///

Шолпан Каринова, Білім және ғылым вице-министрі: Қашықтан емес, онлайн оқытудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз

6515 рет қаралды

Жаңа оқу жылы басталуға санаулы күндер қалды. Қазақстанның 7 мыңнан астам мектебінде 3 миллионнан астам бала оқиды. “Мінбер” ақпарат агенттігі өткен аптада білім саласындағы қоғамдық белсенділермен сұқбат өткізіп, олардың қоғамды толғантқан проблемалар жайында пікірлерімен бөліскен еді. Бүгінгі “Мінбердің” қонағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Шолпан Каринова ханым.  Шолпан Таңатқызы алдағы оқу жылында қашықтан оқудың сапасын арттыру үшін құзырлы мекеменің жасап жатқан жұмыстарымен бөлісті. 

Мінбер: Бастауыш сыныптарда кезекші топтар болуы мүмкін екені айтылды. Үйде оқытпаймын деген ата-ана баласын мектепке бере алады. Солай болған жағдайда бір мұғалім әрі мектепте әрі қашықтан сабақ бере ала ма? Әлде қосымша мұғалім алына ма?

Шолпан Таңатқызы: Біз барлық сынып оқушылары үшін дәстүрлі оқытудан артығы жоқ деп есептейміз. Алайда қазіргі жағдай ескеріліп, оқушылардың, қызметкерлердің ауруға шалдығуынан сақтану және оқу сапасының арасындағы балансты табу бірінші приоритет болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің бақылап отырғаны да осы.

Әрине, қазіргі пандемия жағдайында 7 мыңнан астам мектептегі ахуалды бақылап, үзілді кесілді шешім қабылдау да қиын болып отыр. Өйткені, әр өңірдегі эпидемиялық жағдай да әр қалай. Сол үшін, барлық іс шаралар сол жердің жергілікті атқару органы және санитарлық дәрігерлердің шешімімен жүзеге асады. Үлкен қалаларда вирус жұқтыру қаупі жоғары. Ал ауылдарды мүлдем басқаша. Сол себепті бұл шешімдерді жергілікті атқару органы қабылдайды. Бұның барлығын тамыз айының ішінде жүзеге асырады. Ахуалдың өзгеруіне қарай шешім де өзгеруі мүмкін. Дәл қазір қыркүйекте қандай жағдай болатынын нақты айта алмаймыз.

Бүгінгі күннің ұстанымы барлық мектеп қашықтан оқытуды бастайды. Екіншіден, жаңа жылға дейінгі көпшілік оқушы қатысатын ауқымды іс-шаралар өткізілмейді.

Барлық сыныптар қашықтан оқиды. Соның ішінде кезекші сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі бастауыш оқушыларына жас ерекшелігіне байланысты мұғалімнің көмегінсіз ақпаратты қабылдау қиын. Ал бірінші сынып оқушылары мектепке мүлдем келмеген, ештеңеден хабарсыз балалар. Сондай-ақ, 2-4 сынып аралығындағы оқушылардың өздігінен оқуға мотивациясы енді оянып келе жатқанын ескердік. Үшіншіден көп ата-аналар жұмыс істейді. Кезекші сыныптар үшін 1-4 сынып аралығындағы оқушыларды алған себебіміз осы.

Қазір мемлекеттік стандарт бойынша бастауыш сыныптарды топқа бөліп оқытатын нормативті құжат дайындадық. Бұл заңдастырылған. Мұғалімді тағайындауды әр мектеп өз жағдайына сай шешеді. Егер мұғалімге қосымша жүктеме жүктелсе, ақысы міндетті түрде төленеді. Кейбір мектептерде бала саны аз, әрі өңірдегі эпидемиялық ахуал қиын болмаса, онда арақашықтықты сақтап балаларды мектепке оқытуға болады деп ойлап отырмыз.

Мінбер: Онлайн оқу 11 сыныптың оқуына қаншалықты кері әсер етеді?

 Шолпан Таңатқызы: ҰБТ – білім сапасының көрсеткіші емес. Бала тек ұлттық бірыңғай тест үшін оқуға тиіс емес. Сол себепті де ата-аналар критериялық бағалауды түсінбейді. Бағалау дегеніміз бір бөлек, баға дегеніміз бір бөлек. Сондықтан біз ҰБТ-ның көрсеткішімен білімнің сапасын бағаламаймыз, сол себепті де ҰБТ көрсеткішіне қаншалықты кері әсер етеді деген мәселені қарастырмаймыз.

Дүниежүзі бойынша қашықтан оқыту білім сапасына кері әсерін тигізді деген тұжырым бар. Дүниежүзілік банктің де жүргізген зерттеуі осы  пікірді ұстанады. Дегенмен, соңғы тоқсандағы білім сапасын зерделей отырып, оқытудың бұл форматының әр өңірге әртүрлі әсер еткенін байқадық. Мысалы, шалғайдағы ауылдық мектеп оқушылары карантинде шабыт алып, білімге деген құштарлықтары оянған. Қалалық жерде керісінше оқушылардың ынтасы төмендеген. Яғни бұл жерде нақты жауап жоқ. Нәтиже әр өңірде әртүрлі болғандықтан біз дөп басып шешім шығара алмаймыз. Сондықтан білім сапасы төмендеді, я жоғарылады деп дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, талдау жасалынды, ол біздің қолымызда бар.

17 тамыздан бастап мұғалім мен оқушы бұл жүйеге араласа алады. Бұған дейінгі болған қателерді өзара талқылап, ұсыныстарын айтуына болады. Министрлік сол ұсыныстардан қорытынды шығарады.

Мінбер: Жалпы ауылды жерде Қазақстан оқушыларының 48 пайызы оқиды екен? Сол ауыл балаларының басым көпшілігінде құралдары жоқ. Министрліктің келтірген статистикасы бойынша 180 мың бала техникаға мұқтаж. Бұл мәселені қалай шешу жоспарлануда?

 Шолпан Таңатқызы: Білім беру мекемелері әр оқушыны үй жағдайында техникамен қамтамасыз етуді мақсат етпеген.  Білім жүйесінің міндеті білім беру мекемелеріндегі компьютер, интернеттің жеткілікті болуы. Алайда, пандемияға байланысты біз оқушыларды жеке компьютермен қамтамасыз етуді қолға алдық. Ол техниканың барлығы дерлік мектеп балансына бөлінген материалдар. Балаларға беріліп жатқан техника мектеп пен оқушы ата-анасы арасындағы келісімшарт арқылы жүзеге асады. Мектептердегі 280 мың компьютердің барлығы жарамды. Олар оқушыларға толығымен таратылатын болады. Карантин біткеннен кейін барлық техника мектепке қайтарылады.

Екіншіден жергілікті атқару органдары, білім басқармалары компьютерлерді жергілікті жердің бюджетінен сатып алу жұмыстарын жүргізді. Осы күнге дейін 37 мың жаңа компьютер сатып алынды. Барлығы таратылып беріледі. Республикалық бюджеттен үкімет отырысында 500 мыңға жуық компьютер сатып алу жоспарланды.

Төртінші тоқсан бойынша елімізде 2 400 000 оқушы ұялы телефон арқылы, 800 мыңнан астамы компьютермен сабақ оқыған. Ал қолында мүлдем құрылғы жоқ оқушы саны – 187 мың. Қолында ештеңе жоқ оқушыларға бірінші кезекте үлестіріледі. Біздің есебімізше, 380 мың бала табысы төмен отбасыларында тәрбиеленіп жатса, 21 мың оқушы ата-ананың қамқорлығынсыз өсіп жатыр. Сондай-ақ арнайы интернаттарда оқитын, ерекше жағдайды қажет ететін денсаулығында ақауы бар 100 мыңдай бала тағы бар. Жалпы осындай 510 мыңдай бала бар екені анықталды. Алғашқы көмекті осы оқушыларға көрсетуді мақсат етіп отырмыз.

Мінбер: Төртінші тоқсанда үй тапсырмаларын қазпоштамен жеткізген оқушылар болды. Олардың мәселесі шешілді ме?

 Шолпан Таңатқызы: Бұндай жағдайдың болғаны рас, бірақ өте аз кездесті.  Ол ауылдарда халық саны аз, бала да аз. Арақашықтықты сақтап оқуға мүмкіндіктері бар. Қазір 157 мың бала шағын ауылда тұрады. Бұл барлық оқушының 4 пайызы. Ал мектеп саны  2421. Мектеп саны өте көп, бала саны өте аз. Сондықтан оқу штаттық режимде болатын шығар.

Ал егер ахуал қиындап кетсе, ғаламторға шығу қиын болғандықтан мұғалімнің тапсырмалары жеткізудің басқа жолы қарастырылады. Бұл жұмысты мектептің өзге қызметкерлері атқаратын болады.

Мінбер: Қашықтан оқу тек оқушыны ғана емес, сонымен қатар мұғалімді де абдыратып жібергені белгілі. Біріншіден, мұғалімдер цифрлық технологияны меңгере алмаған, кейбіреуінде мүлдем компьютер жоқ. Мұғалімдердің дайындығын қалай пысықтап жатырсыздар?

Шолпан Таңатқызы: Қазір мұғалімнің ІТ құзыреттілігі басты деңгейге шыққанын көріп отырмыз. Сол үшін қазір басты назарда олардың ІТ сауатын арттыру болып отыр. Осы мәселені ескеріп арнайы курс ұйымдастырдық. Курстың бәрі тегін. Жаңа бағдарлама бойынша 350 мың мұғалімнің 169 мыңы оқып жатыр, 98 мыңы бітірді. Қашықтан оқудың арқасында мұғалімнің біліктілігін арттырдық.

Қазір директорлармен, мұғалімдермен тығыз жұмыс істеудеміз. Біз контент жағынан жұмыс істеудеміз. Барлық мұғалімге Қазақстандағы бар ІТ платформаның бәрін таныстырдық. Ол платформаларда онлайн сабақ, стриминг, кері байланыс секілді мәселелердің барлығы қамтылған.

Бірақ қандай платформамен жұмыс істеуді әр мектеп өзі шешеді. Өйткені, бірыңғай стриминг жасау мүмкін емес.

Мінбер: Оқулықтар электронды түрге ауыса ма?

 Шолпан Таңатқызы: Бұл мәселеге байланысты әлемдік тәжәрибеге үңілдік. Әлемде қағаз оқулықты да, электронды оқулықты да қолданады. Ол оқушыға еш зиянын тигізбейді. Қазіргі таңда электронды кітаптардың қажеттілігі артқандықтан ол жұмысты одан әрі жақсартамыз. Мүмкіндігі мол оқулық шығаруды тапсырудамыз.

Мінбер: Әңгімеңізге рахмет! 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мағауия Cарбасов, “Отандастар” қорының вице-президенті: Қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мәртебе беретін “Қазақ куәлігін” дайындап жатырмыз

 Еліміз үшін шетелдегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Өзге ел қазақтарына қолдау көрсететін  “Отандастар қорына” карантин

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған

Жүрек қан-тамыры аурулары әлемде ең кең таралған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл

Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздары: Интернеттің жылдамдығы нашар, бұл оқуға кәдімгідей кедергі келтіріп отыр

« – Камераны қос.                                                                                                           – Микрофоныңды өшір.                                                                                                         – Сендер көпсіңдер, мен