Қазақстан мектептеріндегі тәжірибе жекелеген білім беру ұйымдарының бастамасымен шектелмейді. 2026–2027 оқу жылынан бастап жасанды интеллект жалпы білім беру бағдарламасына жүйелі түрде кіріктірілді. 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық», 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәндерінің мазмұны жаңартылып, ЖИ-ге қатысты 43 оқу мақсаты енгізілді.
Мемлекеттік деңгейде академиялық адалдықты сақтау, дербес деректерді қорғау, педагогтердің біліктілігін жетілдіру және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері қатар қарастырылып отыр. Ендігі мәселе ЖИ-дің мектепке ену-енбеуінде емес, оқу үдерісінде қалай қолданылатыны және нәтижесінің қандай өлшемдермен бағаланатынында. Алматыдағы №178 мамандандырылған лицей мен №218 «Келешек мектебінің» тәжірибесі үдерістің екі бағытын аңғартады. №178 лицейде жасанды интеллект сабақ мазмұнына, тапсырма әзірлеуге және оқушының оқу әрекетіне кіріктірілсе, №218 «Келешек мектебінде» ЖИ-ді пайдалану тәртібін айқындауға, академиялық адалдық талаптарын сақтауға және технология нәтижесін мектеп деңгейінде бағалауға басымдық берілген.
Қайратбек Шадиев, Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицейдің директоры:
– Біз үшін цифрландырудың басты өлшемі – мектепте қанша платформа немесе жасанды интеллект құралы бар екені емес, олардың мұғалім еңбегіне және оқушының оқуына қандай нақты пайда әкелетіні. 2025–2026 оқу жылында осы мақсатпен Edoox.com білім беру платформасын оқу үдерісіне енгіздік. Педагогтер мен оқушылар платформаға толық тіркеліп, мұғалімдер оның мүмкіндіктерін сабақ барысында жүйелі пайдалана бастады. Edoox.com мұғалімнің бірнеше жұмысын бір цифрлық ортада атқаруына мүмкіндік береді. Педагог қысқа мерзімді жоспар әзірлейді, таныстырылым дайындайды, БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын құрастырады, күнделікті сабаққа арналған жаттығулар мен қосымша материалдарды іріктейді. Бұрын әр жерде сақталған оқу материалдарын жинақтап, реттеуге уақыт кетсе, қазір оларды бір жүйеде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Біз үшін мұндағы негізгі нәтиже – технологияның мұғалімді алмастыруы емес, оның күнделікті жұмысын жеңілдетіп, уақытын сабақ мазмұны мен оқушымен жұмысқа көбірек бөлуіне жағдай жасауы. Платформа оқушының оқу нәтижесін бақылауға да көмектеседі. Мұғалім тапсырмалардың қорытындысына қарап, оқушының қай тақырыпты меңгергенін, қай тұста қиналғанын, қандай қатені жиі жіберетінін анықтай алады. Соған қарай қосымша тапсырма береді немесе оқу материалын баланың дайындық деңгейіне сәйкестендіреді. Яғни цифрлық орта әр оқушының оқу қарқынын, біліміндегі олқылықты ескеріп, тапсырмаларды саралауға мүмкіндік береді. Лицейдегі цифрландыру Edoox.com платформасымен шектелмейді. Оқу үдерісінде AI Teacher, AI Class және BESTIK AI жобалары қолданылып жүр. Protector AI әзірге қанатқақты жоба ретінде сыналып жатыр. Біз үшін құралдың атауынан бұрын оның сабақтағы қызметі маңызды. Мұғалім жасанды интеллектіні сабақ тақырыбына сәйкес тапсырма әзірлеуге, оны оқушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне бейімдеуге, тест пен бақылау тапсырмаларын құрастыруға, сабақ құрылымын жоспарлауға және сараланған тапсырмалар дайындауға пайдаланады.
Жасанды интеллект мұғалімнің орнын басуға тиіс емес.
Мектептер жасанды интеллектіні сабаққа жүйелі енгізуге кіріскенімен, оқушылар ChatGPT секілді құралдарды күнделікті оқуына әлдеқашан қосып үлгерген. Kazinform тілшісіне пікір білдірген 5-сынып оқушысы Лиза жасанды интеллектіні көбіне қазақ тілін үйренуге қолданатынын айтады.
– «Меніңше, жасанды интеллектісіз оқу әлдеқайда қиын болар еді», – дейді ол.
6-сынып оқушысы Әнел ChatGPT-ге математика мен жаратылыстанудан сабақта түсінбеген тақырыптары бойынша қосымша сұрақ қоятынын жеткізген. Сонымен бірге дайын жауапты пайдалану жағдайлары да барын жасырмайды.
– «Кейде жауаптарды көшіріп алатыным, тіпті айнытпай басып алатыным да болады», – дейді Әнел.
Жасанды интеллектіні мектепте қолдану мәселесінде ата-ананың бақылауы да өзекті. Алматы қаласындағы №200 мектеп-гимназиясында 11-сыныпта оқитын ұлдың анасы Жанар Исақызы баласымен ЖИ құралдары туралы жиі ашық сөйлесетінін айтады. Оның сөзінше, жоғары сынып оқушысы жасанды интеллектінің мүмкіндігін де, ақпаратты шатастырып, қате жауап беруі ықтимал екенін де түсінеді.
Жанар Исақызы, №200 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысының анасы:
– Баламмен жасанды интеллект туралы ашық сөйлесемін. Мектеп тапсырмаларын орындағанда ЖИ қолданбайтынын айтады. Өзі де жасанды интеллектінің кейде деректерді шатастырып, қате ақпаратты сенімді жауап ретінде ұсынуы мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан дайын жауап алғаннан гөрі, тақырыпты өзі оқып, ойланып, қорытындыға өзі келген дұрыс деп санайды. «Өзім ойлағанға ештеңе жетпейді» деп айтып отырады. Мен де ата-ана ретінде соны құптаймын. Әсіресе 11-сыныпта бала өз ойын қалыптастырып, пікірін дәлелдеп, шешім қабылдауға үйренуі керек. Ертең жоғары оқу орнына түскенде де, мамандық таңдағанда да дайын жауапты біреуден күтіп отырмайды. Мектеп сол дербестікті қалыптастыратын орта деп ойлаймын. Баламның айтуынша, кей мұғалімдер сабақ басталар алдында оқушылардың ұялы телефондарын жинап алады. Оқушылар сабақ аяқталғаннан кейін ғана қайта алады. Мұндай талаптың да өзіндік себебі бар. Телефон үнемі қолында тұрса, бала түсінбеген сұраққа бірден дайын жауап іздеуге бейімделуі мүмкін. Ал сабақ үстінде өз біліміне, есте сақтағанына және мұғалімнің түсіндірмесіне сүйенгенде ойлануға көбірек мәжбүр болады. Үйде де тапсырманы қаншалық тез аяқтағанына емес, не түсінгеніне назар аударамын. Кейде одан «неге осылай ойладың?», «осы шешімге қалай келдің?» деп сұраймын. Өз сөзімен түсіндіре алса, тақырыпты меңгергені көрінеді. Дайын жауапты жаттап немесе көшіріп алған балаға ондай сұраққа жауап беру қиын. ЖИ-ді пайдалану оңай, ал өз бетіңмен ойлау уақыт пен еңбек талап етеді. Бірақ мектеп жасындағы бала үшін сол еңбектің өзі маңызды. Қате жіберіп, қайта ойланып, жауабын түзеткен кезде ғана білім қалыптасады. Сондықтан баланың орнына дайын жауап беретін құралдан гөрі, оның өз ойына сенгенін дұрыс көремін.
Иә, оқушының дайын жауапты көшіріп алуы мұғалім үшін ЖИ-ді қолданудың шегін қай жерден белгілеу керек деген мәселені алға шығарады. Алматы қаласындағы №211 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әлиева өз сабақтарында бұл шекті нақты белгілеп қойған. Мұғалімнің сөзінше, осы шектеуді нақытлау арқылы оқушылар өздігінен білім алуға, ізденуге тырысады.
Айжан Әлиева, Алматы қаласындағы №211 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында тапсырманы жасанды интеллектіге орындатып әкелуге рұқсат бермеймін. ЖИ жазған жұмысты оқушы өз еңбегі ретінде ұсынса, бағасын төмендететінімді алдын ала ескертемін. Себебі бұл пәндерде мен дайын мәтіннің қаншалық сауатты жазылғанын емес, оқушының қалай ойлағанын, сөзді қалай таңдағанын, шығарманы қалай түсінгенін бағалаймын.
Қазақ тілінде бала ойын өзі құрап үйренуі керек. Сөзді дәл таңдау, сөйлемдерді байланыстыру, дәлел келтіру, өз ойын жүйелеу күнделікті жазу барысында қалыптасады. Кейде оқушының өз қолымен жазған, қатесі бар бір абзацы оның білім деңгейін ЖИ әзірлеген мінсіз бір бет мәтіннен анық көрсетеді. Қатесін көргенде ғана оның қай тұста қиналып отырғанын аңғарып, сонымен жұмыс істей аламын. Қазақ әдебиетінде дайын жауапқа одан да сақ қараймын. Әдеби шығармада бір ғана дұрыс пайым болмайды. Бір сыныпта жиырма бес оқушы бір шығарманы оқыса, кейіпкердің әрекетін жиырма бес түрлі қабылдауы мүмкін. Абайды оқығанда дайын сипаттаманы қайталау емес, оқушының бір өлең жолын неге дәл солай түсінгені, мәтіннен қандай дәлел тапқаны маңызды. Әуезовтің шығармасын талдағанда да баланың өз пайымын естігім келеді. ЖИ сол пайымды баланың орнына жасап берсе, мен оның шығарманы шынымен оқығанын, түсінгенін немесе тек дайын жауапты алғанын ажырата алмаймын. Қазақ тілі мен әдебиетінің міндеті дайын әрі мінсіз мәтін шығару емес. Оқушы ана тілінде өз ойын дербес құрып, оқығанын саралап, пікірін дәлелдей алуы керек. Қате болса, оны түзетуге болады. Ал баланың өзіне тиесілі емес мінсіз мәтінмен жұмыс істеудің педагогикалық мәні аз. Оқушылар мен мұғалімнің тәжірибесі ЖИ-дің мектептегі екі қырын қатар көрсетеді: технология түсінбеген тақырыпты меңгеруге көмектесе алады, бірақ дайын жауапқа сүйенудің де оңай жолын ашады. Сондықтан мектеп алдында ЖИ-ге толық тыйым салу немесе оны шектеусіз қолдануға мүмкіндік беру емес, қай жағдайда көмекші құрал, ал қай кезде оқушының дербес еңбегін алмастыратын құралға айналатынын ажырату міндеті тұр.
№178 лицейде бұл мәселе ЖИ-ді сабақ мазмұнына кіріктіру және оқушының өз бетімен зерттеуіне негізделген алгоритм арқылы шешілсе, №218 «Келешек мектебінде» технологияны пайдалану тәртібі, академиялық адалдық және оның нәтижесін мектеп деңгейінде бағалау алдыңғы орынға шыққан.
Екі пікір ЖИ-дің мектептегі екі қырын қатар көрсетеді. Яғни бір оқушы оны түсінбегенін толықтыратын оқу құралы ретінде пайдаланса, екіншісінің тәжірибесінде дайын жауапты көшіру қаупі де байқалады. Сондықтан мектеп алдында технологияға тыйым салу немесе оны еркін қолдануға жіберу емес, ЖИ-ді қай кезде және қандай шекте қолдануға болатынын нақты белгілеу міндеті тұр. Егер №178 лицей тәжірибесінде басты назар ЖИ-ді сабақ мазмұнына енгізуге аударылса, №218 «Келешек мектебі» технологияны қолдану тәртібі мен оның нәтижесін мектеп деңгейінде бағалауға басымдық береді.
Айна Закирова, Алматы қаласындағы №218 «Келешек мектебінің» директоры:
– Мектеп ашылған алғашқы оқу жылынан бастап технологияны жекелеген құрылғылар жиынтығы емес, білім беру ортасының бір бөлігі ретінде қарастырдық. Сондықтан біздегі әр жобаның өз міндеті бар. Smart киіз үй – жаңартылатын энергия мен автоматтандыруды тәжірибеде көрсетуге, робот техникасы мен дрондар – инженерлік ойлауды дамытуға, «AI Келешек» – жасанды интеллект мүмкіндігін игеруге, ал педагогтердің цифрлық жобалары технологияның сабақтағы нақты нәтижесін бағалауға бағытталған.
Smart киіз үй жобасында ұлттық мазмұн мен инженерлік шешімді ұштастыруға тырыстық. Киіз үйдің шаңырақ тұсына күн энергиясын жинайтын құрылғы орнатылған. Адам ішке кіргенде сезгі іске қосылып, жарық автоматты түрде жанады. Оқушы мұнда күн энергиясының қалай жиналатынын, оның электр қуатына қалай айналатынын, автоматтандырылған жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты ортада көре алады. Яғни киіз үй біз үшін көрнекілік қана емес, жаңартылатын энергияны, инженерлік құрылымды және ұлттық дүниетанымды сабақтастыратын тәжірибелік жоба.
Робот техникасы мен STEAM бағытына да ерекше мән береміз. Оқушылар асық ойнайтын, арқан тартатын роботтар құрастырады, дрондарды басқарады, лазерлік технологиялармен жұмыс істейді. Мұнда баланың дайын құрылғыны қолдануынан гөрі, оны жобалауы, құрастыруы, сынауы, қатесін тауып, қайта жетілдіруі маңызды. Осындай жұмыс барысында оқушының инженерлік ойлауы, мәселе шешу, топпен жұмыс істеу және шешім қабылдау дағдылары қалыптасады.
Бұл бағыттағы нәтижелер жарыстардан да көрінді. Future Vortex командасы Ontüstik FIRST Qualifier 2026 жарысында Inspire Winner Flag және Think Award марапаттарын иеленді. 218 QSTEM командасы Central Asia FIRST Championship 2026 жарысында Technical Excellence Award алды. Оқушыларымыз ALEM DRONE LEAGUE және Daryn FIRST Drone Championship жарыстарына қатысты. Future Axions 218 командасы Гонконгте өткен FIRST LEGO League халықаралық чемпионатында Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесіне қол жеткізді. Біз үшін бұл марапаттар маңызды, бірақ одан да құндысы – балалардың сол нәтижеге жеткенге дейінгі ізденісі мен жинаған тәжірибесі.
Мектепте «AI Келешек» жобасы да әзірленіп жатыр. Оның мақсаты – мектепке келген адамға білім ордасы туралы ақпарат беретін ЖИ көмекші қалыптастыру. Қазіргі кезде бұл қанатқақты жоба ретінде жетілдіріліп келеді. Оқушылар оның ақпарат қорын құруға, мәліметті жүйелеуге, сұрақ пен жауаптың қисынын қалыптастыруға, бағдарламалау шешімдерін жетілдіруге қатысады. Сондықтан біз «робот сөйлейді» деген сыртқы әсерден гөрі, оны жасаған баланың қандай білім мен дағды меңгергеніне назар аударамыз.
Технологияны оқушы жобаларымен ғана шектемейміз. Мұғалімнің цифрлық құзыретін де оқу сапасымен байланыстырамыз. 2025–2026 оқу жылының қорытындысында педагогтердің негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша рейтингі 26 мамырда жарияланды. Бағалау кезінде мұғалімдердің оқу-әдістемелік, шығармашылық және цифрлық жұмыстары сараланды. Мұғалімнің ЖИ құралын пайдаланғаны өздігінен жоғары нәтиже болып саналмайды. Біз оның сабақ сапасына, оқушы белсенділігіне және оқу нәтижесіне қандай ықпал еткенін қараймыз.
Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект енді жеке бастамалар шеңберінен шығып, оқу үдерісінің нақты бөлігіне айналып келеді. Бір мектепте ол сабақ жоспарлау, тапсырма әзірлеу мен оқушының оқу нәтижесін саралауға қолданылса, екінші мектепте технологияны пайдалану тәртібі, академиялық адалдық және мұғалім жұмысының нәтижесін бағалау жүйесімен сабақтастырылып отыр. Оқушылардың тәжірибесі де ЖИ-дің екі қырын қатар көрсетеді: ол түсінбеген тақырыпты меңгеруге көмектесетін құрал да, дайын жауапқа сүйенудің оңай жолы да бола алады.
Сондықтан ендігі негізгі мәселе жасанды интеллектіні мектепке енгізу емес, оны қандай мақсатпен, қандай шекте және қандай өлшеммен қолдану екеніне тіреледі. Технологияның тиімділігі қолданылған бағдарламалар санымен емес, мұғалім еңбегін қаншалық жеңілдеткенімен, оқушының дербес ойлауын, зерттеуін, талдауын және дәлелді шешім қабылдауын қаншалық күшейткенінен көрінуі керек.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз




