алғанын айтады. Ол кезде 80 жасқа таяған және Сібір мен Орта Азия халықтарының мәдениеті, тарихы, жағырапиясы және дастандары туралы ғылыми мақсаттан көрі ғылыми ләззат алу үшін сол халықтарға сүйіспеншілікпен қарай отырып жазған еңбектерін құшырлана оқығанын келтіреді. Зәки Уәлиди осыған байланысты естеліктерінде Ресей мұсылмандары, оның ішінде, әсіресе, Түркістан мәселелерімен жіті таныс болуыма әзірбайжандық Алимердан Топчубашы мен қазақ Әлихан Бөкейханның елеулі еңбек сіңіргенін ерекше ризашылықпен атап өтеді.

Бөкейханның ілтипаты мен қамқоршылығына бөленген Зәки Уәлиди мен Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін саясатта алдыңғы қатарда рөл атқарады. Екі жастың тағдырларындағы ұқсастық тек Бөкейхан сияқты бір саяси көсемнің қолдауына ие болуларында ғана емес еді.  Әсіресе 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін олардың тағдыр жолдары барған сайын көбірек ұшыраса бастайды. Ұлттық автономия құру жолында екеуі де жетекші рөл ойнайды. Большевиктердің өз елдеріне ұлттық автономия бермейтіндіктеріне көздері жеткен кезде, екеуі де шетелге кетіп  Түркия, Европа елдерінде большевиктерге қарсы кейде бірге, кейде бөлек күрес жүргізеді.

Зәки Уәлиди естеліктерінде Шоқай мен бірге атқарған саяси жұмыстарын баяндағанда қазақстандық тарихшыларға әлі де беймәлім болып отырған бір қатар мәселелерді тілге тиек етеді. Мәселен, біз оның естеліктерінен Шоқайдың Түркістан автономиясында өз бетімен емес, Әлихан және өзге алаш жетекшілерінің нұсқауы бойынша Орынбордан Қоқанға барып жұмыс істегенін біліп отырмыз. Уәлиди Мұстафа Шоқайдың Алаш жетекшілерінің шешімі бойынша кеткенін, әйтпесе 1917 жылы, қазан айының аяғында қызылдардың қолына өткен Ташкеннен қашып келген Шоқайдың Орынбордан кетуді қаламағанын баса көрсетеді. Алаш жетекшілері Шоқайға Қоқанға баруын және ол жақтан басқа жаққа кетпей тұруын қадағалап айтады. Сонымен қатар Уәлиди Алаш қайраткерлерінін өзіне де Башқұрт еліне барып саяси жұмыстармен айналысуын кеңес береді. Орынборда екі күнге жалғасқан Алаш жетекшілерімен болған бас қосудың болашақ тағдырларының жолын белгілегенін айтқан Уәлиди онда мынадай шешімге келгендігін айтады:  Демократия және Ресей құрушылар мәжілісі (учредительное собрание) идеясына адал болу, Большевиктерді ешқашан мойындамау, Украинадағы сияқты өлкелік автономия бағытын ұстау, желтоқсан айының соңына таман жалпы қазақ құрылтайы және башқұрт құрылтайларын Орынборда жинау, сондай-ақ, Түркістанда да автономия жариялау”. Осындай шешімдер қабылданғаннан кейін Шоқай Орынбордан Қоқанға аттанып кетеді.

Міне бұл жағдай бізге, Түркістан автономиясының да Алаш қозғалысының құрамдас бір бөлігі екенін көрсетеді. Бұл да заңды, өйткені Түркістан автономиясының құрамында миллионнан астам Сырдарияға қазақтары болды. Қазақ газетінің 1917 жылғы бір санына қарағанда ол кезде Сырдарияда 1.021.000 қазақ өмір сүрген болатын. Яғни Алаш қайраткерлері сондағы қазақтардың да мүддесін қорғамақ болған. Алаштың беделді мүшелерінен Мұхаметжан Тынышбаевтың да сол автономияда жетекшілік етуі бекерден бекер емес. Сол себептен Түркістан автономиясын да Алаш қозғалысының шешімінің бір нәтижесі деп тұжырымдаған қате болмаса керек. Сондықтан Түркістан автономиясыз Алаш зерттеулері, біздің ойымызша, толық болмайды. Басқаша айтқанда, Алаш саяси қозғалысы бүгінгі көптеген тарихшылардың ойлағанынан әлдеқайда ауқымды да мазмұнды.

Уәлиди естеліктерінде даулы тағы бір мәселеге тоқталғанын көреміз. Көптеген Алаштанушылар Әлихан Бөкейхан қазақ халқының Орта Азиядағы өзге түркі халықтарымен бірігіп саяси одақ құруға үзілді қарсы болғанын айтып келеді. Уәлиди естеліктерінде бұл пікірді жоққа шығарады. Әлекең алғашында түркі тілдес халықтардың бірлігіне қарсы пікірде болғанымен, кейін бастан өткен саяси тәжірибелері оны көршілес түркі тілдес халықтармен бір одақ құрудың қажеттілігіне алып келгеніне көрсетеді. Ол бұл туралы “Бүгінгі Түркелі, Түркістан және таяу тарихы” атты еңбегінде: “Әлихан бастапқы кезде қазақтардың өзге түркі ұлттармен этникалық және мәдени байланыстарына ешқандай мән бермей жүрді және көшпелі ұлттың діни фанатизмнен алыс болғандығын пайдаланып орыс мәдениетінен “қазақтық” негізде пайдалануға күш жұмсады… Өзге Алаш қайраткерлері сияқты Әлихан да қазақ ұлттық қозғалысының аясында жұмыс істеп қазақ халқының қажеттіліктерін жақыннан үйренгеннен кейін қазақтардың өзге түркі халықтармен мәдени және саяси күш біріктіруінің маңызын түсінді.”

Сондықтан, Еуропаға шыққаннан кейін Мұстафа Шоқайдың жар салып айтып жүрген, кейін 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Орталық Азия Одағы” деп заманауи саясатқа ыңғайластырып көрші туысқан елдерге ұсыныс еткен, “Біртұтас Түркістан” идеясы, көп адам ойлағандай, Шоқайдың жеке пікірі емес, 1918 жылы Орынборда Алаш жетекшілерінің келіскен, ортақ пікірі екенін нақты айтуға негіз бар.

Енді бұл туралы Уәлидің жазғандарына үңілсек, Шоқай Қоқан автономиясы құлағаннан кейін қазақ далаларында таныстарының үйіне түсіп жүріп тамыз айы ішінде Самара арқылы Уфаға жетті. Ол жерде Зәки Уәлидиді тауып, оның Йорматыдағы үйіне түсті. Шоқай бұл жерден Уәлидимен бірге Орынборға өтті. Осы қалада Алаш лидерлерімен бұдан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстың бағыт-бағдарын белгілеу мақсатында кездеспек еді. 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйек күндері арасында Орынбор және Самара қалаларында тізбекті бірқатар жиналыстар өткізілді. Бұл жиналыстарға Алаш көсемдерінен Бөкейхан, Байтұрсынұлы, Дулатұлы және Тынышбаев қатысты. Сонымен қатар, Қоқан Өкіметі мүшелерінен Убейдуллах Хожа да осы жиналыстарға қатысушылардың арасында болды. Сонымен, Алашорда, Түркістан және Башқұрт үкіметтерінің өкілетті  қайраткерлерінің басы осы жиналыстарда қосылды. Жиналыстардың қорытындысында бұл үш өкіметтің “Оңтүстік-Шығыс Автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы” деген атпен бір федерация құру және қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы шешім қабылданды. Уәлиди жиналыстарда федерация жоспарының жан-жақты талқыланғанын айтады. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстанды қамтитын, 4.010.139 шаршы шақырымдық бір кеңістікті және 1917 жылғы есеп бойынша ұзын саны 15.673.680 адам және мұның 82 пайызын  мұсылмандар құрайтын халықты қамтыды. Орынборда үш өкімет басшыларының жиналысында сондай-ақ “Шығыс Ресей Мұсылмандары Одағы” туралы Сібір, Самара өкіметтеріне және Орал мен Орынбор казактарына ұсыныс жасау туралы да шешім қабылданды.

Орта Азияның үш өкіметінің жетекшілері Түркістан Федерациясы жобасына қолдау іздеу барысында Түркияда түрік ұлтшылдығының идеялық негіздерін салушы Юсуф Ақшорамен кездесу өткізді. Ол, 1918 жылы қыркүйекте Түркияның Қызылай (Қызылайшық) ұйымы атынан І дүниежүзілік соғыста Ресей армиясына тұтқынға түскен түрік әскерлері мен офицерлерінің Түркияға қайтарылуы мәселесіне байланысты Ресейде ресми сапарда жүрген еді. Ақшора Уфадағы ескі досы Мүпти Ғалимжан Барудидың қонағы ретінде Ресей Мұсылмандарының Дін Істері Басқармасы Мұсылман Рухани Мәжілісінің ғимаратында тұрып жатқан еді. Сол ғимаратқа барған Бөкейхан, Шоқай, Уәлиди және Тынышбаевтардан құралған делегация Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелер Одағы туралы оған мәлімет берді. Сонымен қатар француз тілін білетіндігіне байланысты онан болашақ федерациялық мұсылман ұлттық өкіметінің Сыртқы Істер министрі қызметін қабылдауын өтінді. Бірақ, 12 қыркүйек күні өткен кездесуде, Ақшора Түркия азаматы болуына байланысты Ресей ішіндегі қандай да бір саяси қозғалысқа белсене араласуының мүмкін еместігін алға тартып, өзіне ұсынылған қызметтен бас тартты. Сонымен қатар Ақшора одақ атын “Шығыс Түріктерінің Федерациясы” деп атаудың дұрысырақ болатындығын көрсетті. Бөкейхан орыстардың бұл одаққа бойлары үйренгенге дейін, оған пантүркизм таңбасы басылуына себеп болатын әрқандай бір атаулардан бойды аулақ ұстаудың қажет екенін, бірақ уақыт өте келе ол аттың да қабылданатындығын айтты. Міне бұл, бізге Бөкейханның 1917 жылы қазан айында “Қазақ” газетінде жарияланған “Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз?” деген пікірінен бір жыл ішінде болған уақиғалардан алған нәтижелерден кейін қайтқанын көрсетеді.

1918 жылдың қыркүйек айында Алашорда, Түркістан және Башқұрт өкіметтері басшыларының жиналысында белгіленген Ресей Мұсылмандары Одағы стратегиясы кейіннен Шоқайдың Европада большевиктерге қарсы жүргізетін идеялық күресінің негізін құрап ол “Біртұтас Түркістан” идеясына айналды. Шоқай тек Қазақстан мен қазақ халқының ғана емес, бүкіл Түркістан мен сол жерде өмір сүріп жатқан бүкіл түркі халықтарының тәуелсіздігі үшін күрес жүргізді. Бұл, оның Алаш көсемдерінің идеясын жалғастыруы еді. Сондықтан да Алаш қозғалысының тарихы, оның соңғы түйіні Мұстафа Шоқаймен жалғасын тауып Шоқай дүние салған 1941 жылға дейін ұласады.

Ал енді Әлихан мен Шоқай арасында ешқандай саяси көзқарас айырмашылығы жоқ па еді деген сұрақ сұралар болса, онда бар дейміз. Бар болғанда, оған айырмашылықтан көрі, саяси көзқарас  эволюциясы деген дұрыс. Шоқай Парижде Керенский және Милюков сынды демократтық орыстармен бірге жұмыс істеу тәжрибесінде Алаш қозғалысының автономиялық мемлекет құру мақсатын тәуелсіз мемлекетке көтерді. Сөйтіп бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихи негіздерін жасады. Сондықтан да Алаш қайраткерлері ішінде Кеңестік идеологияның қаһарына ең көп іліккен Шоқай болды. Кеңес Одағының соңғы жылдарындағы жариялылық тұсында бүкіл Алаш қайраткерлері ақталып жатқанда Шоқайды бірден ауызға ешкім ала алмады. Қазақстан тарихының соңғы шындығы ретінде ол, тек бүкіл Алаш қайраткерлері 1989 жылы ақталып болғаннан кейін қана, 1990 жылдардың орта тұсынан бастап тілге тиек етіле бастады. Кезінде Шоқайға қарсы жасалған Кеңестік үгіт-насихаттардың күштілігі соншама, әлі де болса оның тарихи патриоттық тұлғасына күдікпен қараушылар табылуда.

Зәки Уәлиди өзінің еңбектерінде Әлиханның тұлғасына жоғары баға береді. Әлиханның қысқа өмірбаянын да келтірген “Бүгінгі Түркелі, Түркістан және таяу тарихы” атты кітабында Уәлиди жазған мақалаларымен қазақ саяси қозғалысының бағыт-бағдарын белгілеген Бөкейханның өте еңбекқор, моралдық жақтан таза және жоғары рухты екенін айтады. Ұлты үшін қызмет етуді өзіне принцип еткен бір зиялы ретінде танылған Бөкейханның орыс демократтық саяси қайраткерлері ішінде де зор беделге ие қазақ жетекшісі ретінде құрметтелгенін атап өтуде. Уәлидидің пікірі бойынша, Алаш қозғалысының Байтұрсын және Дулатпен бірге мосының үш бұтының бірі саналған Бөкейхан Орынборда шығып тұрған “Қазақ” газетінің рухы еді.

Сонымен қорыта айтар болсақ, Әлихан Бөкейханов тек ұлы істерге жетекшілік жасаған ұлы тұлға ғана емес, ол сонымен қатар елдің болашақ саяси жетекшілері болуға таланты бар жастарды саясатқа дайындаған ұлы саяси ұстаз да. 1910 жылдарда ол бағыт-бағдар беріп саясатқа баулыған Зәки Уәлиди мен Мұстафа Шоқай бұл пікірімізге дәлел бола алады.

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы

www.turkystan.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар