/

Медиа сауатты мектептен бастаудың маңызы

6615 рет қаралды
фото: Media sabak

Әлеуметтік желілердің өмірімізге етене енуімен бірге жаңа мәселелер бой көтерді. Осыған орай медиа және ақпараттық сауат ұғымы пайда болды. Жалған ақпарат, фейк жаңалықтар, постшындық дәуірі медиа сауатты мектептен бастап оқытудың ұтымды екенін көрсетті. Осыған орай елімізде биылғы оқу жылынан бастап Медиа сауат мектеп оқушыларына электив курс ретінде енді. Енді балалар интернеттен қажетті ақпаратты іздеу, тапқан мәліметін талдап-сараптау және  өңдеу туралы арнайы оқып біледі. Осыған орай медиасауатты оқушыны қалай қалыптастыруға болатынын саралап көрген едік.

Ақпараттық қауіпсіздік. Әлеуметтік инженерия (social engineering) терминіне «заңды пайдаланушыдан желілік құпияларды біліп алу үшін алдау, алаяқтық, әртістік өнер мен шешендігін пайдалану» деген анықтама берілген. Ал алаяқтар кез келген адамның әлеуметтік желідегі аккаутын, электронды поштасын бұзу арқылы жеке тұлғаға, оның таныстарына қатысты көптеген мәлімет жинақтай алады. Соны пайдаланып қаржылай көмек сұрап, жалған хабарламалар жіберуі мүмкін. Тіпті тұлғаның жеке деректеріне қол жеткізген соң, оның атынан заңды құжаттар даярлап, поштамен жолдап, кейін осы арқылы қорқытып, бопсалап жататын жағдайлар да кездеседі. Қазір әр оқушының электронды поштасы және бірнеше әлеуметтік желіде аккаунты бар екенін ескерсек, алаяқтардың құрығына тек үлкендер емес, жасөспірім балалар да жиі түсетініне таңғалу орынсыз.

Кейбір банктер ата-ана келісімімен 10 жастан асқан балаларға банк картасын ашуға мүмкіндік береді. Баланың электрондық поштасы мен банк картасының нөмірі әлеуметтік инженерия өкілдерінің қолына түссе, жалған СМС хабарламалар жіберіп, баланың сеніміне кіріп, келген кодты ерікті түрде енгізуге итермелейді. Банк картасындағы  қаражатты алаяқтық жолмен шешіп алу OLX.kz сайтын пайдаланушылар арасында жиі кездеседі. Сондықтан осындай сайттардағы алаяқтардың жеткізу, сілтеме арқылы төлем жасау қызметін пайдаланудың аса қауіпті екенін балаларға ескертіп, сақтандырған жөн. Төлқұжаттың, банк картасының көшірмесін электронды поштаға, әлеуметтік желіге жүктеу, WhatsApp арқылы  жолдау қауіпті екенін балаларға үнемі ескертіп отыру керек.

Фишинг – интернет қолданушыларының жеке деректерін (логин, пароль, банк картасының деректері, жеке және құпия мәліметтер) ұрлау мақсатында жүзеге асатын алаяқтықтың бір түрі.

Фишингтің бірнеше тәсілі бар:

Қызығушылық. Таныс емес ұйымдардан «Таныстарыңның өз уақытын қалай қызықты өткізетінін білгің келе ме?» деген сипаттағы хаттар келеді. Олар жіберген сілтемеге өту арқылы оқушы өзінің жеке деректерін оп-оңай ұрлатып отырады.

Селқостық. Жалған сайттардың адресіне өтіп, сауда жасау. Мысалы, www.kaspi.kz-personal.login, www.gmall.com сияқты сайттар. Жалған сайт жасаушылар адамдардың мұқият зейін салмайтынын пайдаланып, бір ғана әріпті, белгіні өзгерте қояды. Онлайн сауда жасауда, жеке деректерді енгізуде оның түпнұсқалығына назар аударған жөн.

Сараңдық. Арзан бағамен, жеңілдіктермен арбап, қақпанға түсіру. «Дәл қазір 50% жеңілдікпен алып үлгер» деген ұсыныстар жібереді. Арзанға алып үлгеремін деп шалыс қадам басып жататындар көп.

Наразылық. Интернет қолданушыларына түрлі мазмұндағы хаттар жіберіп, мазасын алады. Электрондық поштасына легімен келіп жатқан хаттан мезі болған пайдаланушыны «Егер хабарлама алғың келмесе, сілтемеге өт» деген сөздермен алдап, деректеріне қол жеткізеді.

Көмек қолын созу. Достары, таныстары қиын жағдайға тап болғанын, қаржылай көмекке зәру екенін жазып, хат жолдайды. Бұл хатты аккаунтты, электрондық поштаны бұзған алаяқ жазып отыруы мүмкін.

Ал фишингтен сақтанудың жолдары қандай десеңіз, мынадай:

  • жеке басына қатысты деректерді әлеуметтік желіге жарияламау;
  • электрондық поштаға, WhatsApp желісіне келген күмәнді хаттарды, файлдарды, сілтемелерді ашпау;
  • күмән тудыратын хаттар жиі келген жағдайда электрондық поштаның паролін ауыстыру;
  • сайт сілтемелерінің дұрыстығына назар аудару. Жалған сайт жасаушылар ұқсас әріптерді, сандарды өзгертіп жазатындықтан, «о» әрпі мен «0» санын, «l» әрпі мен «1» санын немесе «I» әрпін, «d» мен «b» әріптерін ауыстырып қолдану жиі кездеседі.
  • электрондық поштаға, жеке аккаунтқа күрделі пароль ойлап табу. Егер көпшілікке таныс «123456», «Qwerty» секілді пароль болса, дереу ауыстыру. Сенімді пароль ойлап табуға көмектесетін арнайы ресурстардың көмегіне жүгінуге болады.

Фактчекинг термині кез келген ақпаратқа күмәнмен қарап, ақпарат көздерін саралау дегенді білдіреді. Factcheck.kz сайты бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, сайттарда жарияланған жазбаларды, мәлімдемелерді сүзгіден өткізіп, оқырманға тексерілген, сенімді ақпарат алуға көмектеседі. Ақпарат құралдарында жарияланған материалдардағы факті мен пікірді, шын және жалған ақпаратты ажырату үшін оқушыға мәліметке, дерекке талдау жасай алу, бағалай алу дағдысы қажет. Мәліметтің шынайылығы мен растығына көзі жетпей жатып, өзгелерге тарату, сенімді ақпарат ретінде бөлісу, қорытынды жасау жиі кездеседі. Мәселен, «студенттер мен оқушылар 15 қазаннан бастап онлайн оқу форматына қайта көшетін болды» деген фейк ақпаратқа сеніп, үйіне қайтуға дайындалып жүрген студенттер де болды. Мұндайда жәй ғана деканаттан барып сұрау жеткілікті. Немесе Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунттарынан қарауға болады.

Жалған ақпараттың біразы фото, видео тұрінде де тарайды. Олардың біразын жаңалық тарататын сайттардан да кездестіруге болады. Кейбір суреттерден монтаж ізі анық байқалады. Монтаждалған фотоны Google.Картинки, Яндекс.Картинки арқылы тексеріп, анықтауға болатынын білетіндер көп емес. Білсе де, көп адам мұндайға уақыт жұмсағысы келмейді. Немесе ойланбастан әрі қарай тарата береді. Мұның барлығы, айналып келгенде, сыни ойлау дағдысының төмендігін көрсетеді.

Әлеуметтік желідегі қауіпсіздік. Қазір әлеуметтік желіде аккаунты жоқ адам кемде-кем. Әлеуметтік желінің жылдам ақпарат алу, жаңалықтардан дер кезінде хабардар болып отыру, оны бөлісу, достармен тығыз байланыс орнату секілді пайдасымен қатар, бала өміріне, психикасына қауіп төндіретін қатері де жетерлік. Жеке аккаунтты бұзудан бөлек, жалған ұтыс ойындарын ойнатып, қолданушыларды тұзаққа түсіретін сәттер де көп. Бұдан бөлек әлеуметтік желі қолданушылары фото, видео жүктеп, өзі туралы көптеген мәліметті ашық түрде жариялап отырғанын байқай бермейді. Оқушының мектеп пен үй арасындағы жолын, туыстарын, достарын, қызығушылығын күнделікті жариялап отырған жазбасынан, көпшілікке таратып отырған фото, видео материалдарынан анықтау қиын емес. Баланың алаңсыз жалпыға жария еткен мәліметтері өміріне қауіп төндіреді. Тіпті кей жағдайда кибербуллингке әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан әлденені жариялайтын кезде жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде насихат, цензура, арандату, бұрмалау түрінде жарияланатын мәліметтердің ақ-қарасын, рас-өтірігін ажырата алатын, өзіндік сараптама жүргізіп, сын тұрғысынан бағалай алатын, фишинг шабуылдардан қорғана білетін, білім, білік, дағды мен машығы қалыптасқан медиа сауатты оқушы тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі. Бұл мәселеге мектеп қана емес, ата-ана да жауапты екенін естен шығармаған жөн.

Айғаным Сатылова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі