//

Қандастардың зейнетақысы неге төмен?

7352 рет қаралды

Тәуелсіздік алған жылдан бері қаншама қандас атамекеніне оралды. Сол 1991 жылдан басталған қазақ көшінің күні бүгінге дейін шешілмей келе жатқан бір проблемасы – зейнетақы. Әсіресе, алыс шетелден келген қандастарымыздың келген еліндегі жұмыс өтілі есепке алынбайды. Сол себепті, шеттен келген қазақтарға ең төменгі әлеуметтік көмек тағайындалып келген. Қытайдан келген қандастарымыздың көбі жоғары зейнетақыдан қол үзбес үшін талайға дейін ҚР азаматтығын  қабылдамай Қазақстанда тұра берді. Ақыр соңында қандастардың бұл ісі Қытайдың  қыспағымен шектелді.

Моңғолиямен арадағы арнайы Еңбек келісім-шартының нәтижесінде 1993 жылы 22-қазанда  Қазақстан Республикасы мен Моңғол елі  «әлеуметтік қамсыздандыру  саласындағы ынтымақтастық туралы» Үкіметаралық 20 жылдық  келісім жасасқан болатын. 2014 жылы келісім шарттың күші жойылғандықтан Моңғол елінен келген азаматтарымыздың зейнетақысы қысқарған. Осы орайда қандастарымыз: «еңбек күші ретінде келмедік, біз атамекенімізге келдік»,- деп шағымданды. 2018 жылы 26 желтоқсан күні бұл мәселе қайта қаралып президент Н. Ә. Назарбаев зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға өзгеріс енгізіп, толықтырып «Қазақстан Республикасына тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу еліндегі еңбек өтілі есепке алынсын» деген Жарлық шығарған еді. Дегенмен қандастарымыздың көңілін күпті еткен тағы бір мәселе бар.  Қоғам қайраткері, Қазақ көшін зерделеуші, Сансызбай Құрметбек Сансызбайұлының Нұр Отан партиясының бірінші хатшысы Б. Байбекке жазған үндеу хатында алыс шетелдерден келген қандастарымыздың келген елінде оқыған оқуының дипломы мен сол елдердегі әскери қызметі ескерілмей жатқаны айтылған.

” 2014-2018 жыл аралығында Еңбек министрлігінің аяқ асты шешімімен зейнеткерлік жасқа толған азаматтардың Моңғолия елінде істеген еңбек жылдары есепке алынбай ең төменгі зейнетақы 11000 теңгеден тағайындала бастады. Бұған Еңбек министрлігі: «Моңғолия үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы еңбек келісім туралы ынтымақтастық тоқтаған» – деген уәж айтумен төрт жылға созды.  Төрт жыл бойы ең төменгі зейнетақы алғандар зейнетақысының айырмасын Еңбек министрлігі төлеп берсін деп арызданбады да,  2019 жылғы қаңтар айынан қалпына келтірілген зейнетақыларын қанағат тұтты. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап, зейнеткерлердің зейнетақысы қайтадан есептелді. Осы орайда  Алматы облысы азаматтардың еңбек өтіліне келген еліндегі білім алып оқыған уақыты мен әскери міндетін атқарған жылдарын есепке алыпты. Ал кейбір облыстарда оралмандардың оқыған жылдары есепке алынбайды делініп, ол жылдарды еңбек өтіліне қоспаған. Бұл заңға қайшы. Шетелдерден келген қазақ ұлт өкілінің еңбек өтілі:  «шет елдегі еңбек жылдары, оқу жылдары, әскери борышын өтеген жылдарының енгізілуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына ешқандай қайшы емес”, делінген үндеу хатта.

«Мінбер» ақпарат агенттігі Сансызбай Құрметбек Сансызбайұлының осы үндеу хатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігіне жолдаған еді. Ендігі кезекте Еңбек министрлігінің жауабын ұсынамыз:

“Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Minber»  ақпарат агенттігінен келіп түскен сауалды қарап, өз құзыреті шеңберінде жауабын ұсынады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабына сәйкес азаматттығына қарамастан, Қазақстанда тұрақты тұратын барлық тұлғалары зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.

Осы негізде Қазақстан Республикасына басқа елдерден тұрақты тұруға келген адамдардың (оның ішінде этникалық қазақтардың):

1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің;

2) ынтымақты зейнетақының (Қазақстан Республикасында және Қазақстан зейнетақымен қамсыздандыру саласында шарттық қатынастарда тұрған елдерде 01.01.1998 жылға кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде);

3) 01.01.1998 жылдан кейінгі жұмыс өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша зейнетақы төлемдерінің (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен) тағайындалуына құқығы бар.

Заңнамаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана ескеріледі, өйткені осы күннен бастап барлық жұмыс істейтіндердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналарын аударуды көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуі басталды.

1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы жинақтары негізге алына отырып, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады.

Бұл ретте зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында басқа елде жасаған еңбек өтілін есепке алу мәселелері халықаралық шарттар жасасу арқылы тепе-теңдік негізде шешіледі, бұл кең таралған халықаралық тәжірибе болып табылады.

Қазақстан Республикасы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кез-келгенінің аумағында, сондай-ақ Келісім күшіне енгенге дейінгі уақыт ішінде бұрынғы КСРО аумағында жасаған еңбек өтілін есепке алуды көздейтін 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы Келісімнің қатысушысы болып табылады.

Басқа мемлекеттерден келген адамдардың еңбек қызметін есепке алуға келетін болсақ, онда 2019 жылдан бастап Қазақстан екіжақты шарттар жасасуды күтпестен, өзінің ұлттық заңнамасы шегінде этникалық қазақтарға қатысты осы мәселені біржақты тәртіппен реттеді.

Мәселен, Заңның 13-бабының 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі зейнетақы төлемдерін тағайындағанда еңбек өтіліне есептелінеді (бұл норма 2019 жылғы 8 қаңтардан бастап күшіне енді).

Осы негізде көрсетілген күннен бастап зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде Қазақстанда еңбек өтіліне Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтардың шығу елінің (оның ішінде Қытай, Сирия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Германия және т.б. ) еңбек қызметі есептеледі.

Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында (2017 жылғы сәуір) берген тапсырмасына толығымен сәйкес келеді.

Басқа елде жасаған еңбек өтілі мәселелері халықаралық шарттар жасасу арқылы шешілетінін ескере отырып, Министрлікпен зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде” делінген 2020 жылғы 18 қарашадағы № 32 сауал хатқа берген жауабында.

Алайда бұл жауаптан түйгеніміз жоғары оқу орындарында оқу жылдары мен әскери қызметі туралы ештеңе айтылмаған.

Зейнетақы мәселесі елге келген қандастардың бәрінің басында бар проблема. Құжаты дұрыс болмай немесе осылай еңбек өтілі есептелмей қалып жатқан қандастың қарасы көп. Моңғолиядан келген тағы бір ағайынымыз бұл мәселеге  не дейді екен?

 Қуатбек ҚАБДЫРАШҰЛЫ:

– Моңғолиядан 1991 жылы маусымның 6-сында келдім. Дәл келген кезде қазақ халқының және билік адамдарының қандастарға деген ниеті өте жақсы болды. Құшақ жайып қарсы алды, қолдарынан келгенше көмек жасады. Әрине бір елден екінші елге келгенде өзіндік қиындықтар болады ғой. Ол тек табиғатқа, елге, жерге үйренісу, бейімделу сияқты уақытша дүниелер болды. Моңғолияда үлкен бір көмір шахтасында учаске бастығы болдым. Мұнда келгенде колхоз, совхоздарға жіберді де мамандық бойынша жұмыс табылмады, жағдайға қарай кез келген жұмысты жасадық. Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономика басталып елімізде ауыр жылдар болды. Оны да көппен бірге еңсердік. Қазір, Аллаға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш. Мен зейнетке 2015 жылы шықтым. Сол кездегі зейнеткерлікке шығу заңы бойынша Моңғолияда жұмыс істеген жылдардағы еңбек өтіліміз саналмағандықтан, БЖЗҚ-ндағы жинағымыз мардымсыз болып, зейнетақымыз төмен болды. Кейін үкімет көптің арыз-шағымын қарап көріп, қанағаттандырған соң ел қатарлы тиесілі зейнетақы алып жатырмын. Қазір 60 мыңның төңірегінде, жұмыс істеп жүргендердің орташа айлығына пара-пар. Бұған да шүкіршілік, бұған да қанағат.

 

Мереке ӘЛБАТЫРҚЫЗЫ:                                                                        

  – 1991 жылдың 14-інші шілдесінде отбасымызбен Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аудардық. Моңғолияда жүргенімде он жыл мұғалімдік қызмет атқардым. Жолдасым қарапайым құрылысшы болды.  Ал елге келген соң еден жуушы болып істедім. Жұбайым  елге келген соң да, сол құрылысшы болып еңбек етті. 2016 жылы жолдасым, 2017 жылы өзім зейнетке шықтым. Күйеуім Моңғолияда әр жерде құрылысшы болғандықтан заңды түрде еңбек кітапшасы болмады. Сондықтан Моңғолияда істеген жылдары есепке алынбады. Менің де он жыл  Моңғолияда мұғалімдік қызмет еткен жылдарым  есепке алынбады. Ал еден жуушының еңбекақысы қанша көп болар дейсіз? Сөйтіп зейнетақым 33 мың теңге ғана болды.  Бұлай болуына екі ел арасындағы еңбек келісім ынтымақтастығының тоқтағандығы себеп болды. Бұл мәселе 2014 жылдан бері айтылып келе жатты. Зейнетке шыққаныма бір жыл толғанда яғни 2018 жылы бұл проблема шешілгендей болды. Зейнетақы төлеуі жөніндегі мемлекеттік орталық (ГЦВП) Моңғолияда істеген жылдарыңызды есепке алып, зейнетақыңызға ақша қосылады деп құжаттарымды алып келуімді сұрады.  Қуандым. Бірақ 10 жылымды емес небәрі 3 жылымды ғана есептеді. Неге түгел есептемейсіздер деп едім: ол жақтағы дипломдарыңызды есепке ала алмаймыз, заң талабы солай,- деп қысқа қайырды. Ең бастысы ақшамыздың көбейгеніне мәз болдық. Содан соң бұл істі қайта қозғамадық. Қазір 67 мың теңге көлемінде зейнетақы аламын.

 
* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар