Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық ауданаралық сотында ұялы байланыс операторларының арасындағы шағым бойынша азаматтық іс қозғалған.
«Қазақтелеком» құрамына кіретін «Kcell» АҚ пен Tele2/Altel операторларының иесі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС арасында дауға қатысты істі бірінші инстанциядағы сот қарап жатыр.
Еске салайық, Tele2/Altel операторларына иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (МТС) 100% акциясы 2024 жылға дейін «Қазақтелеком» компаниясының меншігінде болған еді. Алайда, 2025 жылдың 14 қаңтарында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС катарлық Power International Holding LLC. компаниясына сатылу процесі толық аяқталған болатын.
Ортақ желіден – оңаша ренішке дейін…
Десе де, ұялы операторлар арасында кикілжің Tele2/Altel енші алып, оңаша кеткенге дейін басталыпты. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында жатқан іске, катарлық компанияға сатылғанға дейін, яғни 2022 жылы байланыс желілерін бірлесе пайдалану туралы ұялы операторлардың өзара жасасқан келісім-шарты себеп болып отыр.
Ол келісімге сәйкес, «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жаңа базалық тораптардың құрылысын бірлесе жүргізуге және қолданыстағы байланыс желілерін бірге модернизациялауға келіскен. Егер, келісім-шарт талаптары өзара бұзылған жағдайда өзара бір-біріне айыппұл санкциялары қарастырылатыны ашық жазылған.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 2025 жылдың 28 ақпанында жариялаған, 2024 жылға арналған аудиттелген қаржылық есебінде бұл шарт туралы былай делінген:
«2024 жыл бойы МТС пен «Кселл» АҚ күрделі ақау туралы хабарлама түскен сәттен бастап үш ай ішінде (жауапты өңірдегі нысандардың 40%-дан астамы келісілген мерзімде іске қосылмаған жағдайлар) күрделі ақау жойылмағандықтан белгілі бір аймақтарда мәміледен шығатыны туралы бір біріне хабарлады. Операторлар арасында желіні бірлесе қолдану туралы Келісім-шартқа сәйкес, күрделі ақау уақытында ретке келтірілмеген аймақтарда компаниялар құрылыс шығынын өтеп беруі тиіс».
«Қазақтелеком» АҚ 2026 жылғы алғашқы жарты жылдығы үшін жариялаған, аралық қысқартылған әрі аудиттен өтпеген қаржылық есебінде бұл іс туралы толығырақ ақпарат берілген.
«2023-2024 жж тараптар арасында міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктіруге қатысты бірқатар келіспеушіліктер туып, жекелеген аймақтарда желілерді бірлесе қолдану туралы шарттан шығу туралы өзара хабарлама алмасып, өтемақы төлеу туралы, айыппұл санкцияларын қолдану туралы өзара талаптар қойылған», – делінген есепте.
Дегенмен, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС катарлық компанияның иелігіне толыққанды өткенге дейін, яғни 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін өздерінің «Кселл» АҚ-мен жасасқан байланыс желілерін бірлесе қолдану туралы келісім-шарт аясындағы міндеттемелерді бұзбағанын мәлімдейді.
Осылайша, МТС катарлық компанияға сатылу процесін аяқтаған соң, 2025 жылғы маусым айында «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС осы келісім-шартқа қосымша №4 келісім жасасады. Оған сәйкес тараптар келісім-шарттан шығу туралы өзара бір-біріне жолданған хабарламаны кері қайтарып, айыппұл төлеу туралы талаптарының күшін жойып, келісім-шарттың қолданысын толықтай қалпына келтіреді. Сонымен қатар, екеуара белгілеген айыппұлдар бойынша дауларды реттеуге ниет танытады.
Дейтұрғанмен, «Қазақтелеком» АҚ 14 тамызда жариялаған қаржылық есебінде биыл, 16 ақпанда катарлық Power International Holding-ке тиесілі «Мобайл Телеком-Сервис» Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (МАЭС) «Кселл» АҚ-нан жоғарыда аталған келісім шарт бойынша 27 175,5 млн теңге және 86,5 млн теңге мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шағым түсіреді.
Өз кезегінде Алматы қалалық МАЭС бұл шағымды өндіріске алып, азаматтық іс қозғаған. Ал, 20 наурыз күні «Кселл» АҚ қарсы шағым түсіреді және МТС ЖШС 3 142,4 млн теңге айыппұл төлесін және 86,5 млн теңге мемлекеттік бажды өндіріп беру туралы шағым түсіреді. 27 наурыз күні сот қарсы шағымды қабылдап, екі істі бір өндіріске алып, екі компанияға қатысты бір азаматтық іс қозғайды.
Алайда, Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты компания сотқа дейінгі дауды реттеу тәртібін сақтамағандықтан МТС шағымын қарамауды ұйғарады. Алайда, соттың бұл шешіміне «Мобайл Телеком-Сервис» аппеляциялық шағым түсіргендіктен, Алматының МАЭС-ты 18 маусымда бұл ұйғарымының күшін жойып, қазір екі компанияның шағымы негізінде өндіріске алынған ортақ азаматтық сотқа жіберілген. Алайда, «Қазақтелеком» АҚ есеп жариялаған күнге дейін, істің сотта қашан қаралатыны нақтыланбапты.
Катарлық компанияның меншігіне өткен Tele2/Altel иесінің «Кселл» АҚ –ға қойған талабы (27 175,5 млн теңге) соңғысының шағымында көрсетілген суммадан (3 142,4 млн теңге) 8 есеге көп. Мұның сыры неде? «Қазақтелеком» АҚ жариялаған есепте бұл сомаға қатысты түсініктеме берілмепті.
Айта кетейік, «Кселл» АҚ акцияларының 51%-ы «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі, 14,87% KC HOLDING LTD меншігінде, Alatau City Bank – 9,08% акциясына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 9,05%, БЖЗҚ АҚ 7,06% қағазына иелік етеді, қалған 8,94% акциялары миноритарлы акционерлердің еншісінде.
Риза Тұрдақынқызы
Парақшамызға жазылыңыз
