///

Қанатбайдың Қаресі қашан ақталады?

1665 рет қаралды

Қазақтың дара перзенті Мұстафа Шоқайдың ізін жалғап, жолымен жүрген, қазақты Кеңестің езгісінен құтқару үшін қан кешкен қайраткерлер аз болмады. Соның бірі «Түрк елі» комитетінің төрағасы Қарес Қанатбай еді.

1911 жылы бүгінгі Батыс Қазақ­стан облысының Борсы ауылында дүниеге келді. Қарес Қанатбай тура­лы молырақ мәлімет алу үшін Орал­да тұратын аталас інісі Серік Қа­нат­байға хабарластық. Айтуынша, бұ­лар ноғайқазақ руынан тарайды екен.
«Менің атам Башуттың әкесі – Қанатбай, ал оның әкесі Бекжан де­ген кісі болған. Сол Бекжан төрт әйел алды. Төртіншісі қалмақтың қы­зы Зейнеп еді. Бекжанның Шом­бал деген бауыры болды. Шомбал туралы тарихта көптеген мәлімет қалған, ол кісіні Жәңгір ханның он екі биінің бірі және соның ішінде абыройы жоғары, ханға жақындау болған деп айтады. Ол кісіден он ер бала өрбіген. Бекжан атамыз да төрт әйел алғанына қарағанда ау­қатты адам болғанға ұқсайды. Ол кі­сіні Жәңгір ханның әскерінің қол­басшысы болған деп те айтады. Қа­рес Қанатбай – осы Бекжанның шө­бересі. Шомбал мен Бекжанның әкесі – Нияз деген кісі. Нияздың әке­сі – Оразақай. Біз ноғай қазақ­тың Қоясы, Қоястың Оразақай бө­лімі болып есептелінеміз» дейді С­ерік Қанатбай.


Қарестің өз әкесінің есімі – Қо­сай. Кеңес кезінде Ресейдің Са­ра­тов об­­­лысына көшіп кеткен. Қарес Орын­борға 15 жасында, яғни, 1926 жы­лы келген. Алдымен, 3 жыл қазақ мек­тебінде, сосын Рабфакта оқы­ған. Оны бітірген соң Сверд­ловс­кі­де­гі политехникалық институтқа тү­сіп, тау-кен инженері маман­ды­ғын алды. Сөйтіп, Удмуртияның Ал­­наш қонысындағы кен өндіру кә­сі­порнында жұмыс істеді. Соғыс бас­талған кезде Қарес осы кәсіп­оры­нның бас инженер қызметінде еді. Бәрін тастап, майданға сұра­нып, 22-армияның 98-дивизия құ­ра­­мында соғысқа алынды. Не­гізінде, 98-дивизия Невель қорғ­а­ныс операциясы кезінде жау қолын қайтаруға тиіс еді. Алайда дивизия қоршауда қалып, біразы жау қолы­на түсті. Солардың ішінде осы Қа­рес те болды.
Архивтегі құжаттар бойынша Қа­рестің Кеңес әскері құрамындағы тарихы мынадай. Әскерге Удмурт АКСР-ның Алнаш ауданынан ша­қы­рылды. Ресей Қорғаныс ми­нистр­лігі дайындаған «Память на­ро­да» порталында Қарестің (Ка­нат­баев Карис Кусаевич) бірнеше құ­жаты сақталған. Соның бірі – 1952 жылдың 8 қазанында Кеңес Армия­сы­ның Кадрлар жөніндегі бас бас­қармасының кадрлық тізімнен шы­ғару туралы Жарлығы. Құжат­тың 47-реттік нөмірінде кіші лей­те­нант Қарес Қанатбаевты «на­ходясь в плену, изменил Родине» деп көр­сет­кен.
Екіншісі – 1942 жылдың 23 жел­тоқсанындағы соғыста хабарсыз кет­кендер туралы Қызыл Армия әс­­керінің қалыптастыру және то­лық­тыру жөніндегі бас басқар­ма­сының Жарлығы. Құжатта 210 кеңес­тік жауынгердің хабар-ошар­сыз кеткені үшін Қызыл Армия қатарынан шығарылғаны жазылған. Солардың бірі – Қарес Қанатбай. Құжатта «кіші лейтенант Канатбаев К.К, 98 стр. дивизия. Пропал без вести» деп көрсетілген.
Ал шындығында, Қарес неміс­тің тұтқынына түскен болатын. Не­містер толтырған Personalkarte-де Қарестің Невель түбінде тұт­қын­ға түскені нақты жазылған. Картаға өзі жайлы мәліметтер қосып, фо­тосуреті мен саусақ таңбасы ба­сыл­ған. Алғашында ІІІ А офлагында, одан кейін ІІІ А шталагына, 1942 жыл­дың сәуірінде ІІІ D шталагына ауыст­ырылған.
Зерттеуші-ғалым Бақыт Са­дықова «История Туркестанского легиона в документах» кітабында Қарес Қанатбайдың 1943 жылы Мұстафаның жесірі Мария Горина-Шоқайға жолдаған хатын келтіреді. Осы хатында Қарес Қанатбай Мұс­тафа Шоқаймен ал­ғаш қалай та­нысқанын, қалай тұт­қынға түске­нін­ баяндап, өзі тура­лы біраз мәлі­мет берген. «Мой отец, Косай Ка­нат­бай-оглы, за участие в повстан­чес­ком движении против советской власти в 1918-1919 годы подвергался гонениям и скрывался в Сара­товском краю. Поэтому и мне приш­лось оставить родные мес­та и пое­хать на учебу в Оренбург, где учился под маской сына бат­ра­ка» деп жазады.

Б.Садықованың жазуынша, Мұс­тафа мен Қарес Варшава түбін­дегі Сулеювек әскери тұтқындар лагерінде кездесіпті. 1941 жылдың кү­зінде Мұстафа концлагерьлерді (офлаг, шталаг, дулаг т.б) аралаған болатын. Осы кезде Қаресті жанына ал­дырып, тұтқыннан босаттырған. Н­егізінде, Мұстафаның лагерьлерге бар­ғандағы ойы түркістандықтарды (қа­зақ, өзбек т.б) ажалдан аман алып қалу болатын. Тұтқындарды со­ғыс­қа жібертпей, еңбекке аралас­тырғысы келді. Алайда немістер бұған жол бермеді. Мұстафаның «Ста­лин и Гитлер – оба злодеи» дейтіні содан. Мұстафа Польша жеріндегі түркістандық соғыс тұтқындары жағдайымен танысып, Берлинге қайтар жолында кенет ауырып, дүниеден өтті. Бұдан кейін Қарес Мұстафаны қайтып көрмеді.
Жоғарыда Қарестің 1942 жыл­дың сәуірінде ІІІ D шталагына ауыс­тырылғанын айттық. Осы кез­де немістер концлагерьлердегі 300-дей тұтқынды Берлин маңындағы Лук­кенвальд қалашығына жинады. Бұлардан Түркістан легионын құр­ды. Арасында Қарес те болды. ІІІ D шталагының тұтқындары н­е­гізінен барлау және насихат ісіне жұ­мыл­дырылды. Қарес Луккен­вальд­те даярлық курсынан өтті. Осы жерде атақты «Алаш» тобының командирі (Әлихан Ағаев) (Әмірхан Тілеума­ғам­бетов) және Мәулекеш Қайбол­дин­мен (Асан Қайғы) танысты. Осы жылдың ортасында Қарес Вустрау ме­кеніндегі насихатшылар әзірлей­тін оқу лагеріне жіберілді. Бұларды мұн­да ел басқаруға дайын­дады. Гер­мания КСРО-ны құлат­қан­нан кейін осы лагерьлерде дайын­далған кадр­­лар Орта Азия ел­деріне басшы­лық қызметке жі­берілмекші еді. Алай­да соғыс Кеңес Одағының жеңі­сімен аяқталып, немістердің бұл ойы іске аспады.
Саяси мектепті аяқтаған Қарес со­ғыстың отты жылдарында саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. 1942 жылы «Авбермен» бірлескен «Цеппелин» ұйымы құрылды. Бар­лау, насихат, ереуіл, т.б бөлімдерден тұрды. Осы ұйымның ішінен Бер­линде бірқатар ұлттық комитеттер құрылды. Соның бірі – Түркістан ұлттық комитеті (ТҰК) болатын. Тө­рағасы – өзбек Вали Каюм, жауап­ты хатшысы қазақ Қарес Қа­нат­баев еді. Алайда ТҰК-тың бас­шылары негізінен өзбектер-тұғын. Ұлттық кемсітулерге, асыра сіл­теу­лерге жол берілді. Каюм өзін бас­қа­ларға «хан» деп айтқыза бастады. «Немецкие войска уже под Ста­линг­радом и, взяв его, двинутся на освобождение Казахстана и Туркес­тана. Я буду ханом, а вы моими джи­гитами. Служите же честно Гер­­мании, беспощадно унич­то­жай­те русских» деді. Шынында, оның дә­месі аса зор еді.
Каюмның мұндай мақтаншақ, ұрдажық мінезі ТҰК қазақтарына жақ­пады. Соңы қазақтар мен өз­бек­тердің жауласуына дейін барды. Қарес Қанатбай мен Мәулекеш Қайболдин Каюмның үстінен ми­нистрлікке наразылық хатын жолдады. Олар өзбектерден іргесін аулақ салып, татар-баш­құрт­тармен бірігу жайлы ұсыныстарын айтты. Алайда ұсыныс қабыл­дан­бады. Соңында ТҰК өзбек, татар-башқұрт және қазақ болып үшке бө­лінді. Бұған наразы болған Вали Каюм Қареске қарсы әрекетке көш­ті. Оны комитеттің хатшылығы қыз­метінен босатты. Қайтадан май­данға алынуы­на себепкер болды. Соғыста миномет жарықшағынан Қарес басынан ауыр жарақат алды.
Түркістан легионында болған­дар­дың бірі қызылордалық Ақмыр­за Қуатбай туралы жазылған «Ка­зах­ский Штирлиц» деген мақалада ақсақал өзінің соғыста тұтқынға қалай түскені, кейін Вера Алексеев­на деген агент әйелдің көмегімен Түркістан комитетіне қосылғаны туралы баяндайды.
Комитетпен тығыз байланыста болған Ақмырза өзінің қандастарын кезіктіреді. Олар қызылордалық Кішкентай Әбсадықов, Үсен Қой­шолақов және алматылық Бақыт Тұрыс­беков еді. Бақыт пен Кіш­кен­тай Власов армиясы құрамында екен. Олар Ақмырзаға Вали Каюм­нан сақ болуды ескертеді. Мұстафа Шоқай бақилық болғаннан кейін оның Түркістан комитетіндегі ор­нына осы Каюм отырғанын, Мұс­тафаны ауырып жүрген кезін па­й­даланып, осы Каюм өлтіргенін баян­дайды. Олар Каюмның тікелей ара­ласуымен Мұстафаның көмек­шісі әрі орынбасары болған Қарес Қанатбайды немістің концлагеріне айдатып жібергенін естиді. «Қаресті құтқару керек» дейді олар. Мұны есті­ген Ақмырза дереу Верамен сөй­­­леседі.
«Я поговорил с Верой Алек­сеев­ной. И с ее помощью в феврале 1944 года Карис Канатбаев вернулся в комитет. Это был образованный че­­ловек.Капитан Советской Ар­мии, выходец из Уральска. Киш­кен­тай Абсадыков и Бахыт Турыс­бе­ков стали его телохранителями. Мы проработали с ними бок о бок до самого конца войны, спасая тысячи казахских, узбекских, кир­гизских солдат, попавших в неволю. 10 мая 1945 года мы находились вмес­те с Карисом Канатбаевым в меж­дународном лагере для воен­нопленных в австрийском Инс­бру­ке. Он наотрез отказался ехать в СССР, полагая, что его там расст­реляют. Уговаривал и нас остаться, но мы решили ехать домой. Он про­жил всю жизнь в Германии. Вплоть до 1976 года мы держали связь» дейді ақсақал.
Германия соғыста жеңілгеннен кейін, Қарес тағы да тұтқынға алын­­ды. Бұрын оны немістер «со­вет­­тің шпионы» десе, енді аме­ри­кан­дықтар «гитлершіл» деп айып­тап, Мюнхен маңындағы Дахау (Dachau) концлагеріне қамады. Ұзамай босатылып, американ­дық­тардың қолдауымен 1951 жылы «Түрк елі» комитетін құрды. Мұс­тафа Шоқайдың бағытын ұстанып, «Түрк елі» журналын шығарды, антисоветтік көзқарас ұстанды. Мұстафа армандаған тәуелсіз Түр­кістан идеясына қайтадан қанат бітірді. Журнал арқылы Қарыс Алаш көсемдерінің арманына қанат бітіруді өмірлік мақсат тұтты.
АҚШ-тың басқаруындағы «Азаттық» радиосындағы «Түр­кістан» редакциясының құрылуына да осы Қарес Қанатбайдың еңбегі сіңді.
Ғалым-журналист Досан Бай­молда «Азаттық» радиосының та­рихы жайлы жазылған «Шындық жаршысы» кітабында: «Комитет басшылары радио құру ісіне кірісер алдында Кеңестер Одағының ық­палындағы және құрамындағы елдерден батысқа қашып шыққан адамдардың басын қосып кеңесуді жоспарлайды. Сол жоспарға сай американдықтар соғыс кезінде Бер­линде Гитлермен істес болған, «Mи­лли Tүркістан Бірлік Комит­е­ті­нің» хатшысы міндетін атқарған және соғыстан кейін «соғыс қыл­мыс­тылары» қатарында, Мюнхен қаласы жанындағы Дахау конц­лагерінде американдықтар жағынан бір мезгіл қамалған Қарыс Қанатбай деген қазақпен байланыс жасайды. Қа­рыс Қанатбай сол кезде шет­ел­дерде өмір сүретін қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен және тәжіктердің бәрін Мұстафа Шоқайұлы салған «Біртұтас Түркістан жолы» ұста­нымы бойынша ұйымдастыруға кірі­седі. Соның нәтижесінде 1951 жыл­дың қыркүйек айында Мюн­­хен қаласында «Түрк елі – Түр­кістан Азаттық Комитетінің Ор­ганы» деген атпен екі тілде: түрікше және орысша «Түрк елі» журналы шығарыла бастайды. Ол журнал Американың ықпалымен және ақшасымен шығарылғаны белгілі. Журналдың 1953 жылғы №19 са­нында жаңадан құрылған «Азаттық» радиосының «Түркістан» ре­дакция­сын «Түрк елі» комитеті атынан құт­тықтаған қысқа құт­тықтау ха­бары да жарияланады.
Мұстафа Шоқайдың «Біртұтас Түркістан» ұстанымын басшылыққа алған Қарыс Қанатбай «Азаттық» радиосын қазақ, өзбек, түрікмен, қыр­ғыз және тәжік редакциялары деп бөлшектемей, бәрін біртұтас Түр­кістан шаңырағы астында бірік­тіріп, «Түркістан редакциясы» деп атап, оның бастығы етіп «Асан Қай­ғы» деген бүркеншік аты бар қазақ Мәулекеш Қайбалдыны, ал орын­басарлығына өзбек Уәли Зұнынды (Абдолла Төлеген) тағайындауға ұсы­ныс етеді. Американдық басшы­лар «Түрк елі» комитетінің бас­шы­сы Қ.Қанатбайдың бұл ұсынысын қабыл алады» деп жазады.
Мұстафаның зайыбы Мария Го­рина-Шоқай естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйым­дастырушы Қарыс Қанатбай бас­таған ұлтын сүйген қазақтар бол­ды. Осы адамдар Мюнхен қала­сы­ның шетіндегі ескі бір барақта тұра­ды екен. Көбісінің әйелдері неміс екен» деп еске алған болатын. Рас, Қарес Германияда неміс әйелге үйленді. Алайда артында ұрпақ қал­мады.
Мария Шоқай «ұлтын сүйген қа­зақ» деп бағалаған Қарес Қанат­бай 1982 жылы 71 жасқа қараған ша­ғында Мюнхенде қайтыс бол­ды.
Иә, тұтқынға түсіп, легионда бол­­ған қазақтар туралы қоғам әлі екіұдай пікірде. Алайда оларды сат­­қын деп те, қаһарман деп те айту­­ға келмейді. Олар үшін мақ­танудың да, ұялу­дың да керегі жоқ. Сатқын демейтін се­бебіміз, олар Отанын тастап қаш­пады. Майдан даласында мәж­бүр­ліктен тұтқын­далды. Олар қарсы­лас­са, коммунис­тік жүйемен қар­сы­ласты. Оларды өз Отаны – Кеңес өкіметі де оңдырт­пады. Соттады, атты… сүйегі көму­сіз қалғаны қан­шама?! Саусақпен санарлығы ғана ақталды. Өздерінің ақ екендерін дә­лелдей алмай кет­кендері қан­ша­?! Бір білеріміз, олардың ары таза еді. Жат елде жүрсе де қазақ деген ат­тарына кір келтірмеді. Мұстафа Шоқай, Қарес Қанатбай, Мәулекеш Қай­болдин, Дәулеткерей Тағы­бер­лі, Мәжит Айт­баев, Әлихан Ағаев­тың қай-қайсысы да қазақтың бо­ла­шағы үшін қан кешті. Ендеше, бүгін­гі Тәуелсіз Қазақстан кешегі зоба­лаң заманда теперiш көрген түркіс­тан­дықтарды ақтағаны оң қадам бо­лар еді. Бұлардың бастарынан кеш­кен азапты Алла Тағала енді қай­тып басымызға бермесін!

Серікбол ХАСАН

“Айқын” газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі