//

ҚР Азаматтығын ала алмай жүрмін. Соның кесірінен төтенше жағдай кезіндегі жәрдемақылардан қағылдым

2609 рет қаралды
фото: www.lada.kz

Қазақстанға келіп қоныстанған қандастарымыз ықтиярхат, азаматтық рәсімдеуде  көптеген проблемаға тап болады. Бюрократияның кесірінен кейбір азамат құжатын тез бітірудің басқа жолдарын іздейміңн деп, алаяқтардың қармағына ілініп жатады. Өзгеге сеніп ақшасын төлегенімен азаматтыққа қолы жете алмай жүрген жанның бірі Асылбек (есімі өзгертіліп берілді).

Асылбек Моңғолияның тумасы. Қазақстанға көшіп келген. Үйленген, бір баласы бар. Алматы облысы, Шелек ауылында тұрады. Қазіргі заңдағы талаптар бойынша әуелі Қазақстан республикасында тұрақты тұруға мүмкіндік беретін ықтияр хатқа құжат жинайды. Қазір қолында ықтияр хаты бар. Азаматтық алуға ниет етіп, қажет қажет құжаттарды жинағанымен, әлі нәтиже жоқ. Құжат жинау барысында Асылбек қандай қиындыққа тап болғанын Minber.kz сайтының тілшісіне баяндап берді.

ҚР азаматтығын рәсімдеу барысында бір әйелге жолықтым. Ол кісі маған көмектесетінін айтты. “Бұл жұмыс үшін қайта-қайта келіп, уақыт жоғалтудың қажеті не? Мен көші-қон қызметінде жұмыс істеймін. Сен сияқты шетелден келген азаматтардың ықтиярхатын, азаматтығын алып беремін. Мыңдаған ұл-қыздың құжатын бітіріп бердім. Маған төлейтін қаражат жолға да кетеді. Жұмыстан қайта-қайта сұрана беру де проблема тудыруы мүмкін. Бұл қиындықтардың орнына 40 мың теңгеге  мен барлығын реттеп беремін. Ақшасын төлеп, дайын болғанда аласың” – деп мені сендірді.

Расымен соншама өткелектен өтіп жүргенше,  ақшасын беріп, жасатып алғаным дұрыс деп ойладым. Қажет соманы төледім. Сол кезден бері бір жылдан аса уақыт өтті. Сол кеткеннен мол кетті. Құжатым жоқ. Карантин басталғаннан бері әлгі әйел тіпті үнсіз қалды. Азаматтық алу үшін қажет деп қолымдағы Моңғолияның паспортын да алып алды, сөйтіп ақыры бар құжатымнан айрылып отырмын.

Менің қоңырауыма жауап бермейтін болғаннан кейін, маған уәде берген кісіге басқа телефон нөмірімен хабарластым. Ықтиярхат, азаматтық жайлы көмек қажет деп ешнәрседен хабарсыз адам сияқты сөйлестім. Маған “көмектесе аламын, 40-60 мың аралығында төлесеңіз жеткілікті” деп жауап берді. Өз құлағыма өзім сенбедім. Қалайша? Бір жылдан астам уақыт бір құжатты бітірмеген адам өзге жұмысты қалай алмақшы? Немесе бітіруі де ғажап па?

Егер расымен уәде орындалып азаматтыққа қолым жетсе, сөз етіп отырған 40 мың теңге ештеңе де емес. Азаматтық куәлікті ала алмағанымның кесірінен әлеуметтік көмектен де қағылдым. Карантин кезінде мемлекеттен көмекке қолым жетпеді. Бұл менің бір басымның оқиғасы, бірақ дәл бұндай тағдыр қаншама қазақтың басында бар шығар,  – деп налыды ол.

Біз Асылбекке көмектесемін деп ақша алған әйелге хабарластық. Бірақ, біздің қоңырауымызға жауап бермеді.

Tdk42.kz сайтының мәліметі бойынша елімізде 7,5 мың жарымға жуық адамның азаматтығы жоқ екен. Бұл ресми ақпарат, дерек көзіне ілінбегендер одан да көп болуы мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар