////

Әңгіме дайындықта ма, деңгейде ме?

1488 рет қаралды

Журналистерді оқыту-оқытпау мәселесі бұған дейін де бір рет көтерілген еді. «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Арман Шораев мырзаның: «Журналистика саласы – депрессияда. Кәсіби білікті мамандар жоқтың қасы. ҚазҰУ-дан басқа университеттерде Журналистика факультеттерін жабу керек. Басқалары талабы, дарыны жоқ мамандарды шығарып жатыр. Тек ҚазҰУ-дан шыққан санаулы азаматтарды ғана мықты журналист деп айтуға болады, қалғаны мұғалім, оқытушы бола алады», – деген сөзі біраз әлеуметтік желіні шулатқан еді. Шораев білікті заңгердің де сол салада жазатын мықты журналист бола алатынын айтқан. «Білім және ғылым министрлігі лицензияны оңды-солды шашып жатыр. Ол жерде сыбайлас жемқорлық та жоқ емес» деген әріптесіміздің бұл пікірін қолдағандар да, қолдамағандар да көп болды.

Шораевтың пікірі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің де көкейі­не дөп тиген секілді. Министр: «Журна­лис­ти­каны 4 жыл оқытудың қаже­ті жоқ дей­тіндермен келісетін шы­ғар­мын. Меніңше, ең бірінші кезекте өзің жаза­тын саланың маманы болуға тиіссің. Егер сен медицина ту­ралы жазатын болсаң, онда дәрігер бол­ғаның, эконо­ми­каны жазсаң – экономист, бан­кир, одан кейін журна­лист болғаның жақ­сы», – дейді. Бұдан бөлек министрлік екін­ші мамандығың журналистика бола­тын жүйе енгізбек. «Біз бәрін ескердік, ен­дігі іс жоғары оқу орындарына қалып отыр. Олар пәнара­лық бағдарлама құруы тиіс. Міне, сол кезде саланы түсіне­тін, са­рап­тама жасай алатын, жалпы сала­ның маманы болатын журна­листер пайда бола бастайды» дейді министр мырза.
Жақсы-ақ делік. Экономика сала­сын жа­затын журналистің экономиканы ше­міш­кеше шағуы тиіс деген шығар ми­нистр. Алайда бұл Журналистика факуль­те­тінде оқығандар экономиканы білмей­­ді деген сөз емес. Бұқаралық ақпа­­рат құрал­дарында қызмет атқара­тын кез кел­ген кәсіби маман өз саласын терең мең­гереді. Олардың әрқайсысы эконо­ми­каға, әлеуметке, саяси журна­лис­тикаға ба­ғыт ұстайды. Сол саланың жілігін ша­ғып, майын ішеді. Ол үшін экономика фа­культетін бітіруі, не бол­ма­са заңгер болуы шарт емес. Бастысы, білікті ма­ман­ның қабілет-қарымы, білімі жеткілікті бол­са жетеді деген пікір айтушылар да бар. Дегенмен сала­лық журналистиканы да­мыту қажет делік. Ол үшін талапкер қай ма­ман­­­дықты таңдағаны жөн. Эконо­мика фа­куль­тетін бітірген маманның комму­ни­­­кация саласын меңгергені дұрыс па, әл­де журналистика факуль­тетін бітірген ма­ман­ның экономи­каны игергені дұрыс па?
Белгілі журналист, «Мінбер» журна­лис­­терді қолдау орталығының жетекшісі Есен­гүл Кәпқызы: «Министрдің сала­лық жур­налистерді дайындау керек деген пікі­ріне келісемін. Қазір әмбебап журналистер көп, алайда бір салаға маманданған, сол са­ланың майын іш­кен, сарапшысы дең­гейі­не көтері­ле­тін журналистер өте аз. Қа­зақ ақпарат құрал­дарында сауатты сая­си талдаулар, экономиканы қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп беретін адам­дар жоқ. Өйткені журналистика фа­культеттерінде коммуникацияның тео­риялары, журна­лис­тиканы тереңдетіп оқы­ту басым да, белгілі бір салаларға ба­ғыттау мәселелері ақсап жатады. Оны оқы­туды мақсат еткен күннің өзінде сол са­ланы меңгер­ген журналистер аз. Сол себепті, жур­налистиканы өзге пәндерді үйре­те­тін мамандықтарға элективті курс ретінде кіргізу туралы пікірмен келісе­мін. Ал журналистік білім беруді 2,5 жылға қыс­қарту дұрыс емес. Өйткені медиа тео­риялары, коммуникацияның әдіс-тә­сіл­дері, медиасоциология мен саяси ком­муникация секілді білімді игеріп шық­пайын­ша, журналист болу қиын. Сосын, дуальды білім беру мәселесі – қазақ­стан­дық журналистика­ның ақсап жатқан тұ­сы. Дуальды білім беру деген сөз – теория мен практиканы ұштастыру. Біз бұл мә­селені айтып келе жатқалы біраз уақыт бол­ды, алайда шын мәнісінде практи­калық білім жағы көмескілеу. Сол үшін болашақ журна­лист 2,5 жылын теорияға бө­ліп, қалған уақытын тәжірибеге арнаса, дұрыс болар еді. Биыл СДУ «Журналис­тика» мектебі Алматы телеарнасымен бірге журналистер дайындау туралы ме­мо­рандумға қол қойды. Бұл меморан­дум бойынша, біздегі сабақтар­дың теле­арнаға қатыстыларын Алматы теле­арнасының мамандары үйретеді. Яғни, студенттер теориямен ғана қанағат­танбайды, соны­мен қатар тәжірибені де алып шықпақ. Болашақта бүкіл оқу орындарына қойы­латын талап осындай болады. Министр осыны меңзесе керек», – дейді.
Небір дүлдүлдер түлеп ұшқан ҚазҰУ-дың Журналистика факуль­теті­нің орны бө­лек. Қазақ баспасөзінің нағыз жауын­гер­лерін даярлап шығарған оқу ордасы ми­нистрдің айтқан пікіріне қалай қарай­ды?
ҚазҰУ-дың Баспасөз және Элек­трон­ды БАҚ кафедрасының меңгеру­шісі Гүл­мира Сұлтанбаева: «Ақпарат және ком­муникациялар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің журналисти­ка­дағы білім беру, еліміздегі медиа білім саласы туралы мәселе көтеріп, кездесу өткізуі – журналист мамандарын даярлау­ға жасалған бетбұрыс. Елімізде журна­лис­тер дайын­дайтын 29 кафедра бар. Екі ведом­­ство­лық министрлік осы кафедра­лар­дың басын қосып, басты-басты бірнеше мәселені талқыға салды. Оның ішінде қыркүйек айында қабылданатын Білім беру заңына байланысты да сөз қоз­ғалды. Кездесуде қозғалған мәсе­ле­лені бірі – салалық журналистика. Яғни, сала­лық журналистиканы дамыту. Министрдің айтқан 2,5 жыл даярлау керек дегені оқыту бағдарламасын қыс­қарту деген сөз емес. 2,5 жыл негізгі журналистік пәндерді оқытып, одан ары қарай салалық пәндерге бет бұру. Медицина, IT, экономика және тағы басқа сала­ларды меңгеруі. Әлем универ­ситет­терін­де мұндай дамыту үрдістері бар. Мұндай артықшылықты ҚазҰУ-да қол­данысқа енгізіп отыр. Біздің уни­вер­си­тет әлем университеттерінің қатарында 226-орында тұр. Бұл – топ университ­тері­нің көрсеткіші. Болон үдерісіндегі жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламалары үш деңгейде оқытыла­ды. ҚазҰУ-да осы бағдарлама негізінде білім беруде. Мамандық ретінде 2,5 жыл оқытып, ары қарай 8 жылға дейін тереңдету қажет деген ұсыныс айтылды. Яғни, оқу мерзімі қысқар­майды. Жалпы, министрдің айтқы­сы келген ойы – салалық журналис­ти­каны дам­ыту. Бұл – ұсыныс қана. Журна­­листика төрт жыл оқытыла береді. Журналистика кафедраларына қойыла­тын басты талап та осы. Цифрлы техно­ло­гия күннен күнге қарыштап дамып барады. Келешекте журналис­тикаға қатыс­ты түрлі салалық мамандықтар өзге­ріске ұшырап, медианың архитек­тура­сы деген салалар пайда болады екен. Сон­дық­тан да бұл – нарықтың талабы. Соңғы кез­дері дуальды білім беру үрдістері ұсы­ны­­лып жүр. Бұл үрдісті өзім онша қолда­маймын. Себебі, дуальды білім беру – мүмкіндігі шектеу­лі жандарға ұсынылатын жүйе. Біз қазір өз аудиториямызға қашық­тық­тан білім беру бағдарламасын ұсынып отырмыз. Бұл журналистикада жұмыс істеп жүрген немесе коммуникация сала­сын меңгерген менеджерлердің екінші білім­ді меңгеруіне жол ашады. Ол интер­нет арқылы жүзеге асады. Бұл жоба арқы­лы азамат өз білімін толық­тыра алады. Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынатын арнайы курстары бар. Мұның бәрі акаде­мия­лық негізге балама білім беру жол­дары. Академиялық білім беру – толық­қан­ды кадр дайындау деген сөз. Елімізде 29 кафедра бар дейміз. Талапкерлер ең жақсы бағдарламаны игерсек деп өздері таңдайды. Оны нарықтағы позициясына, рейтингіне қарап бағалайды. Жалпы, ҚазҰУ-дың Журна­листика факультеті үш деңгейдегі білім беру жүйесі бойынша көш басында тұр», – дейді.
Мәжіліс депутаты, белгілі публицист Дархан Мыңбайдың қазақ журналис­ти­касы туралы: «Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында баспасөзге лег-легімен келген мықты қаламгерлер болды. Ол кезде бүгінгідей техниканың керемет жетістіктерін пайдалану мүмкіндіктері болма­ғанымен, олардың зерттеулері барын­­ша терең әрі тиянақты еді. Оған ең бастысы, кәсіби білімінің тереңдігі, біліктілігі, бай тәжірибелері ықпал етсе керек. Журналист өз дәуіріне үн қос­па­са, қоғамның толғақты мәселе­ле­рін жазбаса, ол – жай немқұрайлылық қана емес, өз кәсі­би мамандығына жасаған опасыз­дығы. 80-жылдардың аяғында журна­лис­ти­ка идеологияның қаруы болды. Журна­лис­тер шын мәнінде көрінбейтін майдан­ның алғы шебінде жүріп, қазақтың руха­­­ниятын сыртқы күштердің ықпалы­нан қорғады», – деген екен. Расында, қазақ бас­пасөзі жауын­гер жанрға айналды. Қа­зақ баспасөзінде қызмет атқарған мық­ты қаламгер­леріміздің әрқайсысы – бір-бір мектеп. Олардың көпшілігі – Журна­лис­тика факультетінің түлегі. Тауман Аман­досов, Темірбек Қожакеев сияқты алыптардың шәкірттері. Олар қазақ руха­ния­т­ын өркендетіп қойған жоқ, салалық журналистиканы да дамытты. Демек, олар өз кәсібінің адал жауынгерлері болды.
Расымен, салалық журналистиканы дамытқан абзал. Бірақ ол Журналистика факультетін жабу деген сөз емес. Демек, арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмеу­дің жолы – білікті ұстаздардан дәріс алу. Білікті маманнан білімді кадр шыға­ды. Ол үшін оқытушы маман­дар­дың білікті­лі­гін жетілдіру мәселесі де қолға алынғаны жөн.

Гүлзина БЕКТАС

www.aikyn.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар