///

Ілияс Тілеубергенов: Халықты ашындырмау үшін үкімет әлеуметтік зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруы керек

827 рет қаралды
Әлеуметтік зерттеулер бойынша сарапшы, DataSight зерттеу және талдау агенттігінің директоры Ілияс Тілеубергеновпен сұхбат.Ілияс Тілеубергенов

  • Жақында мәжілістегі отырыстардың бірінде спикер Н.Нығматулин әлеуметтік зерттеулерге бөлінетін шығынның көлемін сөз етіп, зерттеулердің маңыздылығына күмән келтірді. Мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік зерттеулерге бөлінетінің қаржының көлемі су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінетін қаражаттан әлдеқайда көп екенін мысал ретінде атап өтті. Әлеуметтік зерттеулер бойынша сарапшы ретінде мәжіліс төрағасының осы сыны туралы не айтасыз?
  • Әлеуметтік зерттеулерге үкіметтен бөлінетін қаржының көлемінен гөрі сол зерттеулердің қалай өткізілетіні және нәтижелерінің қалай қолданылатыны маңыздырақ. Себебі, үкімет тапсырыс беретін зерттеулердің негізгі мақсаты – үкіметтің жұмысын ілгерілетіп, халықтың және бенефициарлардың күткені мен қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдауына септігін тигізу болуы керек. Басқа мақсаттар үшін үкімет тапсырыс беретін әлеуметтік зерттеулердің әр тиынын шығын деп есептей беріңіз. Демек, бұл зерттеулер үкімет үшін, билік үшін өте маңызды болғандықтан, жұмсалатын қаражатты аз я көп деп есептеп отырудан гөрі, зерттеулердің мақсатына сай тиімді не тиімсіз өткізілгеніне, оның нәтижелерінің дұрыс қолданылғанына назар аударған абзал. Мысалы, кейбір мемлекеттік мекемелер тапсырған әлеуметтік зерттеулердің көздеген мақсаты мен зерттеу міндеттері бір-біріне сай келмейді, яғни сатып алынатын қызметтің техникалық ерекешеліктері әу бастан қате даярланған. Бұл – зерттеуді ұйымдастырудағы ең жиі кездесетін қателіктердің бірі.
  • Ел азаматтарының көңіл-күйін және олардың түрлі саладағы мемлекеттік саясат пен бағдарламалардың тиімділігі туралы пікірлерін зерттеу үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын миллиардтаған теңге бөлінеді. Айтыңызшы, әлеуметтік зерттеулер қарапайым азамат үшін несімен маңызды?
  • Бір сөзбен айтсақ, әлеуметтік зерттеулер – билік пен халық арасындаға коммуникация құралы. Мысалы, егер үкімет елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін 3-5 жылға арнайы бағдарлама дайындауды көздесе, онда бір жағынан жергілікті халықтың, кәсіпкерлердің, инвесторлардың, екінші жағынан, сол бағдарламаны іске асыратын стейкхолдерлердің және сарапшылардың пікірін алдын ала сұрастырып, талдап алуы керек. Ал, егер сарапшылардың пікірін, халықтың шынайы қажеттіліктерін ескерместен бағдарлама жасаса, үкімет опық жеуі мүмкін. Қысқасы, “кеңесіп пішкен тон келте болмас” деген сөзді есте сақтау қажет. Бір жағынан, бұқара халықты алаңға шығуға дейін ашындырмау үшін үкімет әлеуметтік зерттеулерді дұрыс ұйымдастыру керек, ал халық бұл зерттеулерді билікке шынайы ой-пікірін аноним түрде жеткізе алатын құрал ретінде қабылдауы керек.
  • Мемлекеттік тапсырыс арқылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қоғамдағы тенденцияларды қаншалық шынайы бере алады?
  • Егер әлеуметтік зерттеулерді ғылыми қағидалар мен талаптарға сай өткізсе, жиналған ақпараттардың негізінде қоғамда орын алып жатқан трендтермен қатар, келешекке қатысты шындыққа жанасатын ұзақмерзімді болжамдар жасауға болады. Өкінішке қарай, көп жағдайда зерттеуге тапсырыс берушілер әлеуметтік зерттеу әдістерінің ерекшеліктерін үнемі ескере бермейді. Мәселен, кейбір мемлекеттік мекемелер кешенді сараптаманы талап ететін күрделі бір мәселені зерттеуге тапсырыс бергенде тек телефон немесе интернет арқылы зерттеуге ғана жететін аз қаражат бөледі. Сөзсіз телефон және интернет арқылы да тиянақты зерттеуге болатын қоғамдық мәселелер бар, бірақ кешенді зерттеулер елді-мекендерді жіті аралап, іріктелген жұртпен асықпай, баппен сұхбаттасуды талап етеді. Қысқасы, тапсырылатын зерттеудің мақсатын айқындауда әр зерттеу әдісінің өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Әйтпесе зерттеу барысында жиналған ақпараттың шынайылық деңгейі төмен болады.
  • Билік мемлекеттік саясатты жүргізгенде әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне, сандық және сапалық көрсеткіштерге қаншалық назар аударады? Мемлекеттік органдар нақты дерекке негізделген (data-driven) шешімдер қабылдауға тырысып отыр ма?
  • Қаншалық назар аударатындарын айта алмаймын, себебі билік иелерімен мемлекеттік деңгейде жұмыс істеген емеспін. Бірақ, соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметке жақын мекемелер арасында ақпарат негізінде тиімді шешімдер қабылдауға деген шынайы сұраныстың және қызығушылықтың артқанын байқаймын.
  • Халықаралық ұйымдар да Қазақстандағы түрлі мәселелер бойынша азаматтардың пікірін білу мақсатында зерттеулер жүргізіп жатады. Сол зерттеулердің сапасы мен маңыздылығы туралы не айтар едіңіз? Ол зерттеулерде мәдени және контекстік ерекшеліктер қаншалық ескеріледі?
  • Халықаралық ұйымдар жүргізген зерттеулер негізіндегі баяндамаларға көп жағдайда көңілің толады, себебі олардың зерттеулері қисынды, ғылыми қағидаларға негізделген әрі нақты бір мәселені шешуге бағытталған. Мәдени ерекшеліктер мен контекст өте маңызды әрі олар көп жағдайда ескеріледі. Әсіресе бұл қазақтілді зерттеушілер мен сарапшылар санының артуымен тікелей байланысты.
  • Қазақстанда трансұлттық корпорациялар мен отандық компаниялар да әлеуметтік зерттеулер жүргізіп тұратынын білеміз. Маркетингтік-әлеуметтік зерттеулер саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби даярлығы туралы не айтар едіңіз? Қазақстанда бұл нарық қаншалық дамыған?
  • Трансұлттық корпарациялар көбіне өздерінің бас кеңселері дайындаған әдіснама және зерттеу құралдары негізінде зерттеулерін өткізіп тұрады. Тек сол құралдарды жергілікті контекстке бейімдеу үшін қазақтілді және орыстілді мамандарды тартып, ұтымды зерттеу жүргізеді. Маркетинг саласы бойынша аса ештеңе айта алмаймын, ал әлеуметтану бойынша жергілікті кәсіби мамандардың саны өте аз. Қарапайым мысал, менің білуімше, “Болашақ” бағдарламасы аясында шетелде “Әлеуметтану” мамандығын оқып келгендер саны 50-ден аспайды. Ал сапа жағына келсек, көп жағдайда көңілден шықпайды. Себебі, жергілікті жоғары оқу орындары студенттерге ғылыми зерттеуді дұрыс үйретпейді, оқу бағдарламалары көбіне тек құрғақ теориямен ғана шектеледі.
  • Қазақстанда әлеуметтік зерттеулер мен сол зерттеулермен айналысатын ұйымдар туралы саналуан пікір бар. Тапсырыс беруші мемлекеттік орган болған жағдайда, әлеуметтік зерттеуді жүргізетін ұйымдар мемлекеттік органдарға екі түрлі зерттеу нәтижесін ұсынады екен дегенді де естиміз. Яғни, біріншісі – тікелей зерттеу негізінде жасалған қорытынды болса, екіншісі – тапсырыс берушінің жұмыс жоспарына сәйкес келетін зерттеу қорытындысы. Осы пікір қаншалық шындыққа жақын?
  • Ол жағын нақты білмедім, бәлкім екі, тіпті үш түрлі “қорытынды” жасап жатқан шығар. Бір білетінім, егер зерттеу нәтижелері тапсырыс берушінің ойлағанына сай болмаса, «ыңғайсыз» нәтижелерді өзгертуді талап етеді дегенді есітідім. Әсіресе, бұл жоғарғы жақтағы басшылықтың абырой-беделін сақтап, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін жұмсалған қаражаттың тиімділігін «растау» үшін қолдан жасалатын зерттеулерге қатысты.
  • Кез келген ғылыми жобаны тиімді әрі сәтті жүзеге асыру үшін зерттеу тәсілдерін дұрыс таңдап, қолдану өте маңызды. Әлеуметтік және гуманитарлық салада ғылыми жобалармен айнлысқысы келетін не айналысып жүрген жас зерттеушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
  • Бірінші кеңесім – ағылшын тілін жетік меңгеру керек. Бұл тілді неғұрлым тез үйренсе, соғұрлым зерттеуге қатысты тын ақпаратқа тезірек және молынан қол жеткізеді. Себебі, ғаламторда «жоқ» нәрсе жоқ, кез-келген сұрақтың жауабын табуға болады. Бірақ, ол ақпараттың көбі ағылшын тілінде. Мысалы, шетелдегі маңдайалды оқу орындарының біліміне үйде отырып-ақ Интернет арқылы қол жеткізуге болады. Екіншіден, тәжірибе өте маңызды. Мейлі, оң жерден теңіз асып білім арқалап келсеңіз де, тәжірибесіз мықты маман ретінде қалыптасуыңыз мүмкін емес. Сол үшін студенттік кезден бастап әртүрлі зерттеу жобаларына қатысу керек.

Сұхбаттасқан Шалқар Нұрсейітов

дереккөз: http://caa-network.org/archives/13499

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар