//

Вирустың барына сенбеп едім, бұл ерекше ауру болды

2644 рет қаралды

Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 48584-ке жеттi. Денсаулық сақтау министрiнiң айтуы бойынша, iндеттен қайтыс болғандар саны 232-ге жеттi.

“COVID-19” вирусын жұқтырған жанның бірі Бексұлтан Арыстанбек. Бексұлтан вируспен қалай күрескенін, ауруханадағы жағдайды, басынан өткен бар жәйтті баяндап берді.

БАСЫНДА ТҰМАУ ДЕП ОЙЛАДЫМ

Әдетте басым ауырған кездері дәрі ішпеймін. Негізі дәрі көп іше бермеймін. Ыстық шай ішіп, бір ұйықтап тұрғанда басым қойып қалатын. Бірақ бұл жолы олай болмады. Сенбі күні қордың жұмысымен мұқтаждарға ақша таратамыз деген жоспар болған еді. Ал жексенбі ТЭО ЖПМ-мен тауға баратын болғанбыз. Сол екі күн қатты ауырғандықтан екеуі де жайында қалды. Мен басында суықтап тұмауратып қалған шығармын деп ойладым. Себебі, жұмыста желдеткіштің астында отырып қалған едім. Тіпті ПЦР тестің нәтижесі шыққанша тұмау деп ойладым.

БҰЛ ЕРЕКШЕ АУРУ БОЛДЫ

Басым дәрі ішсем де, ұйықтап тұрсам да қайтпады. Сенбі кешке дейін ыңырсып, аунап ұйықтай алмадым. Кешке қарындасыма қайнатпа сорпа жасаттым. Балмен, лимонмен шай ішіп,халықтық медицинамен ем жасадым. Түнде қалтырап жаурадым, ұйқым ұйқы болмады. Өкпеме кейбір кезде ауа жетпей жатқан сияқты болады, сондықтан кең тыныс алатынмын. Құрғақ жөтел болды. Тамағым қызып, ангинам көтерілді. Дем алғанда аурудың ащы запыраны келді, мұрным бітелді. Мұрынмен ауа жұтсам мұрным ашиды. Қысқасы, амал әрекеттерімді жасап 2 күн аурумен арпалыстым.

Дүйсенбі күні сәл қызуым қайтты. Жұмысқа бара алмаймын, ауырып қалдым деп бөлім басшысына жазып жібердім. Бірақ олар менің ауырып жатқаныма салғырт қараған сияқты болды. Өздері ауырмаған соң жеңіл қабылдайды ғой. Содан дүйсенбі ауырып тұрсам да, ойлана келе жұмысқа бардым. Қолымнан келгенше жасайын дедім. Бір жағынан бізде жұмысқа кірерде қызуымызды тексеретін. Қызуың бар деп қайтарып жіберер деп те ойладым. Алайда олай болмады, мені кіргізді. Ары кетсе 12-ге дейін жұмыс жасадым. Бас менеджер ыстығымның көтерілгенін көріп, бүгіннен бастап науқастығың туралы қағаз ашасың деп қайтарып жіберді. Содан мен үйге барып жедел жәрдем шақырдым. Оны қажеттіліктен жасадым. Бізде науқас болған жағдайда жақсы төленеді, сол себепті өте маңызды. Өзімнің ақылы емханам науқас қағазын ашпай қойды. Жедел жәрдем шақырасыз, ОРВИ болса да олар тексеру керек деді. Солардың қағазымен (заключение) біз ашамыз немесе солар ашады деді. Жедел жәрдем 1-1,5 сағаттан соң келді. Менде коронавирустың барлық белгілері болғандықтан Қалқаманға, 1-ауруханаға алып кетеміз деді. Дәрігерлер тексеріп, егер ОРВИ болса үйіңізге қайтарамыз, қағаз береміз, сол қағазбен науқас қағазын ашасыз және үйде емделесіз деді. Дене қызуым 37,5. 

МЕН МҮЛДЕМ СЕНБЕДІМ

Ашығын айту керек. Осы уақытқа дейін коронавирустың бар екеніне скептикалық көзбен қарадым. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеттік. Ол жерде барлығы арнайы киіммен жүр. Мені орта жасар ер дәрігер тексерді. Пульсты, дене қызуымды тексерді де, сенде симптомдары бар деп айтты. “Біз қазір тұмау ма, вирус па нақты айта алмаймыз. Ол үшін тест алуымыз керек” деді. Дәрігер маған 2 таңдау берді. Біріншісі ауруханада қалып тест тапсыру, нәтижесін білу. Екіншісі үйге қайтып, үй жағдайында емделу. Бас тартсаңыз, қол қойып бересіз деді. Мен бас тартуыма болатын еді, алайда бас тартпадым. Қалып тест тапсырамын дедім. Себебі егер мен COVID-19 вирусымен ауырып жүрсем, басқаларға жұғу қаупі жоғары. Сол үшін сақтықта қорлық жоқ деген оймен ауруханада қалдым. Маусымның 8-і тест тапсырдым. Тест нәтижесі маусымның 10-ы шықты. Мен COVID-19 вирусын жұқтырған екенмін.

ӨЗІМДІ ТАСТАП ЖІБЕРДІМ

Неге екенін білмеймін, тест оң қорытынды көрсеткенде бірден салым суға кетті. Өзімді тастап жібердім. Дәрігерлерге қағазды көрсетуді сұрадым, себебі сенбедім. Өз көзіммен көргеннен кейін сендім. Өзімді жей берсем одан сайын ауырамын деп қолға алдым. Мен коронавирустың жеңіл түрімен ауырдым. Себебі менде басқа ауру болмады. Ковид басқа сақталған ауруларды шығарып береді ғой. Мен темекі шекпей, арақ ішпей, салауатты өмір салтымен жүргеннен кейін аса ауыр болмады. Тест нәтижесі шыққаннан кейін, бізді инфекциялық ауруханаға ауыстырды. Мен ауруханаға жатқаннан бастап аурулардың статистикасы қуантпады. Күн өткен сайын көбейіп жатты. Менің қасымда пневмониясы бар адамдар жатты. Ол кісілерде жағдай қиын болды. Емделуі де, дәрігерлердің қарауы да күрделі болды. Мен тұмауға қарсы ішетін дәрілерді сатып алған едім. Соларды іштім, аузымды шәйдім.

Қазір соғыс кезі секілді. Ауруханаға соғыстан жарақат алғандарды әкеп жатқандай әсер берді. Жаныңа мұң сыйлайтын жағымсыз жәйт. Дәрігерлердің еңбегі орасан зор. Бізді үнемі бақылауда ұстады. Дене қызуымызды тексерді, анализ алды, барлық жағдайды жасады. Менің денсаулығым бір қалыпты болғаннан кейін тағы тест тапсырдым. Алайда тест нәтижесі қайтадан оң нәтиже берді. Менде ковидтің жеңіл түрі болғаннан және ауыр халдегі аурулар көбейгендіктен мені үйге шығарды. Тұрғылықты мекенжайдағы емхананың бақылауымен үй карантинінде болдым.

ЖАҚЫНДАРЫМ СЕНБЕДІ, БІРАҚ АУЫРДЫ

Жұмыстағы қызметкерлер, достарым, жақындарым вирустың барына сенбеді. Алайда жұмыстың өзінде 70% қызметкер ауырып, бәрі жұмыстарын тоқтатты. Тест нәтижесі теріс шыққандар ғана жұмыста қалды. Жақын, алыс танитын көп адам қайтыс болды. Қазірдің өзінде ауыр халде жатқандар да көп. Бұның барлығы факт. Салқын қарайтын дүние емес екенін көрсетті. Денсаулығында қосымша ақауы бар адамдарға қауіпті. Ауруханада “менің жағдайым жақсы, мен ауырмадым, вирус жоқ, өтірік жасап жатсыңдар” деп шу шығарған науқастарды көрдім. Вирустың әр адамға әртүрлі әсер ететінін айтқым келеді. Өзі ауырып, жеңіл өтіп кетуі мүмкін алайда ол жұқтырған адам ауыр хәлге түсуі мүмкін. Сол себепті, барлық адам тест тапсырып, нәтижесін білуі қажет деп есептеймін. Мен үшінші тест нәтижесін күтудемін. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар