//

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі: Ақпаратты табудың жолдарын үйрендік (Ақтөбе: қорытынды)

6742 рет қаралды
“Мінбер” журналистерді қолдау орталығының үш аптаға жоспарланған “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жазудың ерекшелігі: ERG мысалында” тренингтер сериясы аяқталды. Тренинг онлайн форматта өткеніне қарамастан, жекелеген өңірдің журналистері ғана шақырылды. Әрі жекелеген өңірлердің мысалында бизнес материалдарды дайындаудың ерекшеліктерін сарапқа салдық. Павлодар, Қостанай және Ақтөбе өңірінен 60-қа жуық журналист қатысты. Шараға ERG Komek корпоративтік қоры демеушілік жасады. 
Бес күндік шарада өңірлік журналистерге кешенді бағдарлама дайындалды. Ал қатысушыларға ұсынылған контент аралас форматта болды. Яғни, журналистер үйренген материалдарын бекіту мақсатында оларға үйге тапсырма беріліп отырды, сол арқылы үйренушілердің жаңа материалдарды қалай меңгергендігі сарапқа салынды. Сондай-ақ, қатысушылар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арықарай түсіну үшін журналистер арасында арнайы конкурс ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы желтоқсан айының 20-cында белгілі болады. Байқау әр өңірдің журналистеріне жеке жеке ұйымдастырылды.
Ақтөбе өңірінің журналистері тренингтен не түйді? Бес күндік шара оларға не берді? Қатысушылардың өздеріне сөз беріп көрелік:
Бақыт Жаншаева, Ақтөбе облысы экономикасын қайта құру орталығы “AqtobeHUB”корпоративиік қорының кеңесшісі:
– Қазір біліміңді жетілдіріп отырмасаң, заман ағымына ілесе қалмай қаласың. Сондықтан әсіресе журналистерге пайдалы деген, бір нәрсе үйренуге болатын семинар- тренингтерден әсіресе өзің тұратын қалада өтетін болса қалмау керек. Қазір тіпті жақсы, онлайн өтетін болды ғой. Есенгүл Кәпқызының ұйымдастыруымен, ERG компаниясының қолдауымен ақтөбелік журналистерге арналған 5 күндік тренингке қатыстым. Онлайн өтті, әрине. Интернеттегі ашық дереккөздерден ақпарат табу, дата журналистика, datastory,визуализация жасау сияқты қиын да қызық дүниелерге күмп бердік. Қорытындысы ретінде Minber порталы “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” байқау өткізеді . Үйренгенді қолданып, инфографикасын жасап, DATA Story жазып қатысу керек. Тренерлер: Асхат Еркімбайға, Ербол Азанбекке, Жанболатқа, Нұрсұлтан мен Баубекке көп -көп рақмет. Әріптестеріме сәттілік тілеймін.
Абат Қаратаев Актюбинский вестник газеті:
– Редакцияда мақаланы әрлеу жөнінде алдыңғы қатарлы тілшімін деп даңдайсып жүрсем, журналистикада болып жатқан өзгерістерден едәуір артта қалып қойыппын. Сондықтан тренинг тренерлеріне алғысым шексіз. Бірақ офлайн болғанда одан да жақсы болар еді. Өйткені, соншама жаңалықты, аз уақыт ішінде игеру, оны үй тапсырмасы арқылы іс жүзінде қолдану қиынға соғып тұр. Алдағы уақытта да осы тәріздес семинарлар керек-ақ
Мейрамгүл Сатаева,”Ақтөбе” облыстық қоғамдық-саяси газетінің қызметкері: 
– Жиырма бірінші ғасырды «ақпарат ғасыры» деп жүрміз. Бүгінгі жаһандану кезеңінде дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі өзгерістерден біздің елдің де бұқаралық ақпарат құралдары тыс қала алмайды. Ғаламтордың дамуы қай салада болмасын ақпараттың маңыздылығын күрт өсірді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген журналистерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Кез-келген журналист уақыт талап етіп отырған өзгерістерге бейімделмесе, жаңа журналистиканың, жаңа медианың есігінен де сығалай алмайды. Сондықтан, біз, журналистер, елімізде түрлі қоғамдық қорлар, ұйымдар өткізіп жатқан семинар, тренингтерден қалмауға, сол шаралардан өзіміздің кәсіби біліктілігімізді арттыруға титтей де болса септігі тиетін ақпараттар алуға тырысамыз. Жақында «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жазудың ерекшеліктері: ERG мысалында» тақырыбында Ақтөбе өңірінің журналистеріне арналған бес күндік тренингке қатысып, кәсібімізге қатысты көп тың дүние үйрендік.
Қазіргі кезде ERG секілді ірі алпауыт компаниялар журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларға демеушілік жасайтынын жиі байқаймыз. Бұл да болса жалпы бизнес әлемінің де ақпараттың маңыздылығына бұрынғыдан да мән беріп отырғандығының көрінісі деуге болады.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының тренингінде журналистің ақпаратқа қол жеткізуі, интернеттегі ашық дереккөздерден, мәселен мемлекеттік сатып алу порталынан, статистика агенттігі сайтынан, Google, Yandex арқылы ақпаратты індете іздеу, мемлекеттік кірістер комитеті сайтынан еліміздің ең ірі салық төлеушілерін табу, www.kase.kz; www.finred.kz сайттары арқылы қор биржасындағы ақпараттарды табу, осы табылған деректерден дата стори жасау, визуализация жасау, басқа да қажетті дүниелер үйрендік. Медиатренерлер Есенгүл Кәпқызына, Асхат Еркімбай, Ербол Азанбек, Баубек Сағындық деген азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұндай тренингтердің қазақ журналистерінің, сайып келгенде қазақ журналистикасының, қазіргі жаңа кезеңдегі қазақ журналистикасының кәсіби деңгейін арттыратынына сеніміміз мол.
Кәмшат Қопаева,”Ақтөбе” облыстық қоғамдық-саяси газетінің қызметкері: 
– “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбеде бес күн қатарынан тренинг өтті. Бұл тренинг басқалардан ерекше болды. Себебі тренинг барысында бос сөз болған жоқ. Нақты мәліметтер ғана айтылды. Мәселен, ақпарат іздеудің біз білмейтін құпиялары көп екен. Google, Yandex арқылы іздеудің қыр-сыры, дата стори жасау, инфографика, визуал материал дайындау, яғни айта берсек көп. Нақты тапсырмалар бойынша жұмыс жасадық. Ақпаратты індетіп іздеуді және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты материал әзірлеудің құпияларын үйрендік. Шыны керек бес күн аздық етті. Білетінімізден білмейтініміз көп екен. Есенгүл Кәпқызы бастаған тренерлер жалықтырған жоқ және өте қызықты өтті. Асхат Еркімбай, Ербол Азанбек, Жанболат Серікбай және Нұрсұлтан Әубәкіров пен Баубек Сағындыққа айтар алғысымыз шексіз. Көп рахмет! Алдағы уақытта осындай тренингтер тағы да өткізілсе біз қуана қатысар едік.
Баубек Сағындық, медиа тренер:
– ERG көмек қорының қаржыландыруымен іске асқан бұл тренинг журналистердің, әсіресе аймақтағы журналистердің кәсіби тұрғыда жаңа білім алуына өз септігін тигізді деп ойлаймын. Себебі технология сәт сайын даму үстінде, сонымен қатар журналистиканың да жаңа принциптері қалыптасып, жаңаша ақпарат тарату жолдары пайда болуда. Қазіргі таңда ақпарат өте көп, ал сол ақпаратты жинау, сұрыптау және оны оқырманға ұсыну маңызды қабілет. Ал осы тренинг аясында сол қабілеттердің барлығын аймақтағы әріптестеріміз тек теория жүзінде емес, практикалық тұрғыда да да жасап көрді. Сондықтан бұл тренингтің пайдасы өте зор.
Есенгүл Кәпқызы, “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі:
– Бүкіләлемдік пандемия адамдардың санасына түбегейлі өзгеріс әкелді. Бұрынғыдай шоу бизнес өкілдерінің өмірі адамдарды қатты қызықтырмайтын болды. Одан да өздерінің күнделікті тіршілігіне қажетті ақпараттардың пайдалы екенін сезіне бастады. Ал ондай ақпараттарды сапалы түрде ұсыну үшін не керек? Журналистер сапалы ақпарат ұсына білуі керек. “Мінбер” журналистердің біліктілігін арттыруда өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал былтырдан бері “Іскерлік журналистиканы” дамытуды қолға алып отыр. Былтыр “Іскерлік журналистика” көмекші құралын дайындап, Қазақстанның бірнеше өңірінде бизнес журналистиканы жазуда қандай деректер мен дәйектерге жүгінуге болатындығын сарапқа салса, биыл аталған үш өңірдің журналистерінің басын қосып, “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” дегеніміз не, оны жазу үшін ақпараттарды қайдан іздеуге болады, дата стори дегеніміз не, оны оқырманға ұсынудағы графиканың рөлі, т.т. машықтар мен дағдыларды үйретуге тырыстық. Осындай шараны ұйымдастыруға мұрындық болып, қаржылай демеушілік жасаған ERG Komek корпоративтік қорына алғыс айтамыз.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі