//

Қырғызстандағы ахуал: Демократия ма, охлократия ма?

2034 рет қаралды
Қырғызстандағы қазіргі жағдайға әркім әртүрлі бағалап жатыр. Біреулер бұл кезекті демократиялық қадам десе, келесілері охлократия дейді. Желіде осындай әңгімелердің біразын назарларыңызға ұсынамыз. 
Дәурен Қуат, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы:
– Алатаудың омырауын егіз еміп отырған ел болған соң, қырғыз жұртындағы қоғамдық-саяси оқиғаларға мән бермесек болмайды. Бұл ретте мен мынаны айтқым келеді:
Қырғыздардың өжеттігін, белсенділігін өз басым қолдаймын. Керек десеңіз, алаңға боз үйлерді тігіп тастап, билікке ашық талап қоятын батылдығына қызыға да, қызғана да қараймын.
Қырғыздардағы демократия да қызықтырады. Оларда баспасөз еркін, сөз бостандығы күшті. Баспасөзді жекелеген тұлғалар қаржыландыра алады. Соған сәйкес қырғыз баспасөзі де айтарын ашық айтып, жазарын ашық жазады. Әлеуметтік желілер, ақпараттық порталдар былай тұрсын, телеарналардың өзі Мемлекет басшысынан бастап Үкімет мүшелерін, Жоғарғы Кеңес депутаттарын сынай алады.
Кез келген қырғыз азаматы өзінің талабын алдыға салып, арзу арманын айтып, Ақ үйге кіруге қақылы. Президент пен Парламент үйінің алдында он адам, тіпті екі адам шағын митингі өткізетін мүмкіндікке ие. Полиция олардың қауіпсіздігін ғана бақылап тұрады.
Қырғыздың мемлекеттік қызметкерлері де қарапайым. Ең жоғарғы лауазымға қол артқан ұлығының өзі халықтың алдында кішік. Елмен есептеседі, адамша сөйлеседі. Тілге келеді. Көптің жағдайын ұғуға ұмтылады.
Халқы сияқты қырғыз депутаттары мен үкімет адамдары да – еркін. Партияласының немесе Үкіметтегі әріптесінің ісі жақпай ма, жалтақтамайды, жалтармайды, турасын айтады. Керек десеңіз, қарсы тарапқа шығып кетеді. Қателессе, жария түрде кешірім сұрайды.
Қырғыз халқы пысық, еңбекқор. Қырғыздар байтақ даласы, аста төк байлығы бар қазақтың базарына әкеліп өздері қолдан жасап, өндірген дүниесін сатады. Жастары өріп шетелдерде жүр. Тапқан таянғандарын қырғыз жастары еліне тасиды. Қырғыз айылдары сондай қажырлы жастардың арқасында жайнап тұр. Қырғыз жастары оқу-біліміге де құштар. Осы күні қайда барсаң да алдыңынан «ассалаумағалайкум, байке» деп қырғыздың өрімідей қыз-жігіттері шығады. Қырғыздар – шетінен патриот. Елін жамандап, жерін жамандап, «мен мұндай мемлекетте тұрмаймын, кетемін, азаматтығымды өзгеретім, ұлтымды өзгертем» дейтін қырғызды таппайсың. «Атаң қоқи, бүгүн жақшы болмаса, ертең гелечек жақшы болад та» дейді біздің қырғыз бауырлар.
Қырғызға тағы бір қызғатының – тұтас қырғыз қырғыз тілінде сөйлейді. Ішінара өзге ұлттар да саяси науқандар барысында айыр қалпақты ағайынымыздың тілінде сайрап жүреді. Қайбір жылы, Ақаевтың тұсында болса керек, билікшіл топ орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берелік дегенде қырғыздың тайлысы мен таяқтысы қалмай әлгі бастамаға қарсы шықты. Болдырмай тастады.
Міне, осындай еркін елдің ерік-жігерін кейінгі кездері кланаралық күштер басқа арнаға бұрып барады. Халық қуатын клан көсемдері жеке бастарының мүддесіне пайдалануда. Соның салдарынан қазір Қырғызстандағы демократия демократия емес, демогогтардың ықпалына түсіп қалған бұқаралық дүмпуге (охлократияға) ұласып барады. Егер бұл охлократия емес, демократия болса, Қырғызстан осы күні бір нәтижеге жетуі керек еді ғой. Демокртаия дегеніміздің өзі нәтиже емес пе? Мысалы, қырғыздар алдымен Ақаевты елден аластады. «О!» дедік. Билікке Бакиев келді. Бакиев билікке бір өзі келмепті, бандасын ерте келіпті. Сөйтіп ресми Бішкекті банды жайлады. Қырғыздар ақ боз үйді самсатып тігіп жіберіп, жиын өткізді де, Бакиевті де бір-ақ түнде қыр асырды. «Оппо!» дедік. Отуынбаеваны ғана орынтағында отырғызып, орнына Атамбаевты сайлағанда және «бәрекелді» дегенбіз. Өйткені Атамбаев Бакиевпен ұстасқан батыр еді. Артынан Атамбаев та «кәкай» болып шықты. Атамбев орнына мұрагері Жиенбековті қалдырды. Сондағы оның ойы – Қырғызстанды Парламенттік Республика жасап, партиясы арқылы Заң шығарушы органды алу екен. Онысын саясатта сақ, қырағы қырғыздар біліп қойып, тағы да аттанға басты да, Жиенбеков Атамбаевты соттап тынды. Енді Жиенбековті төңкеріп тастап қайтадан Атамбаев пен оның айналасындағыларды алдиярлауға шақ қалып отыр. Бұның арғы жағында «Атамбаевты бекерге күйдіріппіз, обал жасаппыз, азаматымыз осы екен» дейтін елдік мүддеден гөрі топтық, аймақтық мүдде жатса керек. Өйткені Қырғызстандағы саяси айтыс-тартыс соңғы жылдары осындай сипат алып үлгерді. Ал бұның соңы жақсы болмауы мүмкін. Біз Қырғызстанның «Борбор Азиядағы демократия аралы» бола отырып, дамығанын, тыныштығын, тұрақтылығын қалаймыз. Қалай болғанда да бұл ел ұлттық келісім аясында демократиялық даңғыл жолда өмір сүрсе екен дейміз.
Расул Жұмалы, саясаттанушы: 
– Қырғыз елінде орын алған қасіретті ахуалды демократиядан гөрі охлократияға жақын деуге болар. Википедиядан: Охлократия (гр. ochlos – тобыр, қара бұқара, kratos – билік) – билік жауапсыз популистердің, демагогтардың қолында шоғырланатын, саяси экстремизм түрінде, тобырдың деструктивті әрекеттерінде, үкіметке, парламентке ультиматум қоюдан, мемлекеттік мекемелерді басып алу, өрт қою, тонау және диверсиямен байланысты санасыз акциялардан көрініс табатын демократияның шектен тыс тұрпайы түрі.
Болат Мүрсәлім, 31 канал, Ақпараттық бағдарламалар директоры: 
– “Сайлау әділетсіз” өтті деп, сол сайлауды өткізуге жауапты билікті төңкеріп тастағаны қырғыз халқының мінезі, өзінің ұстанымы. Осыншама революциялар не берді деп, мысқылдаудың қажеті жоқ. Бұл төңкерістер Қырғыз елінің бойына әділет, тазалық, шындық деген ең басты құндылықтарды сіңіріп келеді.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі