///

Көп балалы отбасылардың үні үкіметке жете ме?

4291 рет қаралды
фото: Depositphotos

Minber.kz ақпарат агенттігі көп балалы отбасылардың проблемасына қатысты сауалнама қорытындысын жариялайды.

КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ТОЛЫҒЫМЕН ТЕГІН ЕМЕС

Қазақстанда 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады. 19 млнға жуық халық үшін бұл тым үлкен көрсеткіш емес екені анық. Алайда, саны аз болғанымен, олардың әлеуметтік проблемалары толық шешілген деп айтуға әлі ерте. Мұны «Minber.kz» ақпарат агенттігі көп балалы аналарға байланысты сәуір айында арнайы жоба басталғанда жүргізген сауалнама нәтижелері де көрсетіп берді.

Minber.kz  сайтында орналастырылған «Елімізде көп балалы аналардың қандай проблемасы бар?» аталатын сауалнамаға 350-ге жуық респондент қатысқан.

«Елімізде көп балалы аналарға жағдай жасалған ба?» – осы бірінші сұраққа берілген жауаптардың 95%-ке жуығы жағдай жасалмағанын айтыпты.

“Әлеуметтік жағынан, медицина саласынан жеңілдіктер жасалсын. Әсіресе КТ, МРТ т.б басқа мамандарға жолдама тегін берілуі тиіс. Мысалы, Эндокринолог, Невропатолог, Стоматолог, Аллерголог  сияқты мамандар өте аз, және қабылдау құны қымбат”.

«Көп балалы аналарға ең қажетті үй, үйіміз болса балаларымыз ыстыққа күймей, суыққа тоңбай қара су қара нан жеседе көңілдері тойып жүрер еді»

«Жоқ, жасалмаған, шетелдегідей Ресейдегідей жасау керек жасағасын. Қырық бес мың беріп соны міндетсиді беріп жатырмыз, жағдай жасап жатырмыз деп казір барі қымбат».

«Әр балаға 21 мыңнан берілгенде жағдайымыз біршама жақсарып қалып еді, қазір бес балаға берілетін 58 мың теңге азық-түліктен аспайды»

«Ай сайынғы беріп жатқан ақшасы аз. Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) бермейді табысың асып кетті деп, әр балаға ай сайын беретін ақшаны көбейтсін. АСП керек жоқ,  ит қып береді, көбісіне бермейді.»

«Жоқ. Ең алдымен баспанамен қамтамасыз етілсе, жалдамалы времянка, жатақхана, бөлме жалдап неше жылдар бойы қиналып жүрмейтін едік. Отан отбасыдан басталады. Отбасымызда баспана болмай ай сайын пəтерге төлеп қиналып кеттім. Бірінші баспанамен қамтамасыз етсе екен».

БАСПАНАНЫ КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА ПАЙЫЗСЫЗ БЕРСЕ ДЕ ҮКІМЕТ КЕДЕЙЛЕНІП ҚАЛМАС ЕДІ

«Түк жасалмаған, өкiмет бiр қолымен берсе екiншi қолымен алады.  Халық санымыз аз болса да басқа елдермен салыстырғанда, бiздiң елде үйдi тегін таратып беруге қаражат жеткiлiктi».

«Сәлеметсіздер ме. Көп балалы аналарға үй беріп, жәрдемақыны көтерсе, міне одан артық ешнарсе керек емес деп ойлаймын. Менің алты балам бар. Енемнің екі  бөлмесінде екі  отбасы тұрып жатырмыз. Бір бөлмеде алты баламызбен жатып, сол бөлмеде қонақ күтеміз, үй берсе, бізге жәрдемақыны көтерсе, міне біз үшін бақыт деген сол.»

«Көп балалы аналарға қандай қолдау қажет?»  деген сауалға «Құқықтық; Бизнес ашуға мүмкіндік жасау;  Ақпараттық қолдау;  Балаларды дамыту орталықтарын құру керек; Осылардың барлығы»  деген жауап нұсқалары болған еді.  респонденттердің 87.3%-і осылардың барлығы деп жауап берген. Бұдан түсінгеніміз, көп балалары аналарды қолдау әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, жан-жақты жасалуы керек секілді.

«Көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары қаншалықты қолайлы?» деген сауалға берілген жауаптардың да басым көпшілігі 90%-ке жуығы қолайсыз деген пікірді ұстаныпты. Ал, 7%-ке жуығы орташа деп жауап берсе, тағы 3%-і өз нұсқасын ұсынған екен. Олардың арасында да түрлі жауаптар, пікірлер бар. Басым көпшілігі бағдарламалардың тиімсіздігін атап көрсеткен.

«Үйді көпбалалы отбасыларына үкімет пайызсыз берсе де кедейленіп қалмас еді.»

«Қолайсыз, мемлекеттік бағдарлама, БЖЗҚ-ның арқасында үй бағасы шарықтап кетті. Балаларға үй алу үшін, үй құнының  50%-ін өзің жинауың керек.»

«Жұмыс істемесем қолайлы түгі жоқ, осы бағдарламаларға қатыса алмасақ»

«Тұрғын үйді берсе ғой. Жалдамалы үйге қарсымын. Бір адам артық келсе де, комуналды қызметтерді кешіктірсең де саған ЖКҚ- дан звандап өз үйі емес екенін есіне салып, үйді алып қоятындарын айтып қорқытады».

«Қолайсыз. Тек жалдамалаы үйлер, оның өзін қанша жыл күтіп аласың»

«Ешқайсысы, өйткені оған салып жинайтын артық ақшамыз жоқ.Басын бастап үш рет салып бастап едім мүмкіндігім жетпеді әрі қарай салып тұруға»

«Білмедім 11 жыл үй тосып жүрмін. “Алтын алқа” иегері,  мүгедек балам бар»

Осы тектес жауап нұсқалары өте көп болды.

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАР  КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛСА

«Көп балалы отбасылардың санын арттыру үшін, мемлекет тарапынан ынталандыру бағдарламалары жасалуы тиіс пе?» деген сауалға респонденттердің 100%-і дерлік бір ауыздан жасалуы тиіс деп жауап берген.

«Ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналарға жасалған жағдай көңілдеріңізден шыға ма?» сауалға да негізінен теріс жауап, яғни респонденттердің көңілі толмайды екен.

«Ерекше күтімді қажет ететін баласы бар аналарға тағы қандай көмек қажет деп ойлайсыз?» деген сауалға ақшалай, медициналық тегін көмек түрлері, писхологиялық көмек, сауықтыру орталықтарына тегін жолдама, бала күтімінде отырған анасы үшін  үкімет зейнетақы жарнасын аударуы тиіс деген секілді жауаптар берілген.   Респонденттер тарапынан берілген жауаптар бұл проблеманың да елімізде толыққанды шешілмегенін аңғартып отыр.

«Еліміздегі ана мен баланың жағдайын қалай бағалар едіңіз?» деген сауалға 5  баллдық шкала бойынша респонденттердің 34%-і – 1, 27,3%-і – 2, 29,8%-і – 3, 4,8%-і – 4, 4,1%-і – 5 деген балл беріпті.

«Көп балалы аналарға қандай ақпараттық көмек керек деп ойлайсыз?» деген сауалға «Мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндірсе», «Тұрғын үй бағдарламаларынан хабардар етсе», «Атаулы әлеуметтік көмек алудың жолдарын түсіндірсе», «Жалпы білім беру қоры дегеніміз не?», «Кәсіппен айналысудың жолдарын көрсетсе» және жоғарыдағылардың бәрін көрсету мүмкіндігі берілген болатын. Респонденттердің 83,4%-і соңғы нұсқаны таңдаған екен. Бұл елдегі мемлекеттік бағдарламалардың басым көпшілігі халыққа, мақсатты аудиториясына жете бермейтінін білдіріп тұр.

«Отбасылық зорлық зомбылыққа ұшыраған аналардың жағдайы қаншалықты қорғалған?» деген тағы бір сауалымызға да респонденттердің 80%-ке жуығы қорғалмаған деген жауап берсе, 5%-і орташа, 50 де 50 екенін айтыпты. Бұл сауалға жауап бергендер де түрлі пікір білдіріпті.

«Кім қалада тұрады солардың ғана құқығы қорғалған, ауылда не болып жатқанын ешкім де білмейді, нағыз көп қорланатын әйелдер ауылда тұрады».

«Толық қорғалмаған. Кей еркектер ұрып жәбірлемесе де, сөзбен шаршатады. Ол үлкен соққы, ондай әйелдер ештеңе дәлелдей алмағансын, психологиялық түрде қатты шаршайды. Үйінен безіп кететіндер содан шығады деп ойлаймын».

«Негізінен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар зорлық-зомбылыққа бейім, сондықтан әлеуметтік жағдайды жақсартуға көп көңіл бөлініп, қоғамды шірітетін арақ-шарап, темекі, есірткі, т.б. зиянды заттардан тазарту, оларды сату мен таратуға тосқауыл қою қажет.»

Бұл сауалнамадан аңғарғанымыз елімізде ақпаратты жеткізу, мемлекеттік бағдарламаларды, заңдарды, әр адамның құқығын түсіндіру, халыққа жеткізу жағы кемшін түсіп жатқан секілді. Ел бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік төлемдерге бағытталса да, мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдау жеткіліксіз көрінетінін, бюрократиялық кедергілер көп екенін, жалпы елдегі көп балалы отбасылардың жағдайы – елдегі жаллпы әлеуметтік жағдайдың, халықтың әл-ауқатынын төмендеп бара жатқанын аңғартатынын байқауға болады. Бұл пандемияның бір жылындағы қиыншылықтармен байланысты емес екені де түсінікті. Әлеуметтік салаған кешенді реформа, жалаң ұран емес – нақты шара қабылданы керек болар. Үкімет халықтың үнін естиді деген үміттеміз.

Сауалнамаға қатысқан барша Minber.kz оқырмандарына алғысымыз шексіз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар