///

Пандемия, коронавирус, карантин, праймериз және сайлау. 2020 жыл тағы несімен есте қалды?

2083 рет қаралды

2020 жыл – ақтышқан жылы әрі кібісе жылы тек қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін естен кетпес жыл болды. Ал Қазақстан үшін зардабы екі есе көп болды. Бұл жылы Қазақстанның медицина жүйесі мен әлеуметтік қорғау және білім беру саласы сынға түсті. 

ПАНДЕМИЯ – ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ӨЗГЕРТТІ

Пандемия біздің қоғамның бет пердесін сыпырды. Шенеуніктер коронавирус пандемиясы басталмай жатып, паника жасады, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын бір мезетте карантинге жауып, Наурыздың 19-ынан Мамырдың 11-іне дейін облыс пен қала аралығында блок бекеттер қойылып, жұмыстардың бәрі тоқтады. Табысынан айырылғандарға екі айда 42500 теңге көмек берілді. Алайда, Сәуір, Мамыр айларындағы пандемия жағдайы Маусым, Шілде айларымен салыстырғанда бақылауда еді. Пандемия Маусымда өршіді, Шілдеде шегіне жетті. Пандемия өз есігін қағып, жақындарынан, бірге туғандарынан айырылып, пүшәйман болмайынша, жұрттың көбі бұл дерттің барына сенбеді. Ал ауру өршіген кезде сақадай саймыз деген денсаулық сақтау саласының бет пердесі ашылды. Ауруханаларда орын жетіспеді, дәрі дәрмек мүлдем тапшы болды, ИВЛ аппараттарының жетіспеушілігінен талай адам ажал құшты. Үкімет дәрі дәрмек алуға, ИВЛ аппараттарын сатып алуға аз қаржы жұмсамады. Бұл туралы www.minber.kz сайты біраз мақала жариялады. Алайда, бүкіл қоғамның қажеттілігін өтеуге бұл аздық етті. Оның үстіне Үкіметтің салғырттығы салдарынан, өзге елдерден келген гуманитарлық көмек МӘМС-тің қоймаларында сақталып қалған. Осы кезде Қазақстан қоғамы өзгеше белсенділік танытып, өкпеге жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алуға бастама көтерді. Қаншама гуманитарлық көмек жасауға мұрындық болды. Қазақстан халқы бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін көрсетті.

Эпидемиологиялық жағдай тамыздың басына қарай реттеле бастады. Аурудың да беті қайтты. Сөйтіп, желтоқсанның 31-індегі жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны – 154 720. 2 284 адам қайтыс болды. Тек 30 желтоқсанның өзінде он адам қайтпас сапарға аттанған.

2 тамыздан бері Денсаулық сақтау министрлігі “COVID-19 белгісі бар пневмониядан қайтыс болғандардың статистикасын жеке жүргізе бастады. Құзырлы мекеменің мәліметінше, 45 723 адам пневмониямен ауырып, 499 адам қайтыс болған.

Әлем бойынша бұл дерт 82,7 миллион адамды шарпып, 1,8 миллион адамнан айырылдық.

Карантин шараларына орай, білім беруде де ірі өзгерістер орын алды. Білім офлайннан онлайнға көшті, қашықтан білім берумен бетпе бет келдік. Өкінішке қарай, бұл салаға да дайын болмай шықтық. Ең әуелгісі интернеттің жылдамдығы, ауылдардың интернетпен қамтамасыз етілуі – өз деңгейінде болмай шықты. Интернетке қосылу үшін тау тасты жағалап, ағашқа өрмелеген көріністер біразға дейін оқушылардың жадынан шықпас. Екінші мәселе, мұғалімдердің жаңа технологияны меңгеруі, оған сай білім беру платформаларының дайын болмауы. Оқушылардың қолында арнайы техниканың жоқтығы, мемлекет қазынасына  тағы да қол салдыруға мәжбүр етті. Білім беру басқармалары қазынаға қолды мол салды, оқытушылар мен оқушыларды интернетпен және техникамен қамтамасыз ету үшін миллиондап, миллиардтап ақша жұмсады. Білім сапасы бұдан жақсарып кете қоймады. Сол себепті де келесі тоқсанды кейбір сыныптарды офлайн оқытуға мәжбүр болып отырмыз.

САЙЛАУ ДОДАСЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Жалпы жыл тек коронавирус пандемиясымен ғана есте қалмайды, жұртты елең еткізерлік саяси оқиғалар да мол болды. Соның бірі алдағы қаңтардың 10-ында болатын Мәжіліс сайлауы. Бұл сайлау біздің сөздік қорымызға “праймериз” деген сөзді енгізді. Сайлауға өзгелерден ерте қамданған билік партиясы Nur Otan партияішілік праймериз өткізуді қолға алды. Сөйтіп, өз қатарын толықтыруды көздеді. Қазір сайлауға бес саяси партия қатысып жатыр. 2021 жылдың алғашқы күндері сайлау додасымен аяқталмақ.

ЭКОНОМИКАМЫЗ ҚҰЛДЫРАДЫ

Коронавирус пандемиясы бәрінен бұрын экономикаға кері әсерін тигізді. Соның салдарынан мұнай бағасы құлдырады, импорт пен экспорт шектелді. Қызмет көрсету саласы біршама зардап шекті. Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,6%-ға азайды. Жылдық орташа тұтыну инфляциясы 7,9%-ға дейін жетті. Доллардың теңгеге шаққандағы орташа құны – 421,8 болды. Бұл дегеніңіз былтырмен салыстырғанда, теңгенің 10,2%-ға әлсірегендігінің көрінісі. Мемлекеттік бюджеттің дефициті – 2,9 трлн теңге (немесе ІЖӨ 4,3%). Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері – 12,7%-ға дейін  азайды. Корпоративтік табыс салығы −10,9%-ға дейін немесе 1,76 трлн теңгеге, қосымша құн салығы бойынша түсім – 8,2%-ға дейін немесе 2,5 трлн теңгеге дейін азайған. Керісінше, жеке табыс салығы 7,3%-ға немесе  9,4 трлн теңгеге артқан. Мемлекеттік бюджетпен квазимемлекеттік сектордың шығыны 19%-ға немесе  16,1 трлн теңгеге дейін өскен. Мемлекеттің антикризистік бағдарламасы анау айтқандай тиімді бола қоймады.

Бюджеттің кіріс бөлігі − 4,7 трлн теңге Ұлттық қордан алынды.2021 жылдың бюджеті ІЖӨ-нің 3,4%-ға дейінгі дефицитін есепке ала отырып, қабылданды. Үкіметтің қоры 2018  жылмен салыстырғанда, 343 млрд теңгеге жетіп, үш есеге артты. Экономистер сондай-ақ, экономикадағы дағдарыс салдарынан Үкімет тек Ұлттық қордың ғана емес, өзге де бюджеттен тыс қорлардың ақшасын пайдалануға көшкенін айтады. Мәселен, 42500 теңге Мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қоры мен медициналық сақтандыру қорынан төленген. Ұлттық қордан $7 млрд  кепілдендірілген трансферт бөлініп, бюджеттің жыртығы жамалды. Сыртқы қарыз артты.

2020 жыл туралы қысқаша осыны айтуға болады. Жаңа жылдарыңызбен, 2021 жыл жақсылығымен келсін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар