/

Еркінбек САДАН, кәсіби музыкант, асаба: Карантин жалғасса, той болмаса, қалай боларын білмеймін…

4083 рет қаралды

Minber.kz-тің бүгінгі кейіпкері Талдықорған қаласының тұрғыны, кәсіби музыкант, асаба Еркінбек САДАН. Карантинге дейін Еркінбек жеке дыбыс жазу студиясында ән жазып, тойларда асаба, музыкант болып жүрген еді. Ел ішінде төтенше жағдай жарияланған соң той-томалақ пен әртүрлі мерекелік іс-шара тоқтап, студияға ешкім келмейтін болған. Үлкен ғимараттың бір бөлмесін жалға алып, студия жасаған одан карантин кезінде   бөлме иесі жалдау ақысын алмапты. Табысынан айырылған деген санатпен мемлекет бөлген 42 000 теңгені алғанмен, оның отбасын асырауға толық жетпейтінін айтады. Өйткені тұрып жатқан пәтерін 55 000 теңгеге жалдайды, одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы мен азық-түлікке де ақша керек.

«Әзірге той-томалаққа рұқсат бермеді. Ал той болмаса, ән жаздыратындар да жоқ. Осылай жалғаса берсе, не істемек ойыңыз бар?» – деген сауалымызға Еркінбек: «Шынымды айтсам, не істеуге болатынын білмеймін, қазір жұмыс табу оңай емес», – деп жауап берді.

Кейіпкеріміз ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Тола ауданына қарайтын Ақбелдеу ауылында дүниеге келіп, 2004 жылы тарихи отанына оралған. 2005 жылы Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің опера класында білім алған. Осы колледждің үшінші курсында оқып жүргенде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның сол кездегі директоры Сәбит Мәдиев есімді азамат әнші ретінде жұмысқа шақырған екен. 2008-2013 жылдар аралығында осы филармонияда әнші болып жұмыс істеген. Жұмыстан кетуіне сол кезеңдегі жалақының аздығы себеп болған. Еркінбектің айтуынша, ол кезеңде филармониядан бір айда алатын 35 000 теңгені ол бір тойдан табатын. Сол себепті аз жалақыға байланбай, жеке жұмысқа көшкен. Кейінгі жылдары Алматы облыстық филармониясына резюме жібергенімен, жұмысқа шақырмапты.

2010-2014 жылдар аралығында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Педагогика және музыкалық білім факультетінде білім алған.

– Жеке жұмыс істеу мен мамандық бойынша белгілі бір мекемеде жұмыс істеудің айырмашылығы неде? Қай тұста ұтып, қай тұста ұтылдыңыз?

– Әрине, өз мамандығың бойынша жұмыс істеу шеберлігіңді шыңдайды, сахнада жүресің. Ал, қаражат жағынан жеке жұмыс істеген тиімді. Мекемеде жүріп екі айда табатын ақшаны студиядан бір айда табамын.

Үйде отырып қалған уақытта белгілі бір мекемеде жұмыс істегенім жөн еді деген ой келген жоқ па?

– Әлбетте, ондай ой келді. Алайда, Талдықорған шағын қала болғасын музыканттарға жұмыс жоқ. Бірді-екілі музыкаға қатысы бар мекемеде штат бос емес. Мектептер мен аудандық мәдениет үйлеріне де резюме жіберіп көрдім, жұмыс бұйырмады.

Төтенше жағдай тәртібі аяқталған соң бірен-саран құдалық үйде өтіп жүргенін айтып қалдыңыз. Бұйырғанына барып та жүр екенсіз, вирус жұғады деп қорықпайсыз ба?

– Иә, бұйырған нәсіп қой деп құдалықтарға барып жүрміз. Құдай сақтасын, вирус жұғады деп қорықпаймын.

Жақында саясаттанушы әрі филолог Оралбек Өтеғұлов елімізде той жасауды доғарып, бес жылға дейін той өткізуге мораторий жариялауды ұсыныпты. Асаба ретінде бұған көзқарасыңыз қалай?

– Той – қазақтың береке-бірлігі. Мен қазақтың тойымен алысатындарды түсінбеймін. Ата-бабамыз да отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған.

Әңгімеңізге рахмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері