//

Сарқырап аққан пейілім, көк майса керім көңілім- қазақилығым

1161 рет қаралды

Мен ес білгелі 20 жылдың жүзі болды. Бала күнімде әжем қазақ елінің даналығы жайлы дастархан басында сағаттап айтып отыратын. Әлі есімде бар, ымырт түсе бастады, біз тағы да дастархан басына жайғастық. Әжем тағы да таң тамаша қоңыр үнімен, қатталған кітаптай сөздерін қатар-қатар қоя бастады.

“Бірде Осман патшалығының әміршісі тағамдардың сапасын және бағасын білу үшін киімін өзгертіп, базарға шығады. Базардағы бір сатушыға:

– Маған жарты келі тары, жарты келі жарма және жарты келі май беріңіз, – дейді.

Сатушы жарты келі май өлшеп, ақшасын есептеп болғаннан кейін:

– Аға, сұрағандарыңыздың қалғанын көршімнен алыңыз. Өйткені, оның тағамдары дәмдірек және көршім әлі ештеңе сатқан жоқ, – дейді.

Сонда әмірші екінші сатушыға жақындап, ол жерде жарты келі жарма алған соң, сатушы оған:

– Аллаға шүкір, мырза, мен бүгін саудамды бастадым, балаларымның жейтін тамағының ақшасын таптым, ал көршім әлі ештеңе сатқан жоқ, жарты келі тарыны содан алыңыз, – дейді.” деп әжем дастарханнан тұрып кетті. Менде әжемнің артынан іле-шала тұра жүгірдім. Көкейімді тесіп бара жатқан бір ғана сұрақ болды. Қоңыр камзолын шешіп, аяқтағы сұр пимасын пештің түбіне қарай итерді де, маған “ал сұра” дегендай ым ишара білдірді. Екі өкпесін қолына ұстаған адамдай, менде дем алмастан сұрағымды қарша бораттым.

“Әже, ылғи Абай, Абылай, Мағжан, Төле би даналығын айтушы едіңіз, бүгін неге Осман патшалығына көштіңіз?! Неге қазақ даналығынан қаштыңыз? Таусылды ма?” дедім ентігім басылмай.

Әжем ұзақ үнсіз отырды. Шашын жасыра ораған шәлісін де қозғамады. Жеті жастан енді асқан мен  тағатым таусылып тықырши бастадым. Әжем де жауабын көп күттірмеді.

“Не дегенмен көк бөрі емген көк түркінің ұрпағымыз. Қай елдің, қай ұлттың даналығы болмасын құлаққа құйып жүру керек. Ақыл, парасат, білім, ынтымақ ұлтқа бөлінбейді балам.” деген сөзі әлі құлағымның құрышын қандырып келеді.

Мен бойжеттім, көп істің байыбына бара бермейтін балалығым сол көрпешенің үстінде қалды. Күн өткен сайын ішкен асым мен киген киімімнің, тұрған үйімнің, оқыған кітабымның жалпы бостандығымның қалай келгенін зерделей бастадым. Бума бума ескі газеттерді ақтарып, том том кітап оқыдым. Кітапханалардың табалдырығын күзетіп, тыл ардагерлерінің ауласында түнедім. Мақсатым Тәуелсіздіктің қалай келгенін толықтай ұғыну еді. Бір күні газет бетіндегі Мекемтас атамыздың оқиғасын көзім шалып қалды. Мекемтас ата  1932-1933 жылдардағы ашаршылық туралы өз шындығын айтқан екен :

“Мен аштықты көзіммен көрдім. Шешем, қарындасым үшеуміз жолға шықтық. Ымырт түскен кезде бізді үш қасқыр қоршап алды. Мен қорыққанымнан анамның етегіне кіріп кеттім. Қасқырлардың көздері жанып тұрды. Бір кезде ақсаңдаған шешем мені арқалап, қаша жөнелді. Қасқырлар тынышталып қалды. Одан кейін қарындасымның шыңғырып, жан ұшыра айқайлаған дауысын естідім. Қасқырлар таласып, оны жеп жатты. Біз сайға түсіп кетіп, аман қалдық.”- дейді Мекемтас Мырзахметов.

Бұл оқиғаны естіген соң денем түршігіп, қалың ойға түсіп кеттім. Менің елім бұл азаттықты қалай қатты аңсағанын сол сәтте ұққандай болдым.  Лаззат пен Сабираның , Ербол мен Қайраттың жұмсақ жастықта тыныш ұйықтай алмай, алаңға шыққандарының себебін енді сезгендей күй кештім. Тәуелсіздігіміз үшін тағдырын сый қылған кешегі Ләззәтің ерлігін тұмар қылып тағып жүретінім сөзсіз.

Бұл тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сіздің қазір киіп отырған көк күртешеңіз бен ақ төплиіңіз, алаңсыз ішкен кофеңіз, сүйсіне жеген асыңыздың артында кешегі боздақтар тұр. Біздің болашағымыз үшін бар байлығын, құс қанат ғұмырын беріп кеткен қыршындар жатыр. Пейілі кең қазақилығымыздан артық қасиетіміздің болғанын мақсат тұтпайықшы. Кеңдікті кем көрмейікші, жас буын!

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері