/////

Өткен күзде пайдаға берілген пирс: Қазірдің өзінде бүліне бастаған (фото)

3399 рет қаралды
2

Бұл – «Желтоқсан» саябағы аумағына кіретін пирс. Кіші Алматы өзенінің арнасын кесіп өтіп, Аэропорт көлінің шығыс жағалауы бойымен салынған жаяу жүргіншілерге арналған пирстің ұзындығы – 1300 метр. Өткен жылдың желтоқсан айында ресми ашылды. Сол кезде басылым беттерінде «Желтоқсан» саябағының «жауһары» ретінде әспеттелген еді, қазір де Алматының айшықты орындарының бірі ретінде жарнамаланып жатыр. Дегенмен пирстің қазіргі сықпыты Алматының о шеті мен бұ шетінен «ат терлетіп» келетін жұрттың көңілін су сепкендей басары анық.

Әлқисса, бұл ерекше құрылыс о баста Алматы қаласы Түркісіб ауданында орналасқан Маяк ауылы мен Аэропорт маңында тұратын тұрғындардың игілігі үшін салынған-ды. Құрылыс жұмысы ерте көктемде басталып, қарашаға таман аяқталды. Жабайы көлдің жағалауы күннен күнге жаңарып, реттеліп жатқанда осы маңдағы тұрғындардың қуанышында шек болмады. Іргетасы бетоннан тұрғызылып, үстіне тақтай төселіп, сырланып, жарықтар жүргізілген пирс көз қуантарлық еді. Қарашаның соңына таман жиегіндегі шамдар жанғанда, бойымен кәрі-жас серуендеп, балалар ойнап, бір жасап қалған еді. Өкінішке қарай, көп ұзамай бұл пирс те елдегі сапасыз салынған көп құрылыстың кебін киді. Салынғанына жыл толмай жатып, тоз-тозы шықты.

Ел қуана қабылдаған ерекше құрылыстың қазіргі сиқы осындай. Бетіндегі тақтайлар көтеріліп, темір жақтаулар ортасынан опырылып сынып жатыр.

 

 

Пирcті суретке түсіре жүріп, серуендеушілердің бірін сөзге тарттық.  Алексей Федорович, Алтай ықшам ауданының тұрғыны:

– Мен мұнда жиі келемін. Негізінде мұндай материалдар ауа райының әсеріне төтеп беретіндей сапалы болуы тиіс еді. Ал мынаған қарап олай дей алмайсың. Ары таман жүрсеңіз темірлер де сынып жатыр. Жақтаулардың сыры да көтеріліп кеткен. Бұларды қайта сырлау керек. Бұл көпірді былтыр қарашада салып бітті-ау деймін. Тездетіп бітіру мақсатында сапасыз жасалғаны көрініп тұр. Басында жап-жақсы сияқты еді. Қазіргі көрінісі мынау. Көлденеңінен төселген тақтайлар қазірше бүтін тұр. Ал тігінен төселгендері біртіндеп құртылып жатыр. Қаражатты үнемдеу үшін тігінен төсей салған болуы керек. Сәуірдің басында ағаштар отырғызды. Бірақ солардың көбі тамыр алмай, солып барады. Оған қарап жатқан ешкім жоқ.

Алексей Федорович екеуміз ары қарай саябаққа жол тарттық. Саябаққа кіре берісте орналасқан полиция бекеті ерекше назар аудартты. Орнатылғанына біраз уақыт болса да, бекет әлі бос тұр.

Вандалдар мен ұры-қарыларға сес болатын полицияның бекеті тұрғанымен, өзі жоқ

 

Алматының ең үлкен үш саябағының қатарына кіретін бұл саябаққа бас-аяғы үш дәретхана орнатылған екен, бірақ олардың да жағдайы мәз емес.

Аты бар заты жоқ дәретхана. Есігін ашпай-ақ қойыңыз, ұшынып қаларсыз

 

Кеш батқанда самаладай жарқырап тұруы тиіс саябақ ішіндегі көп шамдардың біз барған күні көбі жанбай тұрды.

Мына шамның басы ілініп-салынып тұр

 

 

 

 

 

 

Кейбіреулерінің шамы жоқ, бағанасы ғана қалқаяды

 

Пирстің саябақ жағынан басталар тұсы. Бұл маң кеш батқанда көзге түртсе көргісіз. Тас қараңғы. Жоспар бойынша пирстің үсті де самаладай жарқырап тұруы тиіс болған.

Ал мұндағы шамдар жанбақ түгілі, сымдары салбырап, ашық тұр

 

 

Саябақ ашылғанда бұқаралық ақпарат құралдары бұл жобаға бюджет қаражатынан 600 миллион теңге кеткенін жарыса жазған еді. Opentender.kz порталындағы дерек бойынша, Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы Түрксіб ауданында орналасқан «Жас қанат» ықшамауданындағы саябақ пен «Маяк» ауылына рекреациялық аймақтар құру бойынша өткізген ашық конкурста рекреациялық аймақ құрылысын жүргізу міндетін  «Jasyl El Qýrylys» ЖШС жеңіп алған. Ондағы сома қосымша құн салығын қоса есептегенде  871 миллион 427 мың теңге деп көрсетілген. Бұл келісім шарт жеті рет өзгерген. Дегенмен, мамырдың 6-ында келісімшарт отырндалған және тиісінше 871 миллион 427 мың теңге төленген. Пирстің әлгіндегі сықпытынан кейін халықтың қалтасынан шыққан қаншама қаражат тағы да желге ұшқаны ма деген ой туады.

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейтін елдің ұрпағы едік. Шет елдегідей жүздеген жылдар болмаса да, ондаған жылдар ел игілігіне айналар дүние елімізде салынатын күн туа ма деген ауыр ойдың құшағында былтыр ғана салынған тас қараңғы пирс бойымен үйге қарай аяңдадық.

Аида Тақабаева

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мен былтыр салынып жатқанда-ақ білгем. Негізінде төсенішке арнайы породалы рифленный тақтай пайдаланылады. Ал мұнда жай ғана тақтай. Рифленный қылып жасай салған. Екіншіден тақтай арнайы қоспаға малынып сосын кепкенде орнатады. Ал мында алдымен тақтайды орнатып бетіне ғана жұқа слоймен валикпен арзан краска жаға салды. Және соның өзін ұзақ уақытқа созып жіберді, тақтайлар бірнеше рет жаңбыр астында қалды. Ары кетсе енді екі жыл тұрады бұл тақтайлар. Обалды білмейтің онбағандар салған

  2. Ал осындай технологиясы сақталмай салынған объектіні қабылдаған шенеуніктер қолдары таза емес немесе жауапкершіліксіз топастар,екінің бірі. Тексеріңіздер соларды. Не жауапқа тартылсын не жауапкершілігі жоқ қызметке ауыстырылсын

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Тегін тренингке қатысам десеңіз

Құрметті қарағандылық әріптестер, сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге мықты денсаулық және шығармашылық табыс тілейміз!