///

Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтары

1187 рет қаралды

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылғы сәуір айынан бастап тарады. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.


Өмірбек Бекалы 1970 жылы Қытайдың Тұрпан қаласы Пішән ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Қытайдан Алматыға қоныс аударып, 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2017 жылы 26 наурызда іссапармен Қытайға барған кезде белгісіз себептермен қамауға алынған ол 8 ай қытай түрмесінде отырып, қараша айының басында босап шыққан. Өмірбек Бекалы басынан өткен оқиғалар жайлы Азаттыққа әңгімелеп берді.

Азаттық бұған дейін Өмірбек Бекалы жайлы өткен жылы маусымда жазған. Өмірбектің Алматыда тұратын әйелі Раушан 2017 жылы наурызда Қытайдың Үрімжі қаласына іссапармен барған күйеуі жиынға қатысып, ары қарай Тұрпанда тұратын шешесіне барған кезде билік адамдары оны ұстап Қарамайға (Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданындағы елді мекен – ред.) алып кеткенін, екі айдан аса күйеуінен еш хабар ала алмай отырғанын айтқан болатын.

Азаттық радиосы Өмірбек Бекалының мәселесіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, Қытайдағы қазақстандықтың тағдыры туралы сауал жолдаған еді. Кейін Бекалының әйелі Раушан “Азаттықтың хабарлауынан кейін Сыртқы істер министрлігі өкілдері үйіне келіп, күйеуі жайлы мәліметтер алғанын” айтқан.

ІССАПАРМЕН БАРЫП, ҚАМАУҒА ТҮСКЕН АЗАМАТ

Өткен жылы наурызда Қытайға бірнеше күндік іссапармен барып, содан тек желтоқсанның 4-і күні Қазақстанға оралған Өмірбек Бекалы қазір Алматыда денсаулығын оңалтып жатыр. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол Қытайда тұтқындалған соң төрт айдан астам уақыт өткенде ғана Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері оған жолығуға барғандарын, сонан кейін тағы да үш жарым айға жуық қамауда болғанын айтып берді.

– Біз негізінде Қытайдан ЭКСПО-ға (Қазақстанда 2017 жылы өткен халықаралық көрме – ред.) келетін қонақтарды “қалай күту керек, қалай қарсы алу керек” деген сауалдар төңірегінде келіссөз жүргізуге іссапармен Үрімжі қаласына бардық. Ол жерде екі күн жиын өтті. Сосын, бір күнге сұранып, Тұрпан қаласы Пішән ауданында тұратын әке-шешеме амандаса кету үшін кештетіп бардым. Наурыздың 26-ы күні таңертең әкем менің келу құрметіме мал сойып, қазан көтерді. Бірақ таңғы сағат онда қытай полициясының бес қызметкері келіп: “Сізбен әңгіме бар еді, бөлімшеге барып әңгімелессек” деп алып кетті. Бірақ сол кеткеннен үйге қайта оралуым мұң болды, – дейді ол.

Өмірбектің айтуынша, оған “әуелде Қазақстанға келуге төрт адамға шақыру жбергенсің, олардың құжатын жасауға көмектескенсің және көмегің үшін ақша алғансың” деп кінә таққан. Сегіз күн Пішән аудандық ішкі істер бөлімшесінде отырғаннан кейін Қарамай қалалық полиция бөлімшесіне жеткізген.

– Мені Қарамай аудандық бөлімшесіне жеткізгеннен кейін полиция бастығы “Сен Қазақстан азаматысың ғой. Назарбаев өзі келіп алып кетсін” деп бармағын шығарды. Мен ештеңе дей алмадым. Олар маған “2008 жылы Қазақстанға келіп қайтуға төрт адамға шақыру жібергенсің” деп жала жапты, – дейді ол.

Өмірбек Бекалы жеті ай он күн уақытша ұстау изоляторында, жиырма күн саяси тәрбиелеу орталығында болғанын айтады.

– Уақытша ұстау изоляторында аяқ-қолымды кісендеп, қауіпті қылмыскер ретінде ұстап отырды. Тек Қазақстанның Пекиндегі консулдығынан бір адам мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі келген кезде ғана аяқ-қолымдағы шынжырды алып, көз алдады, – дейді ол.

Өмірбек Бекалының сөзінше, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен келген өкілдер оған “қамауда отырғанда күніне үш уақыт тамақ ішуге, ауырса дәрігерге қаралуға болатынын және оны ешкімнің ұрып-соғуға қақысы жоқ екенін” ескертіп, тұрақты түрде байланыста болатындарын айтқан.

“Бірақ күніне бір уақыт қайнаған капуста мен буға пісірілген нан ғана жеп отырдым” деген Өмірбек “сегіз айда 40 келі салмақ жоғалтқанын” айтты.

– Мені кейін екі рет, біріншісінде шілденің 10-ы күні, екінші рет қыркүйек айында тергеуге шақырды. Ол кезде өзім жұмыс істейтін “Аққу” туристік фирмасының кімдерге виза алып бергені туралы сұрап, “Танисың ба?” деп әркімнің суреттерін көрсетті. Басқа ештеңе сұрамады. Алдыңғы таққан айыптары ұмыт болды. Содан қарашаның 4-і күні менің “ісімді” ұстаған сақшылар келіп алып кетті. “Босатасыңдар ма?” деп сұрап едім, “жоқ, саяси үйрену орталығына барасың” деді, – дейді ол.

Бекалының айтуынша, дәрігерлік анықтамасында қан қысымы бар екенін көрген саяси үйрену орталығы қызметкерлері оны қабылдаудан бас тартқан. Бірақ Өмірбекті қайтадан ауруханаға апарған полиция қызметкерлері құжаттарын қайта жасатқызып, ақыры оны саяси үйрену орталығына тапсырған.

Өмірбек Бекалының сөзінше, саяси үйрену орталығында күн сайын коммунистік партия туралы ән салып, тамақтың алдында партия мен Қытайдың қазіргі президенті Си Цзиньпин атына мақтау сөздер айту, қытай тілін үйреніп, Қытайдың бес мыңжылдық тарихы мен заңдарын жаттау міндеттеледі екен. “Бұл талаптардың ешқайсысын орындамадым” деген Өмірбек орталықтан қарашаның 24-і күні бостандыққа шыққанын айтты.

– Саяси тәрбие орталығынан босап шыққаннан кейін Қарамай аудандық ішкі істер бөліміне келдім. Ол жерде визамды он бес күнге ұзартып, осы күндер аралығында Қытайдан шығып кете алатынымды ескертті. Өздерінің заңсыз ұстағандарын айтып кешірім сұрады. Мен визамды бір айға ұзартуларын сұрап, Пекинге дейін барып арызданатынымды, құқығымның тапталғанын айттым. Олар “Арыздануға қақыңыз бар. Оған қарсы емеспіз. Бірақ онан кейін Қытайға қайтып кіре алмайсыз. Туыс-туғандарыңыздың барлығы осында тұратынын естен шығармаңыз” деп ашық ескертті. Кейін әкем де “ертең олай-бұлай болып кетсем сүйегімді көре алмай қаласың” деп рұқсатын бермеді, – дейді Өмірбек Бекалы.

Ол желтоқсанның 4-і күні Қытайдан Қазақстанға өткенін айтады. Қазір Өмірбек Бегалы уақытша жұмыссыз. Үлкені сегіз жасқа толған үш баласы мен әйелі өзі жоқта көрші-қолаң мен тамыр-таныстарының көмегінің арқасында күнелткенін айтады.

ТІРКЕУІН ЖОЮҒА БАРЫП, ҚАМАУДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚ

Алматыда тұратын Хамза Көксебек есімді азамат Азаттыққа хабарласып, 1981 жылы туған інісі Орынбек Көксебектің 2017 жылғы желтоқсанның 15-інен бері Қытайдың Шәуешек қаласында саяси тәрбиелеу орталығында отырғанын айтты.

– 2012 жылы отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Келе сала Қазақстан азаматтығын алдық. Інім әлі үйленбеген еді. Қырда мал бағып жүрген, ешкімде шаруасы жоқ жан, – дейді Хамза.

Оның айтуынша, Орынбек Көксебек 2017 жылдың қараша айының ортасында Қытайдағы “напосын” (тұрақты тіркеу – ред.) өшірту үшін Қытайға барған. Туған жерінде бір айға жуық жүрген ол тұрақты тіркеуден шығып, Қазақстанға қайтып келе жатқанда шекарада ұсталып, Шәуешек қаласына қайтадан апарылған.

– Қазір оның Шәуешекте саяси тәрбиелеу орталығында отырғанын білдік. Басқа еш хабарымыз жоқ. Ұстаған кезде “2012 жылдан бері туған жеріңе неге келмей жүрдің? “Напосты” неге осы уақытқа дейін өшірмедің?” деген сауалдар қойған. Шындығында Қытай заңы бойынша өзге елдің азаматтығын алған кезде тұрақты тіркеуден автоматты түрде шығарылады. Және биылғы жылдың сәуір айына дейін мұндай әңгіме болған жоқ, – дейді Хамза.

Ол інісінің басындағы жағдайды баяндап Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне тапсырған шағымына әлі күнге дейін еш жауап болмағанын айтады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА ҰСТАЛҒАН АЗАМАТ

Қазақстан-Қытай шекарасындағы “Қорғас” арнайы экономикалық аймағында орналасқан “Самұрық” кешенінің алдында Қытай билік өкілдері ұстап алып кеткен Асқар Азатбек туралы бұған дейін қазақстандық баспасөз құралдары жазған.

Осыдан 2017 жылы көктемде Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Асқар Азатбек қазанның 7-і күні Қазақстан азаматтығын алған. Бұрын Қытайдың Шынжаң өлкесі Іле аймағында әртүрлі салада мемлекеттік қызмет атқарған ол көшіп келген соң жеке бизнеспен айналысқан. Желтоқсанда қытайлық кәсіпкерлермен іскерлік кездесу ұйымдастыру үшін “Қорғас” аймағына танысы Оразжан Сұлтанәліні ертіп барған.

2017 жылғы желтоқсанның 7-і күні түстен кейін “Қорғастағы” қазақстандық шекара бақылау бекетінен өтіп, арнайы экономикалық аймақтағы “Самұрық” кешенінің алдына барған Асқар Азатбек пен Оразжан Сұлтанәліні екі жеңіл көлікпен келген азаматтық киімдегі бірнеше адам ұстап алған. Кейін олар Оразжанды босатып, Асқарды машинаға күшпен отырғызып, Қытай шекарасына қарай алып кеткен.

Бұл туралы Азатбектің туыстары Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған видеоүндеуде де айтқан.

Асқар Азатбектің Жаркентте тұратын нағашы апасы Қарлығаш ұсталғанға дейін жиенімен телефонмен сөйлескенін айтады.

– Ол Алматыдан мені сағалап, осында, Жаркентке келген болатын. Сағат түскі үш жарымда маған хабарласып, Қорғас кеден бекетінің аумағынан жер алу үшін кеден басшылығы қызметкерлерімен сөйлескенін айтты. Арада бір сағат өтер-өтпес уақытта ұрлап кетті. Кеденнің және қалалық полиция бөліміне күнде барамын. Еш хабар жоқ, – дейді Қарлығаш.

Асқар Азатбектің ұрланғаны туралы Жаркент қалалық ішкі істер басқармасында қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған. Осы істі жүргізіп жатқан тергеуші Мәди (тегін айтудан бас тартты – авт.) Азаттық тілшісіне “жәбірленушіні ертіп Жаркент қалалық полиция бөліміне келіңіз. Сізге сол жерден ғана жауап бере аламын” деді.

Азаттық тілшілері Асқар Азатбек мен Орынбек Көксебектің мәселесіне қатысты сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовқа да бірнеше рет хабарласты. Әзірше министрліктен ешқандай жауап болмады.

“Қазір Қытайда қамауда отыр” делінген Орынбек Көксебек пен Азатбек Асқар туралы Азаттық тілшісінің сауалына Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының қызметкері (аты-жөнін айтудан бас тартты – Азаттық.) “Қолымызда ол кісілерге қатысты ақпарат жоқ. Олар туралы ақпарат алу үшін тек бас консулдың атына хат жазу керек” деп жауап берді.

Қытайда тұратын этникалық қазақтардың қысым көріп жатқаны және ол жақта кейбір қазақстандық азаматтардың да қамауға алынғаны жайлы Азаттық 2017 жылғы мамыр айынан бері жазып келеді.

Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларында, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, бұлардан басқа тағы бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, Қытайдағы этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.

Нұртай ЛАХАНҰЛЫ, «Азаттық» радиосы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері