“Мінбер” журналистерді қолдау орталығының үш аптаға жоспарланған “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жазудың ерекшелігі: ERG мысалында” тренингтер сериясы аяқталды. Тренинг онлайн форматта өткеніне қарамастан, жекелеген өңірдің журналистері ғана шақырылды. Әрі жекелеген өңірлердің мысалында бизнес материалдарды дайындаудың ерекшеліктерін сарапқа салдық. Павлодар, Қостанай және Ақтөбе өңірінен 60-қа жуық журналист қатысты. Шараға ERG Komek корпоративтік қоры демеушілік жасады.
Қазіргі кезде ERG секілді ірі алпауыт компаниялар журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларға демеушілік жасайтынын жиі байқаймыз. Бұл да болса жалпы бизнес әлемінің де ақпараттың маңыздылығына бұрынғыдан да мән беріп отырғандығының көрінісі деуге болады.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының тренингінде журналистің ақпаратқа қол жеткізуі, интернеттегі ашық дереккөздерден, мәселен мемлекеттік сатып алу порталынан, статистика агенттігі сайтынан, Google, Yandex арқылы ақпаратты індете іздеу, мемлекеттік кірістер комитеті сайтынан еліміздің ең ірі салық төлеушілерін табу, www.kase.kz; www.finred.kz сайттары арқылы қор биржасындағы ақпараттарды табу, осы табылған деректерден дата стори жасау, визуализация жасау, басқа да қажетті дүниелер үйрендік. Медиатренерлер Есенгүл Кәпқызына, Асхат Еркімбай, Ербол Азанбек, Баубек Сағындық деген азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұндай тренингтердің қазақ журналистерінің, сайып келгенде қазақ журналистикасының, қазіргі жаңа кезеңдегі қазақ журналистикасының кәсіби деңгейін арттыратынына сеніміміз мол.
– Бүкіләлемдік пандемия адамдардың санасына түбегейлі өзгеріс әкелді. Бұрынғыдай шоу бизнес өкілдерінің өмірі адамдарды қатты қызықтырмайтын болды. Одан да өздерінің күнделікті тіршілігіне қажетті ақпараттардың пайдалы екенін сезіне бастады. Ал ондай ақпараттарды сапалы түрде ұсыну үшін не керек? Журналистер сапалы ақпарат ұсына білуі керек. “Мінбер” журналистердің біліктілігін арттыруда өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал былтырдан бері “Іскерлік журналистиканы” дамытуды қолға алып отыр. Былтыр “Іскерлік журналистика” көмекші құралын дайындап, Қазақстанның бірнеше өңірінде бизнес журналистиканы жазуда қандай деректер мен дәйектерге жүгінуге болатындығын сарапқа салса, биыл аталған үш өңірдің журналистерінің басын қосып, “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” дегеніміз не, оны жазу үшін ақпараттарды қайдан іздеуге болады, дата стори дегеніміз не, оны оқырманға ұсынудағы графиканың рөлі, т.т. машықтар мен дағдыларды үйретуге тырыстық. Осындай шараны ұйымдастыруға мұрындық болып, қаржылай демеушілік жасаған ERG Komek корпоративтік қорына алғыс айтамыз.





