///

Қазынаға жұққан  коронавирус немесе 4 миллиардтың техникалық театры   

3580 рет қаралды

Пандемия басталғалы елдегі мектептер қашықтан оқытуға көшті. Алайда мемлекет  бұл мәжбүрлі жаңа оқу түріне дайын болмай шықты. Ауылдардағы интернет жылдамдығының төмендігі мен техника жетіспеушілігі ата-аналар үшін  пандемиямен қатар жүрген жаңа дертке айналғандай. Расында қашықтан оқытудың “ғашықтықтан” оқумен еш ортақтығы болмады. Жүйке жүйесіне түсірген салмағын есептемегенде қалтаға түсірер  ауыртпашылығы  наразылық тудырғаны тағы бар. Мемлекет  мәселенің шешілетінін айтып, саусағын сырт еткізіп еді, сандық түбіндегі салықтан жиналған дорбаның ауызы ашылып,  әр аймақтың оқу бөлімі мемлекеттік сатып алулар арқылы қажетті техникаға тапсырыс жариялай бастады.

Қашықтан оқыту қанша уақытқа созылса да, қазынаға түсірер салмағы біраз болары анық. Мәселен, бір ғана Шығыс Қазақстан облысының білім бөлімі басқармасы тамыз айының өзінде жалпы сомасы 3 миллиардтан астам теңгеге мектепке қажетті техникаға тапсырыс берген. Бұдан бөлек  465 миллион теңге кеңсе компьютерлерін сатып алуға, 305 миллон теңге планшет сатып алуға жұмсалған.

Бұл сатып алулардың жалпы соммасы 4 миллиард теңгеден асып жығылады. Бір облыстың өзі осынша қаражат жұмсағанда қалғанын есептей беріңіз. Сатып алынған техника әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары, мүгедек балардан бастап, қажеттілігі бар барлық балаларға берілетіні белгілі болды. Ал бұл техниканың сапасы бөлек әңгіме.

Жоғарыда көрсетілген сатып алулардың барлығы “бір өнім берушіден тікелей келісімшарт жасау арқылы”  сатып алынған. Бұл дегеніңіз тапсырыс беруші тарап өнім берушіні өзі орнатқан талаптарға қарап өзі таңдай алады. Мұндай жағдайда сатып алынатын тауардың толық техникалық сипаттамасын қойып сатылып алынған тауар саны мен құны туралы ақпарат тапсаңыз мәз боласыз.

Аталған үш келісімшарт та бір ғана  “Xfinity Solution” ЖШС-мен жасалған. Компания сайтында көрсетілген ақпарат бойынша компьютерлік техниканың көтерме саудасымен, ақпараттық қамтамасыз етумен айналысатын бұл ұйым мемлекеттік құрылымдардың барлығымен дерлік белсенді әріптес. Қазақстанның  күш құрылымдары мен министрліктері түгелімен “Xfinity Solution” ЖШС-ына сенім артады. Соңғы екі жылда қазынаға  30 миллион теңгеден астам салық төлеген. Салық көлемі көп болғанымен, компаниядағы қызметкерлер саны аз. Ресми деректерге сүйенсек,  “Xfinity Solution” -ның құрамында 6-10 адам жұмыс істейді.

Сомасы миллиардтан асқан алғашқы тапсырысы биыл Шығыс Қазақстан облысының білім  бөлімімен жасалған келісімшарты  болды. Неге дәл осы компаниямен келісім жасалғаны белгісіз. Дегенмен,  мелекеттік сатып алудың май шелпегін уысында ұстап  отырған жас компания туралы басқа да ақпараттың жіп шумағын ұстай алдық.

“Xfinity Solution” ЖШС-ның жетекшісі ретінде Айнабеков Азамат Куанышкалиевич көрсетілген. Бұл компаниядан басқа ешқандай бизнесте үлесі жоқ..  Жасы небәрі 25-те болса да, мұнша табысты әрі мінсіз бизнес моделіне қандай бизнесмен болса да қызығар еді.

“Xfinity Solution” -ның сатып алулар сайтындағы белсенділігі таңдай қақтырады. Сіз кірпік қағып үлгергенше компания бір келсімшартқа қол қойып үлгереді. Бір күннің ішінде бірнеше мемлекеттік сектормен келісімшартқа отырады. Келісімшарттар  уақыт интервалы 1 мен  20 минутқа жетер-жетпес аралықта жасалып жатыр. Компания құрамында 10-ға жетпейтін қызметкер  бар екенін ескерсеңіз, бұл “сиқыр” жылдамдық пен “супер” өнімділік.

Зерттей келе  “Xfinity Solution” -ға қатысы бар басқа да азаматтар туралы ақпарат алдық. Компания сайты Тулепов Максат Тулебаевич есімді азаматқа тіркелген.

Тулепов Максат Тулебаевич атына “FREIGHTS.KZ” ЖШС тіркелген.  Бұл компания біздің “супер” өнімді компаниямыздан жарты жыл бұрын тіркелгенімен жұмысы соңғысындай нәтижелі емес. Саудасын бастамай жатып, алдымен  тіркелген “FREIGHTS.KZ” ЖШС 2018 жылы қазан айында мемлекеттік сатып алулар сайтының қара тізіміне енген. Қара  тізімге ену себебі ретінде келісімшарт жасаудан бұлтарғаны көрсетілген. Артынша 2 аптадан соң    “Xfinity Solution” ЖШС  тіркеліп, сатып алулар сайтындағы “супер” мәнсабын бастады.

“FREIGHTS.KZ” көптеген мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатысқан, алайда,  ешқандай келісімшарт жасамаған. Әлі  күнге дейін жұмыс істеп тұрған компания болғанымен “Xfinity Solution” – мен салыстырғанда табыс мөлшері де, жалпы құны анағұрлым төмен. 2020 жылдың 15 қазаны күнгі мәліметке сүйенсек . “Xfinity Solution” ЖШС-інің жылдық табысы 530 миллион теңге .  Ал “FREIGHTS.KZ” -тің 2020 жылғы табыс салығы 16 миллион теңгеден астам. “Xfinity Solution”-ның салық мөлшерінен 2 еседей аз.

Айнабеков күніне 40-тан астам келісімшартқа отырып, 2 жылда өз компаниясының айналымының 800 есеге өсірді. Алғаш тіркелген  2018 жылы  бар болғаны 9 миллион теңгеге келісімшарт жасаған компания 2020 жылы “жұлдызды” нәтиже көрсетіп миллиардтап табыс табады.

Пандемия кезінде мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізу ережелері жеңілдетілуі “Xfinity Solution”-ның онсыз да “өнімді” қызметкерлеріне жаңа қарқын қосты. Бұрын бірнеше көзден сатып алу, бағалық ұсыныстар сияқты біренеше күрделі сатып алу  орынына бір өнім берушіден сатып алуға дейін жеңілдетілегн болатын. Қашықтықтан оқытуға байланысты техникаға деген қажеттілік те компания саудасының  көркін қыздырды.

22 маусым күні Айнабеков 16 келісімшартқа қол қойды. 28 маусым күні -31, 29 маусым күні -18. Ал 5 мамыр күні 10 миллионнан астам теңгеге  сауда жасап жеке рекордын орнатқан болатын. Бұл  жылғы келісімшарттардың барлығы дерлік “бір өнім берушіден тікелей келісімшарт жасау” жолымен жасалған.

Мұнша табысты бизнес жүргізіп отырған жас кәсіпкер туралы ақпарат өте аз. Ешқандай әлеуметтік желіде тіркелмеген. Мемлекеттік сатып алулар сайтында күні-түні  жасалып жатқан келісімшарттарға қол қоюдан босамайтын болар…Әлде, ықпалы жоғары ағасының інісі, әкесінің баласы дейтін театр қуыршағы ма екен…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар