//

КӨШ КӨЛІКТІ БОЛСЫН ДЕСЕК…

2604 рет қаралды

Біз шетелде туып, шетелде өстік. Моңғолия елінде сол елдің мемлекеттік мүддесін қорғап, солардың қас-қабағына қарап, заңына бағынып, халқын құрметтеп, салт-дәстүр, санасын сыйладық. Десе де, ана тілімізде сөйлеп, дінімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді рухани жан азығымыз ретінде паш еттік. Ұлттық мүддемізді, ұлылық қасиетімізді мақтан тұтып, ата-бабаларымыздың жолын қудық, аманаттарынан аспай алға ұмтылдық. Қазақстанның газет-журналдарын, әдеби кітаптарын күнделікті өмірде еркін қолданып, өз өмірімізге қалыптастыра білдік.
1991жылы шекара ашылып Қазақ еліне ұлы көшті бастап келу бақыты Моңғолия қазақтарына бұйырды. Келгеннен кейінде жаңа ортаға бейімделіп, сіңісіп кету көп қиындық туындата қоймады. Алғашқы келген алпыс мың этникалық қазақтың қатарындақаншама ғалымдар, дәрігерлер, ұоағатты ұстаздар, атақты өнерпаздар, аудан, қала, облыс басқарғанәкімдер, министр, прокурор,сот болған азаматтар келді. Ешқайсысы атақ-даңқ, абыройын бұлдап қызмет сұраған жоқ. Яғни, есіктен кіре төрге ұмтылмады. Қандай қызмет, жұмыс бұйырды, соны істей берді. Бес жылдың көлемінде өздерін қалай қалыптастыра алды,солай елмен етене араласып, нарықтық қоғамдағы өз орындарын таба бастады. Байырғыатажұртымыздағы қандастарымыздан келін алды,оларға қыздарын беріп,құда, жегжат болды. Осында келгеннен кейін өмірге келген балалары мен немерелері бүгінгі қоғамның, жаңа ортаның талабына, салт-санасына шеттен келген ата-анасы мен ата-әжесін еріксіз бағындыра бастады. Яғни, үлкендері атамекенде дүниеге келген жаңа ұрпақтың санасына қазақилықты қалыптастырса, жас ұрпақолардың бөгде елден алған қағида, тәрбиелерін өз ортасына ұштастырып, өмір сүрулеріне ықпал ете алды. Өтпелі өмірдің уақытша қиындықтарына қарсы тұра алмағандардың арасынан кері көшіп кеткендері де болды.
Мен атамекеніме келгеннен кейін көші-қон саласында көп жыл қызмет атқарғандықтан өмірден көрген ащы шындықтарды оқырман қауыммен бөлісіп отырмын.
Бізге ең қымбаты, ең асылы не? Ол – Тәуелсіздігіміз! Бүгінгі ұрпағымыз өз Отанымызда, өз атажұртымызда, тәуелсіз Қазақ елінде қайғысыз, қасіретсіз бейбіт өмір сүріп жатыр. Моңғолия елінде Баян-Өлгей аймағынан аттап шыққаннан кейін ана тіліңде сөйлеу деген бізге арман болған. «Елің қалай болса, бөркің солай» дегендей, ұрпағымыз моңғол болып кетер ме екен деген үрей, қасірет маза бермейтін. Бұл үрей атамекенге келудің күрмеуі көп жолдарынан өте алмай, Отанына жете алмай жүрген қандастарымыздың бойында әлі де жоқ деп айта алмаймыз. Бұл үрейді жоюдың бірден-бір жолы-әрбір қандасымыз өз ісінің патриоты болуы керек. Әрбірінің рухы асқақ болып, жігер, қайраты қайнап тұрса болғаны.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен билікте отырған, ұлтын сүйген әрбір азаматтың қамқорлығы мен қолдауы да аса қажет! Тәуелсіз Қазақ елінде қазақ ұлты өкілдерінің санын күрт өсіру үшін билікті ұстаған азаматтармен қоса ел-жұрт та ерен еңбек етіп, елі үшін тәуекелден тайынбағаны абзал. Міне, сонда ғана қазағым өз ұлтының нағыз патриоты бола алады.
Көшіп-қону дегеніміз – күрмеуі көп, күрделі мәселе. Себебі, туып-өскен еліңдегінің бәрі-бәрі сізге өте ыстық. Енесінің тепкенін ауырсынбайтын құлындай, туған жерінің тасы да саған ауырлық етпейді. Ал табиғаты мен халқы қалағаныңды бере алады. Бұл-табиғи заңдылық. Осы заңдылық көшіп келген жеріңізде сіздің болмысыңызға қалыптасу үшін бір, мүмкін, екі мүшел жасыңыз өте шығады. Содан кейін ғана сіз кең тыныстап, елмен етене араласып, ортаға бейімделіп, сол елді мекеннің табиғи заңдылығымен өмір сүре бастайсыз. Оған ұрпағыңыздың ықпалы да айтарлықтай екенін мойындайсыз. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дейді атам қазақ. «Таз өшін тырнақтан алады» дегендей, күйбең тірліктегі болмашы келеңсіздікті өзіңіз жоюдың орнына әкімдерге, билік өкілдеріне кінә артып, соларды кінәлауға бейім тұрасыз. Немесе, керісінше, билік өкілдері сіздерді кінәлауға бейім тұрады. Міне, көші-қонның күрмеуі мен күрделі тұсы осыдан туындай береді. Мұны әркім өз деңгейінде бағалайды. Айта салу-өте оңай дүние, ал қарекет жасау-төзімділіктің тезінен өте алатын сабырлы жандардың ғана ісі. Сізбен бірге билік иелері де оңтайлы шешім қабылдай берсе Ұлы көшке деген ұлағаттылық осыдан басталады.
Өкінішке қарай, бес саусақ бірдей емес. Алдыңғы төрт бармақ ортақ іске жұмыла алмаса, «кішкене бөбек» не істейалар дейсіз? Яғни, көші-қон үрдісі бойынша қабылданған бағыт, бағдарламалар жүйелі жұмыс болмағандықтан толық орындалмайды, жауапкершіліктен қашып, оңтайлы шешім қабылдай алмағандардың кесірінен көші-қон тоқырауға ұшырай береді. Амалын тапқандар заңға немесе ереже-қағидаларға қажетті, қажетсіз өзгерістер енгізіп, нәтижені қағазбастылыққа аудара салады. Бұл үрдіс ұлт ұлағаттылығына кері әсерін тигізеді. Нәтижесі көп жылдардан соң ғана сезіледі. Ұтылатын тек қандас қазақтарымыз ғана.
Айталық, шеттен келген этникалық қазақтарға «Оралман» мәртебесін беріп, Ықтиярхатты бес, он жыл мерзімге соза бергеннен не ұттық? Мұның демографиялық саясатымыздың жүзеге асуына үлесі шамалы болды. Керісінше, келген ағайын оралман мәртебесін, ықтиярхат аламыз деп екі қайтара құжат жинақтау үшін қыруар қаржыларынан айырылып, қаншама уақыт, жылдар бойы әуре – сарсаңға түсті. 1991-2007 жылдар аралығында келгендерді он күн ішінде тұрақты тіркеуге алып, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдайтын үрдіс жалғаса бергенде бүгіндері елімізге шетелдегі бірнеше миллион қандасымыз түгелдей келіп алар еді. Міне, нағыз жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдау деген ұлағаттылық осы болар еді.

Сотталмағанын, яғни, істі болмағаның туралы анықтама әкел деп талап етудің қандай қажеттілігі болғаны түсініксіз. Айталық, «Кезінде Моңғолияда бұзақылық жасап бір жыл түрмеде отырғаны рас» деген анықтама алып келсе (мұндай анықтаманы кетіп бара жатқан адамға ешкімнің де бермесі анық), «Сен істі болыпсың, саған азаматтық бере алмаймыз, сені қабылдамаймыз, әйел, бала-шағаңа ғана азаматтық береміз», – деп айта аламыз ба? Әрине, бұл Ата Заңымызға қайшы келеді. Сондықтан бұл анықтаманың еш қажеті жоқ екені түсінікті емес пе?
«Бұрынғы тұрып келген еліңнің азаматтығынан бас тартқаның туралы анықтама алып кел» деу де артық. Осы анықтаманы келген елінің Елшілігіненалып келу үшін оралмандар жарты жылға дейін күтіп, қаншама уақыттарын жоғалтып, ресми түрде кассаға 110-130 доллар төлеп барып қана алады. Өз еліне келіп азаматтық аламын деп тұрған қазақтың «бұрынғы тұрып келген елінің азаматтығынан бас тартамын» деген өтінішін көші-қон полициясы алып, бұрынғыдай Сыртқы істер министрлігіне жолдаса болғаны. Бұл да ұлтымыз үшін ұлағатты іс болар еді.
Сөздің түйіні, көші-қон қызметін көрсету орталықтары бұдан былай Отанымда тұрақты тұрып, азаматтық аламыз деп келген этникалық қазақтардың өтінішін олардың шетелдік төлқұжаттары және ұлты қазақ екенін растайтын құжаттары, өз қолдарымен жазған өмірбаяндары, берген өтініштері бойынша қабылдап, Көші-қон полиция басқармасына жолдауы керек. Орындалуы стандартта бекітілген мерзімге сай қатаң бақылауда, дерек қорында болуы шарт. Қажет болса көші-қон органдары тексеру үшін уақытын созуға құзырлы. Осылайша оралман куәлігінсіз, ықтиярхатсыз да үш айда Қазақстан Республикасының азаматтығын берсек Ұлы көштің де тиімділігінің арта берері сөзсіз.
Азаматтық алғаннан кейін солтүстік өңірлер квотасын да. Үкіметтен бекітілген басқада қаржылай көмектерін көрсетілген мерзімде жүйелі түрде нақты бере бастаса шетелден көшіп келгендердің және ішкі көші-қон бойынша сол облыстарға баратындардың саны еселеп арта беретін болады. Осылай өз ұлтымызға ұлағаттылық таныта алмасақ абыройымызға нұқсан келіп, келеңсіздіктерге тап бола беруіміз де ықтимал.
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының талаптары толыққанды орындалмауынан да кейбір келеңсіздіктердің туындайтынын көп адамдар сезінбейді. Соған орай елімізге келіп жатқан әрбір пендемен (қандай ұлт өкілі болса да) ере келетін сан алуан келеңсіздіктерден барынша сақ болайық дегім келеді. Санамызға, дінімізге, ділімізге, ауа, суымызға, азық-түлік, тамағымызға, тұтынатын тауарларымызға, ел болашағы-жастарымыздың тәлім-тәрбиесіне теріс әсер ететін ағымдардың еніп кетуін де осындай келеңсіздіктердің қатарында атауға болады.
Көш көлікті болсын десек, келіп жатқан қандастарымызға қарым-қатынасымыз барысында ұлағаттылық таныта білейік ағайын!
Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
Саясаттанушы, қоғам қайраткері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі