///

Білім саласындағы былық: 340 педагог біліктілігін арттыру туралы анықтаманы сатып алған

2097 рет қаралды
фото: Айғақ

13 қазанда Шымкенттегі біліктілігін арттыру туралы жалған куәлік жасаумен айналысқан іске қатысты сот шешімі шықты.

Шымкентте мұғалімдердің біліктілігін арттыру туралы жалған куәлік жасаумен айналысқан іске сот нүкте қойды. Алаяқтық үшін білім басқармасының маманы мен №96 мектептің бұрынғы директоры сотталды. Сөз байласып, олар бірнеше рет мұғалімдердің тесттен сүрінбей өткенін көрсететін сертификат пен куәліктерді қолдан жасап, саудаға салған. Бұл іспен 2018 жылдан бастап айналысып келген.

Жалған анықтаманы 340 педагогтің алғаны да белгілі болды. Оларға біліктілігін арттырғаны үшін үстемақы төленген. Ұстаздардың басым бөлігі сотқа дейін бюджеттен заңсыз алып келген қаржыны қайтарып үлгерген. Бұл сома 210 миллион теңге.

Ал сотта мектеп директорының өз қызметкерлерін пара беруге итермелегені анықталып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал экс-шенеунік 4 жыл мерзімге сотталды. Сәбит Төреханов, қалалық Әл-Фараби аудандық сотының судьясы – Сотта белгілі болғандай, сотталушылар  білім беру ұйымдарының мұғалімдерін 2018 жылдың мамыр айынан қараша айына дейінгі аралықта алдап, сенімге кіру арқылы  аттестаттар мен тестілеуден өткендігі туралы куәліктерді бірнеше рет жасап, саудаға салған. Осы арқылы жәбірленушілерден ақы алып келген.

Бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желілерде де қызу талқылау жүруде, осылайша EDU NEWS телеграм каналы жүргізген «Директорларды тағайындаған басқарманың басшысы заңды тәртіпке тартылу керек пе?» сауалнамасының нәтижесіне сәйкес  дауыс бергендердің 84% пайызы «Ия» деген жауап беріпті.

Ұстаздардың жалған құжат жасау дерегі жайында пікірін білмек болып еліміздегі білім беру саласының  белсендісі ретінде Өмір Шыныбекұлына хабарласқан едік:

ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАСАТҚАН МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРУҒА ҚҰҚЫ ЖОҚ

– Білім саласындағы заңсыздықтарға жол бермеуге өз үлесіңізді қосып жүрген қоғам белсендісі ретінде ұстаздардың жалған құжат жасау дерегі туралы не айтасыз?

– 2018, әлде 2019 жыл екені нақты есімде жоқ… Қаңтар айы еді… Ақерке Абылайханқызы мұғалімдерді аттестациялау комиссиясының жұмысына қатысуымды өтінді. Комиссия отырысы автотехникум ғимаратында өтті. Кең бір аудиториядағы сөрелер толы папкалар. ҚББ әдіскері қала мұғалімдері арасынан 17 мұғалімге «Педагог-шебер» санаты берілді деп хабарлағанда мен орнымнан тұрып, “Қаламызда бұл санатқа сай келер ары барса оншақты мұғалім бар. Сіздер мынанша адамға қалай бердіңіздер?”  деп сұрадым. “Біз емес, НЗО мамандары берді!” – деп жауап берді. “Олай болса әңгімем жоқ!” – деп орныма отыра бергенде, өзін «Пәлен мектептің директорымын» деп таныстырған бір ер адам: “Қаламыз мегаполиске айналды. Ал мегаполиске 17 педагог-шебер аздық етеді. Дауысқа салып, 50-60-қа жеткізейік!” – деген ұсыныс тастады. Мен орнымнан қайта тұрып, әдіскерден алдындағы компьютер-принтер арқылы қағазға шығарып, «Педагог-шебер» санатын алу үшін қойылатын талаптарды дауыстап оқуын сұрадым. Әдіскер мені жақтыра қоймаса да айтқанымды орындады.

– Мінекей, өздеріңіз естіңіздер. Мен жаңағы ұсынысты күн тәртібіне қойып дауысқа салуға қарсымын! Хаттамаға қол қоймаймын! – деп шығып кеттім. Содан кейін мені комиссия жұмысына шақырған жоқ. Менің сол демаршымнан қорытынды шығармаса керек, әлгі әдіскер сіз айтқан іске байланысты сотталды ғой.

– Жауапқа тартылған білім басқармасының маманы мен №96 мектептің бұрынғы директоры, ал осы жалған құжаттарды сатып алған және осы құжаттарға сәйкес қосымша ақы алған мұғалімдерге шара қолданылуы қажет пе? Қажет болса қандай деп ойлайсыз?

– Білім басқармасының маманы мен №96 мектептің бұрынғы директоры сотталды. Ал сондай қылмысқа барған мұғалімдер соттың шешімімен ақшаны қайтарып жатыр деп естідік. Ал мектептің бір функциясы тәрбие беру екенін ескерсек, шара қолданып қана қоймай, заң көтерсе оларға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынуы керек.

– Шымкент қаласының білім саласының басшысы жауапкершілікке тартылуы керек пе?

– Аталған оқиға 2018 жылдың нақты қай айында орын алғанын білмеймін. Бірақ сол жылы Қалалық білім басқармасы басшысының орыны бірнеше ай бос тұрып, тек тамыз айында ғана Ақерке Абылайхан басшы болып тағайындалды. Ол кісіні бірдеңе бүлдірді деп айта алмаймын.

– Егер республикалық деңгейдегі біліктілік арттыру курстарынан өту құжатын сатып алу мүмкін болса және ол еңбекақыға қосымша ақы алу үшін мүмкіндік беретін болса біліктілік арттыру сынақтарының жүйесін, үлгісін, форматын өзгерту қажет пе? 

– Ұлттық Тестілеу Орталығына 2019 жылы басшы болып тағайындалған Д.Смағұлов тесттен өткізу барысында кездесіп қалатын пысықайлардан осы орталықты тазарту бағытында қыруар шаруалар атқарып еді. Неге екенін білмеймін, биыл жазда ол бұл қызметтен кетті. Ары қарай не боларын білмеймін.

– Осындай жағдайлардың алдын алу үшін не олар қайталанбас үшін қандай шаралар қабылдау қажет? Мұғалімдер мен білім саласының басшылары үшін біліктілік арттыру талаптарына өзгеріс енгізу қажет пе?

– Әрине, өзгерту қажет. Ниет болса өзгертуге болатыны анық. Тек ниет керек.

– Мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыру, білім саласындағы қашықтан оқыту секілді осы біліктілік арттыру жүйесін адамның қатысуынсыз автоматты басқару арқылы жүзеге асыратын бір жүйе енгізу мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз? Өйткені, дәл осы мәселеде адами фактордың рөлі басым.

– Мұғалімдерді қызметке қабылдау жүйесін цифрландырдық деп жүргенімізбен, Шымкент ҚББ бірнеше жылдан бері қолданып жүрген hr.process.kz, Түркістан облыстық Адами әлеуеттерді дамыту басқармасы қолданып жүрген sitsen.kz жүйелері бүгінгі күн талабына толық жауап бере алады деп айта алмаймын. Оның үстіне педагогтарды қызметке қабылдауда бұл жүйелерді айналып өтетін жолдар баршылық. Мәселен, алдымен жекеменшік бала бақша немесе мектепке жұмысқа тұрасыз. Артынан ауыстыру (перевод) арқылы мемлекеттік мектептерге ауысуға болатын көрінеді.

Шымкент қаласының білім басқармасының тоғыз айда атқарған жұмыстарының есебі бойынша «Қаламызда педагогтарды жұмысқа қабылдау «HR-Process» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған. Бүгінгі күнге дейін 2 144 бос жұмыс орындары жарияланып, жұмысқа қабылданған 1 198 педагогтың 385-і – үздік диплом иегері, 180 азаматтың – магистр ғылыми дәрежесі бар, 27 педагог – шет елдік оқу орындарын бітірген».

Өмір Шыныбекұлы болса қазіргі қолданыстағы цифрландыру жемісі hr.process.kz, sitsen.kz жүйелерін де айналып өтуге болатыны жайында айтты. Кәсіби мамандығы мұғалім, жылдар бойғы жинаған тәжірибесі бар ұстаз айналып өтудің жолын емес, біліктілік арттыру сынағынан сүрінбей өтудің адал жолын таңдаса керек еді.

2021 жылдың 20 қазанында қала әкімі Мұрат Әйтенов білім басқармасының тоғыз айда атқарған жұмыстарының есебін қабылдағаны туралы мәлімдейді.

Есеп беру барысында басқарма басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, есепті мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштерінің орындалуы 86,9%-ға жетсе, «Жобалық кеңсе» платформасының индикаторлары – 100% орындалыпты. Қала бойынша 782 білім беру ұйымдары қызмет атқарады екен. Оның ішінде 526 – мектепке дейінгі мекемелер, 202 – орта білім беру ұйымдары, 32 – техникалық және кәсіби білім беру мекемелері бар.

Кадрлық құрам бойынша 28 519 педагог еңбек етуде. Біліктілік деңгейі бар педагогтар үлесін 59,5%-ға жеткізу жоспарланса, нақты 12 208 педагогтың біліктілік деңгейі арттырылып, көрсеткіш 67,3%-ға жеткен. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бар педагогтардың саны 2886 адамға жетіп, жоспар 100%-ға орындалған. Қала бойынша 5 771 педагог мамандардың біліктілігі арттырылған – деп баяндайды сала басшысы.

Осы жерден білім беру саласының кадрлық құрамның біліктілік деңгейін арттыру жоспарын межеден аса орындағанын көреміз. Бұл көрсеткіштер сылдыр су сандар ғана емес пе? Неге біз жоғары көрсеткіштердің артынан түсіп кеткенбіз? Педагог кадрлардың сапалық құрамына қашан мән береміз?

Қала әкімі өз кезегінде білім сапасын арттырудың маңыздылығын айтқан. Сапалы білімге педагог кадрлардың әлеуетін көтеру арқылы жететіндігін ескертіп, педагогтарды жұмысқа қабылдау үдерісінің автоматтандырылуы өз тиімділігін көрсетіп жатқандығын назарға алып, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырыпты.

Ұстаздарға байланысты шулы жағдай Шымкент қаласының білім саласы үшін сүйекке түскен таңбамен тең, сонымен қатар бұл жағдай еліміздегі әр педагогты ойландыруы қажет. Отбасында, үйде, қоғамда, әлеуметік желіде көпшілік жемқорлық тақырыбын талқылайды, жемқорларды жазалаудың түрлі әдіс-тәсілдерін айтып жатады. Алайда, білім ордасы мектептегі мұғалімдердің ел болашағы балаларды ізгі ілім, білім нәрімен сусындатудың орнына еңбекақысына қосымша ақы алу үшін жалған біліктілік арттыру құжатын жасатуы болашақ ұрпақтың тамырына балта шабу.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі