//

Әсел ҚАЙРОЛЛА: Пандемия кезінде Ердоғанның абыройы қайта арта бастады

2601 рет қаралды

Пандемия жарияланған кезде шетелдегі Қазақстан азаматтары әр елдегі елшіліктің көмегімен елге қайтқаны мәлім. Дегенмен, сырт елде қалған азаматтарымыз да бар. Олардың қалу себебі, әрине, әртүрлі. Біз Түркияның Измир қаласында тұрып жатқан Әсел есімді замандасымыздың пандемия кезіндегі жағдайын білмекке, оған әлеуметтік желі арқылы хабарластық. Ол Измирдегі Эгей университетінің магистранты. Сұхбатта Измир қаласының Пандемия кезіндегі ахуалы және Түркияның дағдарысқа қарсы шаралары жайлы өрбіді. 

 

– Әсел, Түркияда тұрып жатқаныңа қанша уақыт болды. Әлемдік пандемия басталған уақытта Түркияда қандай шаралар қолға алынды?

Түркияға келгеніме екі жылдай болды. Пандемия басталғанда Измир қаласында едім. Жалпы, Түркия геосаяси жағдайына байланысты төтенше жағдайларға әрқашан дайын ел екен. Тез жинақталды. Иранда алғаш факт тіркелген күні бірден ол елмен ортақ шекарасын  жапты. Ал Түркияның өзінде бірінші адам жұқтырғаны туралы хабар тараған бетте, президент Реджеп Тайып Ердоған ел алдына шығып «бұл дерттің емі тазалық және арақашықтық сақтау» деп бірден ескертті. Маған ұнағаны сол, ең алғашқы вирус анықталғаны туралы тест нәтижесі 10 наурызда түнде белгілі болды, денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа да түнгі сағат 12-лерде бүкіл БАҚ-ты жинап, брифинг өткізді. Түнгі сағат 12-де министрлік өкілдері де, журналистер де брифингте отырды. Шыны керек, мұндайды бірінші рет көрдім. 

Кейін 16-наурыздан бастап карантин жарияланды. Өлім саны арта бастаған кезде, қайтыс болған адамдардың жас ерекшелігін ескере отырып, 65-тен асқандарға және 20 жасқа толмағандарға сыртқа шығуға тыйым салды. 

Бұл жақта да біздегідей дәріханаларда медициналық маскалар бірден қымбаттап кетті. Түрікше жақсы сөйлесем де аздаған акцентім бар, маска сұрап дәріханаға кірсем, «таусылды» деп шығарып салып, менен кейінгі кірген түрікке сатқаны, маған ауыр тиді. Себебін, түсінбедім. Өздерінен сұрасам «сіз дұрыс түсінбедіңіз, ол маска алған жоқ» деп көзімді бақырайтып қойып, бет бақтырмады. Кейін онсыз да, президент маскалар тегін таратылсын деген жарлық шығарды. 

Жалпы, вируспен күрестегі түріктер қолданған ең тиімді тәсіл коменданттық сағаттар десе де болады. Әр апта соңында, ұлттық мерекелердегі демалыстарда, рамазан айтта бүкіл ел бойынша коменданттық сағат жарияланды. Наубайханалар мен ауруханалардан басқа жердің бәрі жабық болды. Сыртқа шыққандарға көп айыппұл салынды. Мәселен, 19-мамыр Түркияда спорт, жастар және Ататүрікті еске алу күніне орай төрт күн демалыс болды. Сәйкесінше, төрт күнге коменданттық сағат жарияланған кезде мен тұратын Измирде тәртіпке бағынбаған 2 333 адамға айыппұл салынып, қала бюджеті 4 713 772 түрік лирасына толыққан (теңгеге шаққанда 282 826320). Түріктердің де тәртіпке бағынуы қиын. Бұл жақта да «бәрі саясат, Трамптың ойыны, АҚШ пен Қытай арасындағы биологиялық соғыс» деп санайтындар көп.

 Маусымнан бастап карантин аяқталып, барлық жер біртіндеп ашылып жатыр. Нәтиже жаман емес. Вирус өршіп тұрған сәуір айының ортасында бір күнде орта есеппен 20 мыңдай тест жасалып, оның 4000-ға жуығы вирус жұқтырған болса, 4 маусымда 54 234 тесттен тек 988 факт тіркелген. 

Түріктердің шектен тыс патриоттығын да осы пандемия кезінде түсінгендей болдым. Әлемнің қай түкпірінде болсын, түрік азаматтары еліне жете алмай қалса, арнайы ұшақ жіберіп алдырды, жолаушы санына да қарамады, 4-5 адам болса да ұшақ жіберіп елге жеткізеді. Ол үшін ешқандай ресми хат қажет емес, тек еліне жеткісі келгендердің жай ғана инстаграмда президенттері Ердоған мен денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожаны тегтеуі жеткілікті еді. Сосын бүкіл БАҚ-ты шулатып, азаматтарын алып келеді. Нәтижесінде, соңғы кезде төмендеп бара жатқан Ердоғанның абыройы қайта арта бастады.

 – Пандемия жаряланғанда елге қайту туралы ойламадың ба? Оған не себеп болды?

 – Негізі алғашқы вирус жұқтыру фактісі Қазақстан мен Түркияда бір күнде тіркелді. Бұл жақта қыдырып жүргендер, оқып жатқан Қазақстан азаматтарының көбі әзірге ұшып тұрған рейстермен елге жетуге асықты. Билет бағасы да аспандап кетті. Мен жаңалықтарды қарап отырып, ешқайда шықпай үйде отырғаным дұрыс деп шештім. Екі жақта да жұқтырып келген ұшақпен жүргендер екенін білеміз. Демек, әуежай да, ұшақ та вирустың ошағы болу мүмкін. Қанша жерден дезинфекция жасалсын, екі минуттан соң бір вирус тасушы келіп түшкіріп қалса, бітті ғой. Сондықтан, әліптің артын баққанды жөн санадым.

– ҚР елшілігінен хабарласты ма, олар не деді?

– Иә. Елде карантин жарияланып, университеттер онлайн оқу жүйесіне көшкен сәттен бастап, елшілік  телеграм, whatsapp желілерінде топ ашып, Түркиядағы Қазақстан азаматтарын түгендеуге тырысты. Әуе қатынастары жабылған кезде де бірнеше рет  Қазақстанға ұшақ ұйымдастырып, біздің елге инвестиция салып жатқан ірі холдингтерді демеушілікке тартып, әуежайларда гигиеналық заттар мен тамақ таратып, елге қайтқысы келгендердің сапарын дұрыс ұйымдастыруға тырысты. Бірақ, бұл жаңалықты ести алмай қалғандар да көп болып шыққан. Екі жақта да дерт өршіп тұрған кезде, қайта ұшақ ұйымдастыру қиын болды, себебі, әуежайлар жабық, құзыретті органдардың рұқсатын алу қағазбасты әрі ұзақ жұмыс екенін бұрын мемлекеттік қызметте істегендіктен білемін. 300-ге жуық адам отыратын ортақ чатта неше түрлі жазылады, біреу өкпелейді, біреу кінәлайды, біреулер басқа чаттардан келетін неше түрлі қоқыс ақпараттар жібереді. Сондықтан, елшілікке еш претензия жоқ, қайта жүйкелері мықты екен.

– Жұмысың қазір қалыпты ма? Уақытша қысқарған жоқ па, айлық азайған жоқ па?

Жұмысым да, оқуым да бірқалыпты. Жұмыста бұрын тек қана өз үлесімді алатынмын. Қазір тұрақты айлық та алатын болдым. Мен керісінше байып жатырмын.

Пандемия жарияланған сәтте қандай сезімде болдың?

Шынымда айтсам, тым жақын қабылдамадым. «Екі-үш аптада бітер. Тек үйде отыру керек» деп ойладым. Кейін Италиядағы жағдайды көріп, қорқа бастадым. Алғашқы кездері сыртқа екі-үш күнде бір шығатынбыз, содан кейін аптасына бір рет қана шығатын болдық. Бір жарым айдай үйден шықпадым. Кейін жұмыстағы серіктестеріміз «күніне 3-4 сағатқа жиналайық» деп келісіп, күнде жұмысқа баратын болдық. Карантин алғаш жарияланған кезден бастап бүкіл қоғамдық көліктер адам санына шектеу қойды. Тек жасыл түсті қағаз жапсырылған жерге отыруға болады. Ал адам саны көп болса, аялдамадан өтіп кетеді, жолаушы алмайды. Маскасыз жолаушыны да алмайды. Қоғамдық көліктердің тәртіпті қатаң сақтағандығынан ба, әлде етім үйреніп кетті ме, алғашқы кездегідей емес, кейін жұмысқа қорықпай баратын болдым, маска киіп, сумкаға құрамында спирті көп ылғал салфетка салып аламыз, оны көліктегі тұтқаны ұстау үшін пайдаланамыз, себебі қолғап керісінше, вирусты тез таратады екен.

Сен тұратын қалада қандай шаралар жүзеге асты. Халықтың карантин кезіндегі ахуалын қалай сипаттар едің?

  Измир қаласы – Түркияның үшінші мегаполисі саналады. Әкімі Тунч Сойер оппозициялық партия өкілі. Жасап жатқан істері, қолданып жатқан шаралары ұнайды. Масканы тез, ұзын-сонар кезексіз тарату, көшпелі жәрмеңке ұйымдастыру, жағдайы төмен аудандарда тегін тамақ тарату, биыл өнімі өтпей қалады-ау деген өндіріс орындарына инвестиция тарту, жылжымайтын мүлік сату жағынан жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Әр метро станциясында, кеме портында автоматтандырылған құрылғылар бар, кәдімгі тиын салып, су, чипсы алатын автоматты маска алуға бейімдей салған, Алматыдағы Оңай сияқты Измир карточкасын алып, сенсорға қойсаң, бір пакетке салынған бес маска түседі. Аптаның әр күні Измирдің әр ауданында өтетін жәрмеңкелерді өткізбей, азық-түліктерді жүк машинасына тиеп, көшелерді аралап жүріп сатты. 

         Измир – индустриалды қала. Жеңіл өнеркәсіп орындары көп. Әсіресе, аяқ киім фабрикалары  мен келін көйлектерінің отаны. Бірнеше үлкен көрме алаңы бар. Пандемиядан бұрын әр апта сайын неше түрлі көрмелер өтіп жататын. Жақында Тунч  Сойердің бастамасымен аяқ киім көрмесі онлайн форматта өтті. Дәл жұмыс уақытында болғандықтан, өкінішке қарай, көре алмадым. 

         Халықтың ахуалына келсек, Измир – байлардың қаласы. Эгей теңізінің жағасында орналасқан, табиғаты әдемі, түріктердің өздері демалатын курорттық жерлері көп. Көп Измирліктер «Біз жұмақ тәрізді жерде тұрамыз, осының қадірін түсініп, ешқайда асықпай өмір сүру керек» деп санайды. Сондықтан, кейде көп шаруа соңғы сәтте шешіліп жатады. Пандемиядан соң ширамаса, сәл жайбасарлау. 

         Сонымен қатар, «Әр Ыстамбұлдық Ыстамбұлда ақша тауып, зейнетке шыққан соң Измирде тұрғысы келеді» дегенді де жиі естимін. Шынымен, қарт адамдар саны жағынан Измир Түркияда 1-ші орында.

Қазақстандағы карантин жайында ақпаратты қайдан аласың?

Елдегі ақпаратты негізінен әлеуметтік желіден көбірек аламын. Әлеуметтік желілерде көп әріптестерімді оқимын. Солардың жазғанын бір сүзіп шығып, маңызды-ау дегендердің сілтемесіне өтіп, «бұл туралы басқа БАҚ не депті?» деген оймен басқа  бір қарап шығамын.

Түркия ақпарат құралдары біздің ел жайлы қандай ақпарат таратуда.

Шынымды айтайын, мүмкін ұяттау шығар, бірақ Түрік баспасөзін оқығаныммен, арасынан Қазақстан туралы ақпаратты арнайы іздемеппін. Есімде қалғаны TAV холдингінің Алматы әуежайына инвестиция құйғаны туралы ғана. Ол жерде Алматыны бүгінгі Ұлы Жібек Жолының мирасы ретінде сипаттап, оның экономикалық потенциалына баса мән берген.

Әңгімеңе рахмет!  

Назым ДҮТБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері