Еліміздің ай таңбасындай болған аса көрікті Алматы қаласының бүгіні мен болашағы, келешектегі болмысы кім-кімді де бейжай қалдырмайды.
Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысып отырып, есіме 1991 жылдың 16 желтоқсан күнгі кешкі сағат тоғызы түсті.
Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі Еліміздің Тәуелсіздігін жариялады. Жатаханамдағы дауыс қабылдағыштан (репродуктор) ести сала Республика алаңына жетіп, жылап тұрдым.
Көзіммен көрдім,
Құлағым естіді,
еріп жыладым.
Қазағым Ел боп жаққанда,
Тәуелсіздік шырағын.
Содан бері, міне, табаны күректей 35 жылдың жүзі болыпты.
Сол жылдардағы тарих пен тағдырдың, сағыныш пен махаббаттың отаны, Еліміздің астанасы Алматым мен бүгінгі жасампаз Алматыма аспанмен таласқан Алатау биігінен қараймын.
Жасыл желегін жамылып, Алатаудың ақ самалымен тыныстап, ай көркіне сылаңдаған ағынды сулары жарасқан ару Алматы қай қырынан қарасаң да жасампаздықтың, жаңарып, жаңғырудың үлгісін көрсетіп, өзінің бекзаттығын сақтап, күннен күнге құлпырып, өсіп, толысып келе жатқанына көз тояды.
Алматы қаласының «Бас жоспарының негізгі мақсаты – қала халқының санын 3,6 миллион адамға дейін ұлғайтуға дайын болу және қазіргі моноорталықты құрылымнан 5 дербес полицентрі бар полицентрлік модельге көшу» деп көрсетілген. Олар:
«Солтүстік» – өнеркәсіптік аймақтарды қайта жаңғырту және логистикалық хаб құру.
«Шығыс қақпасы» – халықаралық көлік-туристік торап.
«Батыс» – индустриялық-технологиялық кластер және қолжетімді тұрғын үй.
«Оңтүстік-батыс» – ғылыми-білім беру және креативті кластер.
«Тарихи орталық» – тарихи-мәдени мұраны сақтау, жаңғырту және нүктелік биік қабатты құрылысқа тыйым салу.
Үлкен жоспар, келелі мәселе, ауқымды шаруа. Оңай атқарылатын іс емес. Оның ойдағыдай жүзеге асуына Алматының әрбір азаматы мүдделі әрі жауапкершілігі жоғары деңгейде болуы тиіс.
Қазақ айтады: “Елің қалай болса, бөркің солай” деп. Тағы да сол қазақ: “Ел ерге қарайды…” дейді. Біз бұл күнде қала әкімі Дархан Сатыбалды мырзаны қала көшелерінен, жаңадан салынып жатқан жолдардан, гүлзарлардан, өзен-сулар мен сая-бақтардан, құрылыс нысандарынан тағысын тағы жиі көреміз. Құптайсың, кейбірде қала әкімінің жасалып жатқан істің барысына орай айтып жатқан ескертпелерін көріп отырып, «құдай-ау, осыны да қала әкімі көзге шұқып көрсету керек пе еді?» деп қалатын кездер болады. Алматы Ерін жерге қаратпайды…
Қаламыз, Алматымыз жылдан жылға көркейіп, ауқымы кеңіп, әлеуеті артып келеді. Көресің, көріп сүйсінесің. Алысқа шықсақ, аңсап ораламыз. Жыл құсындай сағынып жетеміз.
Алатаудың асқақ та айбынды ақ маңдай шыңдарымен оның баурайындағы сүйікті Алматымның жұлдыздай жанған әрбір шамдары жүрекке ыстық ләззаттың жылуын сыйлайды. Ақын көңілін толқытып, көкейіне Алматының айнам көліне айналған «Сайран» көліне қарап сұлу сазымен үндесіп, өлең жолдары келеді.
Айна деймін, Сайран көл,
Ай ма деймін, Сайран көл.
Жер бетінен таппаймын,
Сайран көлдей Айнам көл.
Алматы бұл күнде – Жаңа өмірдің жарқын жаршысы, алға басқан қадамы алымды, ажары көрікті. Ару Алматым, әрқашан – Арға адал, Антқа берік, Сертке сенімді!
16.09.2026 ж.
Парақшамызға жазылыңыз
