Қазақстанда жаңа форматтағы Медиа және Кино Мектебі ашылды

1224 рет қаралды

Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  Қазақстанда жаңа форматтағы медиа және кино мектебін (Media & Film School) құрды.

 AlmaU Кәсіпкерлік Университеті* нарық талаптары мен өзінің стратегиялық мақсаттарына сәйкес инновациялық білім беру бағдарламаларын құрастыруда. Қазіргі кезде сыни тұрғыдан ойлай алатын, этикалық құндылықтарға ие, терең білімі бар және жаңа технологияларды меңгерген мамандарға сұраныс жоғары болып отырған салалардың бірі – креатив индустрия, атап айтқанда медиа және кино бағыты. Қазақстанда 40-тан астам журналистика мектебі мен 3 кино мектебі жұмыс істейтініне қарамастан, сапалы кадр мәселесі тапшы болып отыр.

Жаңа мектептің мақсаты – елдегі креатив индустрияның дамуына белсенді үлес қосатын, бұқаралық ақпарат құралдары мен кино нарығының заманауи талаптарына сай келетін  мамандарды даярлау.

Алғашқы студенттерді оқуға қабылдау 2021-2022 оқу жылында басталады. Жаңа мектептің басты міндеті – қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Media & Film School мектебінің техникалық және интеллектуал базасын жасауға Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясы атсалысатын болады.

AlmaU ректоры Ербол Сүлейменов жаңа мектептің артықшылығы жайлы «Қазақфильм» – өзіндік маңызды тарихы бар және қазіргі тенденцияларды қалыптастыратын еліміздің басты киноплатформасы. Осыған орай киностудия басшылығының біздің ынтымақтастық идеямызды қолдағанына қуаныштымыз» деп атап өтті.

«Media & Film School бағдарламасына енгізілген пәндер әлемдегі жетекші оқу бағдарламаларына негізделеді, ал оқытушылары – кәсіби біліктілігі ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен расталған мамандар. Биылдан бастап біз бірнеше мамандықтарды эксперимантал бағыт түрінде ашамыз, атап айтсақ: Креатив өнер оқу бағдарламасы, Жаңа медиа оқу бағдарламасы және Диджитал мәдениет оқу бағдарламасы деп аталатын 3 оқу бағдарламасы бойынша Диджитал кино режиссері және монтаж режиссері, диджитал гейм-дизайны, дата журналистика және мобил журналистика, және диджитал кино сыны мамандары даярланатын болады», – деді Media & Film School мектебінің деканы PhD. Молдияр Ергебеков.

«Қазіргі таңда отандық кино саласы кәсіби мамандарға зәру. Технология және шығармашылық бағыты бүгінде тез өзгеріп жатқан заманда киноиндустрияда табысқа жету үшін әлемдік тенденцияларға сүйеніп қана қоймай, сонымен бірге  өз ерекшелігімен таңқалдыру қажет. Мемлекет басшысы өз жолдауында білімнің қол жетімділігі мен сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның ең үздік университеттерінің бірі AlmaU-дің заман талаптарына дер кезінде жауап қататын осынау бастамаға серіктес болып бірлесе жұмыс жасап жатқанымызға қуаныштымыз», – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Айдар Баталов.

«Жоғары стандарттары, отандық кинематографистердің тәжірибесі мен Қазақфильм киностудиясының түсірілім алаңдары және AlmaU-дің мықты базасы – мұның бәрі Медиа және кино мектебінің қалыптасып жаңа сапаға жетуінің және еліміздегі медиа мен кино саласы үшін профессионалдарды даярлаудың кепілі», – деп атап өтті Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнәр Әбикеева.

Сонымен қатар оқу орны болашақта әріптестік орнату мақсатында Аризона Университетімен


келіссөздер жүргізу үстінде. 

Сонымен қатар спикерлер Медиа және кино мектебін дамыту жоспарлары туралы айтты. 2021-22 оқу жылында мектеп жанынан медиа және кинематография саласындағы интердисциплинар зерттеулермен айналысатын Медиа және кино институты ашылады. Келесі жылы журналистика, теледидар және радиожурналистика, анимация, графикалық дизайн, драматургия және тағы да басқа мамандықтар ашылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар