////

Дәріге сұраныс көп, дәрі жоқ (фото)

16011 рет қаралды

Соңғы бір ай көлемінде дәріханаларда дәрі тапшылығы байқалады. Тұрғындар тұмауға қарсы антибиотиктер мен парацетомол, аспирин секілді дәрілерді таба алмай әлек. Қай дәріханаға кіріп, өзіңізге қажетті дәріні сұрасаңыз, таппайсыз. Оның үстіне дәріханаларда кезек көп. Ұзын сонар кезекте тұрғанда іздегеніңді тапсаң жақсы, таппасаң ше? Шілденің 2-сінде Денсаулық сақтау министрі А. Цой көптеп дәрі сатып алып жатқанын, дәрі тапшылығы енді болмайтынын мәлімдеді.

Қазіргі жағдайда елімізде “COVID-19” вирусын жұқтырғандар саны 42 мыңнан асты. Ауырғандардың күрт өсуіне байланысты ауруханада орын тапшы. Жөтеліп, қызуы көтерілген жұрт коронавирусқа ақылы тест тапсыруға қауқарсыз. Себебі тест жоқ. Ауырған халық ем іздеп дәріханаларда ұзын сонар кезекте тұр. Алматының ауқымды дәріханаларындағы жағдайды “Minber.kz” тілшісі бақылап қайтты.

АПТЕКАПЛЮС

Алматы қаласындағы орталық дәріхананың бірі. Қаланың өзге дәріханаларынан қарағанда Аптекаплюске келушілер көбірек.

Суреттен байқағандарыңыздай кезекте тұрғандар тым көп. Күзет арақашықтықты сақтауды талап етіп тұр. Ішке тек бір-бірлеп кіргізеді. Адамның дене қызуын, сөмкесін тексереді. Дәріхана бірнеше бөлімге бөлінген. Әр бөлімінде күзет бар. Кіреберісте тұрған күзетке келген себебімізді түсіндірдік. Үшінші бөлімге баруымызды сұрады. Ол бөлімге барғанымызда “қазір барлық фармацефтер бос емес, сіздер мына нөмірге хабарласыңыздар, сұрақтарыңызға жауап береді” деді. Көрсетілген нөмірге 26 рет қоңырау шалдық, жауап бермеді. Үшінші бөлімдегі анықтамадан “ фармацефтке немесе әкімшілікке сұрақтарымыз бар еді” деп едік, күзетке баруымызды өтінді. Үшінші бөлімнің күзеті қасымызға келіп “кішкене күте тұрыңыздар, сіздерге жауап береміз” деді. Күттік. Дәріхананың бас күзеті болуы керек қасымызға келіп шығуымызды өтінді. Біз жауап күтіп тұрғанымызды түсіндірдік. Күзет Айгүл есімді меңгерушіге хабарласып тұтқаны бізге берді. “ Кешіріңіз, біз сізге жауап бере алмаймыз. Біздің уақытымыз жоқ. Сау болыңыз”. Осымен біздің сұхбат аяқталды.

Көптеген дәріхана фармацефтері біздің сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Оның себебін “біз іштегі дүниені сыртқа айта алмаймыз” деп түсіндірді. 

БИОСФЕРА

Бұл дәріханада ұзын сонар кезек жоқ. Сыртта келушілер ерікті түрде арақашықтық сақтап тұр. Дәріхананың сыртында сақтық шаралары жазылған. Сол ескерту бойынша ауруханаға бір-бірден ғана кіріп жатыр. Дәріханада көпшілік халық сұрап жүрген “антигриппин, цитромон” секілді дәрілер бар. Алайда парацетамол жоқ екен. Антибактериялық “Архимакс” дәрісін сұраушылар көп. Бірақ Биосферадан бұл дәріні таба алмадық. Фармацефтің айтуы бойынша бұл дәрі мүлдем сатылмайды. Ал парацетамолдың болмағанына 2-3 аптадан асқан. Қашан келетіні белгісіз.

САДЫХАН

Садыхан – әлеуметтік дәріхана. Қалада бірнеше жерде филиалдары бар. Садыханға келушілер тым көп емес. Сыртта тұрған ешкім жоқ. Кезек дәріхананың ішінде екен. Биосферадан сұраған дәрі-дәрмекті Садыханнан да сұрап көрдік. Бұл жақта да дәл сондай жағдай. “ Парацетамол складта да жоқ. Оның орнына “антигриппин П” дәрісін ішсеңіздер болады. Екеуі бірге жүреді. Ал “архимакс” дәрісін мүлдем сатқан емеспіз. Тек орталық дәріханаларда болуы мүмкін” деп түсіндірді.

Дәріханалардың бірінде фармацефтпен тілдестік:

  • Қазір дәріханаларда қабынуға қарсы, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек жетіспейді. Растворлар, дексаметазон ампулалар тапшы. Қазір дәріханаға келушілер бұрыңғыға қарағанда анағұрлым көп. Дәрілер жетіспейді, ал бар дәрі-дәрмек ақырындап қымбаттап жатыр.

Алматы тұрғыны Аружан дәрі-дәрмек іздеп 30 шақты дәріханаға хабарласқанын айтты.

«Үйде әкем ауырып қалды. Қасымыздағы көршілеріміз де ауырып жатыр екен. Азитромицин, ингавирин, зитмак, витамин с, сумамед деген дәрілерді іздедім. Ең алдымен складтан сұрадым, жоқ екен. Кейін Алматыдағы 30 шақты дәріханаға хабарласып шықтым. Жоқ деді. Соңында “сіз ол дәрілерді таба алмайсыз, қала бойынша болмағанына 1 апта болды” деген жауап алдым. Амалдың жоғынан қала сыртындағы кішкентай дәріханалардан іздестірдім. Әрбір дәріні әртүрлі дәріханадан таптым»

ДӘРІЛЕР ҚЫМБАТ

«Дәрілерді адамдар көп-көптен алып кетіп жатыр. Мен іздеген дәрілер қымбат, бір қаптамадағы дәрі 5 мың теңге тұрады. Ал бір қаптама 3-ақ күнге жетеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Дәрігердің кеңесі жоқ барлығы осы дәрілерді ішіп жатыр. Ол дәрілер күші тым жоғары болғандықтан адамның өз бетімен ішуі қауіпті сияқты. Парацетамол мен аспиринді дәріханалардан таба алмадым. Домиллионның жанында “МТ фарм” деген қойма бар екен. Сол қоймадан осы екі дәріні таптым»

Дәрі тапшы. Келген дәрінің барлығы бір-екі адамның қолында кетіп жатыр. Ауырып, сол емге мұқтаж болған жандар дәрі таба алмай әлек. Бұндай жағдайда жан басына дәрі-дәрмекті шектеумен сату мәселені шешуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар